Праймериз. Тұмағамның ауылына тіркелдім
Праймериз – білікті депутат таңдаудың таптырмас тәсілі!
«Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ЕРЕЖЕСІ жарияланған сәтте, бірінші болып, осындай тақырыппен мақала жаздым. Оны «Abai.kz» сайтына шығарып, өзімнің осы праймеризге қатысатынымды ашық айттым.
Іле-шала Американың белді басылымы The Washington Times-та мақала жазып, «Nur Otan» партиясы өткізгелі отырған тұңғыш праймеризге «Демократиялық мәдениеттің бұлай дамуы балама көзқарастар мен пікірлердің айтылуына мүмкіндік беріп, азаматтық белсенділіктің артуына ықпал етеді» баса назар аударғаны белгілі болды.
Жасыратыны жоқ, жеме-жемге келіп, додаға кандидаттарды ұсыну және тіркеу басқышы таяғанда кәдімгідей абдырап қалдым. Себебі, менің шауып барып, тіркеле қоятын туған ауылым жоқ екен ғой!
Әрине, «Мен осы ауданға тіркеліп, праймеризге қатыспақшы едім...»-десем, Қазақстанның қай ауданы болса да мені шетке қақпасы анық. Бірақ, құрып қалғыр, осындай бір құлазыған ойдың сап ете түсені рас...
Құдайға тәубе, жақсы түсінісетін, сыр бөлісетін, арыстан жалды, тау мүсінді азаматтар көп. Қиналсам, ақыл сұрайтын аға-бауыр жетерлік. Сол жігіттің біреуі Алматы облысын нұсқады. Екіншісі оны құптай кетті. Жәркен Бөдешұлы ағам айтпақшы, енді ары қарай мидай жазық...
Сөйтіп, мен «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалына да байырқаламастан, Еңбекшіқазақ ауданының Қазатком ауылынан бірақ шықтым. Өтінішімді сонда өткізіп, сонда тіркелдім. Алла қаласа, мен праймеризге сол Еңбекшіқазақ ауданынан қатысам.
Іштеріңіз сезіп те отырған болу керек, Еңбекшіқазақ – Қазақтың аса көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев туған аудан. Тұмаға 1935 жылы 20 марта аталған ауданның Қазатком ауылында дүниеге келген.
Жұрт жақсы біледі, Мен Қазақстанға Тұмағаны іздеп келгем.
Иә, Қазақстан Тәуелсіздігін алып, әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырып жүрген қазақтардың Атажұртына ағылған көшінің алғашқы легінде мен де болдым. Менің Тұманбай Молдағалиевті пана тұтып келуім – бір жас жігіттің қазақтың маңдайға басқан тарлан ақынын жай іздеп келе салуы емес еді. Бұл келудің атадан балаға жалғасқан өзгеше салт немесе ғажайып дәстүр екенін баса айтқым келеді. Тіпті, баға жетпес құндылық деп те айтуға болады.
Қараңыз, Кеңес одағы дейтін өктем империяның текпісімен Қазақстандағы өзінің байырғы мекенінде отырған қазақтар 1916 -, 1928 -, 1932- жылдары арт-артынан үш рет шетелге қоныс аударуға мәжбүр болды. соның көбі Қытай жаққа ауды.
Неге?!
Онда қасиетті қазақ жерінің бір құт қонған құйқалы өңірі жатыр. Онда мекендеп отырған байырғы ел, берекесі кетпеген қазақтар бар.
Бір елден екінші елге барып ірге тебу, сіңісіп кету оңай шаруа болмаса керек! Бірақ, шегара бұзып өткен қарға тамырлы қазаққа онша қиын да емес. Әр елдің жөн білетін, халқына сөзі өтетін тұлғалары болады. Елдің намысы мен ары сол би-болыстардың әрекетіне қарай өлшенеді. Қазақ «Жным – арымның садағасы!» - деген ұстанымдағы халық. Сол ел ағалары бас болып, алыстан пана тұтып келген қандасын қандалаға талатпй, айдалаға қаратпай, бауырына баса біледі. Сөйтіп, бергі беттен ауып барған елдің Жетісу мен Барқытбелдің арғы бетіне көп қиналмай, сіңіп кетуінің сыры – осы.
Міне, сол елдің елуінші-алпысыншы жылдардағы көштен қалған жартысына жуығы сүйретіліп әлі сол Үш аймақта (Алтай, Іле, Тарбағатайда) жатыр. Бергі бетке оралған бір қомақты бөлігі осы Жетісу өңірінде. Екінші бөлігі Шығыс Қазақстан облысында.
Қысқасы, мен кешегі Үш аймақтың ат тізгінін ұстаған шонжарларын пана тұтып арғы бет асқан қазақтың жолымен бүгін Тәуелсіз Қазақстанға оралғанда, Алты Алаштың Тұмағасын іздеп келген жігітпін.
Міне, бұл – қайталанып отыратын өмірдің философиясы.
Тұманбай ақын мені бетімнен қаққан жоқ. Қайта, өз балаларын кем көрмей, әке-шешем орындап үлгірмей кеткен парызды Күлтай тәтем екеуі атқарды. Қасынан бір сәт тастамай ертіп жүрді. Өзі барған жердің бәріне ертіп барды. Жақсы мен жайсаңның біразына таныстырды. Гүлбаян атты сұлу қызға құда түсіп, бір жылқысын сойып, үйлендірді. Қашан өмірден озғанша, «Ауытымның жүрген жері – береке!»-деп, маңдайынан сыйпап өтті жарықтық... Тұмаға екеуіміздің екі елде туып, екі елде тәрбиеленсек те бірге туғандай, аңызға айналған аға-бауырлық қатынасымызды естіген, өз көзімен көрген шеттегі қандастарымыздың Атажұртқа, ондағы халыққа деген ризашылығы мен сенімінде зор сілкініс болғанын мен мақтанышпен айтқым келеді.
Әрине, байтақ Қазақстанның қай түкпірі, қай өңірі болса да, ол – менің ауылым. Соның ішінде Тұмағамның кіндік қаны тамған Еңбекшіқазақ ауданы, оның Қазатком ауылының мен үшін орыны өте бөлек! Сондықтан, менің Тұмағамның ауылын таңдауым – тегіннен-тегі емес!
Бұл – бір.
Екіншіден, мен шеттегі бес-алты миллион қазақтың жоғын жоқтап жүрген жанмын. Кешегі Бәйдібек пен Домалақ анамның, Абақ пен Мұрын әжелерімнің ұрпағы Қытайдың қанды шеңгелінде қалмаса екен, жүйеден шеттегі бес миллион қазақ Қара шаңыраққа оралса екен деп, ата-баба аманатын арқалап жүрген жігітпін. Соған сай, Елге келгелі үш жүзге жуық мақала жазыппын. Соның дені Көші-қон тақырыбында. Әрбір мақалада шеттегі тарыдай шашырып жүрген сол Алаш баласының тікелей тағдырына қатысты сөз айтылды. Сол мақалалардың басын қосып, «Көш, көшке кім өш?!», «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел!» және «Оралман емес, қандаспыз!» атты көлемді үш кітап шығардым. Соның арқасында, Қазақ көшінің мәселесі бір күн де күнтәртіптен түскен емес. Қатысты заңдар мен нормативтік құжаттардағы түйткілді мәселелер Парламент, Үкімет, тіпті Президент деңгейде шешімін тауып отырды. Көші-қонға қатысты Заңдар мен нормативтік құжаттарға сапалы өзгертулер мен толықтырулар енгізілді және тарихи шешімдер жасалды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің Заң шығару билігіне айтарлықтай ықпал еттім. Сөйтіп, Атажұртқа көшіп келіп, қоныстанғысы келетінін қандастарымыздың тез, кедергісіз құжаттануына даңғыл жол ашылды.
Мен жақсы білем, Жетісудың халқы және бұл өңірдің атқа үстіндегі азаматтары шеттегі қандастарымыздың жанайқайын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырған көші-қон саясатының стратегиялық және тарихи маңызын жете түсінеді. Себебі, жоғарыда айтылды, Жетісу халқы арғы бет пен бергі бетке ауудың, бөлініп-жарылудың ащы азабын әбден тартқан. Кешегі үйірінен бөлініп қалған тумаларын жоқтап, аһ ұрған аталар мен аңыраған әжелердің аянышты бейнесі бүгінгі буынның есінен шыға қойған жоқ. Шығу былай тұрсын, көкіректеріне шемен болып қатып қалғаны анық...
Құдайға тәубе, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап екі елде бөлініп қалған қазақтар Азаттық таңы атқалы бері үйірін қайта тауып, құлындай шұрқырап бір-біріне қосылып жатыр. Олардың осы Жетісу мен Шығыс Қазақстанды көбірек сағалап, ың-жыңсыз орналасып жататыны да сол үзілмеген туыстық пен бауырмалдықтың арқасы деп білем мен.
Жатсам-тұрсам жаныма бататыны, еліміз жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа кіргенімен, жан саны жағынан өзімен көршілес елдердің артында шаң қауып қалып отыр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 11% қана өскен.
Ал, осы мезгілдегі халықтың өсу көрсеткіші көрші Қырғыстанда 43%-ті, Өзбекстанда 60%-ті, Тәжікстанда 68% -ті көрсетіп тұр.
Аталған мезгіл аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 млн. адамға жеткен. Тек соңғы он жылдың ішінде (2009-2019ж.) ішінде Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам қоныс аударыпты. Олардың көбі шекара аймақтың тұрғындары екен. Ауылдар бос қалуда...
Еліміз демографиясының бір үлкен доноры – алыс-жақын шетелдерден көшіп келетін осы қандастарымыз.
Өкінішке орай, пандемияның кесірінен қазір көш тоқтап тұр. Оның арғы жағында, Қытайда жүргізілген фашистік қысым да қазандастарымыздың елге оралуына орасан зор кесірін тигізді.
Менің Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутат болсам деудегі басты мақсатым – тәжірибелі маман ретінде осы мәселені биігірек мінбеден көтеріп, Көші-қонға қатысты заңдар мен бағдармаларды тіпті де кемелдендіре түсуге күш салу. Көші-қонды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналдыруға ықпал ету.
Осы жерде ескерте кететін бір түйін бар.
Партия ішіндегі іріктеуге түсіп, бағын сынағысы келетіндердің саны қазір сегіз мыңнан асыпты. Олардың ішінде Алматы облысының және осы мен тіркелген Еңбекшіқазақ ауданының азаматтары аз болмаса керек. Сондай-ақ, бұл тізімде Тәуелсідік жылдары көшіп келіп, Қазақстан азаматы атанған ағайындардың да бар екені анық.
Естеріңізде болса, өткен жылы 25 қарашада Елбасы «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдарының өкілдерімен кездескенде «Әрбір мәслихаттың сайлауалды партиялық тізіміне халықтың түрлі санатының өкілдері, отанына оралған ҚАНДАСТАРЫМЫЗ, мүмкіндігі шектеулі адамдар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енгені жөн»-деген болатын.
Елбасымыздың сол тапсырмасы бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ЕРЕЖЕСІНДЕ көрініс тауып отыр.
Аталған ЕРЕЖЕДЕ « - әлеуметтік топтар бойынша квота – партиялық тізімдердің сапалы құрамына қойылатын талаптар: партиялық тізімдерде кем дегенде 30% әйелдердің және 20% 35 жасқа дейінгі жастардың болуы. Көпбалалы аналардың, ҚАНДАСТАРДЫҢ, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілуі мүмкін;»-делінген.
Айтпақшы, осы әлеуметтік топтар бойынша квотаға байланысты, АҚШ-тың манағы The Washington Times басылымы ерекше тоқталып, «Әрине, мұндай арнайы квота бөлу тәжірибесі Бельгия, Франция мен Германия тәрізді дамыған Батыс Еуропа елдерінде бар болғанымен, мұндай шара Қазақстан тәрізді Орталық Азияның дамушы мемлекеті үшін теңдессіз фактор. Бұл – барлық демократиялық реформаторлар мен белсенділер үшін монументалды және сейсмикалық сілкініс» - деп, өте жоғары бағалапты.
Менің бір үмітім – осы әлеуметтік топтар бойынша берілетін квота!
Осы жерде тағы бір шындықты айта кеткенді жөн көрдім.
Мен қазақты «Шеттен келген», «Жергілікті» деп бөлуден мүлде аулақпын. Бірақ, арғы беттен оралған қандастарымыздың саусақпен санаулы ғана азаматтары болмаса, басым бөлігі саяси өмірден алыстап қалғаны – шындық. Көп санды қауым «WhatsApp» бастаған әлеуметтік желілерде отырып алып, салғыласқаннан аса алмай келеді. Одан қала берді, фейк аккаунттармен бірін-бірі қаралау, біріне-бірі жала жабу жағынан оқ бойы озып, алдыға кетті. Саясатқа өз бетімен араласқаннан гөрі, көрінгеннің шылауы мен айтағында жүргендер де жетерлік...
Бұл – бір жағынан олардың саяси мәдениетінің төмендігі болса, екінші жағынан билік бұтақтарында олардың үлгі ретінде көретін тұлғаларының жоқтығынан болса керек деп ойлаймын.
Кеше «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаевтың басшылығымен кезінде Қытайдан, Маңғолиядан оралған ағайындарымыздың ішіндегі бірбөлім зиялы қауым өкілдерін қатыстыра отырып, онлайн конференция өткізді. Зиялы қауымның өтініші мен ойларын тыңдады.
Демек, Елбасы партиясы осындай жағдайларды ескергені анық, біздің праймеризге қатысып, бақ сынауымызға мол мүмкіндік беріп отыр.
Біз осы орайды ұтымды пайдаланып, праймериз арқылы аудандық, облыстық, мемлекеттік маңызы бар қалалардың мәслихаттығына, Мәжіліс депуттатығына түсіп, саяси мәдениеттілігімізді, кәсіби өремізді көрсетуіміз керек!
Сөз соңында, өтінішімді жерге тастамай, жылы қабылдаған «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жоргенбаев ағамызға, Еңбекшіқазақ аудандық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев ағамызға, сондай-ақ Еңбекшіқазақ аудандық партия филиалының қызметкерлері Бағдат Рахимов ағамыз бен Мөлдір Смаділова қарындасыма алғыс айтам!
Ауыт Мұқибек,
«Ерен еңбегі үшін» медалының иегері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі
Abai.kz