Қазақстандық спортшылар қара басының ғана қамын ойлай ма?
Халықтың қалтасынан шыққан қаржының күшімен ғана қалт-құлт етіп күн көретін Қазақстан спортында тағы бір жанжал орын алды. Бұл жолғы қаржылық дау-дамайды ауыр атлеттер бастап отыр. Бірнеше зілтемірші алты ай бойы ақша алмадық деп видеоүндеу жасады. Олардың арасында Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов та бар.
Видеоүндеу жариялап, ел назарын аударған споршылар қатарында Рахимовтан бөлек, Карина Горичева, Денис Уланов , Рустем Сыбай, Айбар Казов, Ибрагим Берсанов және Игорь Сон бар.
Олардың айтуынша, ауыр атлетика федерациясы ай сайын төлейтін жалақыны жыл басынан бері бермеген. Бірақ Ұлттық Олимпиада комитетінен алатын жалақыларын толық алған.
Зілтеміршілердің еңбекақыларын төлей алмай отырғандарын ауыр атлетика федерациясы да растайды. Бірақ бұған елде және әлемде болып жатқан қаржылық қиындықтар себеп болған.
- «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» демеушілік көрсететін «Ауыр атлетика федерациясы» ҚБ тарапынан жалақы алатын ұлттық құрама спортшылары экономикалық жағдайдың нашарлауы, бюджеттегі толықтырулар мен ұйым шығындарын оңтайландыру салдарынан осындай жағдай туындады. Осыған байланысты әкімшілік-басқарушылық топты қаржыландыру тоқтатылған.
Спортшыларды осы және әлемде болып жатқан дағдарысқа түсіністікпен қарауларын сұраймыз. Ауыр атлетика федерациясы қосымша төлемдерді қаржыландыруға арналған бюджет мәселесі шешілгеннен кейін ұлттық құрама мүшелерімен тиісті келісім-шарттар жасалып, оларды төлеу жалғасады, - делінген ресми хабарламада.
Бірақ ұлттық құрама мүшелерінің Ұлттық Олимпиадалық комитеті тарапынан тиісті жалақыларын дер кезінде және ешқандай кедергісіз алып отырғанын «Ауыр атлетика федерациясы» да, ҰОК да мәлімдеді.
- Қазақстан ҰОК өз тарапынан бүгінде барлық ұлттық құрама мүшелеріне, соның ішінде, ауыр атлетшілерге де еңбекақыларын толық және уақытылы төлеп отыр. Спортшылар үшін ҰОК еңбекақысы бірден бір табыс көзі болып саналады.
Басқа қаржыландыру көздері пандемияға байланысты өздерінің бюджеттерін қысқартты. Атап айтқанда, демеушілер тарапынан еңбекақы алатын ұлттық құраманың кейбір мүшелеріне төленбеу туралы мәселе бар.
Бұл іс жүзінде бәрімізге ортақ мәселе. Бүгінгі таңда барлық мүдделі тараптар жағдайды шешу үшін жұмыс істеуде, - дейді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.
Үш тараптың таратқан ресми ақпаратынан ұққанымыз, ауыр атлетика құрамасының спортшылары ҰОК-нен жалақыларын уақытында алған, бірақ федерациядан еңбекақыларын ала алмай отыр. Соған орай құраманың 7 мүшесі видеоүндеу жасаған.
Кейбір ақпараттарға сүйенсек, зілтеміршілер негізгі жалақысын ҰОК-ден алады. Үндеу жасаған Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов Ұлттық олимпиада комитетінен 850 мың теңге, ал ауыр атлетика федерациясынан ай сайын 240 мың теңге алады екен. Спортшы мұның алдыңғысын толығымен алған. Тек соңғы аз бөлігін ала алмай жүр.
Ауыр атлетика федерациясы мұның себебін елдегі қаржылық қиындықтарға байланысты демеушілердің қаржының тоқтағанымен түсіндіреді. Әрі жағдай оңалған соң спортшылармен келісімшарт жасап, төлем жасайтындарын мәлімдеді.
Бірақ Нижат Рахимов бұған да разы болмайтын секілді. Әзірбайжанда туған қазақстандық спортшы инстаграм желісіндегі жеке парақшасында «демеуші жоқ болса - ақша да жоқ» деп жазды.
- Ауыр атлетика федерациясы бізге демеуші жоқ дейді. Біз табан ет, маңдай терімізбен медаль жеңіп алғанда, ең алдымен елімізді ойлаймыз. Жеңісті сәттерде Қазақстан Республикасының туын мақтанышпен ұстап тұрамыз. Спортта қандай физикалық және моральдық қиындық көретінімізді ешкім білмейді. Біз медаль үшін денсаулығымызды беріп жүрміз. Біздің спорттағы жолымыз қысқа, ерте ме, кеш пе спорттан кетеміз. Ертең олар біз туралы ұмытып, тізімнен шығарады. Біз біреудікін емес, өзімізге тиістіні сұрап отырмыз. Құрметті ауыр атлетика федерациясы, біз сіздер жүктелген барлық тапсырмаларды орындаймыз. Сізден де соны сұраймыз, - деп жазды Рахимов.
Бір қараған адам спортшы өзіне тән еңбекақысын сұрап отыр деуі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдай бәрімізге белгілі. Коронавирустың кесірінен бүкіл әлемде спорттық шаралар толық тоқтатылған. Жарыстар өтіп жатқан жоқ, спортшылар жаттығумен жекелей айналысуда. Жұмысын тоқтатқан барлық жерде жалақы қысқарды. Жарыс өтпегендіктен, спортшылардың табысы да кеміді. Оның үстіне Рахимов бастаған зілтеміршілер ҰОК-дан жалақысын толық алған. Сондай-ақ Рахимов Атырау облысы атынан шығатындықтан осы өңірден тағы да еңбекақы алады. Демек, екі мемлекеттік органнан жалақы алып отыр. Мөлшерін жоғарыда жаздық, аз емес. Сөйте тұра федерация еңбекақымды уақытында бермеді деп шу шығаруы қаншалық орынды?!
Нижат Рахимов (Ниджат Рагимов) - Әзірбайжанда туып, Әзірбайжанда өскен азамат. Өз елінде жүріп спортта жетістікке жеткен. Жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы, Еуропа чемпионы атанды. 2013 жылдың жазында допинг дауына байланысты 18 зілтемірші Әзірбайжан құрамасынан шеттетілді. Олардың арасында біз айтып отырған Рагимов та бар еді. Осыдан кейін әкесі Али Рагимов оған жаңа құрама іздей бастады. Грузияға құрамасын да байқап көрді. Ақыры 2014 жылы Нижат Рахимов деген атпен Қазақстан азаматтығын алып, біздің елдің құрамасында өнер көрсете бастады. 2016 жылы Олимпиада ойындарында алтын медаль алды.
Корнавирусқа байланысты спорттық жарыстар тоқтатылғандықтан, көптеген елде спортшылар жалақыларын қысқартты немесе бас тартты. Тіпті әлемдік деңгейдегі спортшылар коронавируспен күреске миллиондап қаржы да бөлді. Мұндай мысалдар ақпарат құралдарында күн сайын жарияланып жатыр.
Тек Қазақстанда ғана бәрі басқаша. Әдетте шетелдік тәжірибеге жүгінгіш қазақ шенділері бүгінгідей қиын сәтте «шетелше» әрекет ете алмады. Мемлекет бюджетінен мол қаржы бөлінетін кәсіпқой спорт клубтары ойыншыларының жалақысын қысқарта алмады. Тіпті біздің елде жүрген шетелдік спортшылар «Матчтар өту-өтпеуіне қарамастан, Қазақстанда жүрген әрбір күнімізге жалақы төлеуге міндеттісіңдер» деп күшейді.
Елде төтенше жағдай болса да бас ауыртпайтын спортшылардың қатарына енді зілтеміршілер қосылып отыр. Карантин кезінде елде 4.2 миллионнан астам адам жұмысынан уақытша айырылып, 42 500 теңгеге қарап қалды. Табысынан қағылса да, осы бір мардымсыз соманы ала алмай жүргендер қанша ма? Ендеше осындай кезде мемлекеттің бюджетімен күн көріп отырған спортшылар «жау жағадан алғанда, етектен тартар бөрі» болмай қоя тұрса болмас па еді?!
Қазақстан ауыр атлетикасы жайлы айтқанда, еске ең алдымен допинг дауы мен шетелден шақырылған шеберлер түседі. Допингпен ұсталған зілтеміршілердің көбі - «шетелдіктер». 2016 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің Тәртіптік комиссиясы (ХОК) мен Спорттық арбитражды сот (CAS) қазақстандық 7 ауыр атлеттің допингке қарсы ережені бұзғанын анықтап, Олимпиада ойындарында жеңіп алған медальдарын тартып алды. Осы жеті зілтеміршінің бесеуі Қазақстан азаматтығын алған шетелдіктер болатын.
Қазақстан азаматтығын алған ауыр атлеттер Олимпиадада жүлде алды деп мақтанамыз. Мемлекет олардың барлық жағдайын жасайды. Өзгесін айтпағанда, бүгін дау шығарып отырған Нижат Рахимов Рио төрінде алтын медаль алғанда, оған 250 мың доллар сыйақы және елордадан үш бөлмелі пәтер берілген. Олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы төлеуден Қазақстан әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр. Сөйте тұра, біздің спортшылар мемлекетке көңілі толмайды. Осыдан кейін шетелден спортшы шақыруға құмар қазақ шенділері «өзіңнен тумай ұл болмас» дегенді түсінсе дейміз...
Қуаныш Қаппас
Abai.kz