Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 7560 7 пікір 29 Қыркүйек, 2020 сағат 14:13

Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың ахуалы қандай?

Қазақ диаспорасы тұратын елдерде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын шығару, диаспора өкілдері мен Қазақстан арасындағы мәдени-рухани, гуманитарлық, іскерлік байланысты нығайтудың маңызды қадамдарының бірі. Қазақстан аумағынан бөлек кез келген шет мемлекетте қазақ тілді ақпарат шығару оңай емес. Әр елдің ішкі саясаты мен идеологиясына қарай алуан түрлі жағдайлар кездеседі. 

«Шетелдік және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету қызметтері» аясында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік тапсырмасымен «Отандастар қоры» шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың дерекқорын жасауда. Биылғы жылдың қаңтар айынан басталған жұмыс нәтижесінде 70 астам шетелдегі қазақ тілді БАҚ пен қандастарымыз жиі қолданатын әлеуметтік желі парақшаларының базасы жасалды. Бұған қоса шеттегі қандастарымыздың басым бөлігі тұратын Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Иран, Түркия елдеріндегі қазақ тілді БАҚ мәселелеріне талдау жүргіздік.  

Өзбекстанның Ташкент қаласында қазақ тілінде шығатын жалғыз республикалық «Нұрлы жол» газеті бар. Газет бұрын «Достық туы» деп аталған. 2017 жылдан бастап «Нұрлы жол» деп атауын өзгертті. Газет аптасына екі рет қазақ тілінде шығады. Сатылымға шығарылмайды. Газетті Өзбекстандағы қазақ ағайындар жазылу арқылы почтамен алады. Кейбір жылдары газеттің тиражы 21 мыңға дейін ұлғайған болатын. Алайда, 2019 жылы газеттің тиражы 1 900 данаға дейін азайды. Мұның басты себебі, оқырмандардың көпшілігі интернет арқылы қазақ тілді ақпаратқа қол жеткізді. Сол себепті, газеттің тиражы жыл өткен сайын кеміп барады. Сондай-ақ, Өзбекстанда үш аудандық газет пен журнал және Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі сайтының қазақ бөлімі бар. Олар: «Кенимех таңы», «Тамды шаруагері», «Үшқұдық» газеттері мен «Үшқұдық журналы» («Үшқұдық» газеті жылына 3 рет Жаңа жыл, Наурыз, Тәуелсіздік мерекесінде журнал болып шығарылады). Тасқа жазған тарихтай кейінгіге мұра болар газет-журналдардан бөлек, сан жылдар өтсе де радиода әуені, көгілдір экранда кескінделген көркем бейнелердің сыры мен сыны өзгермейді. Қазақтардың жағдайы, мәдени-этностық өмірі, тілі мен ұлттық құндылықтары туралы өзбекстандық телеканалдарда қазақ тілінде бірқатар тұрақты бағдарламалар көрсетіледі. Дегенмен, теңізге тамған тамшыдай бұлардың саны тым аз. Атап айтсақ, «Өзбекстан» телеарнасында «Дидар» және «Науаи» телеарнасында қазақ тілінде 20 минуттық «Алтын аймақ» бағдарламасы эфирге шығады. Қарақалпақстан Республикасы мемлекеттік телеарнасында да қазақ тілінде мәдени-танымдық бағдарлама көрерменге ұсынылады. Сонымен қатар, Өзбекстан радиосының қазақ тілінде хабар тарататын арнайы уақыттары бар.

Өзбекстанда қазақ тіліндегі телерадио бағдарламалары ондағы этникалық қазақтардың ұлттық-мәдени өмірін қамтып, қажеттілігін толық қанағаттандырады деп айту қиын. Өйткені, аталған бағдарламалардың саны тым аз. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Өзбекстан Үкіметінің қазақ диаспорасына қатысты саясаты тұрақты сипатта дамымады. Екі ел арасындағы саяси қатынастардың салқын тартқан кезеңдері қазақ диаспорасына да кері әсерін тигізді. Мәселен, 2008 жылы Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың Қазақстанға жасаған ресми сапарынан кейін Ташкенттегі Қазақ мәдени орталығына қатысты әділет министрлігі тарапынан тексеру жүргізіліп, белгілі бір уақытқа қызметі тоқтатылғаны белгілі. Десе де, кейінгі жылдары Өзбектан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жақсарып келеді. Бұл өз кезегінде қазақ диаспорасына да оң әсерін тигізуде. Осыған қатысты ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өзбекстандық әріптестерімен аталған салада ынтымақтастық орнатып, өзбекстандық телеарналарда қандастарымызға арналған қазақ тіліндегі бағдарламалар санын көбейтуге деген қажеттіліктің бар екенін жеткізіп, шешу жолдарын талқылауды көтеруі керек.

Қазақ халқы ең шоғырлы қоныстанған өңірдің бірі - Қытайдағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялы районы. Салыстырмалы түрде алып қарағанда Қытайдағы қазақтардың газет-журнал басылымы бойынша белсенділігі өте жоғары. Атап айтсақ, қытай қазақтары арасында қазақ тілінде хабар тарататын 24 БАҚ бар. Оның 3 газет: «Шынжаң газеті», «Іле газеті», «Алтай газеті», 9 журнал: «Шұғыла», «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», «Тарбағатай», «Алтай аясы», «Мұра», «Іле айдыны», «Тіл және аударма», «Ұлттар әдебиеті», «Құмыл алқабы», 2 автономиялы райондық телеарналар: «XJTV-3», «XJTV-8», 2 радио: ҚХР қазақ радио торабы, Алтын көпір радиосы, 8 сайт: Шынжаң газеті сайты, Халық торабы, Күнлүн торабы, Тарбағатай ақпарат торабы, nurlejol.org, Тианшан торы, Ағажай-Алтай торабы, Іле ақпарат торабы қазақ тілінде ақпарат таратады.

Қытайдағы қандастарымыз төте жазуды қолданады. Бір кемшілігі бұрынғы уақытта атажұрттағы жаңалықтарды дер кезінде оқу мүмкіндігі болмаған еді. Қазіргі уақытта Қытайдағы және елге келген қандастар үшін еліміздегі Kazinform.kz, Qamshy.kz, Abai.kz, Adyrna.kz сайттарында төте жазу мен ақпарат жарияланып отырады. Қытай еліндегі жабық саясат салдарынан аталған баспасөз жетекшілерімен жеке байланысқа шығу қиындығы туып отыр. Ағат жасаған бір әрекетімізден қандастарымыздың айыпқа тартылуын қаламаймыз. Қос мемлекеттің еларалық саяси-экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынасы тұрақты дамуда, Нұр-Отан халықтық-демократиялық партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында әріптестік ынтамақтастық орнатылған. Осындай тұрақты байланыстың дамуы нәтижесінде Қытайда тұратын қандастарымызға дін мен саясатқа қатысы жоқ, тек Қазақстандағы ұлттық ғылым мен мәдениет, әдебиет пен салт-дәстүр және гуманитарлық бағыттағы ақпараттың қол жетімділігін арттыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Қытайдағы қазақ тілді журналистер мен әдебиетшілердің елімізге қызметтік сапарын әзірлеп, тәжірибе алмасу конференциялары мен курстарын ұйымдастыру керек. 

Ежелден іргелес отырған Ресей елінде қазақ халқының қаймағы бұзылмаған шоғыры мекен етеді. Бұл елде де қазақ тілді басылымдар бар. Бірақ таралу аймағы мен тираж саны тым аз. Жеке адамдардың қолдауымен шығатын газеттерді баспа бетіне беру үшін қаражат тапшылығы мен журналист мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Атап айтсақ, Ресей Федерациясы Түмен облысындағы қандастарымыздың ұлттық-мәдени орталығына тиесілі http://www.qazaq72.ru/ сайты орыс және қазақ тілінде ақпарат береді. Алтай Республикасына қарасты Қос-Ағаш ауданында «Чуйские зори» газетінің қосымшасы «Шүйдің нұры» газеті мен http://moyaokruga.ru/chuyskie/ сайты қазақ тілінде ақпарат таратады. Омбы облысында «Омбы қазақтарының» газеті, «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының сайты және «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде https://vk.com/kazahi_omska парақшасы тіркелген. Бұл парақша арқылы Ресей еліндегі қандастар өзара ақпарат алмасып, хабарласып тұрады. Омбы қаласында шығарылатын «Атамекен» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Ертай Жаңғонақов баспаға беруге дайын газетті шығаруға демеуші таппай отырғанын жеткізді. Осындай басылымдарға қолдау көрсету үшін ҚР мәдениет және спорт министрлігінің, тіл комитеті арқылы мемлекеттік тілді қолдауға арналған бағдарламалар және ҚР Сыртқы істер министрлігінің елімізді шетелдерге танытатын имидждік жобалары аясында қаржы немесе гранттар бөлу жолдарын қарастыруды ұсыныс ретінде назарға ұсынамыз. 

Шеттегі қандастардың көп бөлігі Моңғолияның Баян-Өлгей, Қобда аймақтары мен Ұлан-Батыр қаласында тұрады. Моңғолиядағы қандастар арасында 3 газет, 2 журнал, 3 телеканал, 1 сайт және радио қазақ тілінде ақпарат таратады. Жекелей атап өтсек, «Моңғол заман», «Шарапат», «Жаңа дәуір» газеті, «Шұғыла» және «Ару жұлдыздар» журналы, «Дербес» ТV, «Саян» ТV, «ТV-4» ТV телеканалы, kaz.news.mn сайты, қазақша радио торабы мен жеке әлеуметтік желідегі парақшасы Bai.olke.com. Қаржы тапшылығынан, өкінішке қарай бұған дейін оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Тарлан тағызым», «Инабат», «Білім» газеттері жабылып қалған.

Иран еліндегі Телерадио бірлестігінің World Service департаменті 32 тілде жұмыс істейді. Сонда 1996 жылы «Қазақша радио» бөлімі ашылған. 2018 жылға дейін күніне 1 сағат тікелей эфир жүргізілетін. Қазір бюджет тапшылығына байланысты жарты сағат эфир беріледі. www.urmedium.com/kazakhradio сайтының мұрағатынан бағдарламаны тыңдауға болады. www.parstoday.com/kz  ақпараттық сайтының да қазақ бөлімі жұмыс істейді. Журналист, блогер Жапарбай Шадкамның http://jake66.blogfa.com жеке блок парақшаларында ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты жаңалықтар беріліп отырады. Инстаграм желісінде Ирандағы қандастарымыз көп тіркелген kaz_iran және shadkam.jafar парақшалары да қолдарынан келгенше қазақ тілді ақпарат беруге талпыныс жасауда. Қысқа жіп күрмеуге келмей жататын тұстар да аз емес. Шетте жүрсе де, ұлтым деп қызмет жасап жүрген қандастардың барына шүкірлік етеміз. 

Түркиядағы қазақ диаспорасының қазақ тілінде тұрақты түрде шығатын бұқаралық ақпарат құралдары жоқ. Тек «КАТЕАД» тарапынан қазақ және түрік тілдерінде әр тоқсан сайын «ҚАЗАҚ ЕЛІ» атты журнал шығады. Аталған журналдың тиражы көп емес. Өйткені, тек ғылыми, академиялық ортада жүрген қандастарымызға ғана арналады. Түркияда ғылыми ортада қандастарымыздың аса көп емес екенін ескерсек, тираж санының аз болуы түсінікті. TRT каналының радиодағы қазақ бөлімі күнделікті жаңалық жариялайды. Қандастарымыз қолданатын instagram.com әлеуметтік желісінің Kaztrworld және facebook.com желісінің Kazak Türkleri Vakfı, Kazak Türkleri Eğitim Ve Araştirma Derneği 2014, ALTAY KÖY парақшаларында қазақ тілді ақпараттарға қол жеткізуге болады. 

Мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарындағы қандастарымызға қазақ тілді ақпарат беретін «Шаңырақ» Қазақ Қоры (Shanyraq Kazakh Foundation) сайты 2008 жылдан жұмысын бастап, 2013 жылдарға дейін сондағы азаматтар жөнінде ақпараттар жариялап тұрған. МИРАС Қазақ Мәдени Қауымдастығы (MIRAS Boston Kazakh Foundation) сайты, instagram.com және facebook.com желісінде сондай-ақ facebook.com, telegram.org парақшасында Kazakhs in New York, Kazakh American Association, KazCommunity USA, NoMADs family Texas және парақшасында қазақ тілінде ақпараттар жарияланып тұрады. Корея еліндегі The Kazakh community in Korea «Томирис» қазақ бірлестігі тобының facebook.com, youtube.com желісінде сондай-ақ, qazaq.alliance.in_korea, kazakhi_in_korea Кореядағы Қазақтар парақшасының instagram.com, whatsapp.com, телеграм желісінде парақшалары бар. 

Шетелдегі қандастар тұратын Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Қырғызстан және Европа мемлекеттеріндегі қазақ тілді ақпарат тарататын БАҚ-тың, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшаларының дерекқорын жасау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Атқарылған жұмыс нәтижесінде шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының «ATAJURT» (шартты атауы) ассоцациялық бірлестігін құру жоспарланған. Оның негізгі мақсаты – бірлестікке мүше БАҚ пен қазақстандық және халықаралық БАҚ арасындағы әріптестікті үйлестіру, шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау көрсету жолдары қарастыру. Шетелдегі қазақ тілді БАҚ өкілдері Қазақстанда өтетін медиа-форумдарға, конкурстарға, ұлттық сыйлықтарға қатысуға ниет танытып отыр. Ақпарат саласы мамандарының «Үркер» ұлттық сыйлығына шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың үздік журналисіне арналған номинация қосу жөнінде ҚР ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне арнайы ұсыныс жасалды. Болашақта бұл сыйлықпен қаламы қарымды, тілі шұрайлы, бейнехабарлары өзекті һәм мағыналы шетелдегі қазақ тілді баспасөзде қызмет істейтін білікті журналистер марапатталады деген үмітім бар. 

Алыстағы ағайынға жаңалықтың жаршысы болған жоғарыда атап өткен шетелдегі қазақ тілді БАҚ-пен әлеуметтік желідегі парақшалар шетте жүрген 7 миллионға жуық қазақтың тілі мен мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұмытпауына негіз болып отыр. Тілі мен мәдениетін жоғалтқан ұлттың өзі де жоғалатынын ескерсек, сырттағы қандастардың өз күштерімен шығарып келе жатқан  ақпарат құралдарына Қазақстанның салалық мемлекеттік мекемелері тарапынан көмек өте қажет. 

Еркін Байғабылұлы,

«Отандастар қорының» ресми өкілі                 

Дидар Болат,

«Отандастар қоры» жобалар координаторы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052