Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Қоғам 8679 28 пікір 20 Шілде, 2020 сағат 11:34

Билікке қабілетсіз адамдарды тарту – қылмыс!

13-шілдеде Қазақстан күнтізбесінде жаңа қаралы дата пайда болды. Бұл күн ковид-19 және екі жақты пневмониядан қайтыс болғандарды аза тұту күні деп жарияланды. Дүние жүзі зардап шегіп отырған бұл аурудан адам шығыны жөнінен Қазақстан, өкінішке орай, алғашқы орындарды иеленіп отыр.

Бұл қасірет пен шарасыздықтың себебі неде? Мемлекеттік басқару жүйесі не себепті әлсіздік танытып отыр? Неге Қазақстан халқы қайғы жұтып отырғанда аспанда от шашу атылады? Халқтың мұң-мұқтажын ойлаудың орнына «номенклатура» неге тек өз қалтасын ойлайды? Билік неге халыққа рақымсыз? Оларды біреулер кері дуалап тастаған ба, әлде бұл адамның бойына туа бітетін қасиет пе? Неге бұлай деген сұрақ төңірегінде тарихи тұрғыдан біраз ой толғатып көрейік.

Тарихқа көз жүгіртсек бұл құбылыстың қоғамда орын алуы заңдылық. Оның тарихи алғы шарттары мен себеп-салдары да бар екен.

Бірінші кезекте адамның емес, жүйенің мүддесін жоғары қою, халықты кенедей қыру Сталиндік социализм «моделінің» үлгісі. Сол жүйенің «атавизмдері»  қоғамның дерті ретінде арамызда кеңінен таралып кетіп бүгінгі билік өкілдерінінің бойынан көрініс табуда. Сол үшін де ҚР Президенті Қ-Ж.К.Тоқаев өкімет пен әртүрлі сала басшыларына қатаң түрде ескерту жасауы бекер емес.

Қазақстан кеңестік-тоталитарлық жүйеден ең соңынан шығып тәуелсіздік жариялағанымен тоталитарлық-құлдық санадан, «кеңестік» ойлау жүйесінен арыла алмадық. Тоталитарлық-кеңестік сана мен психология сонау 1991жылы 16-желтоқсанның ар жағында қалып қойған жоқ. Ол біздің ми қыртысымыздың арасында бізбен бірге ұшінші мыңжылдыққа қадам басты.

Міне, содан бері елімізді ширек ғасыр бойы «кемелденген социализімнің» небір асқынған аурулары жайлап отыр. Ол қандай аурлар дейсіз бе? «Очковтирательство» (көз бояушылық), «приписка», өтірік айту, бастама көтеруге қабілетсіздік (без иннициативность). Сен тек орындаушысың. Жауапты адамдар басқа, жоғарыда отырады деген шенділердің немкеттілік психологиясы.

Ал, дерттің ең асқынған түрі – имансыздық. Құдайдан безген қоғамда адамға деген мейрім ешқашан да болмайды.

Біз зайырлы мемлекетпіз, Біз дін мен мемлекетті айырдық. Бірақ зайырлы мемлекет деген сөз имансыз болмауы керек қой.

Қанша жоспар, бағдарлама қабылдап жатырмыз. Бірақ, біздің өкімет адамдарының ешқайсысының аузынан «Алла жар болсын!», «Құдай қаласа» деген бір сөзді естімедік. Неге?

Көп жағдайда біз зайырлы мемлекет ретінде АҚШ-ты мысалға аламыз. Бірақ, АҚШ-тың кез келген президенті, сенаторы , губернаторы өз сөзін «ия, Құдай! Американы сақтай көр (Боже храни Америку!)» деген сөздермен аяқтайды.

Оның қасында біздің басшылар атейістік қоғамнан шыққандығы ма Құдайдан да, сайтаннан да қорқпайды.

90-жылдары билікке осы ауруларды бойына сіңірген кешегі кеңестік-партия номенклатурасы мен комсомол т.б. құрлымдарда қызмет еткен адамдар келді. Оларды жаппай жамандамай-ақ қояйық. Бірақ КСРО-ның барлық саласында дерлік көрініс алған жаппай жүйелік дағдарысқа бойын үйретіп алған олар нарықтық қатынастар мен демократиялық қоғам құру мәселесін дұрыс шешуде қабілетсіз болды.  Әрине, 90-жылдары әділ билікке сенген халықтың санасы да мүлде басқа болатын.

Кеңес дәуірінде туып сол жүйеде өмір сүрген қазір орта жастағы өкімет шенділері халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту үшін бастама көтеруді былай қойғанда, оқтын-оқтын өздерін әлі де кеңестік идеологиядан арыла алмай отырғанын байқатып қояды.

Мысалы, 2018 жылы біздің қоғамда ВЛКСМ-нің 100 жылдығы дүркіретіп концерт берумен аталып өтті. Ленин мен коммунистік идеология баяғыда құрдымға кеткен кезде  оның комсомол сияқты елесін сағынып, соған той тойлауымызға жол болсын...  Әрине, біреулер онда тұрған не бар? Ол да тарихи сана! – деуі мүмкін. Мәселе мынада, кешегі азамат соғысы жылдарында азық-түлік салғыртын жүргізген де, ұжымдастыру кезінде бай-кулакты тап ретінде жойып, кәмпескеге ұшыратқан да, күштеп отрықшыландыруды жүргізген де  сол комсомолдар болатын. Талай жазықсыз  елдің қаны мен көз жасын арқалаған да солар.

Той тойлағысы келсе, сол 2017 жылы Алаш қозғалысы мен Алаш-Орда өкіметінің де 100 жылдығы болды. Оны неге тойламады? Алаш зиялылары тұралы тырс еткен дыбыс та шыққан жоқ қой.

Қазақ АҚСР-і құрылуының да 100 жылдығы жайына қалды. Мен білетінім тек «Ақ жол» демократиялық партиясы осы тарихи датаға арнап төс белгі жасап шығарып, қоғамдық өмірде белсенділік танытқан азаматтарға үлестірген болатын.

Айтпақшы кеңес заманында ВЛКСМ деген қысқартылған атауды бейресми түрде қалай аударатынын білесіз бе «Возьми Лапату Копай Себе Могилу».

Кеңес үкіметін қанша жерден халықтың үкіметі деп дәріптесе де, кеңестік партократия (партийная элита) халықтан баяғыда-ақ қол үзіп, алшақтап кеткен.  «Халық пен партия біртұтас!» деп қанша ұрандаса да Кеңестік билік пен компартияның халықтың мүддесімен жанаспағанын 1959 жылы Теміртау мен 1962 жылғы Новочеркаск қырғындарынан, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғаласынан байқауға болады. Ал, осыдан кейін сол кездегі «партакраттардың» шинелінен шыққан қазіргі билік өкілдерінің өз халқына неге мейірімсіз деп таңдануға бола ма? Қазіргі кезде өкімет қызметіне  тағайындалып жатқандарға қарасаңыз сол «номенклатураның» үрім бұтақтары. Біреу де ел сүйсінерлік ісімен, не аталы сөзімен есте қалмаған. Ішін-ара қолдан іс келетіндерді, мемлекетшіл деген азаматтарды саусақпен санап шығуға болады.

Билікке қабілетсіз адамдарды тарту – қылмыс!

Мемлекеттік кадр мәселесінде қазіргі ұстаным бойынша билікке талантты адамдарды тару және басқаруда командалық сипат болуы тиіс. Негізінен идея жаман емес. Билік басында дарынды адамдардың командасы болғанына ешкім де қарсы болмас. Бірақ билікте «дарынды» деген сөз әр-алуан мәнге ие боп кетуі мүмкін.  Қай жағынан дарынды?

Мысалы, Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерден оқу бітіріп келген жас мамандар арасында жемқорлық бойынша айыпталып қылмыстық жауапкершілікке тардылғандардың саны аз емес. Енді сол «Болашақпен» оқып келген жас мамандарға пара алуды, қызмет бабын жеке басының мүддесі үшін пайдалануды Гарвардтан үйретіп жібермеген шығар?

Ал командалық басқару, Құдайға шүкір, бізде бар. Ауыл, аудан, облыс, қала әкімшілігі өз командасымен келіп қалай «басқарып» кететінін көріп те жүрміз. Қазір жемқорлықпен әшкере болмаған әкім орынбасарлары жоқ «команда» да қалмаған шығар?

Командалық басқару – жемқорлықтың негізі.

Жалпы, Қазақстанда жемқорлықтың табиғаты қандай?

КСРО кезінде де жемқорлық болды, бірақ қазіргідей ашық түрде емес, жасырын түрде болғаны аға буынға аян. Ол кезде товар да тапшы, қызмет көрсету саласы мүлде жоқ кезде «пара» кез келген істі жылжытудың құралына айналды.

1992-жылы Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшкен кезде реформалар қоғамды-саяси және экономикалық өмірдің барлық тұстарын қамтыды. Міне, жемқорлықтың көкесі сол кезде басталды.

Нарықтық қатынастардың не екні туралы әлі ешкімнің хабары жоқ кезеде  қазақ газеттері бірінші бетіке «Нарық болса – қарық боламыз!» деп кеңестік әдет бойынша ұрандата жарысып кетті.

70 жыл өмір сүрген Кеңестік жүйеден мүлде өзгеше, жаңа қоғам құру кзінде реформалардың түпкі мақсат-міндеттерін, қоғамдық құрылыстың қандай болу керектігін түсініп болжап ұққан адам кемде кем еді. Бірақ, нарық пен демократиялық даму жағынан өркениеті көш ілгері кеткен елдердің нұсқауы бойыша сапалы өзгерістерге қол жеткізу үшін, шетелдік инвестицияларды тарту үшін Қазақстан мына талаптарға сай болу керек еді: біріншіден, өкіметтің технократтығы; екіншіден, қоғамның жаңа демократиялық үрдістерге ашықтығы; үшіншіден, жаңа технологиялар мен жаңашылдыққа жол ашу; төртіншіден, бәсекелік ортаны қалыптастыру. Ал, ең бастысы бесінші талап болатын. Ол – қоғамда жемқорлықтың жайылуына жол бермеу.

Бұл жөнінен дүние жүзілік қауымдастықта біраз тәжірибе жиналған болатын. 1960-жылы Африкада отарлық бұғаудан босаған 17 жаңа мемлекет пайда болды. Сондықтан да осы жыл «Африка жылы» деп жарияланды. Бүкіл әлем тәуелсіздік алған сол елдерге жабылып көрсеткен көмектің соммасы миға қонбайтын сан болатын. Алайда, жаңағы елдерде жемқорлықтың жайылуынан бүкіл қаржы құмға сіңген судай жоқ боп кетті.

Содан түйгеніміз: жемқорлық жайлаған елдің болашағы жоқ.

Әлем елдері жүріп өткен даму жолымен Қазақстан да жүріп келеді. Бірақ өзгелерге қарағанда біздің ешкімге ұқсамайтын өзіндік даму жолымыз бар. Ол – біздің санамыз! Біз әлі де дәстүрлі аграрлық санадан (феодалдық, рулық) шыға алмай отырмыз.

Кеңес дәуірінде «Қазақ халқы бақытты. Өйткені ол Ресейге қосылудың арқасында феодализмнен капитализмге соқпай бірден социализмге секіріп өтті», - деген қағида болатын.  Соған әжептәуір масаттанатынбыз. Сөйтсек, тарихи дамудың заңдылығына сәйкес кезекті кезеңге соқпай аттап кеткен қоғам шала туған бала сияқты аурушаң болады екен.

Капитализм бұл кез-келген халықты ұлттық деңгейге жеткізетін қажетті басты шарттардың бірі екен. Ұлттың ұлттық белгілері тек каптиалистік жүйе кезінде қалыптасатыны - заңдылық. Оны пісіріп шығаратын екі нәрсе екен: нарықтық қатынастар мен урбанизация.

Сонда біз бүгін социализмнен қайтадан капитализмге (нарыққа) өткенде қандай санамен өтіп отырмыз деп ойлайсыз? Сол баяғы дәстүрлі аграрлақ сана мен отыз жыл бойы арыла алмай отырған бодандық сана.

Осыдан бізге, әсіресе билік басындағыларға  «Рухани жаңғыру. Қоғамдық сананың модернизациясы» деген бағдарлама не үшін қажет дейсіз ғой?

Нарықтық реформалардың барысы, жекешелендірудің заңсыздықтары туралы тоқталмай, біз осы кездегі капиталдың алғашқы қоры қалай жиналатыны туралы марксизм классиктерінің айтқанына тоқталып кетейік.

Біздің ойымызша, Карл Маркс өзінің атақты «Капитал» деген еңбегін халықты революцияға шақыру үшін емес, керісінше, өз заманының үстем-тап өкілдеріне халықтың көтерілуіне алдын алудың, революцияны қалай да  болдырмаудың жолын нұсқады. Алайда, Маркстің саяси экономия ілімдерін ұрандатып революция көсемдері мен жартылай сауатты, надан белсенділер көтеріп кетті.

Кеңестік болмыстан, жоспарлы экономикадан шыққан қоғам үшін нарықтық қатынастарға көшіп, дағдарыстан экономиканы шығару үшін әжептәуір үлкен қаржы қажет. Оның бір бөлігін шетелдік инвесторлар құйса, жергілікті буржуазияның да алғашқы қоры (капиталы) жинала бастады. Әрине, 1992-жылы Қазақстанда ондай қор ешкімге мұра ретінде де қалған жоқ және ондай қаржысы бар байлар да жоқ болатын.

Сол себепті К. Маркс Бірінші кезеңде капиталдың алғашқы қор болып жиналуы қарақшылық жолмен жүретіндіктен оны «қарақшы капитал» деп атап кеткен. Қайран К. Маркс бұл кезеңде биліктің заңсыздықтарға жол беретіндігін де, халықтың жаппай  қанауға және тонауға түсетінін де, оған өкіметтің көз жұмып мейлінше жағдай жасайтынын да, өкімет құрамына алаяқтардың кіріп,  тек бас пайдасы үшін заң-жосықтың бәрін белден басатынына дейін айтып кеткен.

Мүмкін, содан болар, қазір өзін «элита» деп жүргендердің халық мүддесінен гөрі өз жағдайы көбірек алаңдататыны...

Мүмкін, сол себептен болар, осындай ауру тарап, жаппай  өлім-жетім көбейіп жатқанда елге гуманитарлық көмек ретінде келген дәрі-дәрмек емханаларға жетпей орта жолдан қолды болып, он есе бағасымен қара нарықта сатылып жатқаны...

Мүмкін, халықтың басына қиын-қыстау күн туғанда өкімет көмекке қаржы бөле алмай, халықтан қол жайып жылу жинататыны соның салдары шығар...

Мүмкін, халық билікке емес, керісінше билік халыққа, қоғамға қызмет етуі керектігі ұмытылып кеткені содан болар...

Бірақ, Құдайға шүкір, адамдар мәңгілік емес!

Маркс бойынша «қарақшылардан» кейін келетін келесі буын – көпестер. Олардың басты мақсаты қарақшылық жолмен жиналған қорды сақтап қалу. Оны айналымға қосу. Міне, экономика мен өндірістің көтерілетіні осы тұс болса керек. Көпестердің келетін уақыты болып қалды. Құдай қаласа ол заманды да көріп қалармыз. Әйтпесе Қазақстанды мұнайлы ел дейміз де 30 жылда бір НПЗ салғанымыз жоқ. Қазақстанның кең егін алқабы бар дейміз – бір элеватор салынған жоқ. Алматы жастар қаласы дейміз – 30 жылда бір жатақхана салынған жоқ. Құдайға шүкір, тек биыл ғана әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттерге арнап жаңадан бір жатақхана салу жоспарланып отыр.

Ал, көпестерден кейін келетін үшінші буын – жарылқаушылар (меценаттар).

Жарылқаушылар елдегі ағарту, мәдениет, әлеуметтік қорғау салаларындағы барлық бастамаларға негіз болады. Оған мысал ретінде Солтүстік Еуропа елдерін келтіруге болады. Бір революция жасамай-ақ олар бүгін әлеуметтік қоғам құрып отыр.

Қызық болғанда социализмді құру үшін бальшебектер сияқты тап күресін жүргізбей-ақ қол жеткізуге болады екен ғой.

Бірақ, Қазақстанда мұндай меценаттар буыны қалыптасып болғанша жер бетінде қазақ та қалмай қалуы мүмкін.

Сондықтан да бізге өкімет коммунистік идеология насихаттаған «жарқын болашақты» емес, тап қазіргі уақытта халыққа лайықты өмір сүру деңгейін  қамтамасыз ету керек.

Адам сияқты билік те қартаяды. Қартайған адам бала сияқты мақтағанды, еркелеткенді ұнатады. Бірақ қазір еркелейтін заман емес. Билікке де жаңа қан құйылуы керек. Әйтпесе 30 жылдан бері бізді билік КСРО-ның «қарт политбюросының» кебін киіп отыр.

Сондықтан да өкімет құрамына қазір қолынан іс келетін, қабілетті, бастамашыл азаматтар келуі тиіс. Оларды сұрыптағанда олардың тек технократтық қасиетіне қарау жеткіліксіз. Бізде есеп-қисап шығаратын, техникалық бұйымдардың қызметі мен шаруашылық мәселелерді жақсы меңгерген кадрлар баршылық. Қазір бізге ең алдымен мемлекетшіл азаматтар жетіспейді. Ең алдымен өз қара басы мен ұяластарының мүддесін емес ұлттың мүддесін, мемлекеттің мүддесін бірінші орынға қоятын азаматтар керек. Қателессе де ұлттың, халықтың, мемлекеттің мүддесі үшін қателесетін азаматтар жетіспейді.

Арман Жұмаділ 

Abai.kz

28 пікір