Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5226 41 пікір 22 Желтоқсан, 2020 сағат 11:23

Қандастардан қашан депутат шығады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Бес партия Мәжіліске баратын кандидаттарының тізімін жариялады. Бірақ, қай және қанша партияның жеңіске жетері әзірге белгісіз.

Сол қатарда Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын тоғыз депутаттың да тізімін көрдік. Сол тоғыздың басында Сауытбек Әбдірахманов ағамыз тұр.

Жасырмай-ақ айтайын, Мәжілістің осы жолғы жетінші шақырылымында шеттен оралған қандастарымыздан да бір-екі депутат болса екен деп қатты үміттендік. Өкінішке қарай, «Ауыл» партиясынан өзге пратиялар ұсынған кандидаттардың қатарынан бір де-бір қандасымыздың есімін кездестіре алмадық. Ішімізден сол «Ауыл» партиясынан ұсынылған айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы бауырымыздың тілеуін тілеп отырмыз. Бірақ, Дәулеткерейдің депутат болар болмасы бұлыңғыр.

Біріншіден, «Ауыл» партиясының Парламентке өтер-өтпесін ешкім кесіп айта алмайды. Екіншіден, «Нұр-Отан» тарапынан айтыстың тағы бір ақтаңгері, халқымыздың аяулы азаматы Аманжол Әлтаев ұсынылыпты. Алда-жалда біреу-міреу: «Мәжіліс не, айтыс өткізе ме? Екі айтыскердің біреуі депутат болсын» деп қалса, Аманжолдың өтіп кетуі бек мүмкін.

Билік өте жақсы біледі, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында шуы мен дау-дамайы көп саланың бірі – Көші-қон болды. Мәжілісте осы саланың мәселелерін жақсы білетін маман депутат болмағандықтан, Заңдар дұрыс қабылданбай, соның кесірінен қандастарымыз әбден зардап шекті. Соңғы бес жылдың көлемінде өзіміз бел шешіп кірісіп едік, беті бері қарағандай болды. Бірақ, бүтіндейтін жамау жыртығы әлі жетіп артылады.

Сөйтіп, партиялардан бөлек, осы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын тоғыз орынның бірі қандастарымызға бұйыратын шығар деп ойлағанбыз. Тіпті, біраз әрекеттер де жасап көргенбіз. Жолымыз болмады, Сауытбек ағам тағы келіп, жайғасып алыпты.

Соңғы мәліметке қарағанда, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 69 мың этникалық қазақ көшіп келіпті. Соның 10 пайызы жоғары білімді азаматтар. Былайша айтқанда, бір үлкен әлеуметтік топ. Сонда солардың ішінен бір лайықты депутат шықпай ма? Әрине, шығады. Қандастарымыздың да президенттің саясатын қолдап, мемлекет ісінің бір жағынан шыққысы келеді.

Шеттен оралған ағайындарымыз шекарадан өтіп, құжаттанып, қашан жаңа ортаға сіңісіп болғанша, «Қандас» деген мәртебемен бір үлкен әлеуметтік топ ретінде қаралады. Олардың жағдайын қанық білетін, тілін таба алатын лауазымды тұлғалар Үкіметте де, Заң шығарушы органда да болғаны жөн.

Бірақ, бұл мәселе өмірі ескерілмей келеді.

Қарап отырсақ, Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің тарихында шеттен келген қандастарымыздан бірде-бір Мәжіліс депутаты болмапты.

Қазір қандастарымыздың шетелдегі саяси қысым мен пандемияға байланысты, бір-бірінен бөлініп, сағының сынып, жігерінің құм болып тұрған шағы. 

Олардың да көңіліне қарап, тілегін ескеріп қойған артықтық етпейді. 

Аздаған көзқарасымыздағы айырмашылықтарға қарамастан, өз басым Сауытбек Абдырахмановты іштей қатты сыйлаймын. Өте талантты қаламгер. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалған аға буынның өкшесін басып келе жатқан тұлға ретінде еңбегін де бағалаймын. Міне, сол еңбегі ескеріліп, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Мемлекеттік сыйлық алды. Дау жоқ, ол – бұл марапатқа лайық қаламгер. Құтты болсын айтам.

Мәжілістегі Жұмыс тобына қатысып жүріп, Сәукеңмен бір-екі талқыда бірге болып та қалдық. Заң жобасы қып-қызыл талқыға түсіп жатқанда суырылып шығып, ұсыныс бергенін көрмедім.

Сосын Қытайдан қашып келген азаматтар «Босқын» мәртебесін ала алмай, сотқа тартылып жатқанда, «Босқындар туралы» заңға толықтыру енгізу үшін, Сәукең бастаған бір топ депутатқа хат жазып, ұсыныс та бердім. Соңы сәтсіз аяқталды. Ағамыз шөп басын сындырған жоқ, өзгеге сілтей салды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 20 қазандағы N70-IV Заңының 6-бабында: 

Қазақстан халқы Ассамблеясына демография және көші-қон саласындағы жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысуды және шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсетуді өз қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде міндеттемелер жүктелген.

Демек, Көші-қон мен Ассамблеяның қабысып жатқан осындай ортақ мақсаты бар...

Сауытбек аға ат үстінен түспеген азамат. «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы міндетінен босаған соң, Ассамблеядан бір кезек депутат болды. Жөн делік. Міне, жас болса зейнеткерліктен баяғыда асып кетті. Жаңа жыл туса, жетпіс жас күліп тұр. «Сәуке, келші, депутат болшы!» деп, шақырып тұрған Мәжіліс жоқ екені бес қолдың саласындай белгілі. Енді депутаттық мандатты іні-қарындастарының, нақтылап айтсам, қандастарының біреуіне беріп, дем алғаны, жазылмай жатқан дүниелерін қағаз бетіне түсірумен айналысқаны жөн еді...

Ауыт Мұқибек,

ҚР президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394