Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2100 0 пікір 13 Желтоқсан, 2011 сағат 12:35

Ноябрь Кенжеғараев. Қазақстан лаңкестікке қалай тап болды?

«Кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват!»

Абай.

Әлімсақтан «Батыр болмақ сойдан-дүр, жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр»,- деп ел мен жерді қорғауды мақсат тұтқан атам қазақтың ұрпағының, соңғы кезеңдерде ел ішінде белең алған түрлі келеңсіздіктерге бой алдыруы кез-келген азаматты ойландырмай қоймас! «Ештен кеш жақсы» дегендей дабылды қағып, ел болып қоңыраулатып, етек-жеңімізді жинайтын уақыт келіп жеткендей. «Ел басына күн туды» деген уақыт осы болар. Бұдан жаманның бетін әрі қылсын әмәңда.

Қазір БАҚ беттерінде елімізде осы жылы орын алып отырған бірнеше лаңкестік актілер туралы түрлі сараптамалар жасалуда. Сондықтан да ең маңыздысы мәселенің шығу төркінін, қалай және неліктен біздің мұндай жағдайға душар болып отырғандығымыздың себебін анықтауымыз керек. Қандай кемшіліктер жіберілді және ол кемшіліктерді жоюға, болдырмауға қандай шаралар жүзеге асырылуы тиіс деген сұрақтар аса өзекті болып отыр.

«Кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват!»

Абай.

Әлімсақтан «Батыр болмақ сойдан-дүр, жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр»,- деп ел мен жерді қорғауды мақсат тұтқан атам қазақтың ұрпағының, соңғы кезеңдерде ел ішінде белең алған түрлі келеңсіздіктерге бой алдыруы кез-келген азаматты ойландырмай қоймас! «Ештен кеш жақсы» дегендей дабылды қағып, ел болып қоңыраулатып, етек-жеңімізді жинайтын уақыт келіп жеткендей. «Ел басына күн туды» деген уақыт осы болар. Бұдан жаманның бетін әрі қылсын әмәңда.

Қазір БАҚ беттерінде елімізде осы жылы орын алып отырған бірнеше лаңкестік актілер туралы түрлі сараптамалар жасалуда. Сондықтан да ең маңыздысы мәселенің шығу төркінін, қалай және неліктен біздің мұндай жағдайға душар болып отырғандығымыздың себебін анықтауымыз керек. Қандай кемшіліктер жіберілді және ол кемшіліктерді жоюға, болдырмауға қандай шаралар жүзеге асырылуы тиіс деген сұрақтар аса өзекті болып отыр.

Мен саясаттанушы, не әлеуметтанушы емеспін, дегенмен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қалыптасқан оқиғалар жайлы менің де азаматтық көзқарасым, танымым, ұстанымымның болуы заңдылық. Бүгінгі қазақ қоғамында орын алып отырған оқиғалар бір күннің жемісі, не жетістігі, не кездейсоқ оқиға емес екендігіне барша жұрт келісер, ол жылдар бойына жүргізіліп келген еліміздің ішкі саясатының олқылығы деп бағаланса керек және тек бұл жалаң діни ғана фактор емес, синтетикалық, кешенді фактор. Оның ішіне әлеуметтік, саяси, идеологиялық, діни, рухани факторлардың бәрі кіреді деуге болады.Лаңкестік әрекеттерді жасап отырған азаматтардың бәрі дерлік өрімдей қазақ жастары екендігіне көзіміз жетеді.   Бұл қазақ жастарының өзін-өзі өлімге шімірікпестен қиюына, халықтың санасына жат әрекетке бел байлап, табандылықпен баруына не себеп болуда?

Жеткен жетістіктері аса көп, дамыған елу елдің қатарына кіргелі отырған Қазақстанның беделін көре алмаушылардың арнайы ұйымдастырған әрекеттері ме, әлде өз топырағымызда өсіп шыққан өнім бе?

Жағдайдың күрделі екенін үкімет пен құзырлы мемлекеттік органдар әлі күнге дейін толық сезіне алмай отырғандай сыңай қалдырады. Осы тұста үкімет пен арнаулы орындар қызметкерлерінің ұлттық діл мен тарихтан жырақ екендігі көзге ұрынып көрініп қалатындай. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші елімізде қалыптасқан осындай ахуал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ішкі саясатқа, оның ішінде дін мәселесіне жете көңіл бөлмегендігімізден туындап отыр. Зайырлы Қазақстанның Конституциясы мен «Дін туралы заңы» әлемдегі барлық секталар мен конфессиялардың  елімізде тайраңдап, орнығып, кең құлаш жайып әрекет етуіне жол берді. Атеистік вакуумнен шыққан діни, психологиялық тұрғыдан әлжуаз, әлеуметтік тұрғыдан кедей қазақ қауымы шеттен келген миссионерлердің тістегенінің аузында кетті. Оған бір дәлел ретінде 2003 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанның аумағында 3206 діни бірлестіктер тіркеліп, жұмыс істегендігін айтсақ жеткілікті сынды.

Әрине, әлемдік экономикалық катаклизмдердің тұсында іргесін қалап, аяқтан тұрып келе жатқан Қазақстан үшін сыртқы саясат мәселелерімен қатар, экономиканың өзекті болып, сол үшін көп жұмыс істеліп, басым назар бөлінгенін жоққа шығармаймыз. Ол Тәуелсіз елдің тұғырын бекіту үшін керекті маңызды шаруалар, дегенмен ішкі саясат пен руханият мәселесінде кемшіліктер жіберілгенін мойындауымыз керек. Әйтпесе, елімізде лаңкестер қайдан шықты дейсіз?

90-шы жылдары дәстүрлі қазақ танымына жат түрлі ағымдар, оның ішінде христандық, мұсылмандық, басқа конфессиялық миссионерлер ел ішінде ашықтан ашық уағыз жүргізіп, жастарды өздеріне баулуы кең етек алып, үлкен қалаларды қойғанда, шағын ауылдарға дейін ауыз салып, дендеп енгендігі анық. Сол тұста оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмағандығы да шындық. Бірлі-жарым ел зиялылары ғылыми тұрғыдан зерттеу еңбектер жазып, айтып жатқанымен оған құлықты болған бірде-бір мемлекеттік орган жоқ еді. Барлығы да «қазынаны жеу чемпионатында» жарысып, шелектеп тер төгіп жатқан болатын. Елішілік қазынаны жеу чемпионаттарының жеңімпаздары, қазір шетелдерді жарылқап отыр.

Елді жегіш сыбайлас жемқорлар мен елдік танымнан, халықтан  жырақ космополит шенеуніктер ол өз алдына бөлек әңгіме. Алайда сол уақытта жіберіліп, кейін де жалғасқан «немқұрайлы» позиция мен мәселенің төркінін білместік пен тарих таразысынан аулақтық бүгінгі биліктің жауырының жер иіскетті. Ұлттық, мемлекеттік діл мен тарихтан, мәдениеттен хабары шамалы үкімет пен билік мүшелері экономикалық, қаржылық тұрғыдан сауатты болғанымен, дін мен руханият мәселелерінде әрқашан сауатсыздық танытты.  Ал бұл мәселелерді бір-бірінен тым оқшаулау керек емес еді, мемлекет те тірі организмдей, барлық салалары бір-бірімен өте тығыз байланысты, жіпсіз жалғанған деп айта аламыз.

Әлемнің  барлық уақыттарындағы ойшылдары сөз еткендей,   адам табиғатының мәні, оның жаны мен рухы болатындығы, адамзаттың көбіне сол жан мен рухтың қалауы бойынша тіршілік ететіндігі мәселелері ешқашан толастаған емес. Сол сықылды қазақ қоғамы да өмір дегеніміз тек экономика мен қарын қамы еместігінен хабар бергендей.

Елімізге дендеп кіріп, қанаттарын жайған діни ағымдардың батыстық тармағы қандай зиянды болса, шығыстық, діни тармағы да сонша қауіпті екендігін дәлелдеді.  Ислам діні атын жамылған деструктивті, радикал, экстремистік топтар мен сол топтарға рухани азық болып, дем беретін, пана болатын ағымдар ел ішіне кіріп, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп, әлі оңы мен солын танымаған көк өрім жастардың санасын улап, жан дүниелеріне психомедидативтік тәсілдермен кері әсер етіп, адамшылыққа жат әрекеттерге баруына итермелеуде. Бұл үрдістің бір күнде іске аспайтыны белгілі, құрыққа іліккен жастарға сол жат ағымдардың оқымысты діндарлары мен рухани көсемдері бірнеше ай бойына уағызын жүргізіп, әлі ыстық-суығы басылмаған және мектеп қабырғасы мен жоғары оқу орнында қазақ халқының нағыз адамгершілік мұраттарға негізделген діни ұстанымы мен танымы бойына сіңірілмеген, әлеуметтік мұқтаждықтар мен күн көріс қамынан әрі аса алмаған өскен ортасы мен дионистік өмір салтын жарнамалайтын сауыққұмар телеарналар игі әсер ете алмаған  тұлғаны қалауынша иілтіп, жат ойын айтып иландырып, сендіріп, өздерінің түпкі мақсаттары жолында пайдалануда.

Қарама-қайшылығы көп, мәңгілік арпалыстардан тұратын мына жалпақ дүниеде кез-келген адамның рухани тірек іздейтіні белгілі және түптің-түбінде ол рухани тірек -  дін болып табылады. Ислам дініне барынша жан тазарту үшін енген жанның басында түрлі толғаныстар болатыны бар. Дін, исламның, Құранның, иманның, шариғаттың жолы мен оның айтқандары басқа да, реалды өмір мүлдем басқа арнада дамиды, өрбиді. Құран мен хадистердің айтқандарының көбі мына біздің өмір сүріп отырған әлем мен өз елімізде орындалмайды. Жас адам саяси-әлеуметтік тұрғыдан да, моральдық-идеологиялық тұрғыдан да қарама-қайшылықтарға кезігеді. Өкінішке орай елімізде әлеуметтік теңсіздік орын алғаны жасырын емес және әлеуметтік жік жылдар өте тым тереңдеп, ұлғайып келеді. Моральдық-этикалық тұрғыдан да қоғамымыз өте әлсіреген. Осылай сыртқы қоршаған әлем мен жеке өзі саяси, әлеуметтік, моральдық тұрғыдан коллизияға түсіп, жан әлемінде тартыс алып жүргенде, деструктивті ағымдардың ықпалына түсіп, халифат құруды уағыздайтын, не Құранда қалай жазылса солай жүруді насихаттайтын, күштік органдарға бағынбауға, мемлекетшілдік идеяға қарсы жұмыс істейтін, ел арасында қауіп пен үрей отын сеуіп, қоғамда бей-берекетсіздік пен тынышсыздыққа, қауіпке бастайтын оның әрісінде мемлекеттің қауіпсіздігі мен энергия көздері, байлығын талан-тараж ету, осы сынды идеологиялық жолмен дамушы елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, ту-талақай ету сынды мүдделер жатқан секілді. Сарапшы саясаттанушылар Таяу Шығыс мен Солтүстік Африкадағы мұнайлы мұсылман елдерін түрлі себептермен жермен-жексен етіп, энергия ошақтарын өз қолдарына түсіргеннен кейін, келесі кезек дәл осы сценарий Орталық Азия елдеріне таянғандығын жарыса жазуда. Қазақстандағы орын алған жағдаяттарды әлемдік үдерістер тұрғысынан синхронды түрде қарастырсақ, АҚШ пен Еуропа елдерінің жүргізіп отырған «жымысқы» саясаты дегенге келісесің. Тіпті, діни содырлардың және сол сияқты «исламдық лаңкестіктің» «рухани жебеушісі» болып отырған уахаббистік, салафиттік ағымдардың да «батыстық туынды» екендігін баяндайтын пікірлер тағы бар. Еліміздің сыртқы және ішкі тұрақтылығына жасалған шабуылдардың артында кім тұр деген мәселе Қазақстан үкіметі пен арнаулы органдарын, оның ішінде Дін істері агенттігі мен ҚМДБ-ын жауапкершіліктен босатпайды. Әрине, кінәні бүкіләлемдік қақтығыстар мен саясаттан іздеп тауып, «квази жауды» жерден алып жерге салып жамандап, ту-талақай етуге болады. «Суда жүрген ақ шортан, Қарағай басын шалмай ма?» дегеннің кері келсе, қиындықтың көкесі сонда болар.

Ал қазіргі уақытта Қазақстандық жағдаятты диахронды тұрғыдан қарастырсақ, мәселені шеттен емес, өз қателіктеріміз бен кемшіліктерімізден, өз ішімізден іздеуіміз керек. Оның бірінші факторы ретінде еліміздегі дін саясатының дұрыс болмағандығы, шетелдік түрлі ағымдардың бәріне құшақ ашып, тайраңдатып жібергендігімізде болса керек.   Әлеуметтік мәселелер мен сыбайластық жемқорлық факторлары да радикалисттер үшін серпін болып отырған жағдайы тағы бар. Қазақ халқының ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлі танымын бір жақты жоққа шығарып, шеттен келген «тар өрісті дүниелерін» тықпалауы және оған мемлекеттік тосқауыл қойылмауы, тіпті елдің қауіпсіздігін сақтап, халықты жат сенімдерден қорғауы керек жауапты тұлғалар мен мекемелер қызметкерлерінің өздерінің сол жат ағымдардың жетегінде кеткендігі және олардың сол дүрбелең тудырып отырған жат ағымдардың насихатшысына айналғандығы жөнінде пікірлердің айтылуы көп жағдайлардың басын ашып берсе керек. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, ел басшылары халықтың сөзіне құлақ асуы тиіс. Және дәл еліміздегі лаңкестік актілердің діни сипатын ескеретін болсақ, діни кадрлар мәселесіне де ыждаһаттылықпен қарау керек. Дін істері агенттігі, ҚМДБ, сондай-ақ «Асыл арна» сынды мемлекеттік құзіретті органдар қызметкерлері мен ақпарат саласы мамандары қатарында дәстүрлі исламнан бөгде сенімдегі адамдар аластатылуы қажет. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген халық даналығын ескеріп, еліміздегі діни ахуалды басқаратын органдардар қызметкерлері ол індетпен ауырса, қарапайым жастарға не пәтуа айтасың? Сондықтан, Елбасы ол органдарды да бір ревизиядан өткізгені нұр үстіне нұр болар еді. Құқық қорғау органдары деструктивті топтардың пайда болуын жіті қадағалап, елдегі қару-жарақ айналымын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Алдағы уақытта азаматтарымыз екі жақтан да құрбан болмаса дегіміз келеді.

Мәселе лаңкестік қазақ жерінде терең тамырлады, алдағы күндер тіпті сұмдық болады деп бояуды қоюлатып, дабыра жасап, қауіп пен үрей тудыру міндет емес. Қалыптасқан жағдайды объективті тұрғыдан бағалап, конструктивті ой айту мақсат. Осы мақсатта «науқаншылығымен» халықтан ажырап, алыстап бара жатқан «Нұр Отан» ХДП-сы қандай шаралар атқаруда? Еліміздің билік партиясы қарапайым халық, әсіресе жастар түрлі миссионерлердің қолында кетіп, деструктивті ағымдар сайрандап жүргенде қол қусырып отырды, дабыл қаққан жоқ. Енді ел лаңкестерден есеңгіреп жатқанда, билік пен әлеуметтің арасына жік тудырып, «біреудің жоғын, біреу өлең айтып жүріп іздейдінің» керін келтіріп, алдағы болар сайлауға басым бөлігі орыстілді азаматтар мен зейнеткерлік жасқа таяп, мемлекеттік қызметтен «шаршаған» ақсақалдарды ұсынуда. Мәжілістен орынды монополизациялап алған,  3, 4 дүркін депутат атанған, өз потенциялын сарпыған жандардың орнын жаңа, жас буын азаматтар алмастыруы керектей және Сайлау заңына партиялық тізіммен бір азамат тек 2 ғана шақырылымға депутаттыққа сайлана алады деген өзгеріс енгізу қажет сынды. Ана тілін білмейтін, халық мұңынан жырақ, «23 ақпан күнін ерекше ұлықтайтын, жыл бойына сол күнмен құттықтауға дайындалатын» Тәңірберген Бердоңғаровтың 3-ші мәрте партиялық тізімге ендірілуіне жол болсын?!

Діни-экстремистік  тұрғыдан сыртқы және ішкі саясатты қатаң қадағалаумен қатар, елде саяси және әлеуметтік әділетсіздік пен алауыздықтың болмауына жұмыс істелуі керек. Билік пен халық бір тілде сөйлесуі қажет. Ал қазіргі қалыптасқан   жағдайға Абайдың айтқан сөзінен артық баға жоқ: «Адам баласын заман өстіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват». Сондықтан қазақтың арғы атасында жоқ лаңкестердің  пайда болуына алғышарт жасап, түптің-түбіне келгенде қазақ баласының ессіз, ит өліммен өлуіне сіз бен біз де, үкімет пен партия да, қызмет пен қарынын, байлығын ғана күйттейтін шенеунік те, құлқын үшін жат ағымның сойылын соғып жүрген сатқындар да, атақ пен шен үшін диссертация жазып, жылы орын іздейтін ғалымдар да, «елдің көзі, құлағы, үні» болатын, мәселенің төркінін дөп танып, жедел «қоңырау» қағудың орнына сауықшылдық пен карнавализацияны, әсірежылтырауықты әспеттейтін телеарналар мен жорналшылар да, қаптаған ЖОО-дарының, не кезінде аудан орталықтарында жұмыс істеген «академиялардың» сыртқы бөлімдерінен диплом алған мұғалімдердің де, дүние мен діннің мәнін ұғынуға талап қылмайтын, қолына қажетті кітаптарды ұстамайтын қарапайым ауыл тұрғындары ата-аналар да - Кінәлі. Енді серпілетін уақыт жетті!

Ноябрь Кенжеғараев,

«Нұр Отан» ХДП мүшесі

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529