Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3120 0 пікір 23 Желтоқсан, 2011 сағат 06:04

Сәуле Мешітбайқызы. Жаңаөзен жарасын кім жазады?!

Дүрбелеңге толы дүниенің қазаққа тосын «сыйы» дайын тұр деп кім ойлапты тегінде. 362 әулие жатқан киелі аймақтың төсінен шу шықты елді дүрліктірген. Дәл тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында бүлікшілер (олай деп айтуға аузым бармайды), сүттей ұйыған тыныштықтың түндігін желпіп, өрісімізге қызығып, әр ісімізге қызғанышпен қарағандарды елең еткізді. Әп сәтте-ақ әлем құлақтанып, еңселі елдердің көшіне еруге талап қылған мемлекетіміз азулы айыптаулар мен әзәзіл пікірлердің ошағына айналып шыға келді. Жиырма жылда жеткен тамаша жетістіктер мен толайым табыстарды жоққа шығаруға тырысып жатқандар да байқалады. Алып қашты сөздерге арқа сүйеген ақпараттар ағыны отандық БАҚ-ын жаныштап, демократияны желеу етіп, түймедейді түйедей қылып өздерін бір көрсетіп қалуға тырысуда. Қалай болғанда да жаһанға жария болған оқиғаға берілген кейбір саяси бағалардың шындыққа жанасатынын жоққа шығармаймын. Алайда пісуі жетпеген шала дүниелердің де өріп жүргені жасырын емес. Дегенмен «аттандап» жатқандардың көпшілігі қазақ ұлтының тозуын аңсаған пиғылдан туындап жатқаны сөзсіз. Осындай сәтте елге тоқтау айтып, ашуды сабырға жеңдіруді сұранып жатқан ел ағаларының өтініштеріне құлақ асқанымыз жөн ағайын. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дейді атамыз қазақ.

Дүрбелеңге толы дүниенің қазаққа тосын «сыйы» дайын тұр деп кім ойлапты тегінде. 362 әулие жатқан киелі аймақтың төсінен шу шықты елді дүрліктірген. Дәл тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында бүлікшілер (олай деп айтуға аузым бармайды), сүттей ұйыған тыныштықтың түндігін желпіп, өрісімізге қызығып, әр ісімізге қызғанышпен қарағандарды елең еткізді. Әп сәтте-ақ әлем құлақтанып, еңселі елдердің көшіне еруге талап қылған мемлекетіміз азулы айыптаулар мен әзәзіл пікірлердің ошағына айналып шыға келді. Жиырма жылда жеткен тамаша жетістіктер мен толайым табыстарды жоққа шығаруға тырысып жатқандар да байқалады. Алып қашты сөздерге арқа сүйеген ақпараттар ағыны отандық БАҚ-ын жаныштап, демократияны желеу етіп, түймедейді түйедей қылып өздерін бір көрсетіп қалуға тырысуда. Қалай болғанда да жаһанға жария болған оқиғаға берілген кейбір саяси бағалардың шындыққа жанасатынын жоққа шығармаймын. Алайда пісуі жетпеген шала дүниелердің де өріп жүргені жасырын емес. Дегенмен «аттандап» жатқандардың көпшілігі қазақ ұлтының тозуын аңсаған пиғылдан туындап жатқаны сөзсіз. Осындай сәтте елге тоқтау айтып, ашуды сабырға жеңдіруді сұранып жатқан ел ағаларының өтініштеріне құлақ асқанымыз жөн ағайын. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дейді атамыз қазақ. Ел тыныштығы үшін  бабалар даналығына зер салайық. Сабырға келейік, ағайын. Ұлтымыздың тыныштығы мен бірлігіне сызат түспесін. Бұлай жалғаса берсе тұтастығымызға қауіп төнгелі тұр. Әлемде 250 мыңға жуық ұлттармен ұлыстар бар десек, соның 200-і ғана тәуелсіз мемлекеттер болса, оның біреуі біз. Біле білгенге, ұлтының болашағын ойлағанға, ең басты құндылығымыз  тәуелсіздік екенін естен шығармайық. Ата-бабамыз аңсаған арман күнді уыстан шығарып алмайық даңғазаға еріп. Елбасының да елі үшін сіңірген ерен еңбегін қадірлейік. Мұның бәрі менің аналық сөзім, қарақтарым. Жаңа ғана еңсемізді түзеп, ел болып келе жатқанда тосыннан лап ете қалған ұшқынның, қауға тиген өрттей еліміздің өзге аймағына шашырамауын тілеймін бір Алладан. Күні кеше ғана Елбасының бар облысты аралап шыққанын көзімізбен көрдік. Арнайы барып Маңғыстауды да аралады. Ел жұртпен әңгіме дүкен құрды. Әкімдерден бастап ақындарға шейін, қазыналы қариялар қостап, «бізде бәрі тамаша, проблемалар шешімін тапты» деп шығарып салды патшамызды. Бәлкім сонда бәлен ай бойы аштық жариялап жатқан бейбақтардың талап тілектерін ескеріп, Елбасыны орынды орынсыз мақтап шуылдағанша, (Ол кісі мақтауға зәру ме, әлем алдындағы беделінің өзі қандай) мұнайшылардың жағдайын жұқалап жеткізген қария болғанда бүгінгі елді дүрліктірген оқиғаның бейбіт мақсатта шешімін табуына септігі тиген болар ма еді. «Әттең тонның келтесі ай» дейсің осындайда. Әйтпесе сыпыра мақтау сықпытымызды қашырды әбден. «Ауруды өлім әшкере етеді» дегендей оқиғаның асқынуының бір астары мынада жатқандай. Мамырдың ортасында басталған мұнайшылар шеруі Үкіметтің ұйқысын, шенеуніктердің күлкісін бұза алмады. Осыдан 8 ай бұрын он мыңға жуық маңғыстаулықтар мен мұнайшылар Елбасыдан бастап еліміздің қос палатасы, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деп сенім артқан Сенат пен Мәжіліс төрағаларына, Үкімет басшысына, Бас Прокурор мен Жоғарғы сот төрағасына, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасына, Ішкі Істер министрі мен еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі басшыдан араша сұрап, әділдік іздеп маңдай термен тапқан еңбектің өтемақысын адал әрі заңды түрде шешіп беруін талап еткен болатын. Мұнайшылардың ашық хатында еңбекшілерді жазықсыз қудалап, «жабайы» мінез көрсеткен жергілікті басшылардың, жұмбақ жағдайда көз жұмған еңбеккерлердің жоғын жоқтап, қазақ қызының абыройын аяққа таптағанын, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапкершілігін күшейтуді талап етіп, осы жылдың 10-қарашасына дейін жауап беруді жалынып та сұрады. Алайда, Үкімет үнсіз қалған соң, басқа да басшылар басын ауыртқысы келмеді. Олардың мұңына жүрдім-бардым қараған билік, ереуілшілер бас көтергенде күлкісін тия алмай қалды. Жоғарыға шағынып,  үміттері ақталмағасын, аштық жариялағандарды да көзге ілген жан болмады. Бұл біле білгенге адам тағдырымен «мысық-тышқан» ойыны тәрізді көрінеді. Ақ-қарасын ашып алмай «мұнайшылар бүйректен сирақ шығарып отыр. Әйтпесе 400-500 мың жалақы аз емес, ондай жалақы Қазақстан бойынша жоқ, олар құтырған» деп ақпарат таратқандары ел есінде. Көпшілік бұған сеніп те қалған. Енді міне ақ-қарасы анықталып, «болары болып бояуы сіңгенде» мұнайшылардың жалақысының 180 мыңнан аспайтынын сарапшылар анықтап отыр. Бұлда болса шиеленіскен оқиғаның өршуіне дауыл болып тигені анық.Осылайша қай ақпаратқа сенерін білмей халық жүр. Ашып айтуымыз керек, Тәуелсіздіктің қазаққа бергені көп. Бірлігіміз жарасса алдағы күндерден де  үмітіміз зор. Бүгінгі болып жатқан қақтығыстар, түсінбестіктер, билік тарапынан жіберілген өрескел қателіктен туындап отыр. Мұны баса айтуымыз керек. Бас уәзірге бұл үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Әлеуметтік теңсіздік, шетелдіктердің қазақтың сайын даласының мұнайын, өзге де қазба байлықтарын атасынан қалғандай иемденіп, қазақтарды қор санауы, қытайлықтардың, өзге де шетелдік жұмысшылардың кейбір әбес қылықтары бұған дейін де ұлтараздығын қоздырып, ақырында «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» дегендей дуылдап барып басылғанын ұмытқан жоқпыз. Келешекте жергілікті жердің халқымен санаспай, өрелі биіктерге жете алмайтынын кімнің болсада біліп жүргені дұрыс. Әсіресе билік басындағылар. Ел басының мәселенің күрт өршігенін түйсініп, Жаңаөзенге ел ішін тыныштандыру үшін әскер жіберіп коменданттық сағат белгілеуін,  ынтымаққа ақылға келтіру үшін жасалған қадам деп түсінейік. Көріп отырғанымыздай, ғаламторда, басқа да ақпарат құралдарында салиқалы пікір айтпай, керісінше халыққа жаны ашыған болып, әртүрлі қауесет таратып жатқандар жетерлік. Менің айтпағым құр босқа арандатып жастарымызды қырып алмайық ағайын. Ашуды ақылға жеңдірейік. Ғаламтордан ереуілшілдер «Европарламент бізге көмек беретін болды» дегенді қуана айтып жатты. Бұл да болса менің жүрегіме шаншудай қадалды. Тәуелсіз елімнің мұң-мұқтажын  Еуропарламент қарайды деген не масқара? Тап сондай күн туа қалса әлем алдында масқарамыз шығары анық.

Жаңаөзенді оқиға бір күнде қоздаған шоқ емес. Әбден маздап жанып, тұтанған өрт. Өздеріңіз көздеріңізбен көргендей ереуілшілдердің басым көпшілігі жастар. Оларға не жетпеді дегенге келсек, оларға Отан анасының жылуы мен қамқорлығы жетіспеді деп толық айта аламын. Алғашында өз құқықтарын қорғағаны үшін бәле іздегіш атанды бейбақтар. Алматы мен Астанаға барып өз мұң-мұқтажын Үкіметке тыңдата алмағаны соның айғағы. Бір нақты мысал келтірейін. Үкіметке сөздерін өткізе алмаған соң қоғамдық орындарға барып мұңдарын шағыпты кейбіреулері. Кейін қоғамдық орындар араласты бұл іске. Бәрібір түкте шықпады. Дерек көздеріне қарасам  02.08.11ж. ереуілге  шыққандарға 3 ай болғанда Жаумітбай Сейтмұратов деген зейнеткер мен Оразбай Тұрсынбай ашына шырылдап әділдік іздеп шарқ ұрыпты. Сөздеріде салмақты. Бір сәт құлақ түріп көріңіздерші не дегендеріне. «Үкімет неге бейбіт жолмен шешпейді ереуілшілердің талап тілектерін. Біздер Маңғыстаулықтар шұғыл континентальды жердеміз, бау-бақшамыз жоқ.  Кредиттеріміз де бар. Көкөністерді  қымбат бағамен базардан сатып аламыз. Жұмысшылардың айлығы жүзден асып жығылғанымен, тауарлардың бағасы да аспандап тұр. Керек десеңіз аттестациялау өз дәрежесінде жүрмейді. Радиация кесірінен балалар өлімінен Қазақстан бойынша алдыңғы орындамыз. Халықтың денсаулығы да көңіл көншітпейді. Сондықтан ереуілшілермен санасып, ортақ мәмілеге келуге неге асықпайды билік? Күні ертең ушығып кетіп жатса, кімді кінәлайды бұлар. Біз Үкімет басындағылардың байлығына көз алартып отырған жоқпыз. «Тіліміз былай, дініміз неге олай» депте отырғамыз жоқ. Біздің тілегіміз, еңбек заңдылықтарындағы әділетсіздіктерді шешіп, өз елімізде жүріп құлдық бейшаралықтан арылуға жол ашуын сұраймыз» дейді алысты болжай білетіндер. Айтыңдаршы кім құлақ түрді олардың зарына. Бүгіндері Жанаөзен қаласынан шықпай, халықтың алдында вице-министр Өмірзақ Шөкеев пен Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев т.б шенді-шекпенділер  сол кезде қайда болған? Егер сол кезде көңіл бөліп, істің мән жайымен толық танысқан болса еліміздің атына да, Елбасымыздың даңқына да кір келмеген болар еді.  06.08.2011ж.29 жасар Жаксылык Турабаев деген бұрғылаушы жас азамат белгісіз себептермен бақилық болды. Ол кәсіподан ұйымының белсендісі еді. Оның қазасының түп негізі әлі ашылған жоқ. Одан көп өтпей жас қазақ қызын қытай зорлапты. Айтуға ғана жеңіл болғанымен, осы жерде ұлттық намыстың тапталып жатқаны неге айтылмайды?  Бұған намыстанып атқа қону ерлердің ісі. Ашу-ызаның қайнауына осындай жат жұрттықтардың келеңсіз әрекеттері әсерін тигізбеді деуге бола ма? Ал әлгі дандайсыған қытайға қаншалықты әділ соттың шешімі шыққаны күмәнді. Осындай тартысқа толы мұнайшылардың өмірінен бір-екі рет барлық телеарналар хабар да таратты. Намысы бар қазақ азаматтары өре түрегелді. Қазақ пен қытай жұмысшылары арасындағы қақтығыстарда осы кезде орын алды. Әлеуметтік теңсіздікті жылап отырып айтқан қазақ мұнайшыларының сөзіне иіген бір басшыны көрдік пе сол кезде. Бүгінде бәрі жалпақшешей кейпіне түсіпті. Кәдімгідей әлеуметпен сұхбаттасып, пікірлерімен санасып жатыр. Осындай деңгейге жету үшін Үкіметімізге ереуіл керек пе? Халық «Көп қорқытып, терең батырып» қандай ұшпаққа шығады. Сағыздай созылған мұнайшылардың проблемасына, қоғамдық ұйымдар болмаса, қандайда  бір қоғам қайраткерін көрдік пе араша түскен. Арқалы ақын Темірхан Медетбек қана (09.08. 2011) өте орынды пікір  айтып мүлгіп кеткен қоғамды оятқандай болды. «Қара алтынның кайтарымы аз, шетелдіктер қазақ мұнайшыларына өз елінде құлынша қарайды. Бұл дегеніңіз ұлтты басыну ғой. Әрине шыдамы таусылған мұнайшылар қала әкіміне, болмаса облыс әкіміне барады, жазады бірақ әлгі әкімдер оларды қабылдамайды, себебі келеңсіздіктерді жоғарыға айтқылары келмейді, жоғарыға тек мақтану керек қой. Осыдан барып мұнайшылар ашынып ереуілге шығады, аштық жариялайды. Бірақ біздің Үкімет пыскырмайды да. Айтып-айтып бір күні шаршап қояды дейтін болса керек. Міне осылайша ашынған халық бір күні бомба болып жарылады» депті. Айтқаны айдай келді емес пе ақынның? Қаншама жамандап тыныш елдің ішін ойрандады десек те, мұнайшылардың талап тілектеріне Үкімет мойынсұнып, келісімге келіп жатқаны, «Халық қаласа хан атынан түседінің» кері демей көр. Ақ жаулықты ана ретінде көңіліме кірбің түсірген жайттарды да бүгіп қалуды жөн көрмедім. Ереуілшілердің екпіні сәл саябырсығанда, ереуілшілерді кінәлап, телеарналардан басу айтқан тұлғалардың кейбіріне жиіркене қарадым. 1986 жылғы желтоқсанда тура осылай болып еді. Онда да  зиялылардың кейбіреуі көсіліп сөйлеп, өзінің бауырларын кінәлап жатқан... Дәл солар кезінде өздері жазғырған желтоқсаншылардың арқасында Тәуелсіз елімізде атақ-даңққа бөленіп-ақ жүр...

Ең сорақысы сол қазақ қазаққа оқ атты не деген сұмдық. Қару кезеніп елді сабасына түсіремін деу, ақылдың шолақтығы. Байлықтың буына мастанғандардың дөң айбаты. Бұқара халықты тобырға теңеп жүргендердің ісі. Бұл енді сабасына түсе бастаған халықты қайта көтеруге зардабын тигізіп жүрмесін. Сыртқы жаулардың бұл іске қаншалықты қатысы барын білмеймін. Олар тарапынан арандатушылық болғаны анық. Мысалы Рахат Әлиевтің, Виктор Храпуновтың, Мұхтар Әблязовтың тәуелсіздігіміздің қабырғасын қаусатып, реті келсе ел ішіне ши жүгіртіп, алатайдай бүлдіруге «аңсарларының» ауып тұратынын оқып жүрміз. Дәл осы елін сатып, халықты тонап кеткен қашқындардың арандатып ақша төлеп отырмағанына кім кепілдік бере алады? Ғаламтордағы олардың ел арасында бүлік салуға итермелейтін «елбұзар» сөздеріне кім тосқауыл болады?! Елді қанап, даланың байлығын сыпырып кеткендерге күшіміздің жетпей жатқаны да түрлі ойға итермелейді. Неге олар жазадан құтылып, өзге елде тайраңдап жүруге тиіс. Бұлда халықтың өресі жетпей жүрген мәселенің бірі. Бұған нақты жауапты табу қиын болып тұр. Алайда Ертісбаев мырзаның ереуілшілерді кесіп пішіп, қарақшылар деп атауына жол болсын. Ертісбаев айтқыш болса, қашып жүрген нағыз қарақшыларды, әділдігін айтсақ, «халық жаулары» деп неге айта алмайды? «Ойланбай сөйлеген ауырмай өлетінін» білмеген Ертісбаев өз сөзі арқылы мұнайшылардың, оның ішінде күллі Қазақ елінің, Елбасының атына кір келтіріп отыр. Әсіресе, билік басында отырған басшылар мен қосшылардың сөйлеген кезде біржақты пікір айтпай, әр сөзін сараптап, саралап, ертеңгі ұлтының болашағын ойлап сөйлесе екен. Әрине, ғимараттарды өртеп, банкоматтарды тонағандардың қарақшылар екені даусыз. Бірақ ондайлардың бес мыңның ішінде санаулы ғана болғанын ішім сезеді. Ливиядағы қантөгіс кім-кімге де сабақ болса игі. Араша түскендей болмайын, құқық қорғаушыларға қарсылық көрсетіп, ғимараттарды өртеп жүргендер мұнайшылар деуге аузым бармайды. Мәселен, Жаңаөзен қаласында елуге жуық ғимарат өртенген. Олар қала тұрғындары өздерінің қолымен тұрғызған, барлығына керек ғимараттар еді ғой. Өз еңбектерін, өз өткендерін мұнайшылар өз қолдарымен өртеді дегенге сену қиын. Әрине, ашуға ерік беріп, ашынуға мәжбүр етсе қайтпек. Бірақ, адамгершіліктен аттап вандализмге бой ұру еңбектің парқын білетін, сол үшін талап қойып тапжылмай жарты жыл алаңда отырған мұнайшыларға тән емес қой. Бірақ мұнайшылар билікке әуелгі қойған талаптарынан қайтпақ емес. Жалақыларын көтерілуін, шетелдік мамандармен бірдей еңбекақы алуды қалайды. Оны әлеуметтік теңдік деп санайды. Бірақ ол үшін ғимараттарды өртеп, қан төгуге бармайтындарын хабарлауда. Бұлда болса аналық көңілімді бір көтеріп тастады. Қазақ елінің берекесіне нұқсан келтіріп, өзара қырқыстырып қойғысы келетіндер аз емес. Анталаған ашкөз жау көп маңайымызда. Ақтаудағы шиеленіскен жағдай диалогпен шешілуі керек қалайда. Ол үшін қақтығыстар толық ауыздықталып, бей-берекетсіздік тоқтатылуға тиіс. Ел тізгінін ұстағандар аймақтарға барып, халықпен жүздесіп, сабырға шақырып, талаптарына құлақ түріп, ортақ шешімге келуді реттегендері дұрыс. Жағдай ушығып тұрған аймаққа Ішкі істер минситрі емес, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов баруы керек еді, бірақ... Бәлен айдан бері ушығып келе жатқан істі арандатушылардың өз мақсаттарына пайдаланатынын біле тұра жайбарақаттыққа салынған Үкімет басшысының кінәсі көп... Қалай болғанда да бұл жағдайдың соңы бейбіт шешілуі тиіс. Халық арандатушыларға ермеуі керек, ал билік көп күттірмей мұнайшылармен диалогқа келуді тездетпесе болмайды... Егерәки олай болмаса, алдағы сайлау тыныш өтеді деуге аузым бармайды. Біздің елді осындай халге жеткізген билік баспалдағында отырған Үкімет басшысымен бірге шенеуніктер де жазалануы тиіс. Ереуілдеген ел емес, алдымен осы оқиғаны қолдан жасаған қулар құрықталуы керек. Қатаң жазаның қамытын солардың мойнына ажырық қылып арту керектігін қадап айтамын. Елдің екпінін пайдаланып, отқа май тамызған содыр сойқандар да әділ заңның төрелігінен тыс қалмауы қажет.

Жаңаөзендегі ереуілді оралмандардың ісі деп күңкілдеп жатқандардың мақсаты айдан анық. Көксегендері ағайындар арасында алауыздық тудыру. Оған исі қазақ баласы жол бермейді деп сенемін. Қазақ сан ғасыр бойы аңсаған Тәуелсіздігіне бүкіл әлемді қамтыған жүйелі өзгерістер кезеңінде, 20 ғасырдың соңында қол жеткізді. Жас мемлекет 20 жылды ірі жетістіктермен қарсы алдық. Ата-бабамыз сан ғасыр аңсаған Тәуелсіздік қастерлі ұғым. Оны сақтау, қорғау әр қазақтың басты міндеті және борышы! Алайда, жуықта Жаңаөзенде болған оқиға баршамызды қатты алаңдатқаны белгілі. Елбасының осы комиссияға Үкімет басшысының орынбасарларының арасынан Өмірзақ Шөкеевті таңдап алуында үлкен мән жатыр. Жұмыс істеген жерінде халықтың батасын алып, қазақы тәрбиені бойына сіңіріп, тілі мен дінін құрметтеген азаматтан халқының үміті зор.
Осы оқиғаға байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның төрағасының 20-желтоқсан күнгі ҚазТАГ және ақтаулық «Лада» газеті арқылы таратқан пікіріне қарным ашты. Комиссия төрағасының отыз тісінен шыққан сөзі отыз рулы елге тарағаны сөзсіз. Барша қазақстандықтармен бірге Атамекенге келген миллионнан астам қандастың және шеттегі 5 млн. ағайынның көңіліне қаяу салмағанымыз  жөн болар. «Еншісі бөлінбеген Алашта» ұлтты жеріне, тегіне қарай бөліп-жару қазақтың арғы-бергі тарихында болған емес! Бұны қалай түсінеміз ағайын? Елбасымыз Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында «Азаттықтың елең-алаңындағы күрделі кезеңге қарамастан көшіміз көлікті болды... Қазақстан дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбылысы! Қазақстан әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы!» «Қазақстан Zaman» газетінің «Нұр Отан» партиясымен 3 жыл бойы, ал биылдан бастап Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлескен экспедициясы облыстарға, жылына екі рет аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып халыққа таныстырып отырдық. Елдің тұрмысының жақсарып еңсесінің көтерілгенін ешқайсымыз жоқ дей алмаймыз. Сондай экспедицияның екі жылда  Маңғыстаудың алты ауданын аралағанымыз бар. Айтпақшы биыл да  жолымыз түсті.  Біздей қанағатшыл, тәубешіл халық әлемде жоқ шығар, барлық облыстағы қарапайым халықтың жағдайына көзімнің жеткені, Мұнайлы аудандардағы халықтың, қандастарымыздың да Елбасыға деген ризашылықтарын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен 2007 жылы тек қандас бауырларымызға арналып Мұнайлы ауданы құрылған баршаңызға белгілі. Батыр сияқты ауылда болып, халқымыздың қандастарымыздың ризашылығын, көкейтесті мәселелерін газетімізге жазып отырдық. Туған жеріне тілі мен ділін, қасиетті дінін қастерлеп жеткен оларды өзекке тепкеніміз жарамайды. Жаңаөзендегі орын алған оқиғаға қандас бауырларымызды араластыру, жауапкершіліктен жалтару, халықтың көзқарасын басқа арнаға бұру деген сөз. Осы жағына абай болуға шақырамын.

Қазір мейманасы тасып, қазақтың алауыздығын тасадан қызықтап, рахатқа батып отырған орыс сайттарына кірсеңіз, Жанаөзендегі ереуілді жаңа «декабристердің» дүниеге келген күні деп қоптыртып отыр. Әзілі ме, қыжылы ма түсінбейсің. Сонымен қатар қазақтарды үшке бөлуге құштар дұшпандарымыз да, Жаңаөзендегі  ереуілді бас бұзар Адайлардың ісі деп қарауға ден қойыпты. Расына келгенде «Бөлінгенді бөрі ғана емес. Шибөрілер де талайтынын» алаш баласы зердесіне тоқып жүргені жақсы. Шындығына келгенде Жаңаөзен оқиғасы барша қазақтың жанды жері болып тұр. Осыдан шығатын тағы бір қорытынды - Жаңаөзендегі оқиғалардан бұрын орын алған жағдайларды тағы бір рет мұқият, жан-жақты талдау қажет. Яғни биыл біз тап болған бірқатар экстремизм және лаңкестік көріністерді қайтадан егжей-тегжейлі талдауымыз қажет. Айталық, Атырау, Ақтөбеде орын алған кейбір оқиғалардың артында әлеуметтік наразылықтың бір көрінісі болған да шығар. Біз осы экстремизм оқиғаларының тек қана діни астары бар деп баға беріп, жастардың жаңа ағымдарға елігуіне, миссионерлердің ықпалына, діни насихаттың әсеріне байланыстырып қана қарастырғанымыз қателік болуы әбден мүмкін. Ал мұндай көзқарас Атырау, Ақтөбе, Тараз бен Жаңаөзендегі оқиғаларды басқа қырынан, жүйелі зерттеуге мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылы елімізде орын алған қанды оқиғалар қоғамдағы кейбір ішкі мәселелер мен процесстерді объективті бағалай алмай отырғанның салдары. Не болмаса ол қандай да бір тоқмейілсушіліктің немесе бізде ешқандай да проблема жоқ, бұндай оқиғалар біздің елде болуы мүмкін емес, лаңкестік әрекеттер, кісі өлтірулер, жаппай тәртіпсіздіктер біз үшін қауіпті емес деп өз-өзімізді алдағанның нәтижесі. Жалпы жаңаөзендік оқиғалар саяси процестің барлық қатысушыларының елдегі жағдайға деген қиялшыл көзқарасын айықтыруы тиіс. Себебі осы оқиғаларға қалайша баға берілгені биліктің де, оппозицияның да, бүкіл қоғамның да бұл істегі жауапкершілігі бар-жоғын айырып берген белгілі бір көрсеткішке айналды. Миллиардтаған шығын өтелер, жазықсыз төгілген мұнайшылардың қанының өтеуі, ұл-қыздарынан ажыраған ата-аналардың, жетім балалар мен жесір әйелдердің көз жасына кім жауапты?

«Жаңаөзендегі жағдай жақсарды, қала толығымен қалпына келтірілді» деп хабар таратудан алдына жан салмаған көк жәшіктегі әріптестеріміздің сөзі шынайы шықпаған секілді. Қазір қаладағы жергілікті қазақтар мен оралмандар арасында ру-руға бөлініп, қырық-пышақ болып жатқан жайы бар. Ушыққан жағдайды басуға комиссияның да қауқары жетпеген соң, мұнайшылардың жағдайын білуге Жаңаөзенге Елбасының өзі келіп, халықпен сөйлесіп, оларға Маңғыстау облысының жаңа әкімі Бауыржан Мұхаметжановпен таныстырды. Бұрынғы басшы Қырымбек Көшербаев қызметінен қоштасып кете барды. Айтпақшы, сөз орайы келгенде айта кету керек, әкім болардан бір күн бұрын ғана бұрынғы сенатор, қазіргі су жаңа әкіміміз Бауыржан Мұхаметжанов Сенат отырысында полициялардың іс-әрекетіне өкпе-назын жеткізіп, ереуілге әділдік іздеп шыққан мұнайшыларды «бұзақылар» дей отырып, оларды дер кезінде басып-жаншып үлгере алмаған бұрынғы әріптестерін жазғырып, терең ойланбай бір жақты пікір айтты. «Мен бұл жерде полиция әрекеті тым кеш болды деп есептеймін, себебі Жаңаөзенде күштер жеткілікті тұғын. Ол күш осыншама салдар туындамас үшін бұзақы элементтерге қарсылық танытуы тиіс еді. Мен өзім ІІМ-нің бұрынғы қызметкерімін. Бірақ полицияның міндеті, қай жерде болмасын қоғамдық тәртіпті қорғау. Біз біртұтас мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, сондықтан Қазақстанның барлық территориясында біртұтас тәртіп орнығуы тиіс», - деді экс-депутат журналистерге берген сұхбатында. Жалпы, атышулы «Шаңырақтағы» жағдай  мен Заманбектің өлімі туралы айтылғанда жаңа сайланған әкімнің Ішкі істер министрі болып жүрген кезінде артынан жақсы сөз ермегені тағы белгілі. Әрине, Елбасы сенім артқан соң, халық та бұл әкімге тағы сенім артып отыр. Тәртіпті заң түрінде қатал шешуді ғана емес, «әкім бол, халыққа жақын бол» деген қағиданы ұстап адамгершілікпен шешеді деген сеніміміз бар.

Елбасы маңғыстаулықтармен кездесуінде, «Үкімет, «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» компания­сы менің еңбек дауын дер кезінде шешу жөніндегі тапсырмамды орын­дамады. Өкінішке қарай, олар бұл мәселені шешуде дәр­менсіздік та­нытты. Ұлттық компания мен оның еншілес құ­рылымдарының басшылығында көптеген кездей­соқ адамдар бол­ған. Осының бар­лығы менеджмент тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырды. Сон­дықтан мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сының жаңа бас­шылығына Ләззат Қиыновты, ал «Қаз­МұнайГаз» БӨ» компания­сы­ның басшылығына Алик Айдар­баев­ты тағайындаймын, - деді. Бұдан соң Мемлекет басшысы мұнайшылардың мұңын дер кезінде хабарламай, асқынған ауруды мейлінше жауып қалуға тырысқан Үкімет пен оның құрылымындағы барлық жауапты қызметкерлердің бейқамдығын сынға алып, Үкіметке өкілетті үкіметтік құрылымдардың, «Қаз­МұнайГаз» компаниясындағы кінәлілердің өздерін де жазалау керектігін ерекше ескертті. Мемлекет басшысы жаппай тәртіпсіз­дік­тер­дің туындауына басты себеп бол­ған бұзақы топ­ жұмыстан босатыл­ған қыз­меткерлер мен «Өзен­мұнайгаз» компаниясы бас­шы­лығы арасын­дағы ұзаққа созыл­ған еңбек жан­жалын «сәтті» пайда­ланғанын айтты. «Тергеу ба­ры­­сын мен жеке бақылауымда ұс­тай­тын боламын», - деді Мемлекет басшысы. Не де болса, күңіренген, ызалы халықтың Елбасы келген соң ғана көңілдеріне үміт ұялағандай болды.

Кешегі Желтоқсанның құрбандарының әлі күнге ақталып жатқаны, шындықтың ешқашан қалтарыста қалмайтынын көрсетсе керек. Ұрпағына күш берген бабалар рухы, Тәуелсіздігімізді мәңгілік ете гөр деп тілеймін тәңірден!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371