Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3069 0 пікір 15 Тамыз, 2011 сағат 06:50

Катонқарағайдағы ұлттық парктің құрылғанына 10 жыл толды

Дертке дәру сары алтындай балы, бұғы мүйізінен алынатын пантысымен әлемге танылған қасиетті Катон жерінде Катонқарағай Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғанына 10 жыл толған мерейтойының құрметіне дүбірлеген той өтті.

Ұлттық парк елімізде ғана емес, сонымен қатар Еуразия кеңістігіне де кеңінен танымал екендігін осы жолы, яғни мемлекет Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен парктің құрылғанына 10 жыл толған мерейтойы аясында өткізілген «Алтай - біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық этномәдени фестивальда тағы бір мәрте дәлелдей білді. Аталмыш мерекеге Катонқарағай ұлттық табиғи паркімен тығыз байланыста қызмет жасасып келе жатқан бірнеше шет мемлекеттердің ерекше қарауға алынған табиғи аймақтарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның інжу-маржаны саналатын аймақтың әлемге танымал болуына осы өңірдің таңғажайып табиғаты мен қойнауындағы табиғи байлығы және жанға жайлы климаты деуге толық негіз бар.

Дертке дәру сары алтындай балы, бұғы мүйізінен алынатын пантысымен әлемге танылған қасиетті Катон жерінде Катонқарағай Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғанына 10 жыл толған мерейтойының құрметіне дүбірлеген той өтті.

Ұлттық парк елімізде ғана емес, сонымен қатар Еуразия кеңістігіне де кеңінен танымал екендігін осы жолы, яғни мемлекет Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен парктің құрылғанына 10 жыл толған мерейтойы аясында өткізілген «Алтай - біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық этномәдени фестивальда тағы бір мәрте дәлелдей білді. Аталмыш мерекеге Катонқарағай ұлттық табиғи паркімен тығыз байланыста қызмет жасасып келе жатқан бірнеше шет мемлекеттердің ерекше қарауға алынған табиғи аймақтарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның інжу-маржаны саналатын аймақтың әлемге танымал болуына осы өңірдің таңғажайып табиғаты мен қойнауындағы табиғи байлығы және жанға жайлы климаты деуге толық негіз бар.

Өткен ғасырда Қазақ ССР-і атанып тұрған тұстарда Катонқарағай ауданы бар болғаны ағаш өнімдерін даярлаушы деген атпен ғана танымал болатын. Ол кезде бұл өңірдің әсем табиғаты мен өзге де керемет құндылықтары жайлы айтылмайтын да. Өңірге өң беріп, жайқала өскен балқарағайлар мен самырсын-шыршалар аяусыз қолдармен оталып, аудан мен облысты айтпағанда республика шекарасынан асып жол тартып бара жататын. Сол кездердің қайсыбір дереккөздер мәліметіне сүйенсек, бір ғана Катонқарағай ауданынан жылына 120 мың текшеметр ағаш өнімдері шығарылып отырған. Бұл әрине әсем табиғатты айтпағанда, ормандағы жан-жануарларға да өз зиянын тигізгені айдан анық.

Тәуелсіздігімізді алғаш жариялаған жылдардан бастап бұл өңірге «Ерекше күзетілетін аймақ» мәртебесі берілуі керектігі жайлы бір емес, бірнеше мәрте сөз қозғалып, ақыры 2001 жылдың 17-шілдесі күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысы қабылданады. Ол қаулыда «Ерекше экологиялық, мәдени құндылығы бар Оңтүстік Алтай аймағының ғажап табиғатын сақтап, бұрынғы қалпына келтіру мақсатында Катонқарағай ұлттық табиғи паркі құрылды» делінген. Мұндай тарихи маңызы зор шешім осы өңірдегі көптеген ауылдар мен селоларды мүлдем құрып кетуден аман алып қана қоймай, сол елді мекендердің халқының жұмыссыз қалмауына мүмкіндік берді. Жергілікті жердің жүздеген тұрғындары 640 мың гектар алқапта тұрақты жұмыс істеп, өз кезектерінде пайда табуға да қол жеткізді. Табиғат байлығын ақылмен пайдалана білудің салдары осы өңірлерде көшпелі туризмді дамытуға және басқа да жаңа жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік берді.

Осы және басқа да жетістіктер мен жақсылықтар жайында жергілікті мәдениет үйіне жиналған фестивальға қатысушылар жан-жақты мәлімет алып, бір-бірлерін мерейтоймен құттықтап, бағалы сыйлықтар мен марапаттар тапсырылды.

Жиналғандарды мерейлі мерекелерімен құттықтаған «Эко - Алтай» мемлекеттік емес ұйымының жетекшісі, дүниежүзілік жабайы табиғат қорының өкілі Евгений Юрченков Катонқарағай ұлттық табиғи паркін құру идеясын жүзеге асыру барысындағы қалыптасу кезеңдері, ұлттық табиғи парк мамандары мен аудан мектептеріндегі табиғатты қорғау қоғамдарымен екі арадағы бірлесіп жүргізілген жұмыстар жайлы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар ол осы парктің аумағы баға жетпес байлығы мен тіл жетпес әсемдігі, табиғи кешеннің биоәралуандылығымен әлемдегі өзге ұлттық парктер арасында ең жоғары бағаға ие болғандығын және ұлттық парктің «Алтай - Алтынтау» номинациясы бойынша дүниежүзілік «Юнеско» мұрасының тізіміне енгізу жөнінде жұмыстардың жүргізілгендігін жеткізді.

Көпшіліктің алдында сөз алған Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ерлан Мұстафин ұлттық парктің басты ерекшеліктері мен өзіндік құрылымына, кез келген өзге өңірлерде өсе бермейтін аса сирек өсімдіктері мен жан-жануарларының сан алуандылығына тоқтала келе, ұлттық парк қызметкерлерінің құрылғаннан бергі 10 жыл аясында атқарған жемісті еңбектерін, өткен жылдардағы паркті аяғынан тік қою кезеңдеріндегі қиындықтар мен кедергілер, қазіргі атқарылып жатқан маңызды жоспарлары жайында жан-жақты мол мәлімет беріп, кәсіпорынның техникалық-материалдық жағдайының нығаюына қолдау білдірген республикалық, облыстық басшылар мен республикалық табиғатты қорғау саласының ведомствосына шынайы ризашылығын білдірді.

- Осы уақытқа дейін Катонқарағай ұлттық паркі Қазақстан мен Ресейдің ғылыми мекемелерімен екіжақты тиімді қызметтер атқарып, қоғамдық экологиялық ұйымдармен табиғатты қорғау акцияларын өткізіп, көптеген ғылыми ағарту жұмыстарын ұйымдастыра білді және болашақта да осы бағытта ауқым-ды істер атқаратын болады, - дейді Ерлан Қабылұлы.

Салтанатты жиын барысында той егесі Ерлан Мұстафин мен орман шаруашылығы жұмысшыларының кәсіподақ төрайымы Людмила Караева оқу орындарының директорлары мен демеуші кәсіпорындардың жетекшілеріне, ұлттық парк ардагерлері мен еңбеккерлеріне мақтау грамоталарын табыс етіп, парктің мерейтойына жер-жерден келген құттықтау телеграммалары оқылды.

Ұлттық парктің ардагер жұмысшысы, зейнеткер Қабдырғали Тартаев ақсақал мен  С.Аманжолов атындағы университеттің профессоры, биология ғылымының кандидаты, биыл 70-ке толып отырған Константин Прокоповқа қазақ халқының салт-дәстүрімен иықтарына шапан жауып, естелік сый құрмет көрсетілді.

Көпшіліктің алдында көрсетілген зор құрметке көңілі шалқыған профессор: «Біз сіздерге оқу бітірген «балапандарды» жібереміз, олар осы жерде өсіп-жетіліп, қанаттары бекіп «қыранға» айналады. Халқымызда «Бүгін оқушы даярла, ертеңгі күні ол оқытушы болады» немесе «Ұстазынан озсам деп талпынбаған шәкірттен түңіл» деген қанатты сөз бар. Сіздерге зор жетістіктер тілеймін» деп сөзін тәмамдады.

Катонқарағай ұлттық паркі қызметкерлерін Алакөл, Марқакөл, Катунь (Ресей Федерациясы) қорықтарының арнайы өкілдері мен демеушілер, еңбек саласындағы әріптестері құттықтап, естелікке сый-сияпаттар жасады. Тарту-таралғылар арасында Ресейден келген катуньдықтардың «бақсының дауылпазы» мен ШҚО табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Серік Қашқынбаев сыйлаған «тау барысының» алтын жалатылған мүсіні жиналғандарға ерекше әсер етті.

Салтанатты жиыннан соң той иелері мерейтойға арнайы келген екі жүзден астам мейманды Катонқарағай ауылының іргесіндегі сұлулығын сипаттауға тіл жетпес алқапқа жайылған той дастарқанына шақырды.

Осы кезде жергілікті ипподромда ат спорты ойындары мен спорттың жеңіл атлетика түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар да өз жалауларын көтеріп, тойға жиналған халыққа қызықтың небір түрлері ұсынылып жатты. Жергілікті көркемөнерпаздар үйірмесінің күшімен әзірленген концерттік бағдарлама да тойға келген құрметті меймандарды бей-жай қалдырған жоқ. Қалыптасып қалған дәстүр бойынша мереке бағдарламасын-да тәтті тағамдар саудасы да ойдағыдай жүріп жатты. Әсіресе жергілікті бүлдіршіндердің сонау биіктегі тікұшақ әйнегінен өздерінің туып-өскен әсем табиғаты мен ауылдарын тамашалауы естен кетпес естелік болып қалғаны анық. Олар тікұшақ әйнегінен төменде тігілген бес бірдей ақшаңқан киіз үйлерді, ипподромда өткізіліп жатқан спорттық ойындарды бәрін-бәрін алақанға салғандай тамашалай білді.

Қаумалаған қауымның көз алдында өткізілген спорттық жарыстар да талай спорт жанкүйерінің делебесін қоздырды деуге болады. Ұлттық парк мамандары өткізілетін спорт ойындарының шарттары мен талаптарын барлық ауылдық округтерге жіберген екен. Алайда, жарыстың бас төрешісі, Берел филиалы директорының орынбасары Кеңесжан Көшірбаевтың айтуынша спорттық ойындарға Балғын ауылының біраз спортшылары қатысқаны болмаса, негізгі қатысушылар командасы ұлттық парктің өз қызметкерлерінен жасақталыпты.

Алғашқылардың бірі болып жеңіл атлетшілер мәре сызығын қиып өтті. Олардың арасынан аршатылық Самал Дүсіпова мен балғындық Берік Сләмовтің алдына түсер жан болмады. Ал арқан тарту бәсекесіне жиналғандар Ақсу орманшыларының білек күштері бәрінен де мықты екендігіне көз жеткізді. Гір тасын көтеру спорты
да тартысты өтті. Нәтижесінде спорт жанкүйерлерін қайран қалдырған Жаңаүлгі ауылының азаматы Қуаныш Байзолдин жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысына көтеріліп, ауылдастарының мерейін үстем етті. Ат спорты ойындарында көрерменнің көңілінен шыққан қос ару Нұрлы Метшінова мен Ғалия Мұсаханова «Ең үздік салт атты» аталымына ие болса, салт аттылардың жеке сайысында өрелдіктер Фархат Қайырбаев пен Досжан Әдихановқа, сондай-ақ аршатылық Жанайдар Сүйіндіновке тең келер қарсылас болмады. Көпшілік тағатсыздана күткен ат бәйгесінде Белқарағайдан келген Қайрат Серкеновтің жүйрігі мәре сызығын бірінші болып қиып, көп алдында мәртебесі өсті.

Кешкілік Катонқарағай аспанында түрлі-түсті от шашу ұйымдастырылып, Алтынтаудың алқабы мерекелік шаттыққа бөленді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйер болсақ, ұлттық парктің 10 жылдық мерекесі - шынымен де ұлттық мерекеге ұласты.

 

Шығыс - Ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576