Сенбі, 23 Қараша 2024
Аңыз Абай 3805 20 пікір 13 Тамыз, 2020 сағат 11:44

 Абай және дін

Абай мұрасынан табатын тағы бір өте терең рухани мағына – ол адам өмiрiнiң түпкі мақсаты. Ол «Лай суға май бітпес қой өткенге» атты өлеңінде өмірдің түпкі мақсаты не екенін былай деп береді: 

Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан

Түп Иесін көксемей бола ма екен?

Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

 Данышпан адам өмірінің түпкі мақсаты – «Түп Иеге қайту» дейді. Бұл мақсатқа жету үшiн Алла тағалаға деген махаббатқа ие болу керек. Яғни, имандылық керек. Имандылық дін арқылы Құдайға құлшылық жолында бекиді. Сонда ғана Алла тағала Өзінің сүйіктісін Өзіне қайтарып алады. Сонда ғана мейiрiмдi Алла тағала қанағат табады. Ендеше адам баласы үшін ең үлкен қызмет – ол Алла тағаланың разышылығы үшiн адамзаттың бәрiн бауырым деп сүйiп, кімге болса да өмірдің түпкі мақсатына жетуге көмектесу. Рухани әлемге қайту тек қана рухани білім алып, оны өмірде қолдану барысында жан дүниесін тазарту арқылы ғана болмақ. Сөйтiп, Құдайға құлшылықтың ең үлкені – адамзатқа рухани білім беру арқылы, оған өмірдің жоғары мақсатына жетуге көмектесу. 

Сонымен бірге, өте маңызды бір жағдайды естен шығармау керек. Біз іс-әрекетімізді Алла тағаланың разышылығы үшін жасағанда ғана құлшылық болып табылады. Әйтпесе біздің барлық іс-әрекетіміз моральдық-этикалық, әрi кетсе гуманистiк деңгейде ғана қалып, қарапайым дүниелiк iске айналып, негiзгi мақсатқа жеткiзе алмайды. 

Абай ілімі бойынша адамның негізгі міндеті – Алла тағалаға құлшылық ету екені жөнінде көптеген дәлелдер келтiруге болады. 

Бiрiншi, Алла тағалаға қайту үшiн адамның барлық іс-әрекеті Оның разылығы үшін болу керек. Сонда адам Оның сүйiктiсiне айналады. Ал, Алла тағаланың сүйіктісі болуға Оған құлшылық ету арқылы ғана жетуге болады. 

Екiншi, Алла тағалаға құлшылықтың керектiгi отыз сегiзiншi қара сөзiнде Абай көрсеткен «Алла – бiр», яғни «Абсолют – бiр» деген тұжырымында жатыр. Алла бiр болса, Ол толық бүтiн. Ендеше болмыстың барлық көрiнiстерi, сонымен бiрге жан иелерi де сол толық бүтiннiң құрамына кiредi. Сөйтіп, барлық жан иелерi Оның құрамындағы бөлiктерi болып табылады. Ол бөлiктер өздері құрайтын тұтаспен бiр болулары керек, яғни олар толық бүтiннiң разылығы үшін өмір сүрулері керек. Бұл бүкiл әлемнiң жаратылу мәнi. Ендеше адам да сол толық бүтiннiң бiр бөлiгi бола отырып, Оның разылығы үшін құлшылық етуi керек. 

Сонымен бiрге, бүтiннiң бөлiгi бүтiннiң ниет-қалауымен өмiр сүреді. Ендеше барлық бөлiктердiң мақсаты да сол ортақ ниетпен үйлесуі керек. Өкiнiшке орай, фәни әлемде кейбір жан иелерi Түп Иеден бөлiнiп, бүтiннiң ниетінен шығып, өз қалауларымен өмiр сүргiлерi келедi. Фәни өмiрдегi адамдардың өмiр мақсаттарының сан қилы болатын себебінің бірі осы. 

Абай он жетiншi қара сөзiнде қайрат, ақыл, жүректiң арасында дау туып, олардың ғылымға қалай жүгiнгендерi туралы айтатыны бар. Ортақ мақсаттан ауытқыған кезде не болатынын көрсету үшін бiз де соның iзiмен, мысал ретiнде, бiр әңгiменi келтiрейiк. 

Адамның дене мүшелерiнiң барлығы, сайып келгенде, оның асқазанын тамақпен қамтамасыз ету үшiн қызмет жасайтыны белгiлi. Оның құлағы қай жерде тамақ барын естидi, аяғымен сол жерге барады, көзiмен жолды көредi, мұрнымен тамақтың иiсiн сезедi, қолымен аузына салады, тiсiмен ұнтақтап, өңешiмен асқазанға қарай жiбередi. Сөйтiп асқазан қанағат алып, тамақты қорытып, қуатты бүкiл денеге таратып, барлық мүшелердi қанағаттандырып, оларға күш-қуат бередi. Бiрде дене мүшелерi асқазанмен араздасып, оған қарсы шығыпты. «Бiз неге барлығымыз бiр асқазанға қызмет жасауымыз керек? Бiздiң өзiмiзге ғана қызмет жасағымыз келедi. Сондықтан бұдан былай қарай асқазанға қызметімізді тоқтатамыз», – деп дене мүшелерінің барлығы асқазанға қарсы ереуіл жасаған екен. Сөйтiп құлақ тамақтың қайда барын тыңдамай, өзiне ұнағанын тыңдап, көз оған апаратын жолды көрсетпей, басқа жаққа қарап, қол өзiне ғана ұнаған әрекет жасап, мұрын өзiне ұнаған иiстердi иiскеп кеткен екен. Осылай әрбiр мүше бостандық алып, ортақ мақсаттан бас тартып, өз беттерiмен қанағат iздей бастапты. Бiрақ, бiраз уақыт өткен соң, олардың барлығы әлсiреп, өздерiнен қуат кетiп бара жатқанын сезiнедi.

Өз беттерiмен iстеген әрекеттерi оларды қанағаттандырмай, керiсiнше азапқа түсiре бастайды. Олар бұны анықтау үшiн қайтадан мәжiлiс құрып, барлық зардаптарының себебi өздерінің ортақ мақсаттарынан ауытқып, өзара бөлініп кетулерінен екенін анықтайды. Сөйтiп, олар бұл істерінің бұрыс екенін түсініп, ендi дұрыс жолға түсіп, барлығы қайтадан бiр асқазанды қанағаттандырып, қызмет жасай бастаған екен дейдi. Сол кезден бастап дененің барлық мүшелерi қайтадан қанағат алып, өздерiнiң зардаптарынан құтылыпты. Сол сияқты, адамның асқазаны бүкіл денеге қуат бергендей, барлығына ортақ бір Түп Ие де бүкіл болмысқа қуатын береді. Сондықтан барлық бөліктер Оған қызмет етіп, Оның разылығы үшін құлшылық еткенде ғана олар нақты қанағат алады. 

Үшiншi, бүкіл жаратылыс Алла тағаланың разылығы үшін, яғни Оған құлшылық ету үшін жаратылған. Себебі Абай сөзiмен айтқанда, Алла «бiр», ендеше, Ол – тұтас, яғни Алладан басқа ештеңе жоқ. Алладан басқа ештеңе жоқ болса, онда барлығы Оның көрінісі және Ол өзін өзі қанағаттандырады. Егер Ол басқаны қанағаттандыру үшiн жаратса, онда Алладан басқа тағы да бiреудiң болғаны. Бұл мүмкiн емес. Сонымен, Алла тағала өз разылығы үшiн жарататын болса, онда Оның жаратқандары – жан иелерiнiң барлығы да бiр Алла тағаланы риза етіп жүр. Бiрақ бұны бiрi бiлсе, ал, бiрi бiлмейдi. «Мен барлығын өзiм үшiн және өзiм жасап жүрмiн» дейтiндер бар. 

Төртiншi, құлшылық ету – адамның табиғи қасиетi. Оған былайша көз жеткiзуге болады. Жан иесi бiреудi сүймей өмiр сүре алмайды. «Махаббатсыз өмiр бос» дейдi Абай. Себебi, жан ләззатқа толы, ал ләззат тек махаббат арқылы келедi. Сондықтан, барлығымыз да ләззатты iздеп, ынталанып, махаббатты көксеймiз. Махаббатты тапқаннан кейiн, оған қамқорлық көрсетiп, қызмет жасауға ұмтыламыз. Сондықтан өмiрде адамның бiреуге құлшылық етуi (бiреуге қызмет етуi) оның бойына бiткен айырылмас қасиет. Қандай адам болса да бiреуге қызмет етедi: өзiнiң отбасына, жолдасына, қоғамына, отанына және тағы басқаларға. Тiптi, ешкiмi болмаса ит, мысық асырап, соларды жақсы көрiп, күтiп-бағып, қызмет етедi. Бiреуге қызмет етпейтiн адам болмайды. Осыдан бiреуге қызмет ету – адамның айырылмас табиғи қасиетi екенiн көремiз. Ал бiреудi қанағаттандыру адамның рухани болмысынан туады. 

Жан – кiшкене рух, яғни Жоғары Рухтың бөлшегi болып табылады. Сондықтан, рухани әлемде кiшкене рухтың мiндетi – Үлкен Рухты разыландыру, яғни Оған құлшылық жасау. Бұл фәни әлемде кiшкене рух өзiнiң бұл мiндетiн ұмытқандықтан, ол өзіне қызмет етіп, өзін разыландырады. Әркiм өзiне ұнаған iстердi жасап, өзiне ұнағанға қызмет етедi. Бiрақ одан толық қанағат жоқ. Бұл – адамдар зардабының басты себебi. Ал ол өзiнiң мәңгiлiк қасиетiн – құлшылық етудi себептердiң себебi Жоғары Рухқа арнап, негiзгi мiндетiн атқарса, сонда ғана ол барлық жан иелерiн қанағаттандырып, өзi де қанағат табады. 

Бесiншi, бiреудi жақсы көру үшiн әуелi онымен танысу керек, егер оның қадір-қасиеттерi жақсы болса, ол адам ұнауы мүмкiн. Сол сияқты, Алла тағаланы сүю үшiн де әуелi Оның қадір-қасиеттерiн танып түсiну керек. Бiрақ адам баласы өзiнiң шектеулi ой-өрiс, сезiм мүшелерiмен Шексiздi тани ала ма? Абай бұл сұраққа отыз сегізінші қара сөзінде «Алла тағала шексіз, біздің ақылымыз шектеулі. Шексізді шектеулімен түсінуге болмайды» деп жауап бередi. Онда не iстеу керек? Оған бiр-ақ жол бар. Ол – өзiн рухани деңгейге көтеру. Бұл Құдайға құлшылық арқылы ғана болады. Құдайға құлшылық кезiнде бiз Оны риза ете алсақ, онда Оның өзi бiздiң жүрегiмiзге ашылады. Сөйтiп бiз Оны тани аламыз. Тану арқылы Оған сүйіспеншілікке жетеміз. Себебi Одан артық сұлу, күштi, даңқты, дәулеттi, жомарт, бiлiмдi, рақымды ешкiм жоқ. Сондықтан Оны тану үшiн құлшылыққа түскен адам ешуақытта да өкiнiште қалмайды. Керiсiнше, шексiз бақытқа кенеледi. 

Алтыншы, егер Алла тағаланың шапағаты түспесе адам баласы ешуақытта Оның сүйiспеншiлiгiне бөлене алмайды. Барлық жандар тәрiздi Алла тағаланың да қалауы бар. Сондықтан, кiмге шапағатын жаудыру Оның ырқында. Оның шапағатын алу үшiн Оның разылығы үшін іс-әрекет жасау керек. Бұл – Оған құлшылық ету керек деген сөз. 

Жетiншi, бiз Алла тағаланың алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды өтеу үшiн Оған құлшылық жасауымыз керек. Бұл туралы Абай өзiнiң жиырма жетiншi қара сөзiнде айтады. Ол адам баласын хайуаннан артық жаратқанына дәлел келтiрiп келедi де, әрi қарай былай дейдi: 

«Ол дәлел болса, адам баласын артық көрiп, қамын әуелден Алланың өзi ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Ендi адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екенi мағлұм болмай ма?» 

Мiне, Абай бабамыздың iлiмi арқылы келтiрiлген осы жетi дәлелдiң өзi де Құдайға құлшылық ету керектiгiне көз жеткiзу үшiн жеткiлiктi тәрiздi. Кейде «құлшылық» деген сөздiң кейбiреулерге ұнамсыз болып көрiнуi де мүмкiн. Сондықтан оның мағынасын осы арада түсiндiре кетейiк. Алла тағалаға деген құлшылық фәни әлемдегi құлшылық емес. Фәни әлемдегi құлшылық адамды басқадан төмендетеді, осылай бірі екіншісін қанап, өзiне қызмет етуге мәжбүрлейді. Ал Алла тағалаға құлшылықтың мағынасы мүлде бөлек. Жаратушы ең жоғарғы шексiз Жан болғандықтан, Оған құлшылық жасаған адам төмендемейдi, керiсiншi, рухани қасиет алғандықтан, ол шексiз жоғарылай бередi. «Құдайға құлшылық» деген сөз фәнилiк емес, рухани мағынасы бар. 

Сонымен, барлық жан иелерi Алла тағалаға құлшылық арқылы бiртiндеп тазарып, түбiнде Оған деген сүйiспеншiлiкке жетiп, Түп Иеге қайтады. Бiрақ әркiмнiң баратын жерi де, қайтатын уақыты да әр түрлi екенiн ұмытпауымыз керек. Абайдың Түп Иеге қайту туралы қағидасы «Шын мәнiнде бiз Алланыкiмiз және Оған қайтамыз» деген Құран сөзiнен шығып, онымен толық үндесіп жатыр. 

Абай көрсеткен Түп Иеге қайту мақсаты адам баласы үшiн ғана емес, бүкiл болмыс көрiнiстерiне ортақ болса керек. Әлемнiң барлық данышпан, әулиелерi де адамзат өмiрiнiң негiзгi мәнi және барлық дiни жолдардың негiзгi мақсаты осы деп бiлетiнi белгiлi. Қасиеттi Құранда да осылай айтылады. 

Бұл мақсатқа жету жолы өте ұзақ және түрлi белестерге бөлiнiп, әркiмнiң оған жету тағдыры санқилы болады. Себебi әркiмнiң жүрек көзінің шел басу деңгейі әртүрлі. Көп адамдар түпкi мақсатты толық түсiнбегендiктен сол фәнилiк, яғни уақытша мақсаттармен алданып, көп өмiрiн әуремен өткiзiп алады. Сондықтан Абай бұл өмірдің қысқа және өткінші екенін ескертіп, адамды тура жолға салу үшін былай дейді: 

Адамзат – бүгiн адам, ертең топырақ, 

Бүгiнгi өмiр жарқылдап алдар бiрақ. 

Ертең өзiң қайдасың, бiлемiсiң, 

Өлмек үшiн туғансың, ойла, шырақ. 

Сонымен, қорыта айтқанда, бүкiл болмыс Жаратушының қалауын орындауға, яғни жан иелерiн Түп иеге қайтаруға жаратылған. Адам өмiрiнiң мақсаты – осыны дұрыс түсiнiп, қолдана бiлу. Абай айтып отырған «Түп Иеге қайту» деген адам өмiрi мақсатының түп қазығы осындай. Ал Түп Иеге қайту жолы бiреу – ол Құдайға құлшылық. Сондықтан жан иелерiнiң мақсаты – Алла тағаланың қалауымен өмір сүру, яғни Оның разылығы үшін өмір сүру. Бiрақ бұл ақиқатты әркiм мойындай бермейдi, себебi олардың көкiрек көздерi шелмен жабылған. 

Абайдың «Мақсұтым – ...наданның көзiн қойып, көңiлiн ашпақ» дейтiнi осыдан болса керек. Мақсат көкiрек көздi басқан шелден арылып, әркiмнiң Абсолютпен қатынасын қалпына келтiрiп, сол қатынастағы өз орнын табу. Бұл арада данышпанның «Сен де бiр кiрпiш дүниеге, кетiгiн тап та, бар, қалан» деген әйгiлi үндеу сөзi ерекше мән алады. «Кетiгiн тап та, бар, қалан» деген сөз iс-әрекетсiз бейберекет жағдай емес, болмыс өмiрi үнемi қозғалыста және өзгерiсте болғандықтан, іс-әрекеттің барлығын Құдайға құлшылық жолында жасау деген ұғымды бiлдiредi. 

Сонымен бірге, бүгінгі күндердегі діни схоластикалық тұрғыдан, не болмаса саяси мүдде үшін пайдаланудан шыққан, негізгі қағидалары өзінің алғашқы мәнінен бұрмаланған діннен Абай ілімін айыра білу керек. Абайдың дінге көзқарасы – адамзатты орға құлататын бұндай бұрмалаушылықтан арылған, дінді өзінің шын мәнінде, терең түсінетін көзқарас. Абай діні – баршаға ортақ дінаралық келісім шарты, толеранттыққа тура жол. 

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511