Амангелді АЙТАЛЫ: Бұл – бізге үлкен сабақ
Жас қазақ: Амангелді аға, Жаңаөзенде, Шетпеде болған қайғылы оқиғалардан қандай сабақ алуымыз керек?
Амангелді Айталы: Әрине, Жаңаөзенде болған оқиға, адамдардың құрбан болуы - үлкен өкініш. Орны толмас өкініш! Енді бұл қайталанбас үшін, осындай бауырларымыздан айырылмай, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау үшін не істеуіміз керек? Біріншіден, жалпы, біз идеологиялық жұмыста: «Қазақстан - сүттей ұйыған мемлекет. Қазақстанда дау-жанжал болуы мүмкін емес» деген ойдан аулақ болуымыз керек. Бұл - қиял, бұл - арман. Ел, халық болғасын, әртүрлі пікірдегі адамдар болғасын, қайшылық, жанжал болады. Сондықтан, қоғамның дамуы сол келісімнен, тұтастықтан кейде қайшылыққа, жанжалға ұласып, кейде сол жанжалдан қорытынды шығарып, келісімге және өзара сыйластыққа ұласып жатады.
Жас қазақ: Амангелді аға, Жаңаөзенде, Шетпеде болған қайғылы оқиғалардан қандай сабақ алуымыз керек?
Амангелді Айталы: Әрине, Жаңаөзенде болған оқиға, адамдардың құрбан болуы - үлкен өкініш. Орны толмас өкініш! Енді бұл қайталанбас үшін, осындай бауырларымыздан айырылмай, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау үшін не істеуіміз керек? Біріншіден, жалпы, біз идеологиялық жұмыста: «Қазақстан - сүттей ұйыған мемлекет. Қазақстанда дау-жанжал болуы мүмкін емес» деген ойдан аулақ болуымыз керек. Бұл - қиял, бұл - арман. Ел, халық болғасын, әртүрлі пікірдегі адамдар болғасын, қайшылық, жанжал болады. Сондықтан, қоғамның дамуы сол келісімнен, тұтастықтан кейде қайшылыққа, жанжалға ұласып, кейде сол жанжалдан қорытынды шығарып, келісімге және өзара сыйластыққа ұласып жатады.
Бұл - заңдылық. Осы заңдылықтан бізде шығып кете алмаймыз. Қанды қақтығыс осыны түсіндірді. Бұл шын мәнісінде тек қана бір облыстың мәселесі емес. Бұл - үлкен қоғамдық мәселе. «Жау жоқ деме - жар астында, бөрі жоқ деме - бөрік астында» дегендей, бұл біздің бір ойланатын үлкен мәселеміз. Себебі, қандай қоғам болмасын, шиеленіс сол қоғамда микроб сияқты орын алады. Бір жағдайларда сол микроб қозып, қоғамда түрліше жанжал тууы мүмкін. Бұл - қоғам дамуының заңдылығы. Осы заңдылыққа біздің қоғам да бағынады. Сонымен бірге, бұл оқиғалардан алатын екінші бір сабағымыз бар. Егер де біз өз елімізді «біртұтас, сүттей ұйып отырған ел» деп айта берсек, екінші қате жібереміз.
Содан кейін, біз қоғамымызда болып жатқан келеңсіз жағдайлардың себебін сырттан көреміз. Сөз жоқ, сыртта біздің еліміздің шаңырағын шайқалтамыз дейтін кейбір күштер, адамдар, шетте жүрген кейбір оппозиционерлер бар. Бірақ, өз қатемізді өзіміз біліп, шындыққа тіке қарап, барды «бар» деп, жоқты «жоқ» деп, саралай білсек, шетелдің ықпалы бізге әсер етпейді.
Жас қазақ: Сіз осы оқиғаларға негізінен себеп болған еңбек дауы дегенмен келісесіз бе?
Амангелді Айталы: Негізінен, осы Жаңаөзенде, Шетпеде болған оқиғалардың тағы бір себебі - еңбек дауы. Еңбек дауынан бұл жерде заңымыздың да көптеген олқылықтары көрініс алды. Сондықтан, мынадай сұрақ туады: Заң адам үшін бе, әлде, адам заң үшін бе? Біздің бүгінгі Еңбек кодексіміз адам үшін болмады. Заңның кейбір абстрактілі қате баптарына сүйеніп, жергілікті билік мұнайшылардың мүдделерімен есептеспеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің позициясы да өзгермеді. Осылайша, жағдай шиеленісе берді. Айналып келгенде, жай шиеленіспей қайғылы оқиғалармен аяқталды. Абзалы, біздің қоғам мынадай бір қағидаға сүйенуі керек: «Біз кемшілікті бетке тура, батыл айтатын адамнан қорықпай, оны сыйлауымыз керек. Бүкіл пәле сырын ішіне сақтап, бірақ екіжүзді сөйлейтін адамдардан шығады». Мұнайшылар тура айтты: бірақ менмендік, бірбеткейлік... Кейде бірбеткейлік мұнайшылардың жағынан да болды. Міне, түптеп келгенде, ол жағдайды одан әрі шиеленістірді. 19-шы ғасырдағы француз жазушысы Виктор Гюгоның мынадай бір сөзі бар: «Қайыршылық, кедейлік революцияға әкеледі, революция қайыршылыққа, кедейлікке алып келеді». Демек, бүлікпенен, көтеріліспенен, қанды қақтығыспенен біз мәселені шеше алмаймыз. Жаңаөзенде, Шетпеде болған оқиғалардың бүгінгі күні мемлекетке, жеке адамдарға қаншама зиян әкелгенін көріп отырмыз. Сондықтан, осы жағдайды саралай білейік. Осыдан 25 жыл бұрын Алматыда болған оқиғаның да шын себептеріне үңілмей, біз оны да түрліше маскүнемдерге, нашақорларға жаптық. Сөйтіп, шын себептерін кейін анықтадық. Бүгін де Жаңаөзендегі оқиғаның себебін бұзақыларға, тәртіпсіздерге ғана жауып, өзіміздің ішіміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға тура қарай алмасақ, мұндай жағдай тағы қайталанады. Сондықтан, ойланғанымыз жөн. Әрине, тәуелсіздіктің 20 жылындағы жеткен табысымыз, істеген ісіміз, мақтанарлыққа тұратын жағдайлар көп қой. Бірақ, Елордамызбен мақтанғанмен одан 20-30 шақырым шыққандағы ауылдың жағдайын да көріп отырмыз ғой. Басқа жағдайларды да білеміз. Сондықтан, ең бастысы, бұл оқиғадан туатын ең үлкен сабақ - біз өзімізге өзіміз тура, ашық қарап, өз мінімізді өзіміз түзеп, өзімізді өзіміз тура жолға салып үйренуіміз керек. Жасыратыны жоқ, бірбеткей, тым мақтанып кеттік. Бірбеткей тым өзімізді далитып көрсеттік. Абай айтқан ғой: «Егер бәйгеге 100 ат шықса, сен 70-ші болып келсең, менің артымда 30 ат бар деп мақтанасың ба, әлде, алдымда 70 ат менен озық болды деп намысыңа тие ме?» - деп. Біз өзімізді қырғыз және басқа да көршілерімізбен салыстырып, мақтанып жүрміз. Шын мәнісінде, әлемдік тұрғыдан келгенде, біздің мәселелеріміз өте көп. Бір ғана мысал келтірейін. 1991 жылмен салыстырғанда, біздің өмір жасымыздың ұзақтығы кеңес заманынан 2 жылға әлі кем. Демек, алдымыздағы 20 жылдықта қыруар шаруа тұр. Адамдардың тұрмысын жақсартып, денсаулығын, білімін жетілдіру керек. 20 жылдан кейінгі біздің дамуымыз ұлттық даму болу керек. Өйткені, Жаңаөзендегі, Маңғыстаудағы мұнайшылардың тағдыры - қазақтың тағдыры. Бұл қазақтың әлі де болса, әлеуметтік жағдайының ауырлығын көрсетеді. Сондықтан, бұл - бір жағынан, ұлт мәселесі. Ал, ұлт мәселесін айтқанда саралайтын дүние көп. Сондықтан, Отанымыздың табысын да бағалайық.
Біздің көзге ұрып тұрған кемшіліктерімізді айту, оны шешудің жолы халықпен ақылдасу, әрине, дұрыс. Менің ойымша, бірнеше партиялық парламент болса, осы мәселе аяқасты болмас еді. Қысқаша айтқанда, сабақтары осы.
Жас қазақ: Аға, Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысты пікірлерін білмек болып, бірқатар ел ақсақалдарына, халық қалаулыларына (аттарын атамай-ақ қояйын) телефон соқтым. Көбісі пікір айтудан бас тартты. Мұның сыры неде деп ойлайсыз? Зиялы қауым өз ойын осындайда айтпағанда, қашан айтады?
Амангелді Айталы: Біріншіден, зиялы қауым дегеннің өзі бізде бар ма? Зиялы қауым деген ол интеллигенция емес. Білімі жоғары болар, талантты адамдар болар. Бірақ, зиялы қауым деген Бауыржан Момышұлы сияқты тура шындықты айтатын адамдар ғой. Ондай адамдар біздің арамызда жоқ. Біз кешегі тоталитарлық жүйеден шыққан, жалтақ, қай жағына шығып кетемін деп ойланатын ұрпақпыз. 20 жылда біздің психологиямыз өзгерген жоқ. Сол жалтақтықпен әлі келе жатырмыз. Шынайы, турашыл, ақиқаттан айнымайтын ұрпақ енді тәрбиеленер. Сондықтан, бүгінгі сенаторлар болсын, мәжілісшілер болсын, басқалар болсын, бұлар элита емес. Бұлар - зиялы қауым емес. Бұлар - номенклатура сияқты билікке жұмыс жасайтын әлеуметтік топ деп есептеймін. Сондықтан, біздің қанымызда, ішімізде әлі... Сталин, Берия жатыр. Олар өмірден кетсе де, бәрібір ызғары біздің санамызда әлі терең жатыр. Сол өткен заманның психологиясы сабақтасып, мына заманға да келді. Бұл да бір тарихи заңдылық.
Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана
http://jasqazaq.kz/post/b%D2%B1l-%E2%80%93-b%D1%96zge-%D2%AFlken-saba%D2%9B