Ресей бізден алда
Қалалану үдерісі бойынша Ресей бізден алда екен. Ондағы қала жұрты — 74,66 %, ауыл жұрты — 25,34 % (2020). 2020 жылдың 1 қаңтарына 173 қаласында 100 мыңнан астам халық тұрады екен, соның ішінде 15 қаланың 1 миллионнан астам тұрғыны бар, ал 38 қаласында жарты миллионнан астам жаран тұрады.
Қазақстан аграрлық ел. Қалалану үдерісі баяу жүруде. Тіпті ауылдық жерлердегі халық саны 821 мың адамға артқан, ал қалалықтардың саны тек 206 мыңға өскен. Қазақстанда қала халқы 54,1% болса, ауыл жұрты 45,9%. Осы көрсеткішті Ресеймен салыстырып көріңіз.
Ал біз Елорда, Алматы, Шымкент өсіп жатыр дейміз. Жақында бұған Түркістан қосылды. Біз осыған мәзбіз.
Мұны тереңірек зерделеген мамандар баршылық. Олардың талдаулары көпшілік назарына жете қойған жоқ. Біздікі үстірт шолып, соны фейсбук қауымына ұсыну.
Менің жеке пікірім бойынша, еліміздің аграрлық сипаттан қалалық, өндірістік сипатқа қарай ауысқаны тиімді. Біздің елде ауылдық жерлерде жұмыс күші тым артық. Көпшілік жұрттың тіркеуі ауылда болғанымен, тұрмыс-тіршілігі, кәсібі қаламен байланысты (такси, вахта, құрылыс, базар, жүкші, арбакеш, сауда). Ауылда тұратындардың біраз бөлігі вахтамен түрлі кен орындарында жұмыс істеп жүр. Вахтасынан соң, үйіне келіп малын бағады.
Мұны ескерсек, әрине, ауыл халқының саны ресми статистикадан өзгешелеу болып шықпақ.
Бұл ауылдарды қаңыратып таста деген сөз емес, ондағы еңбек өнімділігін арттырып, егушілік пен өсіруші еңбекті өңдеушілікке, өндірушілікке жалғастыруы керек. Ауылдарда қаламен деңгейлес тұрмыс, инфрақұрылым жасауды мақсат ету керек.
Тұрмыс дегенде жұртың көбі ауылда да пеші мен туалеті іште, ыстық суы да бар дегенді айтады. Бұл көрсеткіш емес. Шетелде туалеті, душы, төсегі, ас ішетін жері ішінде жасақталған жүк машиналары бар. Бірақ ол бар-жоғы машина, қала емес.
Қала типтес ауылдар дегеніміз мүлде бөлек архитектура, бөлек инфрақұрылым, дамыған тәрбие, оқу-білім, мәдениет-спорт ордалары бар елді мекендер.
Болат Сыздықтың жазбасы
Abai.kz