Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. ТІЛ ЗАҢЫ НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?
Бiздiң елде қабылдана салып орындалып кететiн заңдар көп шығар. Бiрақ мен дәл темекi туралы заңындай керемет тегеурiндiсiн еске түсiре алмай-ақ қойдым. Бұл заңның қабылданғанына екi жыл да толған жоқ. Сөйте тұра орындалуы айтарлықтай көңiл көншiтедi. Шылымқорлар да бүгiнде әлдеқашан айылдарын жиған. Бұрынғыдай жұмыс кеңселерiнде, қоғамдық орындарда бұрқырата берудi қойған. Жалпы, қабылданған заңның осылайша құдiреттi күшке айналуы - оның мәжбүрлеушi тетiгiнде болса керек. Айыппұлы қомақты болған соң кiм қалтасын қағуға құмартар дерсiң. Дұрыс-ақ.
Ал енді қабылданғанына табаны күректей 20 жылдан асса да орындалуы арманға айналған мен білетін бір заң бар. Ол - «Тілдер туралы» деп аталады. Өзге тілдерін қайдам, әйтеуір қазақ тіліне сол заңнан қайыр болмай-ақ қойды. Жат жұртта жүріп осы тілден айрылудан қорқып, тарихи Отанға оралып едік.
Бiздiң елде қабылдана салып орындалып кететiн заңдар көп шығар. Бiрақ мен дәл темекi туралы заңындай керемет тегеурiндiсiн еске түсiре алмай-ақ қойдым. Бұл заңның қабылданғанына екi жыл да толған жоқ. Сөйте тұра орындалуы айтарлықтай көңiл көншiтедi. Шылымқорлар да бүгiнде әлдеқашан айылдарын жиған. Бұрынғыдай жұмыс кеңселерiнде, қоғамдық орындарда бұрқырата берудi қойған. Жалпы, қабылданған заңның осылайша құдiреттi күшке айналуы - оның мәжбүрлеушi тетiгiнде болса керек. Айыппұлы қомақты болған соң кiм қалтасын қағуға құмартар дерсiң. Дұрыс-ақ.
Ал енді қабылданғанына табаны күректей 20 жылдан асса да орындалуы арманға айналған мен білетін бір заң бар. Ол - «Тілдер туралы» деп аталады. Өзге тілдерін қайдам, әйтеуір қазақ тіліне сол заңнан қайыр болмай-ақ қойды. Жат жұртта жүріп осы тілден айрылудан қорқып, тарихи Отанға оралып едік.
Түрлі мәдениет үлгілерімен ежелден етене таныс Қазақстан бүгінде өзінің төл мемлекеттік тілінің ахуалына қатты алаңдаулы. Оның негізі де бар. Дегенмен кейде тым атойлап, әсіре белсенділікке басқанымызбен онымыз сөз жүзінде ғана қалып қойып, нақты істің қолға алынбайтын тұстары кездесіп жатқандай көрінеді. Соңғы кезде тіпті тіл дегенде тым артық кетіп, кейбір игі бастамаларды, мемлекеттің ұстанған дұрыс саясатының өзін жоққа шығаруға тырысып, орынсыз қарсыласатын болып алдық. Мұнымыз енді тым артық кету деп ойлаймын. Мысалы билік тарапынан көтерілген «үш тұғырлы тіл» деген саясатты өз басым қолдаймын.
Бұл менің «маргиналдығымнан» немесе «мәңгүрттігімнен» емес, таза ұлтжанды патриоттығымнан шығар десем артық айтқандық болмас. Ол үшін өзімнің қазақтілді екендігімді дәлелдеп жатудың мүлде қажеті жоқ. Бәріміз де ана тіліміздің жанашырымыз, оның жоғын түгендеуші, кемдігін бүтіндеуші мәдениет саласының мамандарымыз. Қазақ тілінің кең арнада қанат жа-йып, қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуына әр қазақ мүдделі екендігі еш күмән тудырмаса керек. Олай болса, ана тіліміздің дамуына үлес қосатын, оны әлемдік сахнаға шығаратын кез-келген қадамдарды қолдауымыз керек. Ол үшін ең алдымен әр мінберден тіл үшін айғай мен ойбайға басу, жоқтау айтып, жылап-еңірегендей байбалам салу жеткіліксіз. Керісінше, мейлінше оған прагматикалық тұрғыдан қарап, сөзден гөрі іске көшуге ұмтылғанымыз абзал.
Рас. Біздің заң шығарушы органдар қазақ тіліне толық көшкен жоқ. Ресми билік, Парламент қазақша сәлемдесуден ары аспайды. Солай екен деп айғайлаудан не түседі? Ал нақты іске көшу үшін қандай тетікті қолданамыз? Осы сауалдарға жауап бермес бұрын бір мысалды тілге тиек ете кеткен дұрыс болар. Біз қазір зиялы қауымның өзін қазақтілді, орыстілді деп бейресми түрде болса да екіге бөліп алатынды шығардық. Ал ана тілі мәселесіне келгенде ең алдымен таяқтың ұшы биліктегі тұлғаларға келіп тиетіні шындық. Бар пәлені орыстілді қандастарымызға жауып, соларды кінәлауға әрдайым даяр тұратынымыз тағы бар. Олай болса, мен Қазақстан үкіметін бірнеше шет тіліне қамшы салдырмайтын полиглот Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған кезде қазақ тілін бизнес саласындағыларға, тауар өндірушілерге еш айғай-шусыз-ақ тырп еткізбей мойындатқанын ерекше атап айқым келеді. Оған тіпті көрші елдердің кәсіпкерлері де еріксіз мойынсұнып, көнуге мәжбүр болды. Сондағы Қ.Тоқаевтың жасаған бар ерлігі үкімет орнының бір ғана қаулысы болатын. Қаулыда шекарадан Қазақстанға өткізілетін тауарлар мен сауда маркаларында қазақша мәтіндердің жазылуы міндеттелген. Егер олай болмағанда, яғни қазақша мәтін жазылмаса, ол тауар контрабандалық зат ретінде саналып, тәркілеу қарастырылған.
Қаулының құдіреттілігі соншалық, барлық жерде еш ың-шыңсыз орындалды. Бұл қалай деп қарсыласуға да ешкімнің қауқары жетпеді. Көрші Қытайдан, Ресейден келетін тауарлардың барлығы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мәтінмен тарай бастады. Макарон, сүт өнімдерінен басталған қазақша мәтіндер кейін тұрмыстық ірі құрал-жабдықтар, электр құрылғылардың кітапшасына, дәрі-дәрмек атаулының бәрінің парақшасында жазылып, бүгінде жарнама атаулының жаппай ана тілімізде сайрап тұрғанына куә болып отырмыз.
Міне, ана тілінің шын жанашыры, нағыз отаншыл тұлға осылай ісімен көрінсе керек. Бүгінге дейін Қ.Тоқаевтың осы игілікті ісі үшін кеуде соғып, ұрандатқанын көрген жоқпыз. Бірақ, жасаған ісі мен нақты қадамы өзінің өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдеп отыр. Асылы, шынайы іскер тұлғалар қоғам алдындағы перзенттік парызын осылай үнсіз ғана атқарып, жүре беретін болса керек. Әрбіріміз осылай үнсіз жүріп, нақты іс тындыруды қолға алсақ, бүгінде қазақ тілі өз елінде өгейсімеген болар еді. Мұны бір делік. Ал екінші мәселеге келсек, бізде соңғы кезде тілді тілге қарсы қою әрекеттері қылаң беріп жүр. Мысалы мен жоғарыда айтқан «үш тұғырлы тіл» деген мәселеге қайта оралайық. Қазақстан азаматтары үш тілді қатар меңгергеннен еш нәрседен ұтылмайды, әлем көшінің соңында қалмайды.
Тіл мен тіл, мәдениет пен мәдениет ешқашан бір-бірімен жауласпаса керек. Керісінше бірін бірі дамытып, толықтырып, байыта түседі. Бүгінде әр қазақ кем дегенде екі тілде сөйлейді. Осыған дейін де орыс тілін игергеннен еш қазақ жамандық көрген жоқ. Иә, өзгенің тілін біз меңгергеннен, біздің тілді өзгелер білгеннен ешқайсымыз ұтылмаймыз. Керісінше, рухани байып, толыса түсеріміз анық.
Тәуелсіздікке дейін біз әлем мәде¬ние¬ті¬нен орыс тілі арқылы нәр алдық. Дербес ел болып, әлемге танылған кезімізден бастап сыртқы қарым-қатынасымыздың ауқымы кеңейді. Мұхит асып, сауда-саттық жасауға, ғылым-білім игеруге мол мүмкіндік туды. Мұндайда біз қаласақ та, қаламасақ та шет тілдерін оқып үйренуімізге тура келеді. Бұрын ата-аналарымыз бізге «орыс тілін білмесең - оңбайсың!» деген болса, енді біз балаларымызға «ағылшын тілін білмесең - алға баспайсың!» деуге мәжбүрміз. Бұл енді өмірдің өзінен туындап отырған шындық! Ал біз шындықты еш қашан айналып өте алмаймыз.
Сондықтан да «үш тұғырлы тіл» дегенді неше жерден жек көруден еш пайда жоқ. Технология жетіліп, еліміз алға дамыған сайын оған мойынсұнбай тұра алмаймыз. Себебі ағылшын тіліне деген қажеттілік пен сұраныс әрдайым арта түсетіндіктен, басқа амалымыз да жоқ. Яғни ағылшын, орыс тілдерімен қатар ана тіліміз де елдегі барша жұртқа ортақ міндет етіліп, жаппай игерілсін дегенді «үш тұғырлы тіл» саясатының өзі меңзеп тұр ғой. Демек үш тілді де меңгеру талап етілетіндіктен, қазақша білмейтіндер ана тілімізді игеруге мәжбүр болады деген сөз. Алайда тіл үйретудегі қазіргі тәсілді өзгерту қажет болады. Себебі шет тілін үйренуді қазақ тілі арқылы ғана жүзеге асырмасақ, өз асылымызды жоғалтып тынарымыз кәдік. Алдымен қазақ тілін жетік меңгеріп барып, шет тілдерін өз ана тілі арқылы үйренсе.
Сөз соңында айта кетер бір жайт, тілдің мәртебесін көтеру үшін жаңа жылдан бастап, ЖОО-на арналып бөлінетін мемлекеттік білім грантын тек қана қазақ топтарында оқитын жастарға берілетін үрдісті қалыптастырсақ. Бұл жерде өзге диаспора өкілдерінің құқығын бұзудан аулақпыз. Егер олар мемлекеттік грант бойынша жоғары білім алғылары келсе, қазақ топтарында оқысын. Кейін мемлекеттік қызметке барам десе, оған да даңғыл жол ашылады. Ал орыс топтары да жабылып қалмайды. Оны жаппай ақы төлеп оқитын топқа айналдырып, орысша білім алам дегендерге де қолайлы жағдай жасап қоярмыз. Бастысы, мемлекеттік тілді өз тұғырына қою үшін дәл осындай нақты шаралар жүзеге асырылуы қажет деп білеміз.
22.12.2011
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
халықаралық журналист
Астана
http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=28&id=7060