Жетісулық медицина қызметкерлеріне қорғаныш амунициясы берілді
Жетісулық медицина қызметкерлеріне құны 100 миллион теңгеден асатын қорғаныш амунициясы қайтарымсыз берілді.
Отандық «Universal Energy (Qazaqstan)» компаниясы және кәсіпкерлер
Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Нұржан Бекшенов, Есенғали Бәйменов
және Райымбек Баталов індетпен күрестің алдыңғы сапында жүрген
Алматы облысындағы медициналық және басқа да ұйымдарға гуманитарлық
көмек берді.
Медицина қызметкерлеріне берілген қорғаныш амунициясының құны
100 миллион теңгеден асады. Көп рет пайдаланатын Dupont костюмдері,
инфрақызыл термометрлер, маскалар, респираторлар, қорғаныс көзілдіріктері
ҚХР-дан сатып алынып, Қазақстанға арнайы рейспен әкелінген. Барлық
медициналық бұйымдар мен амуниция қытайлық және еуропалық
кәсіпорындарда өндірілген, еуропалық сапа сертификаттарына ие.
«Әсіресе, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, еліміздің Қытайдағы және
Қытайдағы Қазақстанның елшіліктеріне індет кезіндегі логистикалық
қиындық жағдайында бізге құралдарды жеткізуге көмек көрсеткендері үшін
алғысымыз зор. Бұл заманауи жеке қорғану құралдары біздің медицина
мамандарына коронавируспен күресте үлкен көмек болады деп сенеміз», -
деп атап өтті қайырмдылық акциясының бастамашылары.
Әріптестік жәрдемді Алматы облысының әкімдігі атынан Серік
Тұрдалиев қабылдап алды. Өңір басшысы Амандық Баталовтың атынан
қамқорлықтарына зор ықылас білдіріп, қолдауларына алғысын жеткізді.
Айта кету керек, «Universal Energy (Qazaqstan)» компаниясы
жаңартылған энергиялық нысандардың құрылысымен және оны іске қосумен
айналысады. Өңір аумағында аталмыш компанияның «Қапшағай 100 МВт»
күн электр стансасы жұмыс істейді. Оған қоса Іле, Сарқан аудандарында тағы екі стансаның құрылысы жүріп жатыр.
Айман Асыл
Abai.kz