Лукашенконың «жеңісі» һәм халық наразылығы...
Тамыз айының басындағы әлем назарын өзіне аударған басты оқиға Беларустағы сайлау болды. Осы сайлаудан кейінгі ел орталығы Минсктегі әм ірі қалалардағы екі күнгі дүрбелең саясаткерлерге түрліше бал ашқызды.
Аталған сайлауда 5 үміткер бағын сынады. Лидия Ермошина басқаратын ОСК-ның мәлімдеуі бойынша, сайлауға 5,79 млн. республика тұрғыны, яғни, 84,23% сайлаушы қатысып, өз дауыстарын қазіргі президент Александр Лукашенкоға – 80,08%, Светлана Тихановскаяға – 10,09%, Анна Канопацкаяға – 1,68%, Сергей Череченьге – 1,13%, Андрей Дмитриевке – 1,04% бергендігі ресми жария етілді. Бәріне қарсы дауыс бергендер – 6,02%-ды құрады.
Александр Лукашенко өзі сайлауға дауыс бергеннен кейін журналистер қауымына қарата өзінің басты қарсыласы Светлана Тихановскаяға қатысты: «Сендер оны, менің басты қарсыласыма айналдырдыңдар! Ал ол өзінің не істеп, не қоятынын білмейтінін ашық мойындап та отыр» деп бір шүйлігіп алған соң, қарсыласының сайлау алды бағдарламасын: «Әуелі әділетсіз сайлауда жеңіп шығамыз, содан соң саяси, экономикалық қылмыс жасағандарды, есірткі тұтынушыларды, қылмыскерлерді түрмеден босатамыз» деп өзінше сынай сызданды.
Түріктің Cumhuriyet басылымының жорналшысы Deniz Berktay «Тынымсыз мезет» атты мақаласында төмендегідей: «...ол басқарған 26 жылдың ішінде елдегі өзгерісті қалайтын жаңа буын өмірге келді. Лукашенкоға қарсылас бола алатындардың кейбірі әртүрлі айып тағылып түрмеге тоғытылып, не болмаса елден бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Адам күтпеген оқиға орын алып, тұтқынға алынған үміткер Сергей Тихановскийдің жұбайы Светлана Тихановская өз кандидатурасын ұсынды. Оны шеттетілген оппозициялық лидерлер түгелдей қолдап, нәтижесінде Тихановская оппозицияның ең мықты үміткеріне айналды. Тихановская өзінің сайлау алды бағдарламасында билікке келген соң саяси қысым жасауды келмеске кетіріп, одан кейін өз президенттік орнын тәжірибесі бар жанға табыстайтынын өте жиі мәлімдеді. Бұдан бөлек, Тихановская ешқандай саяси әм экономикалық мәселелерді көтермей, тек барлығын бостандық тақырыбы төңірегіне тоғыстыруы оның маңайына қарапайым халықты топтастырып, Лукашенкоға қарсылардың бәрі оның жанынан табылды» деп біршама ойға қонымды өз пікірін алға тартады.
Келіп түскен шағымдарға қатысты ОСК төрағасы Лидия Ермошина «...шағым көп болса да, назар салатыны азын-аулақ қана» десе, бақылаушыларды басқарған ТМД Атком хатшысы Сергей Лебедев «Бұл сайлауда көзге ұрған заңсыздық болған жоқ» деп жар салды.
Светлана Тихановскаяның Штабы жария етілген ОСК нәтижесін мойындамай бейбіт жолмен билікті жеңіске жеткен оппозициялық кандидатқа беруді өтініп, ОСК-ға өз шағымын түсірді. Бұдан бөлек үміткерлер Андрей Дмитриев пен Сергей Черечень де сайлаудың әділетсіз өткеніне шағымданатындарын айтты.
11 тамызда Тихановская елден кетіп, Литваға табан тіреді. Ол өзінің бейне үндеуінде өзінің неге елден кеткеніне түсініктеме берді. Осы бейнеүндеуге қатысты Литваның СІМ Линас Линкявичус Азаттық Радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында: «Біз орын алып жатқан оқиға барысына әрі сақтықпен, әрі таңқала көз салудамыз. Елдің көшбасшысы сайлауды – мереке деп санаса, қалың бұқара өздерін қорлау мен мазақ ету деп сезінеді. Бұл арада ортақ тіл табысу өте қиын. Адамдар өздерінің сөздеріне құлақ асу мен пікірлерін сыйлауға лайықты. Бірақ билік ортақ тіл табысудың орнына жуан жұдырыққа жүгініп отыр» деп өз ойын ортаға салады.
«ПолитНавигатор» тілшісі Мемдуманың «ЕР» партиясының депутаты Евгений Фёдоровтың «Белрусинфо» YouTube арнасындағы: «Халықаралық құқық тұрғысынан Белоруссияның өз мемелекеттігін сақтап қалуының еш мүмкіндігі жоқ, сондықтан бірден бір жалғыз нұсқа тек Ресеймен бірге бітұтас Отанның өмір сүруін қалпына келтіру ғана» деген арандатушы мәлімдемесін жария етті.
Белгілі орыс саясаттанушысы Глеб Павловский Лукашенко әрі Мәскеуге, әрі Брюсселге күрмеуі қиын проблема тауып беріп отырғандығын сөз етеді. «Еуропадағылар не істерін білмей әрі сәрі күйге түсіп, бастары дал болса, бұ жағынан Мәскеудің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Мәскеу өзінің ең соңғы, ең мықты одақтасынан айырылады. Не болмаса, өз ақшасымен қалыптасқан жағдайды одан ары қаржыландыра түсуге мәжбүр болып, өзін-өзі ұстап тұруға қауқарсыз режімді ақшамен қамтамасыз етуін одан ары жалғастырады...
Бұл жағынан алғанда Мәскеу үшін төңкерістің орын алғаны тіптен жақсы. Өйткені, билікке басқа топтағылар келеді. Бірақ дәл қазір ондай топ жоқ. Демек, біз әлі де Лукашенконың кез-келген уақытта не сырттан, не іштен ажал құшатын өте-мөте дімкәс режімімен істес боламыз. Шынын айтар болсақ, біздің батыстағы шекарамызда орасан зор билік вакуумы пайда болады» деп Украинадағы Януковичтің тарихынан кейін аузы күйген Мәскеу ақыр аяғына дейін Лукашенконы қорғау мен қолдауға мәжбүрлігін ашық танытады.
«Лукашенконың болашағы мен Белорус тағдыры» Ресейдің күн тәртібіндегі басты проблемаға айналғанын саясаттанушылар Андрей Суздальский, Дмитрий Орешкин және Илья Гращенковтардың пікірлерін жария еткен «Новые Известия» басылымда жоққа шығармайды.
2010 жылы желтоқсанда өткен сайлауда Александр Лукашенко 40% ғана дауыс жинап, ресми сайлау қорытындасы 72,03% деп бұрмаланған кезде 40 мыңнан аса жұрт Минскдегі Октябрь алаңына ереуілдеп шыққанын Мәскеу ұмыта қойған жоқ.
«Өз басым көше протестері режімді тоңқалаң асырады деп ойламаймын. Солтүстік Корея немесе Албаниядағы сияқты ұзақ уақытқа дейін азиаттық деспотия өмір сүретін болады» - дейді Дмитрий Орешкин.
Беларустағы сайлау АҚШ-ты да бей-жай қалдырмағанын «Америка дауысы» радиосының орыс қызметінің тілшісі Анна Плотникова елде орын алып жатқан оқиғаларға қатысты жергілікті сарапшылардың пікірін «Белорус сарапшылары –протестік әлеует пен Мәскеудің килігуі жайында» атты радио сұхбатына арқау етеді.
Дүйсенбі күні орын алған оқиғаларға қатысты «Америка дауысы» радиосының орыс қызметі саясаттанушы Павел Усовтың «...бүгінгі Беларусь билігі елдің саяси кеңістігін толық тазалауға қауқарсыз. 2006 және 2010 жылдары билік басты оппозиционерлерді түрмеге отырғызып, ОМОН жасақтары ереуілдеушілерді қаңбақ құрлы көрмесе, қазіргі жағдай ондай күшке салуды көтермейді мүлдем бөлек.
Дағдырыс билік пайдасына шешіліп отырған жоқ. Олар орын алған жағдайды толық бақылап отырған жоқ, әрі жағдайдың қожайыны болып та табылмайды. Таяу арада кімнің күш алып, саяси алаңда қалатыны белгілі болады. Моралдық әм психологиялық жақтан әзірше өздерін түре қуып тарқатса да, ұрып-соқса да, түрмеге тоғытса да беттері қайтпаған азаматтар жеңіске жетуде. Нәтижесінде қалыптасқан жүйе одан ары шатқаяқтанады» деген пікірін келтіреді.
«Европейская Беларусь» азаматтық кампаниясының координаторы Андрей Санников: «Біз Светлана Тихановскаяға алғыс айтуымыз керек... Әрине, Лукашенко өзін бәрін бақылап отырғандай болып көрсетуге тырысады, шын мәнісінде жағдай оның уысынан шығып кетті. Ол дәл қазір алас ұрып, жанын қоярға жер таппауда, өйткені, ереуілді жылдамдатып баса алмады. Әрі бүкіл халықтың алапат қозғалысы орын алады деп еш күткен жоқ». Бұл қозғалыстың жеке ұйымдастырушылары жоқ, жұрт ерікті түрде өзі құрған ынталы топпен диктатураға өз қарсылығын білдіріп жатыр.
Екі сарапшы да ресейдің «жасыл адамдарының» төбе көрсетуін жоққа шығармайды. Бірінші жолы – Лукашенконың Одақтас мемлекеттердің әскери-техникалық көмегіне жүгінуі болса, екінші жолы – Беларустың жеке аймақтарындағы ДНР/ЛНР сценарийінің орын алып, әкімшілік ғимараттарын өз бетімен басып алған топтың Владимир Путинге өтініш жасауы. Бірақ ДНР/ЛНР сценарийі орын алатындай жікшілдікке бұл елде жол жоқ.
Санников бұл жайында: «Я лично такой опасности не вижу. А если у кого-то появится такая мысль, то нужно вспомнить, что Беларусь – это партизанский край № 1 в мире. Это – страна, не растерявшая память об этих действиях, и в каждой семье, наверно, есть свои легенды о партизанском движении на территории страны.
И потом я не вижу необходимости в этом. Конечно, если быть таким же неадекватным, как Лукашенко, то можно заслать “человечков”, но это аукнется очень сильно. У нас – никаких зацепок, чтобы вести дела по украинскому сценарию, – нет ни Крыма, ни Донбасса, которые славились сильным присутствием “русского мира” и отторжением всего национального украинского. А у нас если и весть различия между западом и востоком страны, то они не кардинальны», – дейді.
Иә, елдегі оқиғаның ауқымы мен ұзаққа созылуы оған қатысушылар мен биліктің іс-әрекетіне байланысты. Адамдар өздеріне қарсы қолданылған рәзеңке оқтан жарақаттанып жатыр. Егер күш қолдану үдей түссе, оған қарсылардың қарасы молықпай қоймайды.
Минскідегі Reuters тілшісі Андрей Маховский: «Белорус полициясы халыққа қарсы суатар, жас шығарғыш газ және сәуелелі шу гранаталарын қолданды. Мыңдаған адамдар Минск және басқалардың көшелеріне оппозицияға ынтымақтастығын білдірді. Кейбіреулер қоқыс бактарынан баррикадалар жасады»,- деп жазады.
«Беларусь қаларындағы соғыс. Лукашенкоға қарсы акция жалғасуда» деген атпен берілген радио хабар Беларустағы орын алып жатқан оқиғаны әскери жағдай мен азамат соғысы арасындағы әлденеге балайды. Минск және басқа қалардың көшелері әскери іс-әрекет орын алған елді еске салады. Бүкіл түн ереуілдеушілер мен күш құрылымдары арасындағы текетірестен тұрды. Ресми бір адамның қаза болғаны жария етілді.
Омон рәзеңке оқпен "Наша нива" газетінің тілшісін жарадар етті. Бүгінге дейін онға тарта журналист қамауға алынды.
Гомелде күш құрылмдары бірінші күні 10-20 адам жиналған жерге жетіп келіп, бас салып сабап, әйел азаматтардың сөмкелерін тексеріп, ұялы телефондарын тартып алып жатса, келесі күні халық оларға қарсы отшашу мен "Молотов коктейлін" лақтыра бастады.
Протест Беларустың барлық ірі қаларын жайлап, стихиялы халықтық қозғалысқа айналды. Адамдар көшеде бір-бірлерімен кездесіп, ақпарат алмасып, не істеп не қоятындарын бірлесіп шешуде.
«Көп қорқытады, терең батырады» аталы сөздің растығын беларус ұлтты әлемге осылайша танытып жатқан жайы бар.
Әбіл-Серік Әлиакбар
Abai.kz