Сәкен Есіркепов. Еуразиялық Одақ идеясы және қазақстандық мүдде
Соңғы кездері халықаралық қатынастарда көптеген пікірталастардың тууына арқау болған «Еуразиялық Одақ» идеясы жандана бастады. 1994 жылы Қазақстан Президенті ұсынған бұл идея осы күнге дейін тек пікірталас пен сөз жүзінде ғана қалып келді. Алайда үстіміздегі жылдың соңына таман бұл идеяға Ресей Премьер-министрі В.Путиннің баса назар аударуы осы тақырыпты тереңдете түсті. Қазақстан басшысының идеясын өз идеясындай ұсынып, оған Ресейдің сыртқы саясатына, мүддесіне сай өң берген ол «Еуразиялық Одақ» идеясының өміршең және жасампаз құндылықтарға негізделгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда осы бағытта қарқынды іс-шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан Қазақстан, Белоруссия және Ресейдің арасында Кедендік Одақ құрылды. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік құрылғалы жатыр. Мұның бәрі Еуразиялық одақты құруға бастайтын жол деуге болады.
Соңғы кездері халықаралық қатынастарда көптеген пікірталастардың тууына арқау болған «Еуразиялық Одақ» идеясы жандана бастады. 1994 жылы Қазақстан Президенті ұсынған бұл идея осы күнге дейін тек пікірталас пен сөз жүзінде ғана қалып келді. Алайда үстіміздегі жылдың соңына таман бұл идеяға Ресей Премьер-министрі В.Путиннің баса назар аударуы осы тақырыпты тереңдете түсті. Қазақстан басшысының идеясын өз идеясындай ұсынып, оған Ресейдің сыртқы саясатына, мүддесіне сай өң берген ол «Еуразиялық Одақ» идеясының өміршең және жасампаз құндылықтарға негізделгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда осы бағытта қарқынды іс-шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан Қазақстан, Белоруссия және Ресейдің арасында Кедендік Одақ құрылды. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік құрылғалы жатыр. Мұның бәрі Еуразиялық одақты құруға бастайтын жол деуге болады.
Қазақстанның сыртқы саясатта белсенді әрі көп векторлы саясат ұстанғанын мәжбүрлі және оңды шара деп қабылдауға болады. Өйткені кез-келген инициатива мен белсенділіктің артында өз мүддесін ту етіп ұстау, өз мүддесін жүзеге асыру мақсаты жатады. Кей кездері көкейді тескен идеяларды, дәл сол секілді күшті мемлекеттердің ықпалына еріп кетпеу үшін оларды көндіретін жаңа жобаларды ұсынуға тура келіп жатады. Егер сол бастаманы өзге бір мемлекет қолға алатын болса сол мемлекеттің мүддесіне көбірек негізделген бастамаға айнала бастайды. Яғни, идеяның бет-әлпеті өзгеріске ұшырай бастайды. Сондықтан да Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенділігінің негізгі мағынасын осы тұрғыдан қарағанымыз жөн.
Соңғы кездері, өкінішке орай, Еуразиялық Одақ идеясы айналасында ресейлік мамандардың көбірек жұмыс жасап жатқандықтары байқалады. Еуразиялық Одақ бойынша тұрып қалған сеңнің В.Путиннің мақаласы арқылы қозғалғаны да жасырын емес. Осыған байланысты Қазақстанда да, Ресейде де, Белоруссияда да, тіпті әлемнің өзге елдерінде де Еуразиялық Одақ идеясына байланысты конференциялар ұйымдастырылып, баспасөзде пікірталастар мен түрлі болжамдар қыза түсті. Бірақ бір нәрсе анық. Ол - Еуразиялық Одақ идеясының ресейлік саясаттанушылардың ықпалымен жүзеге аса бастағандығы. Елбасымыз «Известияда» жариялаған өз мақаласында Еуразиялық Одақтың астанасын Астана қаласы етуді ұсынған болатын. Алайда үш ел басшыларының келісімге келуі нәтижесінде Еуразиялық Одақтың астанасы немесе орталығы Мәскеу болып бекітілді. Сондай-ақ, жаңа одақтың ішінде экономикалық әлеуеті де ең жоғарысы Ресей. Кейбір келіссөздерді шешуде де осы елдің салмағы басым болатынын дәлелдеудің қажеті жоқ.
Соңғы кездері Еуразиялық Одақтың құрылуына байланысты фобияға негізделген пікірлер белең алуда. Бұл пікірлерге сәйкес Еуразиялық Одақтың құрылуы Кеңестер Одағының жаңа бет-бейнеде қайта оралуына алып келеді. Бұл өз кезегінде азаттығана 20 жыл енді толған елдерді ескі қалпына қайта итермелері анық. Бұған себеп Кеңес Одағының ыдырауын ХХ ғасырдың ең үлкен қасіреті деп бағалаған Путиннің империалистік пиғылдары деуге болады. Яғни, саясаттанушылардың көпшілігі Путиннің ТМД мемлекеттерін қайта біріктіруге ұмтылатынын, КСРО-ны қайта құруға тырысатынын айтады. Сондай-ақ, ол өз мақаласында Еуразиялық Одаққа мүше болатын мемлекеттердің де пост кеңестік елдер болатынын қадап айтқан болатын.
Қазіргі таңда Еуразиялық Одаққа қарсы шығушылар елдің көбінесе ұлттық-патриоттық топтары деуге болады. Бұлар Ресейдің ықпалына қайта ұшыраудан қорқуда. Бірақ осы кезде ұлтшылдыққа негізделген, яғни ұлттық мәселенің қамын күйттеуші мәселелерді (тіл мәселесі т.б.) ресми түрде қабылдауға мүмкіндік тууда. Яғни, Еуразиялық Одақтың келе жатқанын көрген орыстар аздап босаңсыры анық. Олардың айтар уәждеріне Еуразиялық Одақтың құрылатынын айту арқылы жауап беруге де болады.
Ендігі кезекте Еуразиялық Одақтың құрылуы тәуелсіздікке қауіпті ме деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Экономикалық одақтың құрылуы саяси одақтың құрылуына ықпал етеді ме? Бұл сұраққа «иә» деп біржақты жауап беру қиын. Өйткені көп жылдар бойы Мәскеудің саяси тұрғыдан қысымын көріп келген тәуелсіз елдер экономикалық одақтың саяси одаққа айналуына жол бере қоймайды. Бұл мәселеге ұлтшылдар қауымының және биліктің мүддесі сәйкес келмейді. Бұған Парламент мәжілісінің құрамына «тәуелсіз ойлы» азаматтардың көбірек тартылуы мүмкіндігін айтуға болады. Осы азаматтар арқылы Еуразиялық Одаққа байланысты кейбір құжаттарды «қабылдатпай тастауға» болады. Өйткені Парламент депутаттарының қарсылығына ұшыраған келісімшарттардың ратификацияланбайтыны белгілі. Осы және өзге де шаралар одаққа мүше елдердің мүдделерін қорғаудың таптырмас құралдары болып есептеледі.
Еуразиялық Одақтың келешегі қандай? Бұл одаққа бұрынғы Кеңес мемлекеттерінің тартылуы аса маңызды. Олай болмаса бұл идеяның жұмысы жемісті бола алмайды. Сондықтан Еуразиялық Одақты құру үшін Украина, Өзбекстан секілді ірі елдерді тарту шараларының жүргізілетіні белгілі. Егер бұл іс жақсы нәтиже бере алса Еуразиялық Одақ Батыс әлеміне тойтарыс бере алатын ірі орталыққа айнала алады. Әлемнің ірі елдері бұл одақтың пікірмен санасатын болады. Алайда Еуразиялық Одақтың жемісті түрде жұмыс жүргізуі Қытай мен Үндістан секілді азиялық алпауыт елдермен ынтымақтастықта болуына да байланысты. Сондықтан Қытайды Еуразиялық Одаққа қосылуына жол бермейтін Ресей өз кезегінде осы елмен тығыз қатынаста болуды көздейді. Осылайша экономикалық дағдарыстан шығатын Еуропа елдері мен алпауыт Қытайдың арасындағы транзит көпіріне айналуы мүмкіндігі бар (Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолы, Пекин-Лондон жүрдек пойыз жолы жобалары осы мақсатта жасалып жатқан іс-шаралар деуге болады). Сол секілді Еуразиялық Одақ идеясының астарында күшейген Қытай экономикасына лайықты тойтарыс беру мақсатының жатқаны да жасырын емес. Еуразиялық Одақ тиімді түрде құрыла алса, бұл одақ Қытай, Үндістан және Жапония секілді алып елдермен жақсы қарым-қатынаста бола алса өркениет пен дамудың шын мәнісінде шығысқа ауысуы болады.
Осы мәселелерді талдай келе біздің белсенді болуымыз, одақ ісіне байланысты әрбір істе табан тіреп өз мүддемізге қызмет етуіміз қажет дей аламыз. Еліміз мамандарының көптеген жылдардан кейінгі процестерді болжап, соған сәйкес шаралар жасауы қажет. Осылай еткен ел ғана бақытқа жете алады. Осы мәселе бойынша еліміздің дипломатиялық корпусы үлкен күш жұмсайды деп сенейік. Сондай-ақ, ел азаматтары да әрбір өзгеріске өз көзқарасын білдіріп, Қазақстанның келешек тағдырына өз үлесін қосқаны абзал. Өйткені бұл ата-бабамыздың асыл мұраттарына лайықты жауап беру болып табылады. Осылай етсек қана келешек ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болмақ!
«Абай-ақпарат»