Өміржан Әбдіхалықұлы. Ата жауым сен едің...
«Мен көрдім, дүние деген иттің к...н»
Абай
«Ата жауым сен едің, қас дұшпаның мен едім»
Махамбет
«Астымда Алқоңырым желмедің ғой,
Құдайым сұрағанды бермедің ғой»
Сұлубай батыр
«Күресуге дәрмен жоқ емес, көзді тарс жұмып көлге секіретін ерлік жоқ»
Оралхан Бөкей
«Мен көрдім, дүние деген иттің к...н»
Абай
«Ата жауым сен едің, қас дұшпаның мен едім»
Махамбет
«Астымда Алқоңырым желмедің ғой,
Құдайым сұрағанды бермедің ғой»
Сұлубай батыр
«Күресуге дәрмен жоқ емес, көзді тарс жұмып көлге секіретін ерлік жоқ»
Оралхан Бөкей
Төрт құбыласы сай, төрт түлігі түгел Құнанбай сұлтанның баласы Ибраһим мырза дүниенің артын көрсе, көрген шығар. Ал, біз Құдайдың құтты күні көріп көріп жүрміз. Кеше тағы көрдік. Даусы жер түбінен шыққандай құмыққан қалың қазақтың дауысы ит-құс тиген қойдай қырылып, сайлау учаскелеріндегі урналарына тоғытылып жатқанда, әй, деген адам көрмей дүние тағы да артын алдымызға тосты.
Я Іздеушісі я сұраушысы жоқ көп дауыстың 7,19-ын, бюллетенді төркінен келген құнды қағаздай құныға санағандар Коммунисттерге бөліп беріпті.
Коммунистер кім еді? Санасы суалған өңшең шуылдақ.
1916 жылғы көтерілісте қазақтың қанының үстіне орнап, 1921-22-нші жылдары 1 млн.-ға жуық қазақты аштан қырған - коммунистер!
1927-1930-ншы жылдары «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатып қазақтың тышқақ лағына дейін тартып алып, табанын тіліп, тоздырып, әркімнің босағасынан сығалатып, жер аударып, айдап, асып атамекенінен асыра қуған - коммунистер!
1931-1933-нші жылдары 4 млн. қазақты қасқана ашаршылыққа ұшыратып, ата-бабаңның сүйегін көмусіз, айдалада ақсөңке ғып тастаған - коммунистер!
1937-1938-нші жылдары қазақтың басын кесіп, қаймағын сылып алып, тұлғасыз тұл қалдырған - коммунистер!
Екінші дүниежүзілік соғыста орыс империясы үшін соғыста шейіт болған қыршын қазақтың орындалмаған арманы, жылаған жетімнің көз жасы, қара жамылған жесірлердің зары мен өмірін ойран еткен өксігі - коммунисттердің мойнында.
1949 жылы атом бомбасын жарып, бүтін елді мәңгілік мүгедек еткен - коммунисттер!
1954 жылы тың игереміз деп тыраштанып, маң далаңның астын үстіне шығарып, бабаң жатқан моланы күреп тастаған, орыстың ойдан қырдан қашқан қылмыскері мен алқашын әкеліп елді тоздырған - коммунисттер!
1986 жылы Алматының алаңында қызыңды шашын сүйреп, «қазақ таппайсың», деп көк мұздың үстіне отырғызып, ұлыңды қарақұсынан ұрып қансыратып қырған - коммунисттер!
Әлиханды, Ахметті, Міржақыпты, Смағұлды, Жүсіпбекті, Бейімбетті нақақ атқан - коммунистер!
Шәкәрімді атып, құрқұдықтың түбінде отыз жыл сүйегіне телміртіпкізіп, алғызып арулап жерлеткізбеген, елу жыл шығармасын еліне оқытпаған - коммунисттер!
Сол коммунистер Тәуелсіз еліңнің ең биік төрінен өміріңді өлшеп пішетін заң шығармақ. Мәжілісмен атанып, биліктің ұшар басына жайғасып жатыр.
Міне, қазақтың қарғысы мен қанын арқалаған коммунистер енді тағы да төбеңде әңгір таяқ ойнатпақ. Самайын ақ қырау шалған қарт коммунисттер мен қанмен ауызданған бөлтірік комсомолдар тағдырыңды тәлкек, туған еліңнің ту-талақайын шығарып жатыр.
Тірі пенде қанды кегім бар деп қарсы шықты ма?! Жоқ. «Күресуге дәрмен жоқ емес, көзді тарс жұмып көлге секіретін ерлік жоқ». Қауқарсыз қалың шуылдақ.
Ал, күні үшін жүрген қулар мен шұлғаудан шыққан шуаштар, төріңдегі табағыңды теуіп кеткен тексіздер ұлан-асыр той жасап, Астананы арақ сасытып, коммунисттердің өлмегенін көріп, жүректері жарылып қуанып жатыр. Енді, дәл баяғыдай Бұқабай бишігін үйіріп, Жындыбаев жаныңды шырқыратады.
Атаң нәлет, коммунист - ата жауым сенсің! Қас дұшпаның - менмін! Екі дүниеде қолым сенің жағаңда кетеді. Құдайым сұрағанды берген күні көзіңе көк шыбын үймелетіп, әділ соттың алдында сазайыңды берермін! Қанды кегімді қайтарармын! Осы сөзім - сөз.
Мен айттым, қалған қазақ қаны бар болса, қасқайып тұрар!
«Абай-ақпарат»