Архимед не деп ақталды?
Құдайға шүкір, бүкіл елді дүрліктірген мына короновирус деген індеттің беті бері қараған секілді. Қолға алынған қатаң шаралардың арқасында осы дүйсенбіден бастап халықтың өмірі сәлде болса жеңілдеп қалатын түрі бар.
Бәрі дұрыс-ау, алайда осынау соғыс жағдайындай болған алапат қатерден жергілікті билік дұрыс қорытынды жасай алды ма? Оның қасіретін толық бағалап, лайықты сабақ алды ма? Бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмас едік. Өйткені олардың осы індет кезіндегі әрекетінен ешбір жаңаша көзқарасты немесе қарапайым халықтың қамын ойлаудағы шынайы ниетін байқай алмадық. Қайта керісінше, басқарудың сол баяғы ескірген үрдістен арыла алмай, өздерінің халықтан тым алшақ екендігін тағы да анық танытты. Өзгелерді білмеймін, ал біздің облыстың әкімі Архимед Мұқанбетов осы індет кезінде «әп-берекелді» дейтіндей ерекше құлшыныс таныта алмады. Қайта керісінше, өзінің қалыптасқан басқару жүйесінен бір табан да арылмай, өзі бір бөлек, жергілікті халық бір бөлек екендігін тағы да байқатып қалды. Енді бұл ойымызды нақты деректермен түйіндей кетелік.
Өзге өңірлердегі секілді, біздің Архимед Бегжанұлының да әлеуметтік желіде өз аккаунты бар. Алайда ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес қалың жұрттың көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, өзін сол халықпен етене жақын болудың орнына, біздің әкім өз инстаграмын тек өзін жарнамалуға пайдаланады. Қай жерге барды, кімдермен кездесті, оларға қандай тапсырма берді, міне осы жайттар ғана әңгіме болады. Ал облыс халқы қазіргі таңда қандай мәселелер толғандырып отыр, қандай өзекті дүниелер қамтылмай қалды деген сауалдарға мүлдем жауап болмайды. Ол кісі мұндай дүниеден өзін мүлдем алыс ұстайды. Тіпті мына короновирус кезінде де осы дағдыдан айныған емес.
Өкенде осы індет барысында Архимедіміз әлеуметтік желіде онлайн-конференция өткізгені бар. Әңгіме сол баяғы, өзінің атқарған «аса ауқымды» жұмыстары мен керемет жетістері жайлы. Сосын осы індет кезінде ірі бизнес өкілдерінің дәрі-дәрмек пен қажетті медициналық жабдықтар алып беріп жатқандығын қуана хабарлау. Дәл осы тұста облысымыздағы қиқарлау басылымның тілшісінің: «Коровирусқа қарсы дәрі-дәрмек алу үшін өзгеге қол жайғанша, оған неге бюджет қаржысы жұмсалмайды?» деген сауалы мүлдем ескерусіз қалды. Ол тілші де өз газеті секілді «қырсықтау» екен, кейін осы сұрағын әкімнің жеке аккаунтына да жіберді. Бір қызығы, бұл сұрақ сәлден кейін ол аккаунттан біржолата өшіріліп тасталды. Тілші енді әкімнің тікелей өзіне шықты. Әкім сонда ғана бұл басылыммен ойнауға болмайтындығын, енді үнсіз қалса, мәселенің мүлем ушығып, бүкіл елімізге тарап кететіндігін сезді ме (әлде қасындағы жандайшаптары сыбырлады ма, кім білсін) көп ұзамай өз акаунтында әлгі сауалдың техникалық себептермен өшіріліп қалғандығын, сол үшін тілшіден кешірім сұрайтындығын, ал бюджет есебінен дәрі-дәрмек сатып алу үшін арнайы тендер өткізу қажеттігі, ал көп уақыт алатындығын тәптіштеп түсіндіріп жатты.
Ал біз болсақ, әкіміміздің өмірінде бірінші рет қарапайым тілшіден кешірім сұраған «асқан батылдығына» ерекше риза болып, әкіміз үшін еңсеміз бір көтеріліп қалды. Қай әкім осындай «ерлікке» барып жатыр. Ал енді әр сауалға уақытында жауап бермегіндігіне келер болсақ, бүкіл аймақты басқарып отырған адамның мұндай «ұсақ-түйекке» қолы тие бермейтін шығар. Бәріне кінәлі, әрине, анау қарамағындағылар. Олар дер кезінде ескертіп отырса, қайдағы бір газетсымақтың қатардағы жай ғана тілшісінен кешірім сұрап, абыройы айрандай төгіле жаздағаны жанға бата ма? Әрине, батады. Алайда бұл мәселе кейін облыс шеңберінен асып, республикаға жайылып кетсе, күлкімізді тия алмасымыз анық. Сонда осы облыстағы қаптаған жандайшаптардың: «Мұндай әкім бізде болған жоқ. Ол кетсе мүлдем сорлап қаламыз» деп күндіз-түні тілеуін тілеп отырған «асыл жаннан» айырылып қалмаймыз ба? Ал енді мына аумалы-төкпелі заманда бюджет есебінен дәрі-дәрмек алудың қиындығына келер болсақ, бұл да әкімнің кінәсі емес. Бұл жағдайды қандай да тілшінің «арандатқан» сұрағын күтіп отырмай, алдын-ала халыққа түсіндіру жұмысын жүргізбеген қарамағындағылар жауапты.
Ал енді шындығына көшер болсақ, әкіміздің аккаунтындағы сұрақтарға еш уақытта жауап бермейтініне, жауап берсе де оны қайдағы біреулерге итере салатынына осы жолдардың авторының да көзі жеткен. Карантин басталар алдына мен әкімнің инстаграмына қалалық емхананың өз шататында трамватолог, гастроэнторолог секілді дәрігерлердің мүлдем жоқтығын, соның кесірінен сырқат жандар бұларды айлап күтетіндігі жайлы жазып жібергенім бар. Көп ұзамай Ксения Барабанова дегеннен: «Сізге қандай көмек керек?» деген жауабы келді. Ғажап, мен әкімге сауал жіберемін, ал маған қайдағы бір Ксения Барабановадан жауап келеді.
Біріншіден, мен өз басыма қажет дүние сұрап отырғаным жоқ. Мен қалалық емханада қалыптасқан қиын жағадайды шешуді өтінім отырмын. Маған егер өзі болмаса, неге осы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Дудник немесе оның орынбасарланың бірі неге жауап бермейді? Мені неге Барабанова деген ешкім білмейтін адамға итре салады? Кейін «Бақсам - бақа екен» дегендей, іздестіріп байқасам, бұл кісі сол денсаулық сақтау мекемесінде баспасөз хатшысы болып қызмет істейтін көрінеді. Міне, облысымызда денсаулық сақтау саласындағы қордалапып қалған дүниелерді әкім емес, ол тағайындаған тиісті мекеменің басшысы емес, оның баспасөз хатшысы шешетін көрінеді.
Өзге жақты білмеймін, біздегі жағдай осындай.
Жайберген Болатов
Abai.kz