Бір күндік емес, мың жылдық шараларды өткізу керек!
Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Осыған орай ел билігі Бас ақынның мерейтойын дүркіретіп өткіземіз деп шешкен. Сол үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөліп, бір жылда 500-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлаған.
Бірақ тұтас әлемге таралған коронавирус пандемиясы бұл жоспарды желге ұшырды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұлы ақынның мерейтойы аясында өтетін бірқатар шараны қысқартыпты. Сол үшін мерейтойдың бюджеті 1,9 миллион долларға қысқарған көрінеді. Енді әу баста Абай тойы үшін бөлінген 7,2 млн. доллардың (3 млрд. теңге) орнына 5,3 млн. доллар (2,36 млрд. теңге) жұмсалады екен.
Министрліктің есебінше, жеті республикалық іс-шараның күші жойылған. Тағы бірқатары онлайн режимге ауысқан. Қысқарған шаралар қатарында «Абай әлемі» опера және балет фестивалі («Абай әлемі»), «Мен Абайды оқимын» халықаралық слет қатысушыларының мерекесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің Абайдың туған жері мен Қазақстанның басқа өңірлерге арналған экспедициясы бар.
Бұл шараларды онлайн форматта өткізу мүмкін болмаған көрінеді. Сөйтіп ұйымдастырушылар аталған шаралардың күшін жойып, 700 млн. теңге көлемінде қаражат үнемдеген болыпты. Бұл қаражат бюджетке қайтарылады екен.
Ендігі мәселе, осы 700 млн. теңгені кері қайтару не үшін керек болды? Біздің билік үшін «түкке тұрғысыз» аз қаржы бюджеттің бүйірін толтырмасы сөзсіз. Қазақ шенділерінің аз ақшамен көп жұмыс тындыруды білмейтіні бұрыннан белгілі. Алысты айтпағанда, коронавируспен күреске елден ерек болып 6 триллион теңге жұмсап отырмыз. Ендеше бюджет қаржысын жұмсауда «тәбеті» ерекше қазақ билігі басқа-басқа Абай тойына келгенде неге үнемшіл бола қалды? Үлкен ұранмен басталған мерейтойды ұлттық идеологияның сара жолына айналдырып әкетуге не кедергі?..
Жалпы билік иелері Абай тойын қалай тойлауды түсінбеген де секілді. Сол баяғы көне сүрдек конференция, еш пайдасы жоқ экспедиция, топырлап жиылып, жаттанды жиналыстар өткізу, жоғарыға «мұздай» етіп есеп беру...
Коронавирус келді де мұның бәрін тоқтатты. Мұндай еш пайдасы жоқ жиын-тойлардың өтпей қалғаны да дұрыс болды дегің келеді, кейде...
Ұйымдастырушылар жыл басында мерейтойдың жоспарын таныстырғанда-ақ, «қоянның өзін көріп, қалжасынан түңілген едік». Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Нұрғиса Дәуешов атаған іс-шаралар тізіміне қарап «бұл тойдың бұрынғы тойлардан өзгеше болмайтынын» аңғарғандай болғамыз:
«Биыл осы мерейтой аясында 500-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар», - деген еді Дәуешов.
Қалай көңілің қалмайды? Президент бастап, өзгелер қостап отырған ұлы тойдың маңызды шаралары мынадай болса. Сол баяғы флэшмоб құмар шенділердің тар шеңбердегі тұрлаусыз, баянсыз есептік жиналыстары ғана. Мынадай іс-шаралар коронавирус болмаған күннің өзінде бүгін бар, ертең жоқ болар еді.
«Мен Абайды оқимын» деген ұранмен бес адамға ақынның өлеңін жаттатқаннан не ұтамыз, бар-жоғы белгісіз Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін Абайдың туған жеріне экспедицияға апарудың не пайдасы бар? «Жетектеген тазы түлкі алмайды». Жаңағы конкурс үшін жаттатқан екі өлең ертең ұмытылады, өздерінің кім екенін анық білмейтін ассамблея мүшелеріне Абай жерін аралағаннан ақыл кірмейтіні анық. Ендеше мұндай шараларды коронавируссыз да өткізбеген жөн емес пе?!
Коронавирус кедергі келтіре алмайтын, бір күндік емес мың жылдық шаралар көп қой. Әу баста соларды жоспарлау керек еді. Абайдың мерейтойы өтеді дегеннен бастап ақсақалдар, ғалымдар ұсыныстарын айтты. Президенттің өзі мән беріп, республикалық деңгейде өткелі жатқан мерейтойдан пайдаланып ұлттық идеологияның қалыптасуына күш салайық деді. Осы тойдың арқасында Абайдың ұлы парасатын жалпыұлттық идеология деңгейіне көтерейік деді.
Абай ілімін мектеп қабырғасынан бастап тереңдете үйретіп, Абайтану курстарын білім берудің алтын қазығына айналдыру ұсынылды. Әліппені біресе құрытып, біресе қайтарып жүрген, мектеп оқушыларына үйрететін түк таппағандай жыныстық сауат ашу сабағын өтеміз деп жүрген, университетте Қазақ тарихын 1991 жылдан бастаймыз деп жүрген білім саласын Абай ілімімен дұрыс жолға салу керек еді.
Ұлтты ұйыстыра алатын ұлттық идеология жасаймыз десек, кімге сенерін білмей, әр кімге, әр дінге, әр тілге жәутеңдеген қазақты ұлы Абайымен қауыштырамыз десек, министр ауысқан сайын жасалатын жалған реформаға «тойған» білім саласын бір ізге саламыз десек, бүкіл халық назар аударып отырған Абай тойын орынды пайдаланар едік. Мұндай игі шараларға коронавирус та кедергі жасай алмас еді...
Оны аз десеңіз, ұлы ақын туып-өскен өңірдің ауыр экологиялық ахуалына назар аудару керек еді. КСРО-ның қанды қылмыстарының бірі, қазақтың қасіреті - Семей полигоны осы аймақта орналасқан. Ядролық сынақ алаңына айналған аймақта өмір сүріп жатқан халықтың денсаулық мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Ядролық сынақтан жапа шеккен өңір тұрғындарына көмекті көбейтіп, аймақтағы полигон зардаптарын толықтай жоямыз десе қазақ билігінің қолын кім байлап отыр?
Қаржыны салсаң осындай іске сал. Жоқтан тапқандай сүйіншілеп бюджетке қайтарған жаңағы 700 млн. теңге ғана емес, ЭКСПО өткізуге жұмсаған 565,1 млрд. теңгеңді бірақ салсаң да жарасады.
Біздің билік ақылды болса, ядролық сынақ алаңының зардабын жойып, бұрынғы тұмса табиғатты қалпына келтірсін. Сол өңірдегі халықтың талап-тілегін түгел орындасын. Ассамблея өкілдерін Абайдың туған жеріне апарағысы келген екен, ендеше дәл осы Семей полигонына алып барсын, қазақтың нанына тойған ассамблеялықтар, қазақтың зарына не дер екен?
Абайды ұлықтау, Абайдың мерейтойын тойлау - конференция, дөңгелек үстел өткізу емес. Бірақ бұны түсінетін қазақ билігі қайда? Екі-үш есептік іс-шарамыз өтпейтін болды, үнемделген аз ақшаны бюджетке қайтардық деп жерден жеті қоян тапқандай мақтанып жүр. Абай жылы Абайдың еліне үлкен өзгеріс әкеле ме деген үмітіміз ақталмайтын секілді...
Қуаныш Қаппас
Abai.kz