Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 8773 30 пікір 10 Маусым, 2020 сағат 19:35

Министрлік: «шошқа баққан озар» депті, әне...

Кешелі-бергі қоғамдық талқының тақырыбы – шошқаға ауысты. Белгілі журналист Мақсат Толықбай «Facebook» желісінде жылқығы бір теңге бөлмейтін Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі шошқаға 140 мың теңге субсидия беретінін айтып, дабыл қақты. Оның сөзінше, бұдан былай мемлекет жылқыға субсидия бөлмейтін болған. Есесіне, шошқа баққанның жағдайы жақсарып, қалтасы қампаятын көрінеді.

Мақсат Толықбай: Короновирустың саясатқа қатысы жоқ! (видео ...

«Бұдан былай мемлекет жылқыға бір теңге тіпті, бір тиын субсидия бөлмейтін болды. Тіпті ұсақ мал қойдың өзінің жем-шөбіне деп жылына төрт-ақ мың теңге бөледі. Ал бұл субсидиялардың барлығы қайда кетіп жатыр дейсіз ғой?! Оның барлығы шошқа шаруашылығын дамытуға жұмсалмақ. Яғни бұдан былай бір шошқа сатып алатын болсаңыз мемлекет сізге 140 мың теңге ақша береді. Әрі ол қайтарымсыз ақша.

Доңыздың қарны ашып қалмасын деп жылына тағы 40 мың теңгеден беретін болды. Мен түсінер едім, егер де жылқы, қой шаруашылығы дамып кетіп, еттің келісі 300 теңгеден болса, ол бөлек әңгіме. Әлде біздің қазақ халқы тек қана шошқаның етін ғана жейтін болған ба?», - дейді Мақсат Толықбай.

Мақсаттың бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Пікір айтушылар да көп. Тек, Сапархан Омаров мырза тізгінін ұстаған ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл тірлігін қолдағандарды көрмедік, әзірге. Есесіне сын көп.

Біз «egov.kz» порталын ақтарып отырып, «Субсидиялау бағыттары мен нормативтері» деген 2020 жылғы 21 мамырдағы материалды таптық. Асыл тұқымды 1 шошқаның субсидия құны – 140 мың теңге екен. Шошқаларды селекциялауға 40 мың теңге қарастырылған (1 басқа).

Дәл осы кестеде асыл тұқымды жылқы, онда да айғыр сатып алу үшін 100 мың теңге қарастырылған деп жазылған.

Ал мынау «adilet.zan.kz» порталындағы: «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» құжат. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығы! Онда: «шошқаға – 140 мың теңге, жылқыға – 100 мың теңге», деп жазылған.

«Аdilet.zan.kz» порталындағы тағы бір құжат. Шымкент қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 196 қаулысы. Онда жаңағы 140/40 деген алгоритм бойынша шошқа шаруашылығына ұзын-ырғасы 120 миллион теңге қарастырылғаны жазылған. Асыл тұқымды шошқа сатып алуға – 84 млн. теңге. Ал сол шошқаларды селекциялауға 34 млн. теңге бөлген.

Бірақ, бұл кестеден жылқы шаруашылығына бөлінетін қаражат туралы дерек таппадық. Жалпылма, «Сүтті және сүтті-етті мал шаруашылығы» деп көрсетілген айдарда елімізден немесе ТМД елдерінен сатып алатын ірі қара малдың (сиыр немесе бұқа) біреуінің субсидия құны – 100 мың теңге деп көрсетілген. Ал Аустралия, АҚШ, Канада немесе Еуропа елдерінен әкелінген сиырдың әр басына 225 мың теңге бөлінеді делінген.

2020 жылғы ақпанда «Егемен Қазақстан» гәзеті: «Талпақ танау да табыс көзі» деп мақала жариялапты. Онда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің: «Алдағы 6 жылда 26 шошқа шаруашылығы ашылады. Жылына 50 мың тоннаға дейін ет беретін кешендердің жанынан доңыз тұқымын асылдандыру мен сұрыптайтын арнайы орталықтар құрылады», деген дерегін жазыпты.

Шошқа етіне біздің елде сұраныс жоқ екені бесенеден белгілі ғой. Ендеше мұнша етті қайтпек дейсіз бе? Экспорттайды. Қайда? Қытайға! Министр Сапархан Омаров сөйдеген. Биыл мамар айында. «2020 жылдан бастап Қазақстан Қытайға шошқа етін экспорттай бастайды. Екіжақты келісім жасалған», - деген.

Жалпы шошқаның шуы бүгін ғана шығып отырған жоқ. Естеріңізде болса, 2016 жылы Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының өкілі Берік Дүйсембинов сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата  депутаттық сауал жолдаған. Толық мәтіні Abai.kz ақпараттық порталында жарияланды да. Депутат Дүйсембинов агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын сынға алған.

Сондағы дерек: Әлгі құжатта – асыл тұқымды шошқа сатып алуды субсидиялауды 16,5 миллион теңгеден 315 миллион теңгеге дейін көбейткені, ал асыл тұқымды жылқы сатып алуды субсидиялауды 387 миллион теңгеден 126 миллион теңгеге дейін азайтқаны айтылған.

Фракция «Ак жол» предлагает организовать ежегодный конкурс ...

«Бұл қалай? Бұл кімге қарсы жасалған шара? Ауылдағы қарапайым халыққа ма? Жеріміздің 70 пайызы жайылымды жерлер бола тұра, халқымыздың 43 пайызы ауылда тұрса да, тауық қора мен шошқа қораны шыр айналып шыға алмай жүрміз. Неге? Ауылшаруашылығын жоғарыдағыдай алалаудың артында кім тұр?

Мүмкін бұл саланы да қолдау керек шығар.  Бірақ атадан қалған кәсіпті - дәстүрлі мал шаруашылығын одан кем қоймауымыз керек қой.  Қашаннан бері қазақтың дастарханы үшін тауық қазы-қарта, жал-жаядан артық болып еді?.. Төрт түлік малды бағудан, өсіруден қазақтан асқан маман жоқ», - деген депутат Дүйсембинов.

Омаров Сапархан Кесикбаевич — персональная справка | Finance.kz

Сосын шошқа әңгімесі былтыр да шықты. Басқа-басқа емес, министр Сапархан Омаровтың өз аузынан. Министр мырза Үкімет отырысында арнайы баяндама жасап, өзі басқаратын министрліктің шаруасы туралы айтқан. Сол жиында Омаров мырза шошқа өсіруді екі есеге ұлғайту жоспарланып жатқанын мәлімдеген.

Қазақстанда шошқа шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған даму жоспары бар-мыс. Онда шошқа өсіру технологиясын екі есе көбейту көзделген. Ал сол жолы Үкімет отырысында ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров, 2025 жылы шошқа етінің экспортын 43%-ға арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Түйін. Сонымен, Сапекеңнің субсидиясының сиқын көрдік. Қазақ: «мал баққан озар» деуші еді. Министрлік: «шошқа баққан озар» депті, әне. Әйтпесе, қазақ ауылдарындағы күн көрістің көзі болып отырған, төрт түлікке, онда да жылқы мен ірі қараға бөлінетін субсидияның күрт төмендеуін қалай түсінуге болады?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478