Дүйсенбі, 14 Қазан 2024
3543 0 пікір 13 Қазан, 2020 сағат 13:31

Әуезов театры 95-маусымын ашады

2020 жылдың 15-қазанында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық  драма театры өзінің  95-маусымын ашады.

Маусым шымылдығы «Абайдың жұмбағы» қойылымының   премьерасымен ашылады. Сахналық нұсқасын жасаған – Болат Әбділманов, Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші  Мұрат  Сапаров..

«Абайдың жұмбағы» туралы: Абай – тұтас бір әлем, әлі толық игеріліп болмаған ғарыш. Абай жұмбағын шешуге ұмтылу – оның өмірлік-өнерлік баянын зерделеп байқауға деген ұмтылыс. Ұлы ақынның өзінің әлеуметтік ортасынан ерекшеленуінің, адам атты ұлы құбылысты зерттеу-тану жолында «толық адам» ілімін ашуының, осылайша Хакімдік деңгейге жетуінің жұмбағы неде? Бұл күрделі сауалдарға Абайдың өз шығармашылығына және М.Әуезовтің атақты «Абай жолы» эпопеясының оқиғаларына сүйене отырып, өз тарапынан жауап іздейтін қойылым көрерменін де осы бір күрделі сауал төңірегінде ойсеріктестікке шақырады.

21 қазанда көрсетілетін жаңа қойылымның аты – «Қара». «Қара» - Абайдың «Қара сөздері» желісімен жазылған драма – диалог. Сахналық нұсқасын жасаушы әрі қоюшы режиссері – Жұлдызбек  Жұманбай. Қоюшы суретші – Қуат Түстікбаев..

«Қара» қойылымы туралы: Абайдың «Қара сөздері» негізге алынған спектакль пікірталас формасында қойылған. Жалғыз кейіпкер – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік  пен  келісімді дәріптейді.

Abai.kz

0 пікір