Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5049 22 пікір 8 Маусым, 2020 сағат 11:47

Ақылбек Шаяхмет. «Мен» дегенің – мына біз

«Мен» – кез келген адамның талантын танытатын философиялық категория болса, ол өзін-өзі тану ғана емес, өзін өзгеге де таныту, жекенің мені арқылы көптің мінін көрсету, қоғамдағы келеңсіз көріністердің себеп-салдарын зерттеу.

Күні кеше Бұқар жырау: «Сен бұзау те­рісі шөніксің, мен өгіз терісі талыспын» де­се, Махамбет: «Мен, мен едім, мен ед­ім» десе, оның не өрескелдігі бар. Керісін­ше, сол сөздерді айтушының қайтпас-қайсар мінез-құлқы көрініп тұрған жоқ па?!

«Мен» – ғұмырбаяндық хамса. Бұл – автордың ғана емес, қазақ елінің белгілі бір кезеңдегі ғұмырбаяны. Кітаптың: «Қаламға және оның жазуына серт!» деген эпиграфы Құраннан (68 сүре, 1-аят) алынуы да тегін емес. Сөзді «Бисмиллаһ ир-рахман иррахимнен» бастаған жазушы мақсаты – ақиқатты жеріне жеткізе айту.

«…Менің еншілі өмірім мен таңбалы жазуым. Бастан өткен ғұмырдың көңіл­де­гі суреті. Қаламға ілінген жазудың жү­рек­тегі жүгі. Тұтас ғұмыр емес, бедерлі белестер ғана. Бар жазу емес, дертті толғаныстар ғана. Өмір – арқау, жазу – өрмек. Екеуінің тумысы бір – Менің өзім. Мен. Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім – кісі, дінім – ислам, нәсілім – түрік, ұлтым – қазақ, ұраным – Алаш, есімім – Мұхтар, сойым –Мағауин…». Жазушы осылай дейді.

Жазушы өзінің кім екенін жақсы бі­ле­ді. Сондықтан да «Менге» жүгінеді. Мен арқылы өтіп бара жатқан баянсыз ғұмырдың қуыс-қалтарысын зерттейді, фәнидің жақсылығы қайсы, жамандығы қайсы, досы кім, дұшпаны кім, соларды ажыратып алу үшін жүрегінің түбіне үңіледі.

«Мен» – қаламгердің өткенге деген естелігі, «Мен» – қаламгердің келешекке деген сенімі. «Мен» – жазушының на­ным-сенімі ғана емес, тәні, қаны, жаны. «Мен» оның автопортреті ғана емес, қоғам­дағы рухани болмысы, айқын кө­рінісі. Демек, «Меннің» ішінде мен де, сен де, ол да, барлығымыз да бармыз. Яғни, «Мен» дегеніміз – мына біз. Жеткен жері­міз қайсы, тапқан олжамыз қайсы, сүрін­ген, жығылған кезіміз бар ма – «Мен» со­ның барлығын көрсететін бейнебаян тәрізді.

Алланың қалауымен, әруақтың аманатымен қолына қалам ұстаған жазушы­ның: «Мен дегенім – өзім, Мұхтар Мағау­ин. Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен – ұлттық мұрат. Мен – Алаштың жолы», – деген жолдарынан оның авторлық кредосын, мақсат-мүддесін көреміз.

«Мен»-нің бірінші кітабы «Шытырман немесе жазушының жан азабы» деп аталса, екінші кітап «Қия жолдар немесе ғылымдағы машақат» деп аталады. Атынан көрініп тұрғандай, шығармада жазушы әрі ғалымның ғұмырындағы жаптым жала, жақтым күйе, аяқтан шалу, етектен тарту, жағаға жармасу секілді жағымсыз әрекеттер суреттеледі, суреттеліп қана қоймайды, ақиқаты айтылып, лайықты ба­ғасы беріледі. Оқырман жиренетін, тіп­ті жиіркенетін жайлардың беті ашылады.

Шынында да, жазушының тастан емес, қасиетті сөзден қаланған, құламай­тын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын, қазақ халқының мерейін өсіріп, мәртебесін асыратын алтын сарайын ешқашан да тат басуы мүмкін емес.

Ғабит Мүсірепов («Қазақ әдебиеті» газеті, 1984 жыл, 27 маусым): «Мұхтар Мағауин қай шығармасында болсын еркін отырады. Тақырыптары ұсақ-ұлаң емес, бүгінгі күніміздің іргелі сауалдарына толымды жауап береді. Атүсті емес, терең жауаптар. Алған тақырыптарын терең зерттеп алатыны байқалады», – деп бағалаған қаламгер қалыпты жүрісінен танған жоқ. Ақиқатты ашып көрсетті, бояма жапсырған жоқ. Шындықты шың­ғыртып жазды, жалған қосқан жоқ. Ро­ман­дағы барлық хамса автордың өз сөзімен айтсақ: «Өшпес ақ қағаз бетіндегі куәлік». Шынында да, «қаламды нық ұс­тады, қолайын тапты, қиялай шауып, қапысыз сілтеді. Әруақтың аманатын ақтады». Бұл роман – жазушының жан азабы ғана емес, тұтас бір дәуірдің келбеті. «Мен» – мен, сіз бен біз ғұмыр кешкен заманның, сол замандағы қоғамның ай­насы.

«Мен» роман-эссесі осымен аяқталды деп ойлайсыз ба? Жоқ! «Меннің» заңды жалғасы – тарихи танымы жоғары, дәй­екті және дәлелді жазылған «Ұлтсыздану ұраны», «Ғаламат апат шындығы», «Қазақ­сыз Қазақстан», «Қан төгілді!», «Жер қазақтыкі!», «Жармақ», тағы басқа туындылар. Осы шығармалардың барлы­ғында да автордың мені «мен мұндалап» тұр. Тіпті оның кезінде әртүрлі басылымдарда жарық көген «Қол қоя салып едім» секілді мақаласын немесе «Подонок», «Бесінші түлік» секілді әңгімелерін оқы­саңыз да ойыңызға «Мен» келеді. Қалам­гердің «Естеліктер» кітабында да барлық образдар «Мен» арқылы ашылады.

Жазушының: «Өзім… Мен… Мен Өзім… Қайдан келдім? Қайда барам?» деген көп нүктелі және сұраулы сөйлем­дерден басталатын «Өзім» деген әңгі­ме­сінде де «МЕН» алға шығады. Бұл әңгі­месінде автор кесімді сөзін айтады:

«Жоқ! Шеңбер – шексіз. Менің бар ғұмырым – сарқылмас. Сөзге, таусылмас Таңбаға түскен. Ендігі жерде Өзімді Өзім қайта көруім шарт емес. Тамшыдан жаралғаннан топыраққа айналғанға дейінгі бар болмысым мәңгілікке жалғас­қан. Өткен жүз сан әруақтың аманаты, келешек мың сан зәузаттың тілек-мұраты. Тұманға сіңіп жоғалар бір сәттік елес емес, ұлтыммен, ұлысыммен бірге жасар фәнилік әрі бақилық тас ұстын, ұлағатты дәріс. Нық Сенім, шын Өзім – осы!» – дейді.

Жазушының әр сөзінен терең мағына іздейсің. Әрбір әңгімесінен ел құлағын елең еткізетін жақсы жаңалық, ізгі лебіз күтесің. Мұхтар Мағауиннің қанатты сөздері жетіп артылады. Бір ғана мысал келтірейін. Абай айтқан уәжді одан әрі жалғап: «Қазақтың «Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа – жақ­сылық ер адамның ісі» деген мақа­лы­мен келіспеймін. Былай деп өзгертер ем: «Жақсылыққа – жамандық әр адамның ісі. Жақсылыққа – жақсылық ер адамның ісі», – дейді.

Жазушының әрбір шығармасы өмір­дің айнасы тәрізді. Мұхтар Мағауиннің «Жар­ма­ғындағы» Мұрат пен Марат, «Оң­ға­ғындағы» Иман мен Жиған, «Наладағы» арыдағы Шорман, берідегі Зорман, «Подоноктағы» сілімтік Подонок, айта берсек, толып жатқан кейіпкерлер қазір де арамызда жүргені өтірік емес қой.

Біз көптеген жазушыларды орыс әде­бие­тінде Гогольдің шинелінен шыққан, қазақ әдебиетінде Би-ағаның (Майлин) шапанынан шыққан деп жатамыз. Осы орайда Мұхтар ағамен Прагада кездес­ке­нім есіме түседі. Ағаның иығындағы кос­тю­мін Бақытжамал жеңгеміз «жұ­ғыс­ты болсын» деген ырыммен иығыма жауып еді. Өз басым ұлт мүддесі тұрғысынан Мұхтар ағаның шапанынан шыққым келді. Ел арманын Мұхтар аға секілді ұқ­қым келді. Елге келген соң аға туралы өлең жаздым:

Жем болғанда кездейсоқ көлденеңге,

Жақсы сөзге қаталап шөлдегенде,

Сізді таптым.

Ақиқат сөзді таптым

Айызымды қандырған «Мен!» – дегенде.

 Бүгінгі ісі ертеңге қайшы келген,

Қазағымды ұстайсың қай шідермен.

Заман болды текелер төрге шығып,

Қойшылардың қызығын тойшы көрген.

 Бағынса да Жаратқан жарлығына,

Төбеттердің төзсе де зорлығына,

Байлаудағы қасқыр да өліп кеткен

Шыдай алмай қанденнің қорлығына.

 Ұлттың рухы атойлар келбетінен,

Бар жазғанын қалдырған елге түгел,

Бағалы сөз санада жүрері хақ,

Жалғыз қазақ көшкенше жер бетінен.

 Ел болмасын елінің ерте сезген,

Шәкәрімдей қайғы ойлап, елден безген,

Айттың. Жаздың. Күйіндің.

Шер байланды.

Алла Сізді сақтасын тіл мен көзден!

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған қайсар ағаға мықты денсаулық, ұзақ ғұ­мыр тілеймін! Оның жазғаны көп. Шеті­нен шедевр! Таңдай қақтырады. Толған­тады, тебірентеді. Жазу мәнері ырза қы­ла­ды. Ендігі тілек – Алла денсаулық берсін, алтын қаламы іркілмесін, жазары таусылмасын!

Ақылбек Шаяхмет,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392