Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3883 0 пікір 21 Ақпан, 2012 сағат 04:00

Бейбіт Қойшыбаев. Зұлматқа лағынет

Жаппай саяси қуғын-сүргін науқанының  75 жылдығына орай

«37» деген сан халық зердесіне қанды әріптермен жазылып, мәңгі өшпестей орын алды. Қаһарлы да қорқынышты кезеңнің символы сынды сол цифрлар  содан кейінгі жарты ғасыр бойы ауыздан ауызға негізінен құпия ғана жеткізілді. Қысқа мерзімгі «жылымықта» да шын сырын ашпады. Шын  сырын ашпаған күйі, үрейлі науқанның белгісі ретінде жүрек түкпіріне ұялаған қалпы, бертінге дейін санада өзгеріссіз сақталып келді. Тек тоталитаризмнің көбесін сөккен қайта құру жылдары мен тәуелсіздік дәуірі ғана қаралы кезең шындығын ашуға мүмкіндік берді.

Халық жанына  жойқын жара салған осынау үрейлі Отыз жетіден бері 75 жыл өтті. Иә, тарихтағы ең қатыгез және жаппай сипат алған кісі өлтіру науқаны 1937 жылы басталды. Шетелдік зерттеушілер «үлкен террор» деп атаған сонау 1937-1938 жылдары Кеңес Одағында, халықаралық «Мемориал» тарихи-ағарту қоғамының мәліметі бойынша, 1 миллион 710 мыңнан астам адам саяси айып тағылып тұтқынға алынған да, солардың кемі 725 мыңы атып тасталған. (Бұлардың ішінде атылған 25 мыңдай  қазақстандық да бар). Совет мемлекеті осы  Үлкен террор кезінде  орта есеппен күн сайын өзінің бір мың азаматын атып өлтіріп отырды.

Жаппай саяси қуғын-сүргін науқанының  75 жылдығына орай

«37» деген сан халық зердесіне қанды әріптермен жазылып, мәңгі өшпестей орын алды. Қаһарлы да қорқынышты кезеңнің символы сынды сол цифрлар  содан кейінгі жарты ғасыр бойы ауыздан ауызға негізінен құпия ғана жеткізілді. Қысқа мерзімгі «жылымықта» да шын сырын ашпады. Шын  сырын ашпаған күйі, үрейлі науқанның белгісі ретінде жүрек түкпіріне ұялаған қалпы, бертінге дейін санада өзгеріссіз сақталып келді. Тек тоталитаризмнің көбесін сөккен қайта құру жылдары мен тәуелсіздік дәуірі ғана қаралы кезең шындығын ашуға мүмкіндік берді.

Халық жанына  жойқын жара салған осынау үрейлі Отыз жетіден бері 75 жыл өтті. Иә, тарихтағы ең қатыгез және жаппай сипат алған кісі өлтіру науқаны 1937 жылы басталды. Шетелдік зерттеушілер «үлкен террор» деп атаған сонау 1937-1938 жылдары Кеңес Одағында, халықаралық «Мемориал» тарихи-ағарту қоғамының мәліметі бойынша, 1 миллион 710 мыңнан астам адам саяси айып тағылып тұтқынға алынған да, солардың кемі 725 мыңы атып тасталған. (Бұлардың ішінде атылған 25 мыңдай  қазақстандық да бар). Совет мемлекеті осы  Үлкен террор кезінде  орта есеппен күн сайын өзінің бір мың азаматын атып өлтіріп отырды.

«Мемориалдың» тұжырымдауынша, Үлкен террор, сөз жоқ, - совет өкіметінің айрықша қанды із қалдырған террорлық науқаны, дегенмен бұл оның мейлінше салқынқандылықпен жүзеге асырған көп террорлық әрекеттерінің бірі ғана. Өйткені мұндай қылмысты оқиғалар кеңестік биліктің әйгілі Қазан төңкерісінен бергі  бүткіл ғұмыры бойы орын алып келген.

Біз мұнымен келісеміз: қазақ еліне пролетариат диктатурасы  орнатылған жылдарда халқымыз ақтардан да, қызылдардан да жазықсыз жапа шекті. Сотсыз, тергеусіз қамалды, сотталды, атылды. Бірнеше рет жасанды ашаршылыққа ұшыратылып, мүлдем жойылып кету қаупін төндірген ұлттық апатты бастан кешті. Кеңестік жазалаушы әскерлер әлеуметтік солақай реформаларға қарсы көтерілгендерді бүткіл ауылымен қырып жіберді. Сондықтан да, тоталитарлық жылдарғы идеологиялық  тыйым салуларға қарамастан, миға қарып жазылғандай болып, «32» және «37» деген екі дата қаны сорғалап жанды да тұрды.  Биыл осы екі қаралы жылдың да өзіндік «юбилейі» болғалы тұр. Біз қазір соның екіншісі жайында әңгімелемекпіз...

***

Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық   Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумы кеңестік қоғамды кең ауқымда тазарту жұмысын бастауға батасын берді...

Пленумда Бас хатшы Иосиф Виссарионұлы Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы» баяндама жасаған. Ол социалистік құрылыс барысында таптық күрестің шиеленісе түсетіні жайындағы доктринасын қайталады. Ішкі істер халық комиссары Н.И.Ежовтың баяндамасында бұрынғы солшылдарды - троцкисттер мен зиновьевшілдерді, сондай-ақ «оңшыл-ауытқушыларды» біріктіруді көздеген «оңшыл-солшыл» оппозиция құрмақ болды, Сталинге қарсы террор  жасауды астыртын түрде жоспарлады деп Н.И.Бухаринге айып  тағылды.

Сталин өз сөзінде «халық жауларының екіжүзділікке салынатыны», сондай жымысқы әрекетпен «большевик, партияшыл болғансып» құбылатыны, «біздің сенімімізге кіру үшін, өздеріне біздің ұйымдарымызға жол ашу үшін» шын келбеттерін көрсетпей, түпкі ниетін бүркеп алдаусыратататыны жайындағы   алғашқы елеулі ескерту «Киров жолдасты қаскүнемдікпен өлтіру»  оқиғасымен жасалғанын айтып өтті. «Қазіргі зиянкестер мен диверсанттар, троцкистер - көп бөлігі партияшыл, қалтасында партия билеті бар адамдар, яғни, формальды түрде бізге бөтен емес адамдар» деді. Солардың «совет өкіметіне дос болып көрініп,  біздің адамдарды саяси тұрғыда алдайтынын, сенімді асыра пайдаланып, үн-түнсіз зиянкестік жасайтынын және біздің мемлекеттік құпияларымызды ашып жатқанын» атап айтты.

1937 жылғы 23 ақпаннан 3 наурызға дейін жұмыс істеген осы БК(б)П ОК Пленумында 72 адам сөйледі. Бухарин өзіне терроршылдық қызметпен шұғылданды деген деректердің НКВД тергеушілері ұрып-соққылап мойындатуы салдарынан пайда болғанын айтып, жала деп мәлімдеді. Оның бұл мәлімдемесі - «советтік құрылысты қаралаушылық», ал жалаға қарсылық білдіріп аштық жариялауы - «троцкийшілік әдіс» деп бағаланды. Партиядан шығарылып, ісі НКВД-ге берілді. Осы Пленумда сөйлегендердің 52-сі террор барысында атып тасталды.

Cонымен, БК(б)П ОК-нің аталмыш ақпан-наурыз Пленумы Үлкен террордың идеялық негізін қалады. Пленумнан кейін көп ұзамай, мамыр айында, құдды бір Батыс Сібір өлкесінде «ұйысқан» аса ірі «эсерлік-монархиялық» қарулы қастандық әрекет жасаушылар ісі ойлап табылды. Оны шетелдегі ақтар эмиграциясы арасындағы Орыс жалпыәскери одағының эмиссарлары мен жапон барлауы ұйымдастырған делінді.

Дегенмен, жаппай саяси қуғын-сүргіннің нақты бастау алған уақыты мен дерегі ретінде  зерттеушілер КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 1937 жылғы 30 шілдеде шығарылған № 00447 бұйрығын атайды.

Осы құжат шығар қарсаңда бір жәйт болды. Мексикадан Лев Троцкий КСРО Орталық Атқару Комитетіне жеделхат жолдапты. Онда Сталиннің саясатын «жеңіліске апарады» деп сынаған да, одан «аман қалудың жалғыз жолы  - кейінгі сот үдерістерін ашық жасаудан бастап советтік демократия бағытына бет бұру» деп көрсеткен. ВЦИК-ке «сол жолда өзінің толық қолдаушылығын ұсынатынын» мәлім еткен. Жеделхат, әрине, Сталинге жеткізілді.  Ал ол  оған: «Шпиондық ұсқын! Гитлердің бетпақ шпионы!» деген бұрыштама соғады.

Сосын, 28 маусымда, Саяси Бюро «жер аударылған кулактардың көтерілісшіл ұйымына жататын белсенділердің бәріне жазалаудың жоғарғы шарасын қолдану қажет» деп тапқан, «мәселені шапшаң шешу үшін» құрамына НКВД басқармасының бастығы, прокурор және өлкелік партия комитетінің хатшысы кіретін «үштік құру» жайында шешім қабылдайды.

Одан соң, 2 шілдеде, барлық одақтас республикалардың орталық комитеттеріне, обкомдар мен өлкекомдарға Сталиннің қолымен хат жіберіледі. Бұл хатта айдаудан оралған бұрынғы кулактар мен қылмыскерлердің жер-жердегі «ұжымшарлар мен кеңшарлардағы, транспорттағы және өнеркәсіптің кей салаларындағы антисоветтік және диверсиялық қылмыстардың қай түрінің де бастаушысы» болып жүргені хабарланады. Сосын солардың бәрін есепке алуды, «іштеріндегі неғұрлым жаулық танытатындарды шұғыл тұтқындап, әкімшілік тәртіппен үштіктен өткізу жолымен атып тастауды» тапсырады.

Осы тапсырмаға байланысты, алда тұрған операцияның егжей-тегжейін талқылау үшін, халком Ежов НКВД-нің облыстық басқармалары бастықтарымен 16 шілдеде арнайы мәжіліс өткізді. Басқарма бастықтары тұтқындалғандардың саны және өздеріне берілетін «оперативті лимитті» ұлғайту жөнінде бірінен бірі асып түсуге тыраштана тырысып, даңғаза цифрларды хабарлады. Тұтқындарға күш қолдану тәсілдерімен олардың қылмысын мойындату жөнінде де айтылды. (Азаптау Орталық Комитеттің рұқсатымен жасалып жатқан, оны Сталин тұтқынды тән азабына салу тәсілінің теориялық негіздемесін жасап, төменгі буындарға кейінірек жолдаған өзінің жеделхатында растаған еді). Ежовтың кеңестегі нұсқау сөзі «Соқ, талдамай талқанда!» деген директиваны басшылыққа алды.

Осындай жолмен идеологиялық тұрғыда қамтамасыз етіліп барып шығарылған НКВД-нің «Бұрынғы кулактар, қылмыскерлер және басқа да антисоветтік элементтерді репрессиялау туралы» № 00447 бұйрығы халықтың әлдеқандай қарсылық көрсетуге деген ерік-жігерін жаппай басып-жаншып тұншықтыруға бағытталған болатын. Оны 31 шілдеде БК(б)П ОК Саяси Бюросы мақұлдады. Онда ГУЛАГ лагерьлері жүйесін кеңейту жөнінде шешім қабылданды. Аталмыш бұйрыққа сай орындалған тек «кулактар операциясы» ауқымында жер-жердегі үштіктер 818 мың адамды соттап, оның 436 мыңына ату жазасын кесті.

Өстіп, аталған құжаттар жаппай саяси репрессиялар, яғни Үлкен террор кезеңін ашты. Алапат зобалаң шақ 1937 жылғы 5 тамыздан 1938 жылғы 16 қарашаға дейін созылды. Оның нәтижесін (сондай-ақ ұжымдастырудың да салдарын) зерттеушілер өз халқына қатысты жасалған геноцид деп атауда. Ұлтымыздың барша қаймағын сыпырып алған жаппай саяси қуғын-сүргінді (сондай-ақ, халқымыздың жалпы санының жарты мөлшерін қынадай қырған ашаршылық апатын) біздің елде де осылай бағалау тіл ұшында жүр.

Сонымен, 1937 жылдың көктемінде ұлан-ғайыр кеңестік кеңістіктің барлық аймағында «халық жаулары мен екіжүзділерді түбірімен қопару және жою» науқаны өріс алған-ды. Ұлы Сталиннің дана басшылығымен күрестің жаңа бағытының мәні: «Троцкистерге қарсы күресте қазір ескі әдістер - дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құрту, талқандау әдістері керек», - деп тұжырымдалған. Мұны жер-жердегі бас шұлғығыш большевиктер қанағаттана қарсы алған.  Сөйткен де, большевизмнің түкпір-түпкірдегі    құлдық ұрғыш әм шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділері мен қилы жарамсақ-жағымпаз жақтастары түгелімен сонау «жаңа әдістермен»  шұғыл қаруланған болатын.

Содан барып Отыз жетінші жылдың  ұмытылмас сүреңсіз суреттері Қазақстанда да орын алған. «Қара құзғын» мінген қара киімді чекистер жазықсыз  азаматтарды топырлатып түрмелерге тығумен болды. Қарағандыда Мәскеудің үлгісімен  жалғыз рет ашық саяси сот өткізілді. Сол сотта облыс партия-кеңес ұйымдарының басшылығына «еніп алған» «троцкийшілдер» бар дауыспен әшкереленді. Баспасөз кеңестік «демократияны» шегіне жеткізе дамытқан күллі жүйені дәріптеп, «кеңестік сөз бостандығын» паш етті. Қоғамдық пікірді бұрмалап қалыптастыру жолына жанын салды. Санасы уланған жұртшылық «әшкереленген халық жауларына өлім жазасын беруді»  түрлі жиналыстарында ашу-ызаларын төге талап етіп жатты.

«Ұлтшыл-фашистерге өмір сүргізбейміз» деп, республикамыздағы нөмірі бірінші большевиктік газет ұрандатты. «Әдебиеттегі троцкист-бухариншіл ұлтшыл-фашист зиянкестерін жеріне жете құрту керек» деп большевик-жазушылардың үнпарағы дабыл қақты.

Аймақ-аймақтың белсенділері орайы кеп тұрғанда көзге түсіп көрініп қалуға тырысты. Қайткенде  жоғарыға жағынуды мұрат еткен бодандық сезім жетегімен, мемлекеттің репрессиялық-жазалау машинасына үстемелеп от жағып отырды. Тыным таппай, «халық жауларын» әшкерелеген үстіне әшкерелей берді.

Жаз айларында астанадағы лауазымды азаматтар қамауға алына бастады.  Шілдеде республика прокуроры Сүлеймен Есқараев ұсталды. Тамыздың басында ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов, одан  сәл кейін Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тұтқынға алынды. Ұзамай  егіншілік, қаржы, денсаулық сақтау халық комиссарлары Нығметолла Сырғабеков, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Алматы облыстық және қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы Жанайдар Садуақасов, Халкомкеңестің көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы Ғаббас Тоғжанов ұсталды. Облыстардағы басшылар да бірінен  соң бірі қамалып жатты.

Ғалымдар Санжар Асфендиаров, Құдайберген Жұбанов, Қоңырқожа Қожықов абақтыға әкетілді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды кеңесшіл ақын-жазушылар да түрме төрінен орын алды. Саяси репрессияның 30-жылдар басындағы алғашқы толқынында сотталып, жазасын өтеп қайтқан Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев секілді «алашшыл» ғалымдар мен қаламгерлер де бұрындары бір байланған шаладан құтылмай, сол ескі жаламен қайта тұтқындалды.

Мәскеу түрмелеріне Ресей халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов, Бүкілресей Орталық Атқару Комитеті ұлттар бөлімінің меңгерушісі Нығмет Нұрмақов,  Сауд Арабиясындағы елшілік қызметтен шақырып алынып, КСРО Ұлттар кеңесі жанындағы Тіл және жазу жөніндегі орталық ғылыми-зерттеу институтының   ғылыми қызметкері боп жүрген Нәзір Төреқұлов, бұрынғы Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Кеңестік бақылау комитеті уәкілінің Өзбекстандағы орынбасары Сұлтанбек Қожанов, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян, екінші хатшысы Садық Нұрпейісов тоғытылды.

«Қазақ әдебиеті» газеті 1937 жылғы 13 тамызда: «ҚазАПП кезіндегі ұлтшыл-фашист-провакатор Байділдиннің зиянкестігін» еске бір алып қойып (әдебиетші Әбдірахман Байділдин, жазушы Жүсіпбек Аймауытов, тұңғыш ұлттық театрдың шаңырағын көтерген мәдениет қайраткері Дінше Әділов, журналист Ахметсафа Юсупов төртеуі репрессияның 1930 жылғы толқынында Мәскеуде атылып, пролетариаттың ұлы көсемі Лениннің туғанына алпыс жыл толу құрметіне құрбандыққа шалынған болатын), «әдебиеттегі алашордашылардың, қазіргі ұлтшыл-фашистердің төбеттері (анау-мынау «басшы, жетекші, ұйымдастырушылары» емес, тура осылай: «төбеттері»!)   - Нұрмақов, Рысқұлов, Сәдуақасов, Құлымбетов, Жүргенов, Қожанов, Тоғжановтардың қалдықтарын түп-тамырымен құрту бүгінгі таңдағы ірі міндетіміз екенін бір минут те ұмытпауымыз керек», - деп, алға аса жауапты да өте биік  міндет қойды.

Араға аз уақыт салып, жазушылардың қалалық жалпы жиналысында сөйлеген белгілі қаламгерлеріміздің бірі:  «Халық жаулары Жүргенов, Тоғжанов искусство жұмысына қырсығын тигізіп, зиянкестік істеді, - деп соқты (ол репрессияның қара найзасына ілінген жоқ, шамасы, «қазіргі ұлтшыл-фашистердің төбеттеріне» берген бағасы жазалағыш аппараттың ойлағанынан шыққан болуға керек). - Қазақтың советтік искусствосын жоққа шығармақшы болды, өздерін әдебиеттің, искусствоның «генийлері» етіп көрсетуге тырысты, сол дұшпандардың сілімтіктерінен тез құтылуымыз керек». Осынау жүрекжарды сөз «Қазақ әдебиетінің»  1937 жылдың 10 қыркүйегіндегі жиналыстан жазылған есепте  жарияланған еді.

Сол 37-нің күзінде Мәскеуде Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов пен Нәзір Төреқұлов, Алматыда Ахмет Байтұрсынов, Омбыда Қошке Кемеңгеров атылды. Сол 37-нің соңына қарай Қазақстан большевиктері Коммунистік партиясының Орталық Комитеті республика бойынша бірінші категориямен, яғни ату тәсілімен  репрессиялануға тиіс адамдардың мөлшерін алты жүзге дейін көбейтуді сұрап, Мәскеуге өтініш түсірді. Республика басшылығы, сондай-ақ, оған қосымша тағы мың адамды екінші категориямен, яғни ұзақ мерзімге соттап  жазалауға рұқсат сұрап құлшынды. Ұсыныс 1937 жылғы 3 желтоқсанда БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюро мәжілісінде бекітілді. Осылай, жауды табу және көзін жою орайындағы саяси репрессия ауқымын арттыруды, мойынға алған міндеттемесін асыра орындауды көздейтін жоспарлы арнаға салу арқылы, Қазақстан билігі халыққа әкелген қасіреті мол Үлкен террор көрігін өзіндік отынмен үстемелеп қыздыра түскен еді. НКВД құрамындағы Айрықша кеңес, «үштік», «екілік» деп аталған соттан тыс жазалаушы құрылымдар  облыстардағы еңбекшілер арасын «тазалап», екпінді жұмысын жүргізіп жатты.

Республиканың басшы органдарындағы «халық жауларының» тағдырын айқындау мақсатымен, көп ұзамай, Қазақстанға КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы  келіп, асқан шапшаңдықпен көшпелі сессияларын өткізуге кірісті...

 

***

«Социалистік Қазақстан» газеті 1938 жылғы 22 наурызда  «Қазақ халқының ежелгі жаулары» деген тақырыппен партия-кеңес қызметіндегі 19 «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл және бухариншіл»   басшылар үстінен 6-12 наурызда Алматыда жабық сот болғанын хабарлады.   Олар  «Отанға опасыздық жасағаны үшін, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге, сөйтіп оны шетел империализмінің колониясына айналдыруға тырысқан әрекеттері, терроршылдық істері, зиянкестік  және диверсиялық жұмыстары, шетелдік шпионаж жасағаны үшін» ату жазасына кесілді және үкім орындалды деп жазды.

Үнпарақ одан әрі    «қазақ халқын бақытты, қызық дәуренінен айыруға тырысқан» осынау  «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттерді дер кезінде әшкерелеген даңқты чекистерге» ризашылығын білдірді. Оларға және «олардың сталиншіл наркомы Н.И.Ежов жолдасқа Қазақстан халқы көп-көп алғыс айтуда» екенін аян етті. Республиканың басшы орындарына кіріп орнығып алған сонау «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттердің»  «Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге», шетел отары етуге тырысуы салдарынан «бақытты, қызық дәуренінен айрылып қала жаздаған» «Қазақстан халқы» енді, бұдан былай ондай әрекетке жол бермес үшін, «жауларды түгел жоюда НКВД орындарына әрқашан жәрдемдесіп отыруға дайын» боп тұрғанын жариялап, баршаны сендірді.

Осылай, Үлкен террордың екінші жылында, Қазақстанның сол кезгі нөмірі бірінші ресми газеті бүгінгі ұрпаққа өз заманындағы халыққа қарсы жасалған мемлекеттік қылмыстан - жиырма бес мыңнан астам жазықсыз жанды құпия атып тастаған саяси қуғын-сүргін кезеңінен тасқа басылған осындай бұрмалаулы жаңғыз ғана ақпарат қалдырған болатын. Шындықтың беті ашылуына Қазақстанның ерікті «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы (құрылғанына жиырма үш жылдай болған «Әділеттің»  әр кезгі төрағалары - Санжар Жандосов, Манаш Қозыбаев, Мұрат Баймаханов, Кеңес Нұрпейісов, өзгеріссіз атқарушы директоры  - Сәуле Айтмамбетова) көп еңбек сіңірді.

Осы қоғамдық ұйым жинақтаған деректерге қарағанда, 1937 жылы Алматы облысында атылғандар саны 440 болса, 1938 жылы мыңнан асып кеткен, Жамбыл облысында 1937 жылы 330 адам атылса, 1938 жылы бұл көрсеткіш 510-ға жеткен. Құрбандардың осындай өсуі бар аймақта орын алған. КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының Алматыда 1938 жылғы 6-12 наурызда өткізген көшпелі сессиясы жайындағы (жоғарыда келтірілген, сессия аяқталған 12 наурыздан он күннен кейін - 22  наурызда жарияланған) газет хабары да шындықты жартылай ғана көрсеткені бүгінде анық болып отыр. Біріншіден, басшы қызметкерлерді ату, соның ішінде әлгі газетте тізімі жарияланған азаматтарды атып тастау жабық сот ашылды деген күннен екі апта бұрын - 1938 жылғы ақпанның ортасынан бастап орын  алған. Екіншіден, сол жарияланым жарыққа шыққанға дейін, республика аумағын есептемегенде,  тек Алматыда ғана алты жүздей боздақ жендет оғына байланған.

Мәселен, 1938 жылғы 15 ақпанда Алаш қозғалысының қайраткері, ұстаз, зерттеуші, кеңестік мәдениет қызметкері Қоңырқожа Қожықов атылды. 25 ақпанда атылған 39 адам қатарында Санжар Асфендиаров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин құрбан болды. 26 ақпанда ішінде Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Асфендияр Кенжин, Сәлемхат Күленов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Әзімбай Лекеров, Бейімбет Майлин, Асхат Сейдалин, Жұмат Шанин бар 37 адам атылған. 27 ақпанда 41 адаммен бірге  Мағзұм Асанбаев, Борис Берлин, Мерғали Қаділбеков, Сабыр Қапин, Әлкей Өтекин, Владимир Случак, Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұнғашин, Михаил Чудочкин, Телжан Шонанов оққа ұшты. 28 ақпанда атылған 40 адамның арасында Бірмұхамед Айбасов, Әшір Бүркітбаев, Оразалы Жандосов (ағасы Ораз Жандосов 2 наурызда атылған), Мұхамедияр Жанкин, Мұхтар Саматов, Мұхаметқали Тәтімов болды. 3 наурызда Ибадолла Құлжанов, Мағазы Масанчи, Абдолла Розыбақиев, Рахым Сүгіров... барлығы 38 адам, 7 наурызда Нұртаза Ералин, Жұмахан Күдерин, Нұғман Манаев... барлығы 43 адам, 8 наурызда Әбілқайыр Досов, Атлас Кәлменов, Жақсылық Құлтасов, Хакімжан Нұрымов... барлығы 44 адам, 9 наурызда атылған 37 адам ішінде Әбдірахман Айсарин, Ахмет Нұралин, Шахзада Шонанова (Қаратаева), Анас Ілиясова бар...

1937 жылдың күзінде Алаштың ар-ожданы Ахмет Байтұрсынов Алматыда, көшбасшысы Әлихан Бөкейханов пен тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұлов Мәскеуде атылды.   Сондай-ақ Мәскеуде 1938 жылғы ерте көктемде Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, күзге салым Жанша Досмұхамедов оққа ұшты.

Қысқасы, Үлкен террордың екінші жылында саяси айыппен атып тастау мейлінше күшейіп,  қазақ қоғамының бетке ұстарларын түгелге жуық жойып жіберілді.

1938 жылдың күзіне қарай Сталин қуғын-сүргін ауқымының тым шектен шығып кеткенін ұқты. Оған жекелеген партия ұйымы басшылары НКВД-нің жол берген бұрмалаулары мен оның жоғарыға жолдап отырған жалған ақпарлары, түрмелердегі адам төзгісіз тәни азаптаулары жайында хат жазуға батылдық етті. 22 тамызда ішкі істер халкомының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Берия қыркүйек-қазан айларында Сталинге және өзге де Саяси Бюро мүшелеріне тазалауды тоқтату қажеттігі жайында ашықтан ашық айтып жүрді. Ақыры, 1938 жылдың қазан айында сотсыз үкім шығаратын органның бәрі (НКВД-нің жанындағы Ерекше Кеңестен басқалары) таратылды. 25 қазанда Ежов орнынан түсірілді де, нарком лауазымына Берия көтерілді...

Жаппай репрессияға 1938 жылдың күзінде тоқтау салынса да, қуғын-сүргін одан бергі жылдарда да жалғаса берді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша,  «халық жауларын әшкерелеп» ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген. Соңғы деректерге қарағанда, 1937-1946 жылдары атылып, Алматы түбіндегі «Жаңалық» қорымына көмілген  құрбандар саны 4219-ға жетті.

Бүгінде «Әділет» қоғамы Алматы облыстық әкімдігінің демеушілігімен осы қаралы тізімді арнайы кітап етіп шығару үстінде. «Жаңалықтағы» мемориал кешенін құрбандар есімі қашалған естелік қабырғамен толықтыру ісін де әкімдік жәрдемімен жүзеге асырмақ. Өйткені мұндай иманды шаралар демократия құндылықтарын бағалай білетін ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет. Тоталитаризм заманындағы жаппай саяси қуғын-сүргіндер ауқымында жүргізілген мемлекеттік террордың құрбандары аруағына құрмет көрсету - бүгінгі ұрпақтың парызы...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының

бірінші орынбасары,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397