Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 8304 21 пікір 24 Қараша, 2020 сағат 11:12

Қырғыз қайда барасың?

Қырғыз Республикасының Тәуелсіздік алғанына да отыз жыл таяп келеді. Дүниенің ұзақ тарихы жөнінен алғанда, әрине бұл көп уақыт емес. Бірақ, жаңадан тәуелсіздік алған шағын ел үшін етек жеңін қымтауға әбден жетерлік мерзім. 

Міне, қырғыз ағайындар Тәуелсіздіктен бері бес бірдей президентін алмастырды. Оның үшеуі революция жолымен зорлықты түрде аударылды, екеуі заңды түрде орнынан босады. Сонымен Қырғыз Республикасы әлемде саяси жүйесі тұрақсыз мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл жағдайдың төсекте басы, төскейде малы қосылған біздің – қазақ бауырласының да қабырғасын қайыстырып отырғаны жасырын емес. «Қырғызда төңкеріс неге қайталай береді? Қырғыз енді қайда барады?» деген сұрақ, бауырласына бүйрегі бүлік еткен кез келген азаматты толғандыруда.

Наполеон Бонопарт 1799 жылы 9 қарашада әскери төңкеріс жасап билікке келгеннен кейін, Сенаттың «Конституцияға қайшы келдің» деген айыбына жауап ретінде, қарашаның 18-күнінде: «Конституцияны Сендер алдымен өздерің құрттыңдар, оған 18 қыркүйектегі төңкерісте қайшы келдіңдер, 22 шілдедегі «Жарлыққа да» қайшылық жасадыңдар, және 30 тамыздағы төңкерісте де оны аяқ асты еттіңдер! Бұл Конституция енді елдің құрметіне лайық емес!» деп Сенаттың аузын жауып, Конституцияны қайта жасап, ұлы империя негізін қалаған екен. Сол Наполеон айтпақшы, қырғыз ағайындардың «Конституциясы» да қазір биліктің де, халықтың да, құрметіне ие болудан қалған. Ол кландардың қол шоқпарына айналған. Сондықтан, мен Қырғызстанда төңкерістің қайталай беруінің ең бірінші себебін, Қырғызстан «Конституциясы» («Баш мизамы») мемлекеттің іс жүзіндік жағдайына негізделіп жазылмаған деп қараймын.

«Конституция» - ол мемлекеттің құрылымын айқындайтын, мемлекеттің тағаны; Ол- Мемлекеттің бүкіл заңдарының атасы. Мемлекеттің қандай мемлекет болуы «Конституцияда» айқындалады. Яғни мемлекеттің президенттік билікте яки парламенттік билікте не болмаса аралас билікте болуы барлығы конституцияда көрсетіледі. Сол арқылы билеуші мемлекетке билік жүргізетін  құзыретке ие болады. Билеушінің күшінің күшті болу мен әлсіз болуы, оның конституциялық құқығының көлеміне байланысты. Қырғыз елінің билеуші саяси партиясының жылыжайда өскен майсадай әлсіз, құрамының тұрақсыз болуы, оның конституциялық құқығының негізінде қалыптасқан. Билеуші саяси партияның әлсіз болуы кландар төңкерісінің оңай жеңіске жетуіне мүмкіндік тудырады.

Екінші, сыртқы себеп. Яғни жеңілген держава Ресейдің  державалық дипломатиялық инстинктінің  әліде өшпей, бықсып жануы. 

Ресей -  геосаясида айқын жеңілген ел. 1991 жылы қырғи қабақ соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес одағының мұрагері-Ресей, Шығыс Еуропадағы, Кавказдағы және Орталық Азиядағы көптеген территориялары мен ықпал көлемінен айырылды, халқының жартысын жоғалтты. Сондықтан бүгінгі Ресей мәні жағынан алғанда соғыста жеңілген держава. Жеңілген державада екі түрлі көңіл күй болады. Бірінші, жеңілген держава, бұрынғы ұлы державалық даңқын тезден қалпына келтіруге асық болады, мейлі қандай жеңіліске ұшыраса да, өзінің намысын бермейтін бөрілік қасиетін сақтап, қанша арық болса да, жабағы жүнін қампыйтқанын ешқашан қоймайды.  «Жеңілген державаның» көңіл күйін Француз премьер-министрі Тьер, Франция, Пруссиямен соғыста жеңілгеннен кейін: «Жеңілген державаның  жеңістің мақтанышын аңсауы, құдды аш қалған адамның тамақты аңсағанындай» деп суреттеген болатын.  Демек, қазіргі Ресейдің әскери авантюралық дипломатиясының түпкілікті себебі - бұл тек қана іс жүзіндік мүдде  қажеттілігінен туындаған емес, қайта жеңілген державаның инстинкті рухани сұранысынан туындаған. 

Жеңілген державаның екінші ерекшелігі кекшіл болады. Жеңілген держава бұрын өзі билеген  жерлерін қайтарып алуды еш қашан есінен шығармайды. Керек болса, әлдеқашан сүйегі қурап қалған империя кезіндегі жерлерін тартып алуды аңсайды. Қытай басшысы Ши Жинпиңнің 2012-жылы таққа шыққаннан кейін, «Енді біз Хан мен Таңның гүлденген дәуіріне қайта ораламыз»  деуі де сол державалық кектің өшпегендігінің белгісі (Қытайдың «Хан» империясы осыдан 2000 жыл бұрын дәурендеген империя болса,  «Таң» империясы осыдан 1400 жыл бұрын дәурендеген). Ал Ресей бұрынғы державалық кегін қайтару үшін, қазірге дейін тоқтаусыз әрекет етуде. Бүгінгі күні Ресей, Грузия мен Украинның 30% жерін тартып алды және Азербайжан-Армения соғысына делдал болып, Кавказдағы ықпалынан айырылып қалмауға жан таласуда. Сондықтан Қырғызда арт-артынан төңкеріс болудың себебін, Ресей факторынан бөле қарауға болмайды. Егер Орталық Азия мүлдем тұрақтанып, бірлескен экономикалық тұлға болып «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» мамыражай күн кешсе, онда Ресейдің Орталық Азияда әскер тұрғызып, өз ықпал күшін сақтап тұруға ешқандай себеп қалмайды. Сол үшін Ресей империясының Орталық Азияда өмір сүруі үшін, өз шекарасынан алыс Қырғыз сияқты бір мемлекеттің тұрақсыздығы ауадай қажет. 

Революцияға алып келіп отырған үшінші фактор, қырғыз билігінің жемқорлығы мен халықтың кедейлігі. Мен халықтың кедейлігі мен жемқорлық факторын үшінші орынға қойып отырғанымның себебі: Егер «Конституция» тек билікті қорғап тұруға ғана икемделіп жасалса, халық қаншалық кедей болса да, революция болудың ықтималдығы соншалық аз болады.  Оған дәлел, әлемде Қырғызстаннан кедей, демократиядан аулақ, бірақ төңкеріс болмайтын Солтүстік Корея секілді  елдер жетерлік. Төңкеріс кедейліктен емес, теңсіздіктен туындайды. Жемқорлық асқынған кезде, ол теңсіздікке алып келеді. Дәл осындай сәтті билікке қарсы Кландар, ұтымды пайдаланса төңкеріс сәтті болады. Қырғызстандағы жағдай осыған сай келеді.   Сондықтан, кез келген билік өз үстемдігін сақтау үшін, теңсіздікті жойып, әділдікті сақтауы қажет. Олай болмағанда биліктің төңкеріспен аударылуы тек уақыттың еншісінде ғана. 

Енді Қырғыздың саяси жүйесінің қай бағытқа қарай дамитындығын шолып өтейік.

«Аузы күйген үріп ұрттайды» демекші, Қырғыз туғандарымыздың революциядан аузы әбден күйді. Екі реткі революция мемлекет пен халықтың аузынан ақ май ағызбағаннан кейін,  олар үшінші революцияны «революция» деп атаудан қашқақтап отырған жәйі бар. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ!», бұл да революция болды. Заңды президенттің ордасын ойрандап, тығырыққа тіреп, тағынан тайдыру – революция емей, немене?! 

Ал, біз Қырғыздың әлеуметтік желілері мен саяси қайраткерлерінің аңысын аңдасақ, үшінші революция  нәтижесінің үмітінен гөрі, күдігі басымдау көрінді. Әрине, күдіктенетін жөні бар, Қырғыздың саяси қайраткері депутат Өмүрбек Текебаевтың «Қырғыз Ееспубликасының  тарихында бір адамның қолына билік осыншалық шоғырланған емес!» дегеніндей,  Садыр Жаппаровтың  қолына үш билік түгел өтті. Бірақ, ол да «Алмақтың да салмағы бар» екенін, оның жауапкершілігіне басымен жауап беретінін беске біледі. Ал,  Халық болса революциядан әбден  шаршады. Бірақ, халық шаршағанмен, ежелден таққа таласып келе жатқан кландар шаршамайды. Енді Садыр Жаппаровтың да алды – жар, арты – құз. Оның осы қиындықтан сәтті шығуы – бүкіл қырғыздың тағдырын шешеді. 

Сондықтан, Қырғыз туысқандардың тағдыры үшін, құдіреті күшті Құдайдан Садыр Жаппаровқа шексіз ақыл парасат, сабырлылық бер деп тілейміз!

Егер біз әлемдегі толассыз төңкеріс болып, соңында өз жолын тапқан елдердің төңкеріс тарихына көз жіберсек, қырғыздың алдағы қадамының қайда баратынын болжау қиын емес. 

Бірінші, алда Қырғыз елінде Конституциялық зор өзгерістер болуы мүмкін. Бұлай дейтініміз, бұрынғы Конституция қырғыз билігінің тұрақтылығын сақтай алмады. Оның қырғыз елінің іс жүзіндік жағыдайына үйлеспейтіндігі белгілі болды. Бұл Конституция өзінің рөлін жоғалтқаны  соншалық, «үшінші революциядан» кейін Қырғыз туғандар әуелі өзіне уақытша президент болатын адамды да таппай қалды. Сондықтан, мен бұл елге тіреу болмайтын конституцияны қырғыз туысқандарымыз қайта жаңғыртады деп ойлаймын. Бірақ, ендігі қабылданатын конституция қазіргі билеуші Садыр Жаппаровтың көздеген форматы бойынша жасалуы бек мүмкін. 

Екінші, Қырғыз билігі әскери диктатуралық билікке көшуі ықтимал. Олай дейтін жөніміз, кезкелген қоғамда егер қоғамдық қайшылық, қоғамдық түзімнің жарық жағымен шешілмесе, керісінше оның қараңғы жағымен шешіледі. Халыққа ең алдымен ішер ас пен тыныш тіршілік қажет. Сосын барып еркіндік пен демократия керек. Егер, қырғыздар мәселені демократиямен шеше алмаса, онда мемлекетті сақтап қалу үшін, тек әскери диктатуралық түзімге көшуден басқа шарасы жоқ. 

 Садыр Жаппаровтың алдында да осы екі ақ жол тұр. Анығырақ айтсақ, бірі, Конституцияның негізінде, Индонезиядағы 30 қыркүйек саяси өзгерісінде аяқ астынан мемлекеттің билігін меңгерген Сухарто сияқты өзін тыңдайтын белгілі бір заңды президентің заңды билігімен қазіргі заңды биліктегі қарсыластарын түп тамырмен аластап, соңында өзі заңды түрде президент болу. Екіншісі, демократиялық билік мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауға шарасыз қалғанда 1961 жылы 16 мамырда әскери саяси өзгеріс жасап билікке келген Кореяның Пак Чонхи сияқты- конституцияны қайырып қойып, әскери диктатуралы билікке көшіп, елге тыныштық орнатып, өз билігін сақтап тұру. Демек, Садыр Жапаров мейлі қайсы жолды таңдаса да, қырғыздың тағдыры оның ақыл парасатымен тікелей байланысты.  

Қырғыз-Қазақ «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» бауырлас елміз. Сіздердің амандықтарыңыз біздің амандығымыз. Сіздердің аттарыңыздың тұяғын тас қақса, бүкіл Түркі жұрты сүрінеді. Сондықтан, қырғыз бауырларым, аттарыңның тұяғын тас қақпасын! Аман болыңыздар ағайын!

Ербосын Нұрмұхан

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371