Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 21961 33 пікір 13 Тамыз, 2020 сағат 10:17

Халық сайламаған депутаттар қалайша халықтың өкілі болмақ?

Сурет әлемтордан алынды

Кеше Сенаттың сайлауы өтті. Бұл сайлауға халық барып, дауыс берген жоқ. Тіпті, үгіт-насихатпен жүрген үміткерлерді де, олардың тізімі түзілген бюлетендерді де көрген жоқ. Өйткені бұл сайлауға халық қатысқан жоқ. Заңға сәйкес, болашақ сенаторларды мәслихаттар іріктеп-таңдады.

Бір қызығы ҚР Орталық сайлау комиссиясының «ҚР Сайлау жүйесі» деген түсіндірмелігінде «Сенат үміткерлерін мәслихат сайлайды», деген сөз аты-затымен жоқ. Бар болғаны: «Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асырылады», деп жазылыпты. Мұндағы «жанама сайлау құқығы» дегені - бұл сайлаудың жалпыхалықтық сипаты жоқ дегені шығар деп түсіндік...

ҚР Конституциясының 51 бабында да: «Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланады», деп жазылған.

Әрі қарай, «ҚР Сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық Заңы бар. Осы Заңның 11 тарауы: «Республика Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау», деп аталады.

Осы Заңның 72 бабында: «Сенат депутаттығына кандидат облыс мәслихаттарының, республикалық маңызы бар қала немесе Республика астанасы мәслихатының өкiлдерi болып табылатын таңдаушылардың жалпы санының кемiнде он процентiнiң қолдауына, бiрақ бiр мәслихаттан таңдаушылар дауысының жиырма бес процентiнен аспайтын даусына ие болуы тиiс», деп жазылған екен. Яғни, таңдаушы (сайлаушы) – мәслихат өкілі болып табылады!

Осылайша, ел Парламентінің Жоғарғы палатасы – Сенаттың 15 депутатын Президент тағайындайды. Ал қалғандарын мәслихаттар сайлайды.

Сенат депутаттарының өкілеттігі 1998 жылдың қазанынан бері 6 жыл деп белгіленген. Сенат депутаттарының тең жартысы әр 3 жыл сайын қайта сайланып отырады. Алдыңғы Сенат депутаттарының сайлауы 2017 жылғы 28 маусымда өткен. Ал 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттілік мерзімі 2020 жылдың 14 қазанында толады. Демек биыл 2014 жылы сайланған депутаттар орнын босатты. Республикалық бюджеттен бақандай 254,5 миллион теңге бөліп, өткізген бұл сайлау кеше аяқталды. Сайлау аяқтала салысымен ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын жария етті.

Сонымен, су жаңа сенаторлар кімдер? Қараңыз:

Ақмола облысы:

Бекенов Нұрлан Жексенбайұлы – 89,5%

Дауыс беруге қатысқан 240 адамның 213-інің дауысын алған.

Жасы – 59-да!

Ақмола облысы бойынша аймақтық тексеру комиссиясының төрағасы болған. Зеренді аудандық, Көкшетау қалалық мәслихаттарының сессияларында ұсынылған.

Ақтөбе облысы:

Қаниев Бауыржан Нұралыұлы – 79,89%

Дауыс беруге қатысқан 179 адамның 143-інің дауысын алған.

Жасы – 62-де!

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының әкімі болған. Шалқар және Хромтау аудандық мәслихаттарының сессияларында ұсынылған.

Алматы облысы:

Дүйсембинов Сұлтан Мырзабекұлы – 92,63%

Дауыс беруге қатысқан 287 адамның 264-інің дауысын алған.

Жасы – 59-да!

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы болған.

Атырау облысы:

Лұқпанов Сағындық Есенғалиұлы – 82,69%

Дауыс беруге қатысқан 105 адамның 86-сының дауысын алған.

Жасы – 60-та!

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарушы директоры және басқарма мүшесі, Атырау облыстық мәслихатының сессиясында ұсынылған.

Батыс Қазақстан облысы:

Рысбекова Ләззат Тұяқбайқызы – 70,33%

Дауыс беруге қатысқан 183 адамның 128-інің дауысын алған.

Жасы – 44-те!

Орал гуманитарлық колледжінің қаржы директоры болған.

Жамбыл облысы:

Орынбеков Бекболат Серікбайұлы – 92,09%

Дауыс беруге қатысқан 177 адамның 163-інің дауысын алған.

Жасы – 63-те!

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары болған. Жамбыл облысы мәслихатының, Тараз қалалық мәслихатының, Талас, Сарысу аудандық мәслихатының сессиясында ұсынылған.

Қарағанды облысы:

Ершев Сергей Михайлович – 83,15%

Дауыс беруге қатысқан 267 адамның 222-інің дауысын алған.

Жасы – 60-та!

Сенат депутаты болған. Жезқазған, Сәтпаев қалалық мәслихаттары, Абай аудандық мәслихаты сессияларында ұсынылды.

Қостанай облысы:

Карплюк Сергей Алексеевич – 87,21%

Дауыс беруге қатысқан 262 адамның 225-інің дауысын алған.

Жасы – 52-де!

Қостанай облысы әкімінің орынбасары болған. Денисов аудандық және Беиімбет Майлин аудандық мәслихаттары сессияларында ұсынылды.

Қызылорда облысы:

Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы – 77,86%

Дауыс беруге қатысқан 131 адамның 102-інің дауысын алған.

Жасы – 49-да!

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған.

Маңғыстау облысы:

Алдашев Сүйіндік Тәсеменұлы – 87%

Дауыс беруге қатысқан 100 адамның 87-інің дауысын алған.

Жасы – 57-де!

«Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті, Қарақияң, Мұнайлы аудандық мәслихаттарының сессияларында ұсынылған.

Павлодар облысы:

Нұхұлы Алтынбек – 81,97%

Дауыс беруге қатысқан 183 адамның 150-інің дауысын алған.

Жасы – 58-де!

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Павлодар облыстық мәслихатының, Павлодар қалалық мәслихатының, Баянауыл аудандық мәслихатының сессияларында ұсынылған.

Солтүстік Қазақстан облысы:

Перепечина Ольга Валентиновна – 87,57%

Дауыс беруге қатысқан 187 адамның 167-інің дауысын алған.

Жасы – 53-те!

Осыған дейін де Сенат депутаты болған.

Түркістан облысы:

Бектаев Әли Әбдікерімұлы – 91,53%,

Дауыс беруге қатысқан 238 адамның 216-ының дауысын алған.

Жасы – 58-де!

Осыған дейін де Сенат депутаты болған. «Ауыл» партиясының төрағасы.

Шығыс Қазақстан облысы:

Булавкино Ольга Александровна – 93,07%

Дауыс беруге қатысқан 275 адамның 255-інің дауысын алған.

Жасы – 48-де!

Бородулиха ауданының әкімі, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының, Өскемен қалалық мәслихатының, Бородулиха, Ұлан, Шемонаиха аудандық мәслихаттарының сессияларында ұсынылған.

Алматы қаласы:

Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлы – 100%

Дауыс беруге қатысқан 30 адамның 30-ының дауысын алған.

Жасы – 59-да!

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі болған.

Шымкент қаласы:

Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызы – 72%

Дауыс беруге қатысқан 25 адамның 18-інің дауысмын алған.

Жасы – 45-те!

Шымкент қалалық мәслихатының сессиясында ұсынылған.

Нұр-Сұлтан қаласы:

Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы – 75%

Дауыс беруге қатысқан 20 адам ның 15-інің дауысын алған.

Жасы – 59-да!

Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің төрағасы, елорадық мәслихаттың сессиясында ұсынылған.


Су жаңа 17 депутаттың жас категориясы да көңіл қуантарлық емес. Қараңыз:

30-40 жас аралығында – 0 адам;

40-50-жас аралығында – 4 адам;

50-60 жас аралығында – 9 адам;

60 жастан асқан – 4 адам.

ҚР Конституциясының 51 бабында, 4 тармақта: «Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады», деп  жазылған!

Ал кеше іріктелгендердің ішінде 30 бен 40 жас аралығындағы бірде-бір депутаттың жоқтығы нені білдіреді? Жоғарыдағы 17-нің ішінде ең жасы – 44-те екен. Ал ең егде жастағысы – 63-те! Яғни, әне-міне зейнеткер! Мандат бұйырғандардың бірі – бұрынғы министр, екіншісі – бұрынғы депутат, үшіншісі – бұрынғы әкім, төртіншісі – мұнай компаниясының басшысы... Ал Президентің кадрлық резервінде қаңтарылып тұрған қыруар жас қайда жүр, сонда? Солардың ең құрығанда біреуі неге Сенатта отырмайды? Сұрақ көп...

Түйін. Бұл 17 депутат енді өздері сайланған өңірлердің өкілі ретінде Қазақстан Парламентінің Жоғарғы палатасына барады. Халық өзі таңдамаған, бюлетенге белгі қойып, сайламаған бұлар қалайша «халық қалаулысы» немесе белгілі бір өңір халқының өкілі болады? Талқылайық...

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5500