Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 6978 17 пікір 11 Маусым, 2020 сағат 15:14

«Қазақ элитасы Қытайдың қуыршағы болып қалудан қорқады»

Жақында қазақ саясаттанушысы Талғат Мамырайымовтың Ukraina.Ru медиабасылымының тілшісі Кирилл Курбатовқа берген «Қазақ элитасы Қытайдың өздерінен билікті тартып алуы ықтималдығынан қорқады//Қазақстанские элиты боятся, что Қытай может отобрать у них власть» атты сұхбатты жарық көрді. Біз аталған сұхбатты Abai.kz оқырмандары назарына аударып ұсынып отырмыз.

– Талғат, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін екі ел арасында өзара пайдалы экономикалық әріптестік орнап жатыр деп атап көрсетіп, Қытайдың «ыстық құшағынан» онша шошына бермеуге шақырған болатын. Сіз бұл бағалаумен келісесіз бе? 

– Шын мәнісінде ол жарым-жартылай адалын сөз етіп отыр. Қытай ақиқатында Қазақстанның басты экономикалық әріптесі болып табылады. Көбіне-көп біздің экономикамыз Бежінге басы байлаулы болып келеді. Қытай – бірінші кезекте біз сыртқа шығаратын шикізаттық тауарларымызды тұтынатын ең негізгі импортеріміз. Солай бола тұрғанымен соңғы кезде Қытайға азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдері импортала бастады.

Оның үстіне, Қытай біздің экономикамыздағы ең басты инвесторлардың бірі болып саналады. Қытай қазір біздің территориямызда өнімдері экспортқа Made in Kazakhstan лейблімен шығатын әр түрлі 50 зауытты іске қосуға белін бекем буып отыр. Бұл зауыттарда басында 20 мың адам жұмыс істесе, қанатын кеңге жайған шағында олардың саны еселеп арта түсетін болады.

Бұл – біздің экономикамыздағы дау-дамай алаңы. Сыртқа шығаратын шикізаттарымыздың бәсі түсіп кетуіне байланысты туындаған экономикалық дағдырыс жағдайында әм коронавирус пандемиясы орын алып отырған кезде біздің билік Қытайға қатысты импорттың көлемінің өсуіне үміт артады.  

Басқа жағынан алып қарасақ, саяси өмірдің өзі көрсетіп отырғандай  Қытай өте қатаң экономикалық саясат жүргізіп келеді. Мәселен, Қытай өзіне қарыз болғаны үшін Тәжікстан территориясының бір бөлігін алып қойды. Қытай өз несиесін берген шақта қатаң талап қойып, несие кері қайтарылмаған шақта түрлі активтер мен ресурстарды өзіне тартып алады. Қазақстан да Қытайға өте көлемді сомаға қарыз болып отыр.

Саяси тұрғыдан алған да Қытай өзін бәрін жалмаушы аждаһадай танытады. Қалай біздің экономикалық әріптестігіміз арта түсті, тап солай біздегі Қытай елшісі бізді тәуелді елге санап, өзін империяның өкілтетті елшісіндей сезініп, құбылып сала берді. Ол өзін тым еркін ұстағаны сондай, дипломатиялық этикет нормасына бір түкіріп, ойына не келсе соны қаймықпай айта салатын дәрежеге жетті.

– Яғни, Қазақ қоғамының секемденуінің негізі бар ғой?

– Әрине. Оның үстіне, бұдан бірер ай бұрын қытайлық БАҚ Қазақстан ежелден Қытай құрамындағы ел, қайыра өз үйіріне қосылуға ынталы деген ақпарат таратты. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Әрі әлдебір бақай қулықтың бұғып жатуын да сездіреді. Қытай кез келген жағдайда біз мүлтіксіз орындауға мәжбүр болатын өз ырқын таңуға бейілдік етуде.

Біздің билік пен қоғам осыған байланысты алаңдаулы. Қазақ билігі бірінші кезекте Бежіннің қуыршағы болып қалудан қатты қорқады. Олар көбіне елдің өз тәуелсіздігінен айырылуынан емес, өздерінің жеке дара билігі мен қарақан бастарына тиселі экономикалық активтерінен айырылып қалудан зәресі кете қорқады.

Бұл арада біздің елдегі Қытай инвестициялары мен несиелерінің белгілі бір бөлігі біздің элитаның инвестицияландырылуы болып табылатындығын да ескеруіміз керек. Иә, Қытаймен бірлескен кәсіпорындар мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау үшін ашылады. Дегенмен, олар Қытай жағымен ымыраласып, офшордағы ақшаларды мұнтаздай етіп, ақ-қарасының жымын білдірмей Қытай несиесі мен инвестициясы есебінде де ұсынады.

Сол себепті біздің элита Қытай кез келген уақытта осы бір түлкі бұлаңдылық жайлы ақпаратты жайып салып өздерін айкәпір етеме деуден  зәресі зәр түбіне кете қорқады. Қытай елшісінің өзін судағы балықтай сезініп, ойына келгенді істеп жүруі көп жағдайда біздің элитаның Бежінмен тап осындай күмәнді бизнес-әріптестіктігінің барлығын да аңғартады. Тек қана елші ғана емес, елімізге келген жоғарғы шенді Қытай шенеуініктері де Қазақстанда өздерін тура бір басыбайлы елде жүргендей ұстанады.

– Қытай шынымен шекаралық өңірлердің бір бөлігін аннексиялап ала ала ма?

– Меніңше, бұған еш негіз жоқ. Егер өз саяси әмірін Қазақстанға толықтай пәрменді жүргізе алатын болса, онысы ләппай тақсырлықпен орындалатын болса, онда өздері толықтай уысында ұстап отырған елді заңды түрде қосып алып не керегі бар өзі.

– Дәл қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық өзендерге қатысты әріптестіктің жай-күйі қалай? Менің бір білетінім, Қазақстан жағы Бежін Ертістің суын көбірек пайдаланғандықтан ұлттық экономика мен экологияға орны толмас зардабын тигізеді деген қауіптенушілікті айтқан да болатын.

– Қытай біздің ұлттық мүддемізге пысқырып та қарамайды, дәл осы мәселеге қатысты көптеген келіссөздер жүргізіліп, талай мәрте комиссиялар құрылды. Қанша жерден зарымызға құлақ астатындығын танытқанымен Қытай әлі күнге өз дегенін суды тұтынудағы кеудемсоқтығынан танытып, экологиялық ахуалымыз ауыр жағдайда қалып отыр.

– Бұдан бөлек Қытай жеріндегі этникалық қазақтар қуғын-сүргінге ұшырауда деп айтылуда. Жағдай тап солай ма, Қазақ билігі бұған қатысты қандай әрекет қылуда?

– Шындығындада, Қытай жерінде этникалық қазақтар қамақтағы  еңбек лагерлері бар, бірақ әзірше біздің билік бұл тақырыпты еш ауызға алмайды. Міне, осы факторлар Қазақстандағы антиқытайлық көңіл-күй мен Қытайдың республикамызды жайлап алуына қарсы көңіл толмаушылықтың басты себебі болып табылады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Нұр-Сұлтанға келген сапарында осы тақырыпты қозғады. Біздің БАҚ оның сөзін жарыса жазғанымен, Қазақ билігі осы тақырыпты ешқашан ашық сөз еткен емес. Қазақстандағы орын алған барша антиқытайлық бой көтерулерді біздің арнайы қызмет ұйымдастырып отыр деуге берік негіз бар.

Аталған лагерден қашқан қазақтардың басына түскен тағдыр-тауқыметі түрлінше шешім табуда. Оларды қайыра тұтқындағымен, бір әйел Швециядан саяси баспана алды. Бір жігіт өз елімізде қалып, осы проблеманы кеңінен сөз етіп көтеріп жүр.

Біздің билік бұны ашық сөз етуге өз билігі мен өз активтерінен айырылып қалудан қорқады. Бұл арада олардың ұлттық сана-сезімдері мүлдем жоқ деген бассыздыққа баруға еш болмайды. Олар жан-тәндерімен ұлттық тәуелсіздіктен айрылып қалмауға барын салады.

– Сіздің көзқарасыңыз бойынша, коронадағдырыстан кейін Қытайдың Қазақстанға деген саясаты өзгере ме?

– Біздің экономиканың дағдарысқа ұшырауын ескере отырып сөз ететін болсақ, онда Қытай өзінің қатаң талабын қойып, біздің аймақтағы өз  инвестициялары мен экономикалық жобаларының өздері үшін жеңілдігі мен тиімділігі үшін әбжіл қимылға барады. Басқа жағынан алып қарасақ, көп нәрсе мұнайдың әлемдік бәсіне  байлауы. Оның бәсі өскен сайын Қазақ элитасы шырғалаңнан шырмалай шығудың белгілі бір амалын таба алады.

– Қазақстан Қытай факторынан құтылуда өз бетімен бір өзі жол таба ала ма, әлде, АҚШ, Ресей немесе посткеңестік Орталық Азия елдерінің көмегіне жүгіне ме?

– Бәрі де біздің элита мен Қытай арасындағы нақты келісімге байланысты. Істің мәнісі мынада, біздің элита бір ғана Бежін емес, сонымен қатар Мәскеудің қолындағы қуыршағы болып қалудан да қатты қорқады. Олар егер Мәскеуге арқа сүйейтін болсақ, қолымыздағы билік еркіндігінен де айырыламыз деп шошынады.

Вашингтонға келетін болсақ, ол біздің аймақта өз құзырын жүргізуге онша құлықты емес. Америка қазір Ауған жеріндегі өз араласуын қысқарту үстінде, демек, Орталық Азияға қатысты өмірілік мүддесі маңызды емес сыңайлы. Осылайша бүгінгі күні біздің элита ешкімге құлап түспей «айдаһар мен аюдың арасындағы» сіз-біз десекен арақашықты сақтықпен ұстануда.

– Сіз АҚШ аймақты тастап шығуда деп айттыңыз. Бірақ Трамп дәл қазір антиқытайлық позицияның көрігін қыздыра түсті. Бәлкім, Қазақ элитасы осы мәселеде олармен әлдебір одақ құрғанда шығар?

– Біздің элит  Батыспен қарым-қатынас жасауда ең әуелі АҚШ ығына жығылып, Вашингтон еліміздегі өз 50 млрд доллар көлеміндегі инвестициясын қорғауда Қытай ықпалын тежеуге септеседі деп үміттенеді. Бірақ әлдебір одақтастық бар деп айта алмаймын.

Қазір біздің элита орталықазиялық интеграцияға көбірек ден қоюда. Егер біздің елдеріміз кедендік одақ немесе еркін сауда аймағын құрып, соның негізінде ортақ әскер құра қалатын болса, Бежін онда орталықазияда аяғын байқап басатын болады.

Бірақ орталықазиялық интеграция әлі күш ала қоймаған бесіктегі жаңа шыр етіп дүниеге ғана келген нәрестедей. Бұл процесті аяқтан шалып кедергі келтіретін дүниелер өте көп.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489