Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3705 14 пікір 10 Тамыз, 2020 сағат 13:30

Қорқамын...

Менің келесідей бірнеше қорқынышым бар. Мемлекетке және халыққа қатысты. Олар:

1. ЕАЭС-тің көздегені саяси одақ. Экономика тек бетперде ғана. Сол саясиланып, ақыры осы одақтың шырмауынан шыға алмай тәуелсіздіктен айырылып қалмаймыз ба деп қорқамын.

2. ОДКБ деген бізге пайдасы жоқ, бірақ Ресей авантюрасына болашақта жұмыс істеуі мүмкін әскери одақсымақтың кесірінен, бізге қатысы болмаса да бір әскери жанжал я соғысқа ілігіп, жас сарбаздар қан қасапқа түсіп кете ма деп қорқамын.

3. Қазақстанның сыртқы қарызы қайтара алмайтын деңгейге жетіп(қазір 160 млрдқа жуық болса да, ақырындап қайтарылуда), де-юре тәуелсіз, де-факто кредиторларға тәуелді елге айналып кетеміз ба деп қорқамын. (әлде қазірден солай ма?)

4.Билікте ресейшіл, қытайшыл, батысшыл, арабшыл, ақшшылдар артып (осылардың біреуі), ақыры қазақы мүдде тұрғысынан, ұлттық мүдде негізінен ойлайтын билік болмай қала ма деп қорқамын (қазір де мұндайлар билікте бар, бірақ баланс әлі сақталуда деп сенемін).

5. Қазақстанда зайырлылық бұзылып, ата-бабамыз ұстанған таза ислам емес, бұрмаланған теріс дінді ұстанушылар артып, қоғамды жікке бөліп, соңы қантөгіске айналып, Ауғанстан мен Сирияның, Ирак пен Ливияның кебін киіп кетеміз ба деп қорқамын.

6. Ресей "Қырым сценарийі" сияқты солтүстікке, шығысқа кіріп, оған лайықты қарсылық көрсете алмай, ғасырлар бойы бабалар қанымен келген жерді қорғай алмай қаламыз ба деп қорқамын.

7. Ұлттық дәстүрді ұмытып, тым батысшыл я басқашыл көзқарасты ұстанып, ар-ұят дегеннің шекарасынан анық аттап, қоғамда ер еркектігінен, әйел нәзіктігінен айырылған "көгілдір елдер" ішіне кіріп кетеміз ба деп қорқамын.

8. Абай сөйлеп, Ақан ән айтып, Абылай бұйрық берген, "Алаш Орда" зиялылары хат жазған қазақ тілін лайықты тұғырына қондыра алмай, досқа күлкі, дұшпанға мәңгі таба, ал бабалар алдында қарабет болып өтеміз ба деп қорқамын.

9. Қазақстан экономикасы шикізаттық қақпаннан шыға алмай, экономиканы әртараптандыру сөз жүзінде қалып, түбі ілініп-салынғандар қатарынан озып шықпаймыз ба деп қорқамын.

10. Ғылым-білімнен ада қалған, әлем мен адамзат дамуына үлес қоспайтын, сатушы емес сатып алушы қоғам кейпін мәңгі сақтап, әлем танитын бірде бір брендіміз болмай ма деп қорқамын.

11. Саяси және экономикалық реформаларға тым кеш қалып қойған жоқпыз ба? Жемқорлық пен парақорлықты өмір заңдылығы деп қабылдап, санаға байлап, қанға әбден сіңіріп жіберген әдетті жоя алмаймыз ба деп, даму мен өзгеріске керек уақытты жоғалтып алдық па деп қорқамын.

13. Осы қорқыныштарым іске асып кете ма деп қорқамын.

ПыСы: Бала-шағаң бар кезде, ел үшін алаңдауың арта бастайды. Тіпті жас болсаң да. Өйткені сол елде ертең ұрпағың тұрады. Ал ол ұрпақ қандай қоғамда өмір сүреді? Бейбіт әрі дамыған елде ма, әлде оқ даусымен таңды атыратын, мешеу қалған мемлекетте ма? Еврей ойшылы айтқандай "басыңдағы қара бұлтты кетіргің келсе, ашық аспан жаққа қоныс аудар" дегендей, бұлыңғыр болашақтан қашып, ұрпағымызды шетел асырып жіберуге мәжбүр болмасақ болғаны. Ал онда ол сөзсіз өзінің кім екенін біраз уақыт өткен соң ұмытады. Біреуге бұл мүмкін маңызды емес шығар, бірақ маған маңызды. Әр күн сайын тарихи бір мақала оқымасам басым ауыратын мен үшін, ұрпағымның кім екенін ұмытпауы маңызды. Оның ғылым мен білімді игерген, өркениетке үлес қосатын елде тұратын, жүрегінде ат тұяғының дүрсілі бар, ал аузында бабасы сөйлеген тілі сайрап тұрған қоғамда өмір сүргенін қалаймын, армандаймын. Биліктің қазіргі қабылдауға тиіс шешімдері, бізде қандай болашақ болатынын айқындайды. Соған жақындап қалдық-ау.

Асхат Қасенғалидың жазбасы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441