Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5647 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:51

Қамбар АХМЕТОВ. «Тентек» шахтасында тағы апат...

 

 

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты шахталардың бірінде тағы да апат болды. Маусымның 28-інде кешкісін «Тентек» шахтасындағы 193 Д6-Ю конвейерлі штректің даярлық забойында кенеттен көмір газы атқылаған. «Оқиға уақытында шахтада 94 адам болған» деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі. Апатты забойда жұмыс істеп жүрген үш кенші қайтыс болып, бір адам ауыр жарақат алған.
Осындай апат дәл осы шахтада былтырғы жылы тура осы уақытта болған еді...
2008 жылдың 2 маусымында «Тентекте» «кенеттен» атқылаған газ бен көмір 5 кеншінің өмірін қиды. Сол уақыта компания басшылары енді мұндай оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін тер төгіп, қыруар қаржы аударып жатқанын айтқан...
Осы жолы да апат орнына облыс әкімімен бірге жедел жеткен компанияның Бас директоры Франк Паннир қаржы дағдарысына қарамастан, еңбек қауіпсіздігіне мол қаржы бөлінгенін тағы бір қайталады...
Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің хабарлауынша, сыртқа шығар есік пен апат болған забой аралығындағы 260 метр қашықтықтың 100 метрін кен жыныстары басып қалған. Әрі бұл қуыста метан газы тұнып тұр. «Қазір газсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Апат орны газдан тазартылған соң, кен үйіндісін аршуға кірісеміз», – дейді құтқару қызметінің өкілдері.
Төтенше жағдайлар қызметінің де, компанияның баспасөз қызметінің де әзірше, «апат газдың оқыстан атқылауынан болды» дегенге алып-қосары жоқ. «Неге атқылады? Неге оқыстан?..» деген сұрақтар әзірге жауапсыз қалуда.
Кеше апат орнында Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор В.Петров басқарған комиссия өз жұмысын бастады.
Сондай-ақ кеше «Шахтадағы осы апатқа қатысты Қылмыстық кодекстің 245-бабаның 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Жанқозы Нақышев. «Тентек» шахтасында былтырғы жылы да апат болды дедік жоғарыда. Сол оқиғаға қатысты қылмыстық іс уақытша тоқтатылған. Кеше прокуратураның баспасөз қызметі сол іс те қайта қозғалғанын хабарлады.
– Іс республикалық Бас прокуратураның жедел-тергеу тобының Ресей Федерациясының бас прокуратурасына кешенді, комиссиялық сараптама жүргізу туралы жолдаған тапсырмасының кешеуілдеуіне байланысты тоқтатылған еді. Сараптаманың қорытындылары келіп түсті. Енді тергеу амалдары қайта жалғаса бастады, – деді Ж.Нақышев.
– Көмір департаментінің өндіруші кәсіпорындарындағы жабдықтарды алмастыруға және жаңартуға 2008 жылы АҚШ-тың 150 миллион долларынан астам қаражат бөлінді. Бұл өткен жылдары жұмсалған ақшамен салыстырғанда бірнеше есеге көп, – дейді компанияның бас директоры Франк Паннир. Оның айтуынша, компания дағдарысқа қарамастан қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қаржы бөлуді тоқтатпаған. Былтырғы жылдан бері дәл осы «Тентек» шахтасының өзінде талай жабдық жаңартылып, техникалық қауіпсіздік күшейтіле түскен.... Ендеше, жыл өтпей жатып бақытсыз оқиғаның дәл осы шахтада тағы қайталануын қалай түсінуге болады?
Айтпақшы, былтыр 30 кеншінің өмірін жалмаған «Абай» шахтасындағы апатқа байланысты қозғалған қылмыстық іс уақытша тоқтатылғанын хабарлаған болатынбыз. Біраз уақыт бұрын (04.06.2008 «Жабулы шахта жабулы» қалатын сияқты»). Бас прокуратураның жедел тергеу тобының мәлімдеуінше, шахтаны жақын уақытта ашу мүмкін емес. Оқшауланған лаваға ауа енсе, метан тағы тұтанып, жойқын жарылыс тағы қайталануы мүмкін екен. Алайда шахтерлердің жесірлері бұл айтылғанмен келіспей отыр. Олар шахтаның ашылуын талап етуде. Жақында облыс прокурорына кеншілердің жесірлері арыздана келді. Олар бұл шахтаның апаттық учаскесінен сынама алып жүрген адамдарға сенбейтіндерін мәлімдеді. Бір жарым жыл бұрын учаске гипсті ұстатқышпен тұмшаланған болатын. Ђрт жарты жылда, әрі кетсе бір жылда өздігінен сөнеді деп күтілген. Алайда бір жарым жыл өтті. Лаваны ешкімнің аша қояр түрі жоқ. Қайтыс болғандардың жесірлері болса жер астындағы өрт баяғыда сөнген деген мәліметтерге қол жеткізгендерін айтады. «Жесірлердің арызы әлі қарастырылуда» дейді прокуратура баспасөз хатшысы.
Митталдың шахталары жеті басты аждаһаға айналғандай. Кеншілерді топ-тобымен жұтып жіберуде. 2004 жылдың желтоқсанында Шахтинск шахтасындағы 23 шахтердің өмірін қиған, 2006 жылдың қыркүйегінде Ленин атындағы шахтада 41 шахтердің өмірін жалмаған жойқын жарылыстардың қасірет-қайғысы да ұмытыла қойған жоқ, әлі. 2008 жылы «Абай» шахтасында 30 кенші қайтыс болса, соның 21-інің сүйегі де табылмады. 2008 жылы «Тентектегі» апатта 5 адам көз жұмды. Биылғысы мынау.

 

 

Қамбар АХМЕТОВ, Қарағанды
«Айқын» газеті 30 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970