Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3738 2 пікір 21 Желтоқсан, 2020 сағат 14:33

Ғарыштағы бәсекелестік. АҚШ пен Қытай

Ғарыш кеңістігіндегі бәсекелестік АҚШ пен Қытай арасында өтетін сыңайлы. Ресей бұл бәсекелестікте артта қалып қойды-ау. АҚШ-тың жетістіктерін білеміз, бір ғана Илон Масктың өзі әлемді аузына қаратып отыр. Нағыз ғарыш әлемiнің Мәсіхі. Ал Қытайдың қандай жетістіктері бар, дәл осы ғарыш саласында?

2010-2019 жылдары Қытай ғарышқа 207 мәрте зымыран ұшырған көрінеді. Бұл өте көп. Ал 2018 жылы тіпті әлемде ғарыш айлағы бар елдердің ішінде рекорд жасап, 38 мәрте зымыран ұшырған.

2020 жылдың наурыз айындағы ресми статистикаға сенетін болсақ, ғарышта 2666 спутник бар. Соның 363 спутнигі қытайлық компанияларға тиесілі. Бұл Ресейден екі есе көп деген сөз. Ресейдің ғарышта 169 спутнигі бар. Ал әрине көштің басын ақбас бүркіт АҚШ бастап тұр. Адуынды АҚШ-тың ғарышта 1327 спутнигі жүр. Олар әскери операциялардан бастап географиялық есептеулерге дейін қолданылуда.

Қытай соңғы уақытта ғарышқа көп спутник шығару арқылы жаңа жүйе жасауда. Мысалы оның BeiDou жүйесі американдық GPS, ресейлік ГЛОНАСС немесе еуропалық Galileo негізіне ұқсас келеді. Енді қарап тұрсақ осы жүйелердің ішінде Қытай алғаш рет АҚШ-ты артқа тастаған екен. Қалай десеңіз, былай. Маусым айында олар BeiDou жүйесін қуаттандыратын кезекті спутникті жіберіп, алға шыққан. Яғни аспанда 35 Бэйдоу спутниктер жүйесі және 31 GPS-спутник бар көрінеді.

Одан бөлек Қытайдың Long March зымыраны арқылы Қытай ғарыш кеңістігін бағындыруға үлкен мақсаттар қойған. Барлық ұшырулар осы Long March зымырандарымен іске асуда. Қытай 2045 жылы әлемдегі басты ғарыштық күшке айналуды жоспарлап отыр. Сондықтан АҚШ-Қытай арасындағы бәсекелестік артпаса, кемімейді. Демек, ғарыш үшін айқастар алда.

2000 жылы Қытай ғарышты зерттеуге және зымырандар жасауға $22,6 млнды жылына бөлсе, бұл көрсеткіш 2016 жылы $386,6 млнға бірақ жеткен. Ғарышқа қаржы бөлуден Қытай АҚШ-тан айтарлықтай артта, алайда Ресей мен Францияны шаң қаптырып кеткен.

Жақында Қытайдың Айға жіберген аппараты топырақ алып келді. Бұл олар үшін үлкен жетістік саналды. Әрине, қоғамда Қытайдан көп сақтану бар екенін түсінeмін. Алайда ғарыштық салада және басқа да ғылыми жетістіктерінен үлгі алып, солардай болуға талпыну керек қой. Ресей Байқоңырды алып, не ғарыштық жүйеде даму жоқ, қалада тіл және тарихты оқыту үшін рұқсат сұрап жүруге тиіс жағдайдамыз. Менің ойымша Байқоңырда әлемнің нағыз ғарыш саласындағы гиганттарымен түрлі жоба жасау керек. Тек қана Ресейдің улы зымырандарын ұшыра бермей, АҚШ-пен де, Франциямен де, Жапониямен де және Қытаймен де жобалар жасап көруге болады.

Асхат Қасенғалидің жазбасы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434