Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 6576 3 пікір 30 Қазан, 2020 сағат 13:16

Республика күні қайда кетті?

25 қазан,1990 жыл. Ол кезде Қазақ политехникалық институтының 2 курс студентімін. Таңертең институтққа келсем, сабақта ешкім жоқ. Вахтада отырған орыс кемпірден сұрасам, сен білмейсің бе, бәрі ескі алаңға кетті деді.

Содан алып-ұшып сол кездегі ескі алаң қазіргі Алматы қаласындағы Астана алаңына жеттім. Келсем, алаңда ығы-жығы халық. Көпшілігі студенттер.

Қазіргі ҚБТУ ғимаратында ол кезде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі отыратын. Ғимарат алдында бірнеше адам шығып сөйлеп тұр. Михаил Есеналиев, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменовтерді көзім шалды. Сонымен бірге сол кезде енді бой көрсете бастаған «Алаш» партиясының белсенділерін көрдім.

Жиналған халықтың қойып тұрған талабы кейінге қалдырмай басқа республикалар (ол кезде Қазақстан Кеңес Одағы деген 15 республикадан тұратын мемлекеттің құрамында болатын) сияқты тез арада Тәуелсіздік туралы декларацияны қабылдауымыз керек екен. Оны қабылдайтын Парламент. Сол себепті халық Жоғарғы Кеңес ғимаратының алдына жиналып, талап қойып жатыр екен. Қазақстаннан басқа республикалар қабылдаған, тарихи құжат бізде ғана қабылданбаған екен. Алаңда «Алаштың» біраз мүшелері аштық жариялап та жатты. Алаңға жан-жақтан халық толассыз жиналып жатты. Бір жағынан жастық жалын, бір жағынан қызық көрушілік бар және ең бастысы «мен қазақпын» деген іштегі сезім сол жерден бізді кетірмей ұстап тұрды.

Әр шешен сөйлеген сайын халық қатты толқи қол соғып, хормен айғайлап, депуттатардан Тәуелсіздік декларациясын қабылдауды талап етіп тұрды. Арасында «Менің Қазақстанымды» барлығымыз қосылып шырқағанда, алаң ерекше рухтанып кеткендей болып тұрды.

Бұл жағдай, әрине, билікке ұнамады. Жан-жақтан мәшинелерге тиелген милиция мен ішкі әскерлердің сарбаздары келіп түсе бастады. Олар жиналған халықты толығымен қоршап алды. Әлі есімде, сол кезде Мұхтар Шаханов ағамыздың жастардың арасына жүгіріп кіріп: «Балалар, өте абай болыңдар! Аранадатуға түсіп қалмаңдар! 86-шы жыл қайталанып кетпесін!», дегені. Шынында да жан-жағымыздың барлығы сақадай сай қаруланған солдаттарға толып кеткен еді.

Түс ауып, кеш түсе бастады. Бірақ жиналған халық кетер емес. Біздердің, студент жастардың, қарнымыз ашып, шаршасақ та кеткіміз келмейді. Өйткені қазақтық намысымыз жіберетін емес.

Депутаттардың арасынан шығып сөйлеген бір адамды ғана көзім шалды. Ол Жоғарғы Кеңес депутаты семейлік Княгинин болды. Халықты сабыр етуге шақырып, көтеріліп отырған мәселенің өте дұрыстығын, өзі халықты қолдайтынын айтты. Ол кісі қазақша ғана сөйледі. Халық оған да ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

Қас қарайып, күн батты. Бірақ Парламент жақтан еш хабар болмады. Михаил, Мұхтар, Олжас ағаларымыз мінберге шығып қайта-қайта сөйлеуден жалығар емес.

Ақыр аяғында кешкі саған 10-ның кезі болу керек, қуанышты хабар естілді: Қазақстан өзінің Тәуелсіздік декларациясын қабылдады деген. Барлығымыз бөркімізді аспанға атып қуанып, бір-бірімізді танымасақ та құшақтап құттықтап жатырмыз. Қарнымыздың ашқаны мен шаршағанымыз мүлде ұмытылып кеткен еді. Бұл еліміздің тәуелсіздікке аяқ басқан алғашқы қадамындағы тұңғыш тарихи құжат болатын.

Келесі 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан өзінше жеке тәуелсіз мемлекет болды. Бірақ жаңағы мен айтқан 25 қазан ақырындап ұмытыла бастады. Ал, 16 желтоқсан Республика күні деп жарияланды. Қателеспесем, 1994 жылы баяғы депутат Княгинин осы 25 қазан мәселесін көтере бастады. Халайық, кезінде еңбекпен келген Декларацияны, оның қабылданған тарихи күнін қалай ұмытамыз деді. Оны да жалпыхалықтық мейрам жасайық деген ұсыныс айтты. Басқа да ондай ұсыныс жасаған адамдар болған шығар, менің есімде тек Княгинин қалыпты.

Осы әсер етті ме білмеймін, сол 1994 жылдан бастап 25 қазан Республика күні деп белгіленіп Мемлекеттік мереке санатына жатқызылды. 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні деп өзгертілді.

Осылайша, осыған дейін жап-жақсы өз орнымен тойланып келген мейрам қазір өз мәртебесінен айрылып қалды. Кімге қандай бөгет жасағанын түсінбедік? Қазір сол тарихи оқиғаға 30 жыл толыпты. Бірақ ол туралы айтып жатқан ешкім жоқ. Шынымен де Республика күні қайда кетті?

Серікқазы Көкенайдың жазбасы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963