Сенбі, 23 Қараша 2024
5304 0 пікір 13 Қараша, 2020 сағат 18:00

Ғалымның хаты өлмейді...

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес
Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап ойнап-күлмес»

А.Құнанбайұлы

Тіл ғылымында оның ішінде қолданбалы лингвистика саласында өзіндік орны бар Асқар ағайымыз жайлы бірнеше тақырыпта естелік айтуға болады: «Ғылым жолындағы әкем – Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов», «Ақылшы аға – Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов», «Ғалым – Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов», тіпті, «Сырлас дос – Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов» деп жазсақ, асыра жазбаған, айтпаған болар едік. Сонымен бірге, отбасылық өміріне қатысты «Асқар тау – Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов» деген тақырыпта да толғана әңгімелеуге болар еді. Күні кеше ғана сексеннің сеңгіріне келген ағамыздың бүгіндері ортамызда жоқ екендігі қабырғамызды қайыстырады. Ағамыз жайында қалам тартуымыздың бір себебі, арамызда болса, бүгінгі күні 83 жасқа толар еді. 

Асқар ағай біздер, шәкірттеріне қамқор болған еді, аға болып ғылымға ғана емес, жеке өмірімізге де бағыт-бағдарын нұсқап, жаңылыс басқан тұстарымызда ақылын айтып, кеңесін беріп отыратын. Ішкі жан толғанысымызбен бөлісіп, сырлас дос та бола алды. Ағамызды алғаш рет ұстаздық, ғалымдық қырынан тануымыз себепті, оның ғалымдық тұлғасы жайында сөз қозғамақпыз.

Ғылым мен техниканың дамуы соңғы 15-20 жылда біршама ілгері жылжыды. Жаңа технологиялардың қарыштап дамуы адамзат баласының өркендеуіне, ғылымның жетілуіне өз септігін тигізуде. Бұл жаһандану үрдісі тіл ғылымына да тың дүниелердің келуіне, тілдегі цифролизациялануға біршама дүниелер қосты. 

Осы орайда Асқар Жұбановтың жасаған тың жұмыстары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Қолданбалы лингвстика» бөлімінің гранттық жобалары негізінде жасалаған еңбектері тілдің шешілмей жүрген тұстарына себепші болды.  

Күні бүгінгі дейін компьютерлік техниканың тілін үйретіп, ішкі элементтерін меңгертіп  ақпаратты таңдап алу, оларды бір жүйеге келтіру, түр-түрге бөлу, т.с.с істермен айналысып, өндірістегі мәселелерді оңтайлы шешуге, оларды іске асыруға көмектесетін.

Бүгінгі жаһандану кезеңінде ғылым-білімнің барлық саласын автоматтандыру ең бір өзекті мәселеге айналып отыр. Тілдік материалдарды автоматтандыру қажеттігі қазіргі кезде тіл білімінің «Компьютерлік лингвистика», «Корпустық лингвистика» атты салаларының дамып, қалыптасуына мүмкіндік берді. Өз бастауын сонау ХХ ғасырдың 70-жылдарынан алатын компьютерлік лингвистика саласы да бүгінгі таңда тілді автоматтандыру мәселелері бойынша жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Қазақ тіл білімінде тіл статистикасын зерттеу алғаш қол жұмысы арқылы жүзеге асырылған болса, сол статистикалық мәліметтерді автоматтандыру, сондай-ақ тек статистикалық деректерді ғана емес, жалпы тілдік мәліметтерді автоматты түрде іздеп-табумен қамтамасыз ететін әртүрлі корпустар құрастыру мәселесі де көтерілуде. Осындай тың дүниелердің ізін ғалым Қ.Бектаевтардан кейін біздің асыл ағамыз А.Қ.Жұбанов жалғастырды. Ағайды «асыл» деп ерекшелеуіміздің өзінде үлкен мән бар. Академик Рәбиға Сыздық апамыздың Асқар ағамызға арнап жазған бір мақаласында  ««Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы», өзі де сом асыл – мықты ғалым, атаулы азамат, үлгілі ұстаз Асқар Құдайберген баласы, 75 жасыңыз құтты болсын! Қазақ халқы мақтанышпен қастерлеп атайтын «Жұбановтар әулеті» деген қымбат атты жоғары ұстап, кейінгі ұрпақтарға жеткізе бер, ұзақ-ұзақ жасап, әлі де том-том еңбек жазып, топ-топ шәкірт дайындай бер» деп апалық батасын берген еді. Меніңше, Асқар ағай ғалым апайымыздың еңбегін ақтады. Ағайдың қолданбалы бағытта жазған том-том жұмыстары кітап болып қағаз бетіне түсіп қана қоймай, Қазақ корпусының қоржынында сақталды. Электронды мұндай жұмыстар кез келген ізденушіге, оқырманға қолжетімді деуге болады. 

Ия, расымен Рәбиға апайымыз біздің ағайға осындай тұлғалық қасиетті тектен тек келтірмеген ау. Асқар ағайдың адамгершілігі, тұлғалық болмысы өзінше ерекшеленіп тұратын жандардың бірі еді. Ағайдың қаталдығы басым болғанымен, жастармен тез тіл табыса алатын да қасиеті бар еді. Қолданбалы лингвистика бөлімінде отырғанымызға 16 жылдай уақыт өтсе де ағайдың бір дауыс көтеріп, не ренжігенін көрген емеспіз. Ағайымыз есіктен кіргеннен қабағына қарап жүруші едік. Жүзі суық болып көрінгенімен ағайдың жан-дүниесі өте нәзік болған. Көңіліне жақпаған дүниені баппен, жігін жатқызып айтуға тырысып отырушы еді...

Асқар ағайға шәкірт болу тағдырдың берген сыйы ретінде қабылдаймын және оны мақтан етемін. Ағайдан көптеген ғылыми-танымдық мәнді де мазмұнды білім алдым. Осындай тың, жаңа саланың маманы болып, тіліміз үшін қызмет жасау мен үшін үлкен міндет деп білемін. Қазақ тіл білімінің, оның ішінде қолданбалы, математикалық, компьютерлік лингвистика салаларының атасы Асқар ағайдың «Компьютерлік лингвистикаға кіріспе» және «Қолданбалы лингвистика: қазақ тілінің статистикасы» атты оқу құралының кейінгі осы салада білім алушыларға баға жетпес құрал болып қалды. 

«Тумақ бар да өлмек бар» екен. «Адам өлген күні өлмейді, санадан өшкен күні өледі».  Ағай біздің жадымызда мәңгі сақталады. Бұл күн – Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың туған күні. Асқар ағаймыз осы күні жұмысқа ерте келіп, бәрімізді қарсы алушы еді... 

Бұл тағдыр. Тағдырдың жазғаны осы шығар. Ағай, биыл біз сізсіз бұл күнді қарсы алып отырмыз... 

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!  Асыл аға!

Бұлбұл Карбозова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485