Дилара ИСА. Қазақ жастарының идеалы бар ма?
Бүгiнгi "жас буын байлыққа құнығып, мал-мүлiктiң құлына айналуда" деген пiкiр жиi айтылуда. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Асылы бүгiнгiдей мың құбылып тұрған заманда жастар үшiн басты құндылық не болуы тиiс? Сондай-ақ, қазiргi жастардың идеалы бар ма? Бар болса, кiмдер? Жоқ болса, нелiктен? Қазiргi орта буын кезiнде Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмадiлов сынды ұлт зиялыларын идеал тұтты. Неге бүгiнгi таңда сөзi iсiмен үйлесетiн, ұлттық, елдiк, мемлекеттiк мәселеде жанын пида етуге дайын азаматтар қазақтың iшiнен дараланып шықпай жатыр?
Бүгiнгi "жас буын байлыққа құнығып, мал-мүлiктiң құлына айналуда" деген пiкiр жиi айтылуда. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Асылы бүгiнгiдей мың құбылып тұрған заманда жастар үшiн басты құндылық не болуы тиiс? Сондай-ақ, қазiргi жастардың идеалы бар ма? Бар болса, кiмдер? Жоқ болса, нелiктен? Қазiргi орта буын кезiнде Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмадiлов сынды ұлт зиялыларын идеал тұтты. Неге бүгiнгi таңда сөзi iсiмен үйлесетiн, ұлттық, елдiк, мемлекеттiк мәселеде жанын пида етуге дайын азаматтар қазақтың iшiнен дараланып шықпай жатыр?
Шындығында, барлап қарасақ, жастар рухани құндылықтардың орнын байлыққа айырбастаған сыңайлы. Бұл үшiн, әрине, тек қана оларға күйе жағуға болмайды. Өйткенi, ел болашағына жауапты бүгiнгi жас буынды тәрбиелеп өсiрген отбасы да, қоғам да нарық заңдылығына байланып, оған бағынуға мәжбүр болуда. Мұны бiр деңiз. Екiншiден, жастар саясаты әлсiз, құнсыз, жүйесiз, ырың-жырың. Идеология жоқтың қасы. Жазушы, драматург Дулат Исабековтың пiкiрiнше, жастарға "дүниеге құнығып кеттiң" деп кiнә тағуға әсте болмайды. Егер олар ақылына сүйенiп, адал еңбегiмен, iскерлiгiмен ақша тапса қолдап-қуаттау қажет, қуану қажет. Тек алдамасын, арбамасын, кiсiнiң ақысын жемесiн. Әйткенмен, өкiнiшке қарай, бiздiң елде таза еңбекпен ақша табу - қиынның қиыны. Таза бизнес жоқ. Жастарымыз содан адасуда. Жастар үшiн, қай салада қызмет етсiн, басты құндылық еңбек, тағы да еңбек болуы тиiс. "Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей" деген мақал тегiннен емес. Сондай-ақ, шетелде бiлiм алып жүрген қазақ жастары нелiктен елге оралғысы келмейдi? "Менiңше, - дейдi жазушы, драматург, - бiрiншi кезекте олардың көкейiнде "Қазақстанға барғанда не iстеймiз?" деген сұрақ тұрады. Өйткенi шеттен алған терең бiлiмдi 40-50 мың теңгелiк айлық жалақыға жұмсағысы келмейдi. Оның үстiне бюрократия, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, басшының алдында құрдай жорғалау намысына тиедi. Себебi бiлiмдi жастардың қарым-қабiлетi басшылар үшiн көк тиын. Бүгiнде жастардың идеалы бұрынғыдай мұғалiм, ұшқыш, ғалым, ақын, жазушы емес, кәсiпкер, әкiм, сот... Тұрақтылық жоқ. Жастар идеалсыз өмiр сүруде, өйткенi Қазақстанда идеология жоқ. Жастардың өмiрлiк мақсаты бөлек. Сөз өнерiн, бiлiм, ғылымды идеал етудi тоқтатты. Нарықтық экономика басталғаннан соң, ақша табу жастардың идеалына айналды", - деп сөзiн түйiндедi Д.Исабеков. Ал Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмадiловтың айтуынша, жас буынның байлыққа құнығуы тегiннен емес. Алдыңғы буын ағалардың iзiмен келе жатыр. Тәуелсiздiктi алғаннан бастап экономика, экономика тағы да экономика деп ұрандап, тек мал табудың соңына түсiп, руханият, идеологияны шетке ысырып қойдық. Рухани дүние мен идеологияны артқа ысырып өте көп зиян шектiк. Дәл қазiр қазақстандықтардың рухани құлдырауға ұшырағаны анық байқалуда. Мәселен, қоғамдағы өршiп тұрған жемқорлық, жастардың өз-өзiне қол жұмсауы сияқты қылмыс рухани құлдыраудан тууда. Мұны миллион, миллиардтармен өлшеуге болмайды. Бұл қазақ қоғамына келген аса үлкен шығын, керi кету. Бiз руханият дүниесiне қайта қадам басып, оған жастарды тартуға мiндеттiмiз. "Ақшаның соңынан түскен адамның идеалы кiм болуы мүмкiн? Әрине, миллионерлер, миллиардерлер, олигархтар. Мiне, жастардың бiрден-бiр идеалы осылар. Байып тасығысы, қымбат көлiк мiнгiсi, зәулiм сарайда өмiр сүргiсi келедi. Әйтпегенде ше? Бүгiн кiмдердi мақтап, мадақтаймыз? Елдiң бар байлығы кiмнiң, немесе кiмдердiң қолында? Ендеше жастар бай дәулетке қызықпағанда қайтсiн? Бұл үшiн оларды кiнәлауға болмайды. Өйткенi көз ашып көргеннен берi елдiң есiл-дертi байлық болды. Жұрттың аңсары байлыққа, дүниеқоңыздыққа ауды". - Үлкен ғалымдар мен ақын, жазушыларды идеал тұтатын жастар жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бар. Бiрақ олар өте аз. Жастардың 90 пайызының аңсары байлыққа ауып кеттi, - дейдi Қабдеш Жұмадiлов. Саясаттанушы Айдос Сарым осыдан 10-15 жыл бұрын жүргiзiлген әлеуметтiк зерттеулерге сүйенiп, былай дейдi: "Сол кезде студенттер бизнесмен, банк қызметкерi, заңгер боламын, кәсiп үйренемiн деп ұмтылатын. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi студенттердiң 60-70 пайызы шенеунiк, прокурор, судья болуға тырысады. Яғни бүгiнгi қоғамда ең оңай ақша жасаудың жолы - ол мемлекеттiк қызметке бару. Жемқорлық арқылы ақша тауып, бедел жинауға деген құштарлық бар. Бұл тек қана жастардың емес, бүгiнгi өмiрдiң, саясаттың кiнәсi. "Сөз жоқ әрбiр адам дүниеге кедей болайын, тезек терейiн деп келмейдi. Жетiстiкке жетуге ынтық болады. Бiрақ басым көпшiлiктiң осындай жеңiл, заңсыз жол iздеуi бүгiнгi қазақ қоғамында үлкен қауiп-қатердiң бар екенiн, мәдени құндылықтардың iрiп-шiрiгенiн көрсетедi. Тiптi дәл қазiр елге үлгi ретiнде көрсететiн қоғамдық әдеби-мәдени шығарма жоқтың қасы. Теледидарды қоссақ, еңiреп жылап жүрген ел. Кешегi қылмыскер бүгiнгi бастық... Мемлекеттiк мiнберлерден айтылған сөз бен шынайы өмiрдегi қарама-қайшылық жастардың санасын дағдарысқа ұшыратуда". - Қазақ тарихын алып қарайтын болсақ, кезiнде нар заман да, зар заман да, тiптi Кеңес үкiметi кезiнде тар заман да болды. Бүгiнгi қазақ қоғамының, қазақ қауымының әдiлеттiлiктi iздеу жолындағы күресiне қарап ХХI ғасыр қазақ қауымы, әсiресе қазақ жастары үшiн ар заманы болуын қалар едiм. Кейбiр жастардың тазалықты, iңкәрлiктi iздеуiнiң астарында Шәкәрiм аталарымыз салып кеткен ар iлiмi тұрған сияқты көрiнедi, - дейдi Айдос Сарым, - Айта кететiн жайт, бүкiл қазаққа, қазақ жастарына сөзi өтетiн бес ақсақалдың өзi қалмай барады. Кешегi марқасқалардың заманы өтiп кеттi. Мәселен, бiздер үлгi-өнеге тұтқан ағаларымыздың сөзi бүгiнгi жастарға өте бермейдi. Қазақ қоғамына осы заманға сай жаңа тұлғалар келуi қажет. Бүгiннен бастап қандай мемлекет, қандай қоғам құрып жатырмыз, ненiң дұрыс, ненiң бұрыс екенiн айтып бере алатын азаматтарға арқа сүйеуiмiз керек. Сонда алдағы 4-5 жылда азаттық iздеген, әдiлеттiлiк iздеген жаңа лидерлер, көшбасшылар, рухани бай азаматтар шығатынына сенемiн. Айтпақшы, бұл - аға буын өкiлдерiнiң жеке пiкiрлерi. Ал жастар үшiн не құнды, кiмдi идеал тұтасыз, ұлттық, елдiк, мемлекеттiк мүддеде алға шығып жүрген қай азаматты тұлға санайсыз, айтарыңыз болса, редакцияға қоңырау шалыңыз, хат жолдаңыз.
dilara-isa@mail.ru
Дилара ИСА
http://www.zhasalash.kz/student/5721.html