Сенбі, 23 Қараша 2024
2685 0 пікір 11 Мамыр, 2020 сағат 12:13

Жомарттық – жүректен

Тегінде, айналаңа шуағыңды төгіп, жоқ-жітікке жәрдемдесіп жүру үшін қалтаңнын қалың болуы  аздық етеді-ау. Ол үшін ең алдымен жүректің жомарттығы, көңілдің дархандығы мен туабітті бекзаттық та қажет сияқты.  Жазиралы Жаркент өңірінде кәсібін өрлетіп қана қоймай, қиналған қауымға қол ұшын беруден өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген Магруф Қадыров деген жомарт жанның бар екенін естігенімізде ол жайлы жақсырақ білгіміз келген.

Адамның шынайы келбеті қиындықта ашылады емес пе. Ал, Магруф Ғапбасұлы болса әлдебір ауыртпалықты күтпей-ақ, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жандарға  көмектесуді өзінің өмірлік  дәстүріне айналдырған сыңайлы. Ол ауданда өткізіліп тұратын түрлі әлеуметтік іс-шараларға белсене араласып, лайықты үлесін қосудан жаңылып көрген емес. Өзгесін атпағанда, соңғы 20 жылдың бедерінде Талды ауылдық округіне қарасты елді мекендерде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне және Ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлерге жыл сайынғы мереке қарсаңында сый көрсетіп келеді. Дәстүрлі азық-түлік себетінен өзге, анабір жылдары әрбір ардагердің үйіне қазіргі заманғы кір жуғыш машиналарын сыйласа, келесі жолы түрлі-түсті теледидар тарту етіп, жұртшылықтың алғысына бөленген болатын.

- Өкінішке орай, майдангерлеріміздің қатары жыл санап кеміп келеді. Бүгіндері санаулы ғана тыл еңбеккері қалыпты. – дейді Магруф Ғапбасұлы өкінішін жасырмай. – Алайда, біз ортамызда жүрген ардагерлерге әдеттегідей лайықты құрмет көрсетіп, сыйлықтарын ұсынатын боламыз.

Тіршілік болғаннан кейін неше түрлі түйткілді мәселелердің туындап отыратыны жасырын емес. Жарық дүниеге келмей жатып тағдыр тауқыметін тартқан сырқат балалардың жағдайы жүрекке жүк түсіретін көрініс. Ал, әлеуметтік жағынан әлсіз отбасында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің күнкөрісі қалай жақсармақ?! Кәсіпкер өзінің болып-толғанын қанағат тұтпай, қоғамымыздағы әлжуаз топтарға мүмкіндігінше көмек жасауды өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған. Кей жағдайларда аймақ басшыларының ескертуін күтпей-ақ балалар үйі мен жеке отбасыларына қамқорлық жасап келеді.

Аймағында Атымтай-жомарт атанған Магруф Қадыровтың қайырымдылық шаралары мұнымен де шектелмейді. Өзі де ұзақ жылдар спортпен шұғылданып, еркін күрестен «Спорт шебері» дәрежесін қорғағандықтан кейінгі толқын жастардың да спорпен әуестенуі үшін қолдан келген шараның бәрін жасап бағуда. Осы орайда аудандағы спорт кешендерін үнемі назарында ұстап, қажет болған жағдайда жандарынан табылуға әзір. Биылғы Наурыз тойында 500 адамға дастархан жайып, ұлан-асыр той жасағанын жерлестері жыр қылып айтып жүр. Суан баба қорына қомақты қаржы аударып,тарихтан тағылым үндейтін кітаптың шығуына үлесін қосқаны тағы бар. Өзге де ұлттық мерекелер Жәркент жерінде Магруф Ғапбасұлының қатысуынсыз өткен емес.

«Жақсы – көргенін айтады, жаман – бергенін айтады! – дейді дана халқымыз. Біздің бүгінгі шағын баянымыздың кейіпкері – Панфилов ауданының Құрметті  азаматы Магруф Қадыров осы жасаған шаруаларының бірін де жарнамалап көрген емес. Бүгінгідей барша адамзаттың басына ауыртпалық түсіп, «COVID-19» вирусына байланысты әлем бойынша пандемия жарияланғанда біздің елдің азаматтары не істеп жатыр екен деп айналамызға зер салған едік. Үндемей жүріп-ақ талай шаруаны тындыратын жәркенттік жігіт осылай біздің назарымызға іліккен. Сөйтсек, ол «МКС-Ақбоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры ретінде карантин кезінде жұмыссыз қалған қызметкерлеріне үнемі қолдау көрсетіп, қиындықтан қысылмай шығуларына да септігін тигізіп жүр екен.  Олардың қаражат жағынан тарықпауын алдын-ала ойластырып, жуырда ғана алты  ірі қарасын қасаптап, таратып берген көрінеді. Мұндай көмектен табысы төмен отбасылар да шет қалмаған.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен...» – дегендей, төтенше жағдайға байланысты халықтың күнкөріс жағдайы қиындаған шақта Түркістан облысындағы су тасқыны ондағы ағайынды абыржытып тастады емес пе. Ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмылып, нәубетпен ортақтаса күресетін халқымыздың ежелгі дәстүрі бұл жолы да ұмыт қалған жоқ. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан шаралардың сыртында кең байтақ Отанымыздың барлық аймақтарынан қол ұшын созған жомарт жандардың қатары күн санап артуда. Солардың алғы шебінде біздің әңгімеміздің өзегі болып отырған Магруф Ғапбасұлы да бар. Бүгіндері Панфилов ауданында оңтүстік жұртына жасалатын «Асардың» негізі қалана бастаған.

Осы арада: «Жанының жылуымен, жүрегінің жомарттығымен жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген Магруф Қадыров деген кім еді?» – деген сауалға жауап іздеген едік. Өлкемізде кеңес үкіметі орнамай тұрғанда Семей өңірінде ауқатты ғұмыр кешіп, өз қаржыларына мешіт салдырған тектілердің ұрпағынан тараған Қадыровтар отбасы аумалы-төкпелі кезеңді «арғы бетте» өткізіп, өткен ғасырдың 60-шы жылдары елге қайта оралыпты. Талдықорған төңірегіндегі Шұбар шаруашылығының жылқышысы болған Ғапбас 8 баласының бойына еңбексүйгіштік, адалдық, мейірімділік қасиеттерін молынан сіңіргені байқалады. Солардың ішіндегі ортаншысы Магруф бала кезінен атбегілігімен айналыса бастаған екен. «Кеңестік саясаттың аумалы-төкпелі кезеңдерінде де біздің ауладан жүйрік ат үзіліп көрген жоқ!  – дейді ол өткен күндерді еске алғанда. – Малды ауылға келгенде асау үйретіп, жүйрік баптап, кең далада еркінше жүйткитінбіз. Сол, атқұмарлығым мені спортқа әкеліп, ұзақ жылдар күреспен айналыстым. Кейіннен еркін күрестен спорт шебері дәрежесін қорғадым. Бүгіндері спортпен шұғылдануға уақытым бола бермесе де, шыныққан жылдарым күнделікті қызметіме пайдасын тигізуде»

Мектеп бітіргннен кейін Ресейдің Калининград облысында әскери борышын өтеп, елге оралысымен білім жолын жалғастырады. Магруфтың білім алуы да қызық. Алдымен зооветтехникумға түсіп, оны бітірмей Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының студенті атанады. Қалтасында Өскеменнің кооператив техникумы мен Қарағанды кооператив институтының дипломдары да бар. Алматы ауылшаруашылығы институтының инженерлік факультетін бітіргендігі туралы құжаты да жасанды емес. Бірін іштей, қайсыбірін сырттай оқып, бірнеше мамандықтың иесі атанған ғой. Бірақ солардың ішінде сауда саласы бойынша алған дипломы ғана іске жараған сыңайлы.  Осылайша ол Текелі қаласындағы коопторгтің басшысы қызметінен бастап, Жаркент қаласындағы аудандық тұтынушылар қоғамында біраз жыл нәтижелі еңбек етеді. Сол жылдары ауданда агроөнеркәсіп комбинатын құрып, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмысын жолға қойыпты.  Ал, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі алмағайып замандарда Дәулет Тұрлыхановпен бірлесе ашқан «МКС-Ақбоз» серіктестігіне қарасты көтерме сауда орталығының атқарушы директоры қызметіне кіріскен. Мұнымен қатар «Қадыров» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын өркендетуді қолға алған көрінеді.

Алғашында Қарағандыдан «Сименталь» атты асыл тұқымды сиырларды, Шығыс Қазақстан облысынан «Дегерес», «Байсыл» тұқымды қойларды, Ақтөбеден жылқының «Жебе» тұқымын әкеліп, Жәркент өңіріне жерсіндіру арқылы Республикалық ғылыми-өндірістік зерттеу орталығы ғалымдарының көмегімен серіктестігін асыл тұқымды шаруашылыққа айналдырған болатын. Ал, 2012 жылдан бастап осы өңірде «Әулиекөл» асыл тұқымды сиырларын өсіруді қолға алып келеді.  Бүгіндері шаруашылықта осы тектес 1000 бас ірі қара бапталып, бағылуда. Әлгінде айтқандай, шаруа қожалығының қарауындағы бір отар асыл тұқымды қой да өзінің оң нәтижесін бере бастаған.

Бала кезінен атбегілік өнерді кие санаған Магруф Ғапбасұлы жылқы малын баптаудан бір сәт қол үзген емес. 250 бас жылқысы өрісте жайылса, 20-ға тарта жүйрігі атбегінің тікелей қамқорлығына алынған. Оның «Доллар», «Телқоңыр», «Тимуджин», «Барыс», «Қарқара», «Жұлдыз» атты сәйгүліктері қосқан бәйгеден құр қайтып көрмепті. Жүлдеге алған бес темір тұлпар соның айқын айғағындай. Ерен жүйріктің дақпыртын естесе болды, іздеп-тауып, сұраған бағасын беріп әкелгенше тыным таппайтын көрінеді. «Ат шаба ма, бап шаба ма, бақ шаба ма?!» – дегендей, әзірге Мәкең баптаған жүйріктерде осының бәрі үйлесіп тұрғандай.  Айтпақшы, мемлекет бағдарламасына орай «Жәркент мал өнімдері» мал сою кәсіпорнын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетудің жаңа бір жобасын бастаған да осы Магруф Ғапбасұлы екенін айта кеткеніміз жөн болар.

Әрине, осындай ауқымды жұмыстардың барлығын жалғыз жүріп атқара алмасы белгілі. Бұл жерде Магруфтың жан-жары Ризван Сәкиова мен ұл-қыздары – Динара, Мәдина, Талғат пен Муслим және жеті жасар кенжелері – Минтемир қашанда қолдау көрсетіп келеді. Үлкен балалары жоғары білім алып, түрлі қызмет жасап жүрсе де қолары қалт еткенде қара шаңыраққа келіп, шаруаға болысып тұруды әдетке айналдырған.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» – деп Ілияс бабамыз жырлағандай, еліне еңбегі сіңген азаматтың абыройы да аспандап тұр. Жерлестері ауданның Құрметті азаматы атағын берсе, Астананың 10 жылдығына арналған мерекелік медаль өңірінде жарқырайды. Ал, өзінің саласы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес-рейтинг ұйымдастыру комитетінің Сапа көшбасшысы номинациясының жеңімпазы атанып, «Қазақстан даңқы» орденімен марапатталған. Ал, 2014 жылы Женева қаласында ауыл шаруашылығының дамуына орасан зор үлес қосқаны үшін халықаралық «Ауропалық сапа Гран-При» медалінің иегері атанғаны және бар. Ал, ең басты табысы – Магруф Ғапбасұлына деген жұртшылықтың алғаусыз көңілі мен алғысы болса керек. Ендеше, халықтың ырзалығына бөленіп, батытты да шарапатты ғұмыр кеше беріңіз деген тілекке біз де қосыламыз!

Қуат Қайранбаев,

Алматы облысы, Панфилов ауданы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475