Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2883 0 пікір 6 Желтоқсан, 2011 сағат 10:13

Николай Кузьмин: «Қазаққа ренжіп, Ресейге көшу дұрыс емес»

Тіл, ұлттық идеология, қазақ көші төңірегінде бас ауыртып, қызыл кеңірдек болу - қазақтілді қоғам қайраткерінің «меншікті» мәселесіне айналғандай. Жалпыға ортақ мәселе орыстілді ортаны да алаңдатады екен. Белгілі саясаттанушы Николай Кузьминмен жүргізген сұхбатта біз осыны аңғардық. «Орыстар ешқайда көшпейді. Көшем деп, киім-кешегін буып-түйіп отырғандар - қара басының қамын ойлағандар», - дейді сарапшы.

Тіл, ұлттық идеология, қазақ көші төңірегінде бас ауыртып, қызыл кеңірдек болу - қазақтілді қоғам қайраткерінің «меншікті» мәселесіне айналғандай. Жалпыға ортақ мәселе орыстілді ортаны да алаңдатады екен. Белгілі саясаттанушы Николай Кузьминмен жүргізген сұхбатта біз осыны аңғардық. «Орыстар ешқайда көшпейді. Көшем деп, киім-кешегін буып-түйіп отырғандар - қара басының қамын ойлағандар», - дейді сарапшы.

Жас қазақ: Бір ақын ағамыз жиында орыстарды екі топқа бөліп еді. Біріншісі - бұрыннан осында тұрған, «қазақтың тағдыры - менің тағдырым» деп, мемлекеттік тілді меңгеруге тырысып жүрген орыстар. Екіншісі - мемлекетті уақытша мекендеген «квартиранттар». «Бүгін-ертең кетіп қалам ғой, қазақ тілінің маған не керегі бар?» - дейтін орыстар. Сіз өзіңізді осы екі топтың қайсысына жатқызасыз?
Николай Кузьмин: Менің Қазақстаннан кетететін ниетім жоқ. Бір нәрсені айта кету керек. Мен Ресейде тудым. Сонда өстім. Бұл жерге Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып келгенмін. Әйелім - алматылық. Ата-анам Ресейде. Ара-тұра барып тұрамын. Бір нәрсенің басы ашық. Ресейге көшіп кетсек, бұл - этникалық орыстың мәселесі шешіліп кетеді деген сөз емес. Мен мұны таныс-тамырларыма үнемі айтып жүремін. Айта кеткен жөн, этникалық орыстар жиі-жиі жағымсыз көзқарасқа, әділетсіздікке тап болатыны жасырын емес. Мәселен, мен - орыспын. Бастығым - қазақ. Енді не істеуім керек? Оған ренжіп, Ресейге кетіп қалам ба? Ал ол жақта бастығым еврей болып шықса, онда қайттім?! Сондықтан қарым-қатынасты жақсарту жолын қарастырған абзал. Оның үстіне, біздің елде әр ұлтқа жағдай жасалған. Мүмкіндік бар. Бәрі адамның өзіне байланысты. Бізде татарды да, немісті де алалау жоқ. Алайда кей жағдайда шектеу болуы мүмкін. Бірақ шектеу барлық жерде бар емес пе? Қазақ ұлтын, оның тілін қорғау үшін орысты екі топқа бөле салу оңай. Ирандағы, Қытайдағы қазақты осылай екі топқа бөле салсақ, оны қалай қабылдар екен?.. Ұлтты жағдайына қарап, бөле салу дұрыс емес. Әрі-беріден соң бұл адамгершілікке жатпайды.
Жас қазақ: Сұрақты төтесінен қоюдың себебі бар. Жақында ғана интернетте «орыстар көшуге қамданып жатыр» деген ақпарат тарады...
Николай Кузьмин: Орыстар ешқайда көшпейді. Ал «көшем» деп жүргендері - қара басының қамын ойлағандар. Батысқа барып, баласын жергілікті мектепте оқытып, сол халыққа сіңіп кеткісі келетін орыстар бар. Канадалық, америкалық болғысы кеп, соған тырысып жүрген адам көп емес. Әркімнің өз жоспары бар. Кейбірінің шетелде танысы, туысқаны болуы мүмкін. Сонда жұмыс тауып, мамандық бойынша қызмет ету мақсатымен кетіп жатқан орыстың саны көп деп айта алмаймын. 
Жас қазақ: Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуге қатысты дау-шар әлі басылар емес. Тіпті тіл мәселесінде дала қазағы мен қала қазағы ортақ мәмілеге келе алмауда. Осы жағдайда өзге ұлттар қандай ұстанымды басшылыққа алуы керек?
Николай Кузьмин: Бір қызығы, тіл жанашырлары мәселені төтесінен қойып: «Сіз қазақ тілін үйреніп, сол тілде сөйлеуіңіз керек», - дейді. Олар қазақ тілі үшін барын салып, күрес жүргізуде. Бірақ оған қарсы шығып жатқан ешкім жоқ. Егер Кеңес кезінде қазақ тілін оқуға, қолдануға нақты шектеу қойылса, қазір олай емес. Қаласаң, балаларыңды қазақ мектебіне бер. Қаласаң қазақ тілінде сөйлес. Ешкім оған қарсы емес. Алайда адамның көбісі қазақ тілінде жаңалық көрмейді. Иә, әрине, кез келген шенеунік мемлекеттік тілді білуі тиіс. Бәлкім, кей жағдайда міндетті. Әйтсе де, көбі орыс тілін таңдайды.
Жас қазақ: 25 жасыңыздан бері Алматыда тұрады екенсіз. Өмірлік тәжірибеңізде қазақ тілін үйрену қажеттілігі болмады ма?
Николай Кузьмин: Жұмыс барысында қажеттілік болмады. Әрине, бала-шағам менен гөрі қазақ тілін жақсы біледі. Ал немерем мемлекеттік тілді балабақшадан бастап үйреніп жатыр. Ол менің балаларыма қарағанда, әлдеқайда жақсы білетін болады. Мен бұған сенемін. Оған тек уақыт керек. Мен қазақтілді ортада жүріп, қазақша үйреніп алған орыстарды білемін. Олар сол тілде еркін сөйлейді.        
Маман ретінде айтайын, қазақ тіліне қауіп жоқ. Қазақ болған жерде қазақ тілі өлмейді. Оны дамыту үшін ақшаны академиктерге емес, нақты жобаларға салу қажет. 
Жас қазақ: Халық арасына лаң салған Атырау, Ақтөбе, Тараз оқиғаларының артында кім тұр? Жазықсыз жанды өлімге қию кімге керек болды?
Николай Кузьмин: Бұл өзі түсініп болмайтын оқиға. Себебі, жанкештілерді басқарып отырған қылмыстық топтың жетекшісі бар, - деп айта алмаймын. Расында да, лаңкестер бір-бірін танымауы да мүмкін. Бірақ олар бір идеологияны жақтайды. «Халифат сарбаздары» деген атауды иемденудегі мақсат - ұйымның мүддесі үшін жұмыс істейтін адам санын көбейтіп көрсету. Онда қанша адам бар екені де белгісіз. Қылмыстық топтың ары кетсе, 4-5 адамы болуы ықтимал. Мүмкін одан да аз. Лаңкестердің бір-бірімен байланысы бар дегенге онша сене қоймаймын. Бір бірімен ақпарат алмасқанның өзінде олар екінші рет кездеспеуі әбден мүмкін.
Лаңкестік әрекетті психологиялық күйзеліске ұшыраған адам істейді. Әйтпесе, мұсылманның бәрін «лаңкес» деп айта салу ауызға оңай. Өзін-өзі өлтіру діни қағидаға жат екенін жақсы білесіз.
Менің ойымша, жанкештілер атқарушы билікпен бір мәмілеге келе алмады. Мәселені ортаға салып, талқылауға қабілеті жетпеді. Олар өздерінің жеке мәселесін бейбіт түрде шеше алмай, халыққа қару кезеді. Тығырықтан шығудың дара жолы осы екен деп білді. Қоғамдық мәселе үшін күрескен болса, мен оларды түсінер едім. Жеке басының қамы үшін осындай қадамға бару - ақымақтық. Сіз одан: «Сен осы әрекетіңмен нені өзгерте аласың?» - деп сұрасаңыз, мүлдем жауап бере алмас еді. Себебі, бұл әрекетінің ар жағында жеке басының қамы жатыр.       
Жас қазақ: Тараздағы оқиғадан кейін сарапшылар «күш құрылымдары қауқарсыз» деген пікір білдірді.
Николай Кузьмин: Кезінде ағылшын тыңшыларының Ирландия мемлекетінде қалай жұмыс істегенін білесіз. Сол кезде әр он адамның біреуі ағылшындарға ақпарат жеткізіп тұрды. Жергілікті жұрт бір-біріне сенуден қалды. Бұл жұмыстың нәтижесі жақсы болды. Сондықтан, біздің күш құрылымдары қоғамман тығыз байланыс орнатып, халықпен жұмыс істеуі шарт.

Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371