Әлім Баялиев. Желтоқсан айы һәм тарихи сабақ
"Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым - Желтоқсан!" сөзінің шерлі де асқақ мағына-маңызы соңғы желтоқсаннан, мұңлы желтоқсаннан, зарлы желтоқсаннан кейін еселене түсті. Желтоқсан айының Қазақтың бергі тарихындағы ерекшелігі айнымастай бекіді. 1986-ның Желтоқсаны мен 2011-дің Жаңаөзені ажырамастай егіз ұғымға айналды. Ақ пен қараның, ақиқат пен жалғанның ара жігін шірімеген ұждан мен ірімеген парасат иелері бірден ажыратты. Ажырата алмағандардың көзіне шыңғырған шындықты ертеңгі күні тарихтың өзі тықпалар. Ащысы сол, кешегі Желтоқсаннан ұлт болып сабақ алмағанымыз, ала алмағанымыз белгілі болды. Бүгінгі Жаңаөзен сынағында бейшара, аянышты, жиіркенішті күйде қалғанымыз сондықтан. Хош, жаңа жылда келді, көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, жақсы тілектер айтқанымыз абзал-мыс. Бір тілек те бізден болсын...

Маңғыстаудағы қанды қырғыннан кейін бүкіл бір аймақ қара жамылды. Азаматтарынан айрылған үйлер өксік пен жоқтауға толды. Базбіреулердің бар дерті - шыршалы жиын, ойын-сауық, ішіп-жем... Телеканалдарда сол баяғы жын-ойнақ пен ыржың-тыржың... Қайда көз салсаң да құр мақтан, жарамсақтық пен бітпейтін өтірік... 1937-нің де, 1986-ның да күнтізбенің үзіліп, ұмыт болған жапырақтарындай өткеніміз емес; желтоқсанның тәнімізбен қоса жанымызды қарыған ызғарындай бүгініміз екенін көрдік. Жылдар бойы үзілмей келе жатқан қорқаулық, сатқындық, жүрексіздік, жағымпаздық, итаршылық, бойкүйездік пен немқұрайдылықтың бүгіні... Кенесарылардың, Исатайлардың, Махамбеттердің, Абайлардың, Ахметтердің, Әлихандардың, Міржақыптардың, Мұстафалардың, Мағжандардың дабыралы-даңғазалы мерейтойларын өткізіп, жарыса сөз сөйлесек те, құсалықпен өткен ғибратты ғұмырларының байыбына бара алмаппыз, қадірлей де алмаппыз. Ер болудың, Ел болудың сырын ұға алмаппыз. Әр адам өмірдің сынынан күнде өтсе де, ұлт ретінде сыналатын мезеттеріміз болады. Бұл жолы да өте алмадық ұлт болып ұйысудың ұлы сынынан. Бабалар ерлігінің сыбағасы болып күтпеген жерден уысымызға түскен Тәуелсіздікке лайықты екенімізді дәлелдей алмадық тағы да. Сол баяғыша, әділетсіздікке, зұлымдыққа, арсыздыққа қарсы тұрған ат төбеліндей азаматтарымыз ғана. Қыршынынан қиылғандардың жанына араша түсе алмаса да, арына араша түскендеріміз - бір уыс. Қазақ қоғамының бір бөлігінің тірі, екінші, үлкен бөлігінің өлі екенін өткен жылдың желтоқсанында анық көрдік. Құттықтауды қажет ететін жағдай бар болса, жүрегіндегі ар мен ұяттың сәулесі сөнбеген сол тірілердің жаңа жылы құтты болсын. Жүрегі тірілер мен рухы ірілердің жолы болсын бір рет болса да бұл елде, солар өсіп-өнсін, солар көгерсін... Ежелден киесі бұлар осы елдің, бір рет болсын иесіне де айналсын. Жүрегіміздің сай-саласынан шыққан тілегіміз осы...
«Абай-ақпарат»