Жексенбі, 24 Қараша 2024
1983 0 пікір 15 Сәуір, 2020 сағат 10:54

«Діни мерекелер кезінде карантиндік режимді сақтауды сұраймын»

Бүгінде COVID-19 пандемиясы бүкіл әлем халқына қауіп төндіріп отыр. Қазақстан да аталған індетке қатысты тиісті шараларды қабылдаған болатын. Дегенмен, әлі де қауіпсіздік шараларын күшейту аса маңызды болып отыр. Осы тұрғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мен Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің Митрополиттік басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиті Александр барлық дін жолындағы азаматтарды елімізде қабылданған төтенше жағдайдың шарттарына түсіністікпен қарауды және діни мерекелерді атап өту кезінде барлық қауіпсіздік шараларымен карантин талаптарын орындауға шақырды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде енгізілген карантин жағдайына байланысты мешіттерде көпшілікпен бірге орындалатын намаздар оқылмайтынын мәлімдеді.

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерімізде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз,- деді бас мүфти.

Сонымен қатар, Наурызбай қажы Тағанұлы төтенше жағдай шараларына барынша төзімділік танытып, індетпен оқшаулану арқылы ғана күресуге болатынын айтты.

- Жұқпалы індетпен оқшауланып күресуіміз керек. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз. Сіз бен біздің міндетіміз – төтенше жағдайда төзімділік танытып, тазалық шараларына аса мән беріп, өзімізді, отбасымызды індеттен аман сақтау, - ҚМДБ төрағасы.

Бас мүфтидің айтуынша, төтенше жағдай кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көпшілікке арналған дәрістер мен онлайн-уағыздапдың арнайы кестесін бекіткен. Сонымен қатар, діни сауалдарға жедел жауап беретін арнайы call-center (7172) 33-30-30 орталығы да жұмыс істейтінін айтып өтті. Яғни, кез-келген адам өзін мазалаған діни сұрақтардың жауабын арнайы мүфтияттың бөлімдеріне бармай-ақ, жедел орталық арқылы толғандырға сауалдардың жауабын ала алады.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы мұсылман жамағаты үшін Рамазан айының қашан басталатынын да айтты.

Бас мүфтидің сөзінше, аталған күнді белгілеу үшін В.Г.Фесенков атындағы ғылыми-зерттеу мекемесінің болжамдарына арқа сүйеген. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының басшыларымен кеңесе отырып, аталған күнді белгілеген.

- Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады деген шешім қабылданды. Бұл шешімде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп белгіледі,- деді ҚМДБ Төрағасы.

Ал, митрополит Александр мырза да Пасханы әркім өз үйінде, оқшаулану жағдайында өткізетінін мәлімдеді.

-Өкінішке орай, биыл көптеген приходшылар Пасханы үйде, өзін-өзі оқшаулау жағдайында атап өтеді. Бірақ есімізде болсын: ешкім Пасханың шынайы қуанышын сенетін жүректен жұлып ала алмайды,-деді Александр.

Оның айтуынша, қазіргі карантиндік жағдайға байланысты храмдарға кіру уақытша тоқтатылған. Сондықтан да діни құлшылықтарды әркім өз үйінде атқаруы тиіс дейді митрополит.

-Қазіргі уақытта қажетті карантиндік шаралардың әсерінен храмдарға кіру уақытша шектелді.Үйде бірігіп дұға ету, рухани әдебиеттерді оқып, ақырында құдайдың қызметтері туралы хабарларды көру бізге мерекелердің Мерекесіне қосылуға көмектеседі, - деді ол.

Сонымен қатар митрополит Александр Пасха түніндегі мерекелік шаралардың теледидар арқылы халыққа жететінін мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласындағы Вознесенск кафедралды шіркеуінде өтетін Пасха мерекесіне арналған тікелей трансляция “Евразия бірінші арнасы” арқылы көрсетілетінін айтты.

Одан бөлек, еліміздің кейбір аймақтарында Пасха қызметтері туралы арнайы хабарлар еліміздің епархияларының негізгі шіркеулерінен берілетін болады. Айта кетейік, биыл христиан басты мерекесі - Қасиетті Христостың қайта тірілуі сәуір айының 18-інен 19-ына қараған түні атап өтіледі.

Ал, брифинг барысында сөз алған ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі Ержан Нүкежанов діни бірлестік басшылары мен діндар азамаматтардың елімізде енгізілген карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды.

-Төтенше жағдай және карантин режимі сәуір айының соңына дейін созылғанын ескере отырып, мен барлық діни бірлестіктердің басшылары мен діндар азаматтардың, сондай-ақ біздің азаматтарымыздың алда келе жатқан діни мерекелер кезінде карантиндік режимді сақтауды жалғастыруды сұраймын,-деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Қазақстанда төтенше жағдай режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын мәлімдеген болатын.

"15 сәуірде менің Төтенше жағдай жариялау туралы Жарлығымның мерзімі бітеді. Қазірдің өзінде, ТЖ режимін кемінде сәуірдің соңына дейін ұзарту керектігін көріп отырмыз”,- деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан әлі де коронавирус індетінің шектік межесіне жеткен жоқ. Сондықтан да карантин ережесін қатаң сақтау қажеттігін айтты.

-Біз әлі коронавирус індетінің жаппай таралу шегінінен өткен жоқпыз. Эпидемия жағдайында бәсеңсуге болмайды. Сондықтан астана, Алматы мен Шымкент қалаларында және облыстарда карантин режимін сәуірдің соңына дейін ұзартуды тапсырамын.

Білемін, бұл шешім көпке ұнай қоймайды. Себебі, халық сыртқа шығып, бұрынғыдай қалыпты өмір сүргісі келеді. Бірақ, карантин ережесін сақтағаннан басқа амал жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусологтардың кеңесі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550