Батырхан Өмірзақов: «Жаңаөзендегі оқиғаға полицейлер кінәлі емес...»
Редакиядан:
«Abai.kz» ақпараттық порталы Жаңаөзен оқиғасына байланысты түрлі тараптың пікірін, ұстанымын жария етіп келе жатқаны оқырманға мәлім. Мемлекеттік құзырлы орындардың мәлімдемелері, қоғамдық-саяси ұйымдардың үндеулері, жекелеген азаматтардың мақалалары, ақындардың өлеңдері порталымызда жарық көрді. Осы ізбен ОҚО облысынан редакциямызға келіп түскен төмендегі қысқа сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Абай-ақпарат»
Редакиядан:
«Abai.kz» ақпараттық порталы Жаңаөзен оқиғасына байланысты түрлі тараптың пікірін, ұстанымын жария етіп келе жатқаны оқырманға мәлім. Мемлекеттік құзырлы орындардың мәлімдемелері, қоғамдық-саяси ұйымдардың үндеулері, жекелеген азаматтардың мақалалары, ақындардың өлеңдері порталымызда жарық көрді. Осы ізбен ОҚО облысынан редакциямызға келіп түскен төмендегі қысқа сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Абай-ақпарат»
Жаңаөзен оқиғасының орын алғанына екі айға жуық уақыт өтсе де оның айналасындағы шу әлі басылған жоқ. Күні кеше Елбасы өз жолдауында қаладағы төтенше жағдайдың тоқтатылғанын айтқанымен, Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың осы жайтқа байланысты жасаған мәлімдемесі біраз азаматтың наразылығын туғызды.
Біраз азамат деп отырғанымыз, әрине, тәртіп сақшылары. Бас прокурор баяндағандай, Жаңаөзендегі тәртіпсіздік кезінде қару қолданып, халыққа оқ атқан кейбір полицейлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. «Олар өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қаруды заңға қайшы қолданған. Салдарынан адам өлімдері мен жарақаттарына әкеліп соқты» делінген осынау мәлімдемеде.
Алайда, жаңаөзендік құқық қорғаушылардың біразы бұл айыптаулармен келіспейтіндіктерін жеткізді. «Әріптестеріміз қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатса, қызметімізден бас тартуға әзірміз» деді олар.
Прокурордың шешіміне оңтүстікқазақстандық ардагер полицейлер де наразы. ОҚО ішкі істер органдары мен ішкі әскерлер ардагерлері кеңесінің төрағасы Батырхан ӨМІРЗАҚОВ тәртіп сақшыларынан құбыжық жасаудың қажеті жоқтығын айтады. Аталмыш салада үлкен тәжірибесі бар қарт полицей осы мәселеге байланысты бізбен ой бөліскен болатын.
- Батырхан аға, Жаңаөзендегі оқиғаға қазір жұрт әр түрлі баға беріп жатыр. Биліктегілер алғашында тәртіп бұзғандар нашақорлар мен «ішімдікке тойып алған жастар» дегенді айтты. Кейбірі «көтерілісті ұйымдастырған оралман ағайындар» деуден де тайынған жоқ. Ал, кейін тұрғындар тарапынан түсірілген бейнекөріністер оқиғаның ақ пен қарасын ажыратып бергендей болды. Енді кінәлілер ретінде тәртіпсіздікті ұйымдастырған бірнеше азаматпен бірге жоғары шенді полиция қызметкерлері де жауапқа тартылғалы отыр. Бұған байланысты не айтар едіңіз?
- Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаға пагон таққандарды жазғыруды өз басым орынсыз деп санаймын. Өйткені көтерілісті біреу ұйымдастырып, халық бір-ақ күнде алаңға шығып кеткен жоқ, жеті ай бойы тұрды сол алаңда. Аспандағы айды алып бер деген жоқ қой олар, сұрағандары - айлық пен жұмыс. Ал, билік бұларды елеген де жоқ, жеті ай бойына бір рет келіп жағдай сұрамапты. Енді болары болып, бояуы сіңгеннен кейін толқуды басқандарды айыптап жатыр. Демек, бұл оқиғаны мүлдем болдырмауға да болатын еді.
- Оқ тиіп, қайтыс болғандардың саны оннан асты, жараланғандары жүздеген. Осыншама адамды атуға тәртіп сақшыларына кім рұқсат берді деп ойлайсыз?
- Егер біреу жанындағылардың және полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндіріп жатса, полицей ескерту ретінде аспанға оқ атуға құқылы. Ал, жағдай одан әрі ушыққан кезде өзгелердің және өзінің қауіпсіздігі мақсатында тәртіп сақшысы сол адамға қарсы қару қолдана алады.
Жаңаөзенде түсірілген бейнетаспаларды мен де шолып шықтым. Алаңдағы құқық қорғаушылар алдымен аспанға оқ атқаны анық көрініп тұр. Алайда, толқу одан әрі күш алып кетті, қаншама ғимарат өртенді, тоналды, шеруге шықпаған халықтың өміріне қауіп төнді. Қару қолданбағаннан басқа қандай амалдары қалды тәртіп сақшыларының?
Мен ішкі істер органдарына тұрғындарды алып келіп оларға күш қолданған полицейлерді ақтап отырғаным жоқ. Мұндай оқиғалардың орын алғандығын да естіп жатырмыз. Егер ол анық болса, кінәлі полицейлер жазасын алуы тиіс.
- Демек, Жаңаөзендегі құқық қорғаушылардың әрекеті заң шеңберінде болды деп ойлайсыз ғой...
- Біздің қоғамда полицейлерді қандай жағдай болса да құбыжық етіп көрсету әдетке айналып барады. Бірақ, азаматтардың басына күн туа қалса, ең алдымен тәртіп сақшысын іздейтіні жасырын емес. Кез-келген қылмыстың, төтенше жағдайлардың, қайғылы оқиғалардың басына ең бірінші болып келіп жететін ішкі істер органдарының мамандары. Кешегі Жаңаөзендегі көтеріліс кезінде де шерушілермен бетпе-бет жұмыс істеген осы полиция өкілдері болды. Сол оқиғаға полицейлер араласпай, шеттен қарап тұрса не болар еді?
1986 жылғы 16 желтоқсандағы оқиғамен 2011 жылғы 16 желтоқсан оқиғасын салыстырып жүргендер көп. 1986 жылы халық бейбіт шеруге шыққан болатын. Олар ешқандай ғимаратты өртеген жоқ, тек алаңға шығып, биліктің ауысуын талап етті. Алайда, бейбіт шеруге шыққан халықты сол кездегі тәртіп сақшылары және Мәскеуден алдырылған әскер аяған жоқ. Халыққа қарсы оқ атпаса да өлімші етіп ұрып-соқты, итке талатты, көрсетпеген қорлығы жоқ. Ол кезде де адам өлімі тіркелген еді. Бірақ, көтерілісшілер ақталғанымен, халықты аяусыз басып-жаншыған тәртіп сақшыларына ешқандай шара қолданылған жоқ.
Жаңаөзендегі секілді оқиғалар елуінші жылдардың соңында Теміртауда, алпысыншы жылдардың соңында Шымкентте де орын алған еді. Әрине, кешегі көтеріліс сияқты ауқымды болмағанымен, ол кезде де шерушілер тәртіпсіздіктер жасаған. Полиция сол екі оқиғаны да қару қолдану арқылы тоқтатты. Ал, билік тәртіп сақшыларын ол үшін жазғырған жоқ.
- Сонда Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты айыпталып жатқан құқық қорғаушыларды жауапқа тарту негізсіз деп есептейсіз бе?
- Тағы қайталап айтамын, осынау оқиға кезінде қару қолданған полицейлердің әрекеті заң шеңберінде болды. Оны тексеру жүргізген мамандар да айтқан болатын. Ал, ішкі істер бөлімінің ғимаратына «күдіктілерді» алып келіп, аяусыз ұрып соққандарды ақтаудың қажеті жоқ.
Егер полицейлерімізді осылайша жазаға тартып, олардан құбыжық жасай беретін болсақ ішкі істер органдарында кім жұмыс істейтін болады?! Кешегі Ақтөбедегі, Тараздағы, Алматыдағы лаңкестік оқиғалар онсыз да бұл қызметтің қауіпті екендігін көрсетті.
Қысқасы, «төбелестен кейін қол сермемей» мұндай жағдайдың қайта орын алмауына жұмыс атқаруымыз қажет. Елде онсыз да идеология саласы ақсап тұр, қылмыстардың, тәртіпсіздіктердің болып жатқаны да содан. Бұл саладағы кемшіліктеріміздің орнын толтырсақ әлі-ақ бәрі жақсы болады.
- Әңгімеңізге рахмет!