Педагогика және бала жанының тылсым сыры...
Мақаланы бастамас бұрын тақырыптың үлкен болып тұрғанын айта кеткен жөн. Біз жазып отырған бұл тақырыпты шешу ауқымды еңбекті талап ететін күрделі мәселе. Нақтырақ айтқанда, бұл тақырып бір ғана жәй мақаламен шешілмейді. Бұл тақырыпты шешіп, адам баласының жан дүниесіне бойлау үшін, бала жан-дүниесінің қыры мен сырын педагогика ғылымының ережесіне, сондай-ақ, адам баласының жаратылыс заңына сай егжей-тегжейлі, аударып-төңкеріп зерделеуге тура келеді. Егер осы талап қанағаттандырылып жазылса, онда, бұл еңбек бір том кітап болар еді. Десе де, біз бұл мақаламызда осы тақырыпқа саятын пікірге ұмтыламыз. Сондай-ақ, осы тақырыпты толық шеше алмасақ та, баланың жан-дүниесімен педагогикалық оқыту тәлім-тәрбиесі туралы біраз сөз қозғаймыз. Бәлкім осы мақалада біз ортаға қойған түйткілді мәселелер отанымыздың болашағын бүгінгі ұрпақтан күтетін көзі ашық ата-аналар мен отаншылдық рухы күшті оқырман қауымды ұрпақ болашағы және отанымыздың келешегі туралы ойландырар деген үміттемін.
Бүгінгі күні біз тілі толық шықпаған, өз ана тілін толық сөйлей білмейтін үш-төрт жас шамалы бақшадағы баладан тартып, бастауыш мектептептің алты-жеті жастағы бүлдіршін балдырғандарына орыс тілі, ағылшын тілі сынды екі ұлы империя тілін үйренуді жүктеп, оның сыртында бірінші, екінші сынып оқушыларына өз ана тілі мен математикалық білімнен тыс, дүниені тану, жаратылысты тану, өзін-өзі тану қатарлы том-том кітапты көтертіп балдырғандарға мектеп табалдырығын жаңа аттаған жерден қорқыныш үрей тудырып, «Мен осынша көп кітапты қайтіп оқимын?!» – деген уайым-қайғыға салып, рухани жақтан үркітіп, шошытумен бірге, қабаттап жыйса өзінің бойымен бірдей болатын том-том кітаппен бастырып, ауыр жүк артып, жас шыбықтай майысып тұрған денесіне зиян салып отырмыз.
Өмір бойы оқытушылдықпен шұғылданып, басым ақ жабағыдай ағарған мен бейбақ 1-сыныптың табалдырығын жаңа аттаған немерем қара тер болып, қалың кітапты көтеріп келгенде, жападан-жалғыз отырып сөйлеп, «Құдай – ау, мынасы несі?! Бірінші сыныпқа жаңа кірген, сауатын да ашпаған жұмырықтай бала, осындай қалың том-том кітап оқу керек пе еді?!» – деп есім шығып отырып қалғанымды ата-ана тұрғысынан оқырмандарыма жасырмай бүкпесіз айтқым келеді.
Еліміздің жүргізіп отырған бұл оқыту, тәлім-тәрбие бағыты жәй, жеңіл сөзбен айтқанда, өспірім психологиясы мен педагогикасына үйлесімді тәрбие тәсілі емес. Ал, екінші сөзбен осылай оқытудың бала болашағына зардабын нақтылы объективтік болмыс бойынша айтатын болсақ, бұл ұрпақ болашағына орыны толмайтын өкініш әкеледі. Жазып отырған мақаламыздың негізгі ойын оқырманға жеткізу үшін біз педагогикалық білімдерге көбірек үңілдік.
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев жазған педагогикалық еңбегінде, адам жанының нәзік те тілсім сырларын егжей-тегжейді баяндай келіп, соңын былай қортындылаған екен: «Ұзын сөздің қысқасы, бала кәдуелгі адам болғанымен, баланың жаратылысында көп басқалық (өзгешелік) бар. Балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек. Жас бала жас бір шыбық. Жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген бойында қатып қалмақ....баланы тәрбие қылу тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін, қаласа өзін білетін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін, тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, адам өмірінің тұңғиық теңізін мығым қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел адам етіп шығару» – депті. Жалпылай айтқанда, бастауыш мектеп кезеңі – бір адамның өміріндегі дамуының ең шешуші кезеңі. Сондай-ақ, мораль, ақыл-ой және дене жақтарынан негіз қалайтын кезеңі. Біз Мағжан педагогикасының мына бір сөзіне ой жүгіртейік: «Қоғамдық өмірде, түйінді мәселелерді ұтымды шеше білетін, адам өмірінің тұңғиық теңізін мығым қайратпен кеше білетін адам.» Ендеше, адам баласының жоғары қабілетті, жалындаған жігер қайратты адам болуы, сондай-ақ, түйінді мәселелерді ұтымды шеше білетін, өмірдің тұңғиық теңізін мығым қайратпен кеше білетін кісі болуы сынды талаптарға қарата айтқанда мұндай адам болу баланың педагогика жолымен, ғылыми тәрбиеленуімен барлыққа келеді. Ал, алты, жеті жасынан қалың кітаппен бастырылып, ойын уақыты тартып алынып, сағы сынғып, психологиялық жақтан зақымдалған баладан мұндай болуды талап ету орынсыз тірлік.
Ал, баланың ақыл-ой қуатын дамыту жөнінде, бастауыш мектеп педагогикасы: «....Балалардың оқудағы жүгін ауырлатпау. Ақыл-ой қуатын дамыту мен үйренудегі жүк мәселесі мүлде екі басқа нәрсе… Оқышылардың жүгін ауырлату дегеніміз балалардың қимыл жасау уақытын тартып алып, оларды үстемелеп кітап оқуға, қатып-семген өлі жаттауға мәжбүрлеу» – дейді. Бұл сөздерді даралап талдап көрсек:
1. Баланың үйренудегі жүгін ауырлатпа дейді;
2. Баланың ақыл-ойын дамыту үйрете беруге байланысты емес, көп үйрете берумен баланың ақыл-ойы дамымайды. Сондай-ақ, оны дамыту білім беру мен сабақтан сыртқы әр-түрлі қимылдар арқылы қолға келеді дейді;
3. Оқушылардың мектептегі жүгін ауырлататын болсақ, балалардың ақыл-ой қабілетін дамытқанды қойып, қайта шектейміз. Тіпті балалардың денсаулығына зиян жетеді.
Ал, бүгінгі күні біз не істеп отырмыз? Балабақшадағы әлі толық адам болып қатарға қосылмаған, өзінің ана тілін дұрыс сөйлей алмайтын үш-төрт жастағы баладан тартып орыс тілі, ағылшын тілі сынды шет тілін оқуды жүктеумен бірге, бірінші, екінші сыныптың сауатын ашпаған баласына дүниені тану, жаратылысты тану, өзін-өзі тану қатарлы жас бала үшін уақыты жетіп, қажеті бола қоймаған том-том кітап көтертіп отырмыз. Адамның жан дүниесін зерттейтін педагогика және психология ғылымдары баланы әуелі сау денелі, ақылды етіп тәрбиелесең, бала ержеткенде өзінің өмірінде кезіккен қиындықтарды жеңіп, өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс атқаратын қабілетті кісі болатынын айтады.
Олай болса, Қазақстанның оқу-ағарту министрі, ата-ана, оқырман қауым біз неге педагогика ғылымы мен психология ғылымының адам баласының қабілетті адам болып өсіп-жетілуі туралы айтқанын елеп-ескермей, әлі өз ана тілінің не екенінде білмейтін, сауатын ашпаған балдырған балаға, шет тілін үйренуді жүктеп, оның сыртында үш «Тану» дегенді оқытып, том-том кітаппен бастырып отырмыз?! Жоқ, біздің балаларымыз ерекше жаралған, басқа адам баласынан өзгеше ме? Ойымызға оралған осы сұрақтарға байланысты біз шетел оқытуына назар аудардық. Мәселен дамыған Жапония және Германия сынды екі елдің дәл қазіргі кездегі бастауыш мектеп оқыту бағдарламасын тауып, сол елдердің бастауыш мектеп оқыту кестесін зерделеп көрдік. Төменде осы екі елдің бастауыш мектеп бағдарламасына назар аударайық (1-, 2-кесте).
Ендеше көріп отырғандарыңыздай, Жапон елі (1-кесте) мен Герман елі (2-кесте). бастауыш мектеп табалдырығын жаңа аттаған бірінші, екінші сынып оқушыларына шетел тілі мен қалың «Тану» ғылымын артпайды екен. Тек өздерінің мемлекеттік (ұлттық) тілі мен математиканы оқытуды негіз етіп, осы екі сабаққа басымдылық береді екен. Сонымен бірге, бастауыш мектеп оқытуында кем болса болмайтын музыка, көркем өнер, дене-тәрбие қатарлы қосымша сабақтар орналастырған. Мәселен, Жапон елі бірінші сынып оқушыларына бір жылдық оқу уақытында 850 сағаттық сабақ жүктеген. Бұның 442 сағаты Жапон тілі мен математика сабағына берілген. Ал, екінші сыныпта жалпы оқыту 910 сағат болып, Жапон тілі мен математикаға 490 сағат уақыт берілген (1-кесте).
Біз 2-кестеге қарасап Германия елінің бірінші, екінші сынып оқышыларына жүктепйтін жалпы жүгінің Жапониядан да жеңіл екенін межелелай аламыз. Байқаумызша осы екі елдің алты жылдық бастауыш мектеп оқытуында, алтыншы сыныпқа дейінгі оқытуының балаға артықша салмақ салмайтындығын, сондай – ақ, осы алты жылдық оқыту барысында негізінен осы елдердің өзінің мемелекеттік тілін оқыту мен математикаға ерекше басылымдылық беретіндігін көріп отырмыз. Бала тәрбиесіндегі біздің көкейіміздегі мәселенің түйіні де осы. Ал біз енді еліміздегі бастауыш мектеп оқыту бағдарламасының статистикалық кестесін көрейік (3-кесте мен 4-кестеге көз жүгіртіңіз).
Мінеки, 3-кесте мен 4-кестеден көріп отырғанымыздай, еліміз оқытуында бастауыш мектептің бірінші сыныбында қазақ тілі (сауат ашу) тұтас оқу жылында 198 сағат, ағылшын тілі 66 сағат, орыс тілі 66 сағат болып орналастырылған. Тұтас оқу жылында осы үш ел тіліне 330 сағат берілген. Ал, Жапон елінде тек Жапон тіліне тұтас оқу жылында 306 сағат уақыт берілген. Қадірлі оқырман, енді өзіңіз ой жүгіртіп, Жапон елінің алты жарым да жеті жастағы баласымен біздің қазақтың алты жарым да жеті жастағы баласында қандай парық бар? Жапонның алты-жеті жастағы баласы Жапон тілін үйреніп, хат танып, сауат ашу үшін бір жылда 306 сағат оқиды. Ал, біздің қазақтың алты-жеті жастағы баласы Қазақ тілін үйреніп, әріп танып, сауат ашуға бір жылда небәрі 198 сағат жұмсайды. Сонымен бірге, ағылшын тілі мен орыс тілі сынды екі ұлы тілді үйренуге 132 сағат жұмсап, небәрі алты-жеті жасында дүниедегі негізгі тіл болып қаралатын екі ұлттың тілін өз ұлтының тіл-жазумен қоса үйрену деген ауыр жүкке шегілген. Ендеше біздің баламыз басқа елдің баласынан, яғни, басқа адам баласынан ерекше жаралған ба?! – деген таңғалыс сұрақ туады. Өкінішке қарай, біздің алты-жеті жастағы балаға артатын жүгіміз тек осы үш тіл болса не етсін, оның сыртында айтылмыш «Үш тану» томы және бар.
Екінші негіздік сабақ математиканы айтсақ, Жапон елінде бірінші сынып баласы тұтас оқу жылында математиканы 136 сағат оқиды екен. Ал, бізде математика бірінші сынып баласына тұтас жылдық оқытуда 132 сағат делініпті. Осыған қарағанда екі елдің математикаға бөлген сағат санында онша үлкен айырмашылық жоқтай көрінеді. Бірақ Қазақстанда бірінші сыныпқа музыка мен көркем өнер (i.e. көркем еңбек) сабақтары тұтас жылда 33 сағаттан, екеуі бірігіп 66 сағат болса, Жапон елінде бұл екі сабақтың әр-біріне 68 сағаттан уақыт берілген. Ендеше ойлап қараңыз, Жапон елі не үшін тұтас оқу жылында музыкаға 68 сағат, сурет салуға 68 сағат уақыт беріп отыр?! Бұның қандай ғылыми негізі бар? Өйткені, бұл екі сабақтың да баланың ойлау қабілетін арттыруға, баланың миын дамытып, эстетикалық қабілетін көтеруге рөлі жоғары. Мейлі бала кейін суретші болсын-болмасын, музыкант болсын-болмасын, бірінші сыныпқа жаңа кірген бала үшін айтқанда осы музыка және сурет сабақтары бала үшін өте маңызды.
Мәселен, сурет салу баланың бір нәрсені парықтау, талдау жасау, ой жүгірту қатарлы сезімдік зейінін арттырады. Ал жағымды ұлттық музыка баланың шаршаған миын сергітіп, демалдырудан тыс, баланың ұлттық сезімін оятып, рухын көтереді. Сондықтан, бірінші сынып баласына тек үсті-үстіне нота үйрету емес, оларға ұлттық сезім беретін, ми сергітетін, жағымды әуенді музыканы көп тыңдатудың пайдасы ерекше зор болмақ. Мінеки, сол үшін де Жапон елі бірінші сынып оқытуында осы сабақтаға арнайы мән беріп отырғанын байқаймыз. Ал, біздің еліміздің оқытуында бұл сабақтардың орналастырылуы ойдағыдай емес. Музыка мен көркем өнерге тұтас жылда жалпы 66 сағат ғана уақыт берілген.
Қазақ дәстүрі бойынша, бала бірінші мүшелге он үш жаста толады, одан кейін әр он екі жылда бір мүшел қосылып отырады. Бұл баршамызға аян. Бала үшін бірінші мүшел ең маңызды кезең саналады. Өйткені, осы он үш жылда бала бөбектік кезеңнен толық ержеткен кезеңге қадам басуына қажетті болған физиологиялық өсу барысын өткізіп, ата-ана және мектеп тәрбиесі арқылы білім алып, ана тілін үйреніп, білім қабілетін жоғарлатады. Ендеше біз баланың осы он екі, он үш жыл ішіндегі ана тілін үйреніп, өзінің ұлттық тіл байлығын дамыту жағын зерделеп көрейік. Бала, бір жарым жастан екі жасқа айналғанда, ата-анасынан естіген, «ата-апа», «әке-шеше» сияқты атауларды өзінің тыңдап ұғу дәрежесіне қарай, былдырлап сөйлей бастайды. Мінеки, баланың ана тілі осы кезден бастап дұрыс тәрбиеге мұқтаж.
Тілдің рөлі мен құдіретіне ой жүгіртер болсақ, тіл адамдар ара ой бөлісер қатынас құралы болудан тыс, ол бір ұлттың ұлттық тегін білдіреді. Сондай-ақ, біз бір ұлттың даралық тегі оның тілімен түр-тұлғасында екенін байқаймыз. Тілдің құдіреті осындай болғандықтан, баланың ана тілі қай ұлттың тілімен шықса, оның ұлттық болмысы, жан дүниесі де сол ұлттікі болып қалыптасады. Сондықтан, ата-ана болған біз, баламызды таза қазақ ұлты етіп тәрбиелеп өсіргіміз келсе, бала былдырлап сөйлей бастағаннан – ақ, баланы толық қазақ тілінде сөйлетіп, тәрбилеуіміз керек. Тілдің құдретіне әдетте біз көп ой жүгірте бермейміз. Жоғарыда біз тіл – ұлттық текті білдіреді, бір ұлттың ұлт болып қалыптасуы, ұлттық болмысы тілінде дедік. Тілге қатысты осы сөзімізге дәлел болар нәрселер қоғамымызда көп ұшырайды. Мәселен, қазір кейбір жастардың үлкендерді құрметтемеуі, ата-анасын қартайғанда қарттар үйіне апарып тастайтын жағдайдың туылуы ана тілдің шала, ұлттық тәрбиенің жетерсіз болғандығынан. Осы сияқты жағдайлар ана тілі орысша шыққан, орысша тәрбиленген, қазақ ұрпағының өзінің тегінен азып, біртіндеп өзгеріп бара жатқандығының дәлел-факті. Олай болса, балабақшадан тартып жолға қойылып отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты болашақта қазақ ұрпағын қандай күйге түсіреді?! Болашақ біздің ұрпағымыз өзінің ұлттық тегін сақтай алама? – дейтін сұрақтар бізді қатты мазалайды. Өйткені бұл шет тілдер балаға өз ана тілі үстем орынға шықпай тұрып, бала толық қазақ ұлты болып қалыптаспай тұрып, «Үш тану» томымен қосылып баланың ойын уақыты мен өз ана тілін үйренетін уақытын тартып алып, балаға орынсыз жүк болып отыр.
Жаратылыс заңдылығына жүгінсек, осы дүниеге жаңа келген бала әуелі өз ана тілін үйреніп, өз ұлтының толық қанды азаматы болып, ержетуге құқылы, әрі мұқтаж. Ол үшін бала, бір жастан он екі жасқа дейін тек өз ұлтының ана тілін үйренуі керек. Адам баласының жаратылыс заңдылығы бойынша айтқанда, ата-ана болған біз, бала үшін сырт адамбыз. Осы тұрғыдан алғанда, ес-ақылы толмаған балаға бөгде ұлт тілін үйретуге біздің құқымыз жоқ. Бала қазақ ананың құрсағынан осы дүниеге келген екен, ендеше, оның әуелі толық қанды қазақ болып ержетуге құқы бар. Бұл осы балаға жасаған сыйлаған несібе. Ата-ана болған біз бұны білгеніміз жөн. Осы тұрғыдан алғанда, баланың басқа шет тілін үйренуі есейгеннен кейін өз қалауымен болғаны жөн.
Бала өмірі және тұтас ғылым-білім үшін айтқанда, ана тіл мен есеп, яғни, тіл-әдебиет пен математика баланың болашақта білім алып, ғылым үйренуінің негізі, және жол көрсетуші шам-шырағы іспетті. Бала мектеп табалдырығын аттап, қолына қағаз қалам алғанда, әуелі әліппе арқылы әріп танып, сауатын ашады. Математикадан 1 ден 100 ге дейінгі санды танып, қосу мен азайтуды үйренеді. Міне, баланың болашақта білімді, қабілетті адам болып, қоғамға қызмет істеп, үлес қосудай ұзақ сапары осыдан басталады. Бала үшін осы сапардың сәтті, сәтсіз болуы дәл бірінші сыныптан басталған бастауыш мектептің оқыту, тәлім-тәрбие бағытына тікелей қатысты. Біз баланың болашақ ғылым-білімге жорығы мен қоғамға қызмет етудей ұзақ сапарын бір зәулім ғимараттың тұрғызылуы деп қарайтын болсақ, онда баланың бастауыш мектепке кірген жеті жасынан бастауыш мектепті бітірген он екі жасына дейінгі алған білімі зәулім ғимараттың бекем ірге тасы болмақ. Ғимарат қаншалық биік жоспарланса оның ірге тасы да соншалық бекем, сапалы болары анық. Бала өміріне ой жүгіртер болсақ, баланың бастауыш мектеп өміріндегі алған білімі мен қабілетті адам болып ержетуі, дәл осы биік ғимараттың ірге тасы іспетті. Айталық, бастауыш мектеп өмірінде бала педагогика мен психология ғылымының талаптары бойынша тәрбиеленіп, физиологиялық жақтан дұрыс өсіп жетілетін болса, онда біздің жастарымыз түрлі салада ойдағыдай қызмет істейтін болады. Ал, Қазақстандағы қазіргі оқытуға қарата айтар болсақ, бастауыш мектептің бірінші сыныбына жүктеліп отырған екі ірі шет тілі мен Үш тану томы, жиыны бес кітап педагогиканың бірінші, екінші сынып баласына жүктейтін әліппе, математика, дене-тәрбие, көркем еңбек қатарлы сабақтардан тыс жүктеліп отырған, орынсыз ауыр жүк. Ендеше қазіргі Қазақстан оқытуында, ешқандай зәулім ғимараттың ірге тасындай талапты қанағаттандыратын оқыту бағыты жоқ. Керісінше балалардың физиологиялық өсуі мен дене қуатының дамуына ауыр кедергі жасалып, баланың ерік-жігері мұқалып, бала психологиялық жақтан ойсоқты болып, үйлесімді білім ала алмай отыр. Айталық, бала азамат болып басқа ешбір жоғары білімді қумай, жәй қара жұмыс істесін, не кәсіпкерлікпен шұғылдансын, адамның тұтас өмірінде, математика мен тіл-жазудың орыны жоғары. Мәселен, тіл-әдебиетке қарата айтқанда, тіл шешендігі, ойлаған ойын логикалы түрде қарсы жаққа жеткізе білу, кітаптағы жазуды тез, әрі дұрыс оқи білу, сондай – ақ, оқығанын ойлап түсіне білу, әрі өзінің ойын жүйелі жаза білу. Міне осының барлығы тіл-әдебиеттік білімді қажет етеді. Ал, математикаға қарата айтқанда, математикалық есептеу қабілетінің жоғары болуы, адамның тұтас өмірінде аса жоғары маңызға ие. Сондықтан да, бұл екі сабақ баланың тұтас өміріне азық болатын, ауадай қажетті, негіздік білім есептеледі. Егер біз баланы білімді адам етіп тәрбилейміз десек, онда баланың педагогикалық білім бойынша тәрбиеленуіне ерекше көңіл бөліп, баланың ана тілі мен математикадан тереңдей білім алуына мүмкіндік жасауымыз керек.
Алдымыздағы бүлдіршін баланың жан дүниесіне тереңдей ой жүгіртер болсақ, біздің алдымыздағы бала, кез-келген бағдарлама кіргізіп пайдаланатын компьютер емес. Ол – адам. Әрқандай жаратылыстың өзінің жаратылыс заңдылығы, даму шегі бар. Егер сіз шектен шықсаңыз, оны өзгертемін десеңіз, артынан зардабын шегесіз. Біз осыны білгеніміз жөн. Біздің еліміздің қазіргі оқу-ағарту жүйесінде, педагогикалық ғылыми қағидаға жанаспайтын, өспірімдер педагогикасы мен психологиясы заңдылығына қайшы, шектен шыққан догма, өте ауыр жолсыздық өмір сүріп отыр.
Алты - жеті жастағы, өзінің ана тілін үйреніп жетпеген балаға, өзінің ана тілінен сырт дүниедегі екі ірі тілді, Орыс және Ағылшын сынды екі империя тілін үйренуді жүктеп, оның сыртында, «Жаратылысты тану», «Дүниені тану», «Өзін-өзі тану» деген үш томды оқуды артқан мектеп бағдарламасына қарата айтар болсақ, бұл:
Біріншіден, өспірімдер педагогикасын керексіз еткен, дара билеушіліктен туылған үлкен жолсыздық;
Екіншіден, баланың табиғи өсіп-жетілуіне, физиологиялық дамуына қайшы жөнсіз әрекет;
Үшінщіден, баланың әдебиет және математика саласында білім алуына ауыр кедергі.
Тек тілге қарата айтқанда, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі осы үш тіл балаға үш уақыт жегізетін тамақ емес. Ол үш ұлы ғылым. Бұл үш ғылымды бір уақытта қазақтың жеті жастағы жұмырықтай баласына үйретеміз деу, объективтік болмыстан тысқары кеткен асыра сілтеушілік. Бұл үш ғылымға қарата айтқанда, жеті жастағы қазақ баласы – қазақ тілін, жеті жастағы орыс баласы – орыс тілін, жеті жастағы ағылшын баласы – ағылшын тілін үйренгенде, осы үш ұлт баласы он бір, он екі жасқа дейін жеке - жеке өз ұлт тілдерінің белгілі деңгейіне жете алады. Бұл жаратылыс заңдылығы. Бірақ, осы үш бала өз өмірлерін тілге арнап, өмірінің соңына дейін өз ұлтының тіл ғылымын зерттесе, тек өз ұлтының тілін толық меңгеру үшін тұтас өмірін сарып ету керек. Бірақ, сонда да, осы үш бала жеке-жеке өз ұлт тілдері бойынша күллі дүниедегі жаратылыстың тілдік бейнелі өрнектелуін өмірінің соңына дейін толық біліп кете алмас. Оған адам баласының ғұмыры жетпейді. Мінеки, біздің бұл үш тілді үш ұлы ғылым дейтініміз осы.
Біздің жастарымыз бастауыш мектепте жақсы қабілетке жетіп, орталау, орта мектепті жалындаған жігер, жоғары нәтежиемен бітіретін болса, бұлар жоғары мектептке шығып ғылым үйрену үшін және қоғамның түрлі саласында, шетел тіліне байланысты қызмет істеуді қажет тапса, оларға шетел тілін үйренуді біреу айтпаса да, өздігінен қалаған шет тілін үйренеді, баланың өз ана тілінен басқа шетел тілін үйренуі қажеттіліктен және талантты қабілеттіліктен туады. Шетел тілі ол жеке адамның өз қалауымен болатын дербес кәсіптік білім болмақ. Егер, біз ойлағандай болып, біздің жастарымыз ақаусыз өсіп-жетіліп, мектептен ірге тастық білімін күшті бекемдеген болып, білімділер көбейіп, шет тілін білетін, әрі ғылым меңгерген жастарымыздың қатары молайып, қаулап өркендесе, бұл жағдай құба-құп, нұр үстіне нұр болары анық.
Ал, жалпы ұлтымыз жөнінен, отанымыздың болашағына байланысты айтқанда, кім көрінгеннің тілін біліп, сүмеңдеп шетел асып, көрінгеннің есігін қағып, қаңғырып нан іздеп, көріңгенге құл болып кететін ұрпақ қазақ даласындағы он қазақ үшін керек емес. Құдреті күшті жаратқан бізді, қасиетті бабаларымыз жат көзден қорғап қалдырған ұлы дала топарығынан жарылқасын. Біз үшін осынау ұлан байтақ далаға ие болатын, осы даланы көркейтіп - гүлдендіретін, білімді де қабілетті, «Елім үшін, ұлтым үшін, ұлтымның, отанымның болашағы үшін…» – деп, осы ұлы далаға адал қызмет көрсететін Қазақ баласы керек.
Ұлы даланың қадіріне жету, оны бағалай білу, қазақ баласы үшін ауадай қажет. Ол бізге сын! Сондықтан да, біз үшін өзінің қазақ тілін толық сөйлейтін, ұлттық намысы бар, ата-бабамыздан қалған ұлы даланың киелі топырағын көзінің қарашығындай қорғап, оның бір сүйемін де жат жұртқа ұстатпайтын, көзі ашық, ұлтын сүйетін, Қазақтың батыр, отаншыл ұрпағы керек. Тілдің құдретіне қарай айтқанда, бұл ұрпақ қазақ даласында қазақ баласы толық түгелімен таза қазақ тілінде сөйлегенде толып жетіледі, өркендеп қаулап өседі. Жаратқан бізді соған жеткізсін!
Енді алдымыздағы бірінші сынып табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршін баланың жан-дүниесіне тағы да, аз-кем тоқталайық. Бастауыш мектептің бірінші сыныбына жаңа кірген бала жалындаған жігерімен кітап-қаламды қолына алады. Ең басты мәселе, бала бастауыш мектепті бітіргенше баланың осы жалыны өшкіндемей, сөнбей, қаулап жанып ұлғая беруі керек. Бұлай болудың ең басты шарты, баланың үйренудегі жүгі жеңіл болуы тиіс. Физиологиялық өсіп-жетілуі мен ақыл-ой қабілетінің артуына қарай оқитын ғылым - білімі көлем салмақ жағынан біртіндеп артқаны дұрыс. Осылай болғанда, баланың физиологиялық жақтан табиғи өсіп жетілуіне және ақыл ойының артып дамуына қарай білім-қабілеті сәйкес артады. Сөйтіп, баланың жалындаған жігері мұқалмайды, бала күн сайын, жыл сайын өзін зор білімді, қабілетті адам санап, рухы көтеріліп, білімге деген құштарлығы арта береді. Баланың сағы сынып, жасып жабырқамайды. Оқыған сабағынан суынбайды да, алдағы болашағына зор үмітпен қарайды. Сабақтастарының алдында, сынып жетекшісінің алдында, сондай-ақ, ата-ана алдында, жалындаған жігерлі, рухты жүреді. Осылай тәрбилиеніп білім алған бала ержетіп мектеп бітіруге қадам басқанда, өз алдына салауатты мінез қалыптастырып, тынбай ғылым-білім үйренуге құлшынады. Болашақта шығатын биігін межелеп, ой жүгірте бастайды.
Баланың бұндай талғам қалыптастыруы ақыл-ой қабілетінің артуына байланысты туылатын бала болашағының жетекші идеясы болмақ. Мінеки, осындай талғам көзқарасына жеткен бала өзінің бейімділігі мен қызығушылығына қарай белгілі бір ғылымды игеріп сол ғылымның қыры мен сырын білуді мақсат етеді. Ендеше баланың дүниені тануымен жаратылысты тануы осыдан басталады. Бұл кезде бала он бес, он алты жасқа қадам басқан болып, жасөспірімдік кезеңге өтеді. Осыдан кейінгі үйлесімді ауыр жүк баланы денсаулық жағынан үлкен зақымдай қоймайы. Он екі, он үш жасқа дейін оқуда ауыр қысымыға ұшырамай, еркін ойнап-күліп өсіп, ақыл-ой қабілеті жақсы дамыған, өз ана тілі мен математиканы жеттік меңгерген бала он үш, он төрт жастан бастап шетел тілін мықтап қолға алып үйренетін болса, шет тілін де ойдағыдай меңгере алады. Сосын, енді ары қарай әлгі біз бірінші, екінші сыныпта үйретеміз, танытамыз деген дүниедегі жаратылыстың біреуін, айталық, математика, физика, химия, биология, дүние тарихы, жағрапия, дүние әдебиеті, астрономия, тағы басқа бір ғылымды зерттеуге бет алада. Қазіргі біздің оқыту бағытымыз бойынша айтқанда, қазір біз, балаға жұмырықтай күнінен қалың білім үйретіп, баланы жастайынан білім-қабілетті адам етіп жатқамыз жоқ, керісінше баланы ғылым-білімнен жерітіп және табиғи өсіп жетілуіне кедергі жасап, бүлдіріп жатырмыз.
Егер бала ойдағыдай тәрбиеленіп, өсіп-жетілетін болса, онда, еліміздің жастары өз отанына, қоғамға үлес қосатын үлкен қозғаушы күшке, атап айтқанда, мемлкетті өркендететін зор тіректі күшке айналады. Сондай – ақ, осылай тәрбиеленген білімді жастар, қоғамдағы түрлі келеңсіз, жаман істерге жиіркене қарап, пәктік, адалдық жолына ұмтылады. Жәй ғана бір мысал алар болсақ, осындай жастар университетке емтихан тапсырып тесттен өткен кездерінде, емтиханды өз білімдері бойынша тапсырады. Көшіріп, қаралықпен тесттен өтуді намыс санайды.
Ағарту саласында, отыз-қырық жыл істеп, баланың нәзік те, тілсім жан-дүниесін зерделеп келген біз сияқты кісі үшін, еліміздің бастауыш мектептерінде білім беру нәзік жанды бүлдіршіндердің физиологиялық жақтан дұрыс өсіп-жетілуіне үйлесімді болмай отырғандығын, сондай-ақ, балалардың қабілетті адам болуына кедергі екенін көріп-біле тұра, бір ауыз пікір айтып, көзқарас білдірмеу қылмысқа тең айып болмақ. Сондапдықтан, қолға қалам алып, осы мақаланы жазуға ниеттендік.
Ғылыми қағидаға қайшы, оқу-ағартудың педагогикалық заңына үйлеспейтін Қазақстан оқу-ағартуының осындай асыра сілтеп, шектен шығу ісінің балаға жеткізетін зардабын көп ұзамай-ақ, ата-ана, көпшілік түсінетін болады. Егер, Қазақстан оқу-ағартуының осы бағыты өзгертілмесе, осылай оқытудың отанымыз болашағы үшін ауыр зардап әкелері анық.
Адам жаны тілсім сырға толы. Оны дұрыс меңгеріп пайдалана білген кісі, өзінің ойлаған мақсатына жете алады.
Асқап Жанқара
Педагог, Зейнеткер
Abai.kz