Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4077 0 пікір 24 Ақпан, 2012 сағат 05:22

Ақеділ Тойшанұлы. Төреғали, түн баласы және түркінің тылсым түсінігі

Жыр бәйгесінде ақбоз арғымақтай көзге жарқ етіп түспегенімен құмырсқадай қыбырмен Һәм сабырмен өз соқпағынан жаңылмай сұлулық мұнарасын сомдап келе жатқан бір ақын бар.

Қажылыққа ниет еткен құмырсқадай,

Бетке алдым өлеңнің қағбасын.

«Жеткізер, - деме, - бұл жүріс қалай?»,

Жете алмасам жолда өлермін.

Жақсы жырдың жолында жан азабын кешкен ақын сарқылмас төзімділікті Сүлеймен пайғамбармен тілдескен шымалдан өнеге ететіндей:

Уа, құмырсқа атың енген Құранға,

Сүлейменге таптатқан жоқ бір Алла...

Уа, тақсырым, тура жолды жұртыңнан,

Тағзым еткен Тәңіріге мұртыңнан,

Тарап жатыр дүниеге тағылым,

Білім жиған біттәй бітім - тұрқыңнан.

Жыр бәйгесінде ақбоз арғымақтай көзге жарқ етіп түспегенімен құмырсқадай қыбырмен Һәм сабырмен өз соқпағынан жаңылмай сұлулық мұнарасын сомдап келе жатқан бір ақын бар.

Қажылыққа ниет еткен құмырсқадай,

Бетке алдым өлеңнің қағбасын.

«Жеткізер, - деме, - бұл жүріс қалай?»,

Жете алмасам жолда өлермін.

Жақсы жырдың жолында жан азабын кешкен ақын сарқылмас төзімділікті Сүлеймен пайғамбармен тілдескен шымалдан өнеге ететіндей:

Уа, құмырсқа атың енген Құранға,

Сүлейменге таптатқан жоқ бір Алла...

Уа, тақсырым, тура жолды жұртыңнан,

Тағзым еткен Тәңіріге мұртыңнан,

Тарап жатыр дүниеге тағылым,

Білім жиған біттәй бітім - тұрқыңнан.

Осылайша құйттай құмырсқаның тағдыр-тәлейінен сыр түйіп «Жауратқан жапырақтың көлеңкесі» деп нәзік сезімі үлбіреп, үнемі кішілік пен кісілікті үлгі еткен шайыр кім десеңіз, алпамсадай ақын ағамыз - Төреғали Тәшенов. Ақын тағы бір өлеңінде «Жер қозғалар - Төреғали қозғалмас» деп өзінің маңғаз мінез-құлқын, аспайтын, саспайтын табиғатын бір ауыз сөзге сыйдырады. Өлеңнің өрісі үйлесім, үндестік, кеңірек алғанда алдыңғы буын шайырлар легі, толқынды ой алыптарымен сабақтастық - диалог десек, қарапайым қалып танытқанымен автор Гете, Мағжан рухымен тілдесуге кілт ашады. Оның «Түн баласы, Су анасы» деген жыры ұлы қаламгерлер сомдаған «Орман патшасы» өлеңімен тіндес:

Жұлдыз жайнап, Ай толысқан кез еді,

Гүр-гүр етіп тасиды тау өзені.

Жолаушының астында аты арғымақ,

Жас баласын келе жатыр алдына ап...

Түн баласы тұңғиыққа тартады,

Су анасы тереңге әнін сарқады.

Ұлы ақындар халықтық демонология негізінде іңірде сәбидің жанын ұрлаған «Орман патшасы» бейнесін сомдаса, Төреғали ақын осы кейіпкерді Су анасы, яғни біздің елдің түсінігіндегі Су перісіне тасымалдап, қазақы бітім дарытады. Сыр бойындағы қазақтар дарияның астында су патшасы Үббенің елі бар, ол адамның атын айтып жаңылдырып, өзен тереңіндегі өз еліне алып кетеді деп сенген. Едігенің атасы Бабай Түкті Шашты Әзіз су перісінің қызына үйленген деген аңыз да бар. Міне, Төреғали Тәшенов ұлы ақындардың ойын жалаң қайталай бермей ел арасына жайылған осындай дәстүрлі нанымды тірек етіп, классикалық сюжетті қазақ өлеңіне шеберлікпен жерсіндірген.

Ақынның жан әлеміне нұр құятын тұрақты рәміз түнгі Ай.

 

Жұлдыз ойға шырмалып көп,

Жатам кейде қалғымай.

Түн ұйқымда ұрланып кеп,

Бағады ылғи аңдып ай.

Алтын сәуле тереземнен,

Жүзіме үнсіз құйылып.

Сиқырлы ою шегер еді,

Зерлі жібін иіріп.

Түркі жұртының түсінігінде Ай мен Күн бір замандарда жер бетінде өмір сүріп, кейіннен бір-бірімен бақталас болған соң аспанға көшіп кеткен сұлу қыздар. Сол себептен де ақын Айды зерлі кесте тоқыған сұлуға теңеп сыр айтады. Келесі бір шумақтарда Ай сәулесінен қараңғы түнде алтын қоңыз ұшырады. Жалпы қара түнде ұшқан алтын қоңыз - батыс пен шығыс ақындарында адамның үмітінің ұшқыны сөнбейтінін сездіретін бейне. Осы тұспал Төреғали жырында өзіне тән машықпен жаңғыртылған:

Түнде отырып алады,

Кірпігімнің шетіне.

Айдан ыршып қонады,

Алтын қоңыз бетіңе.

Қай жырын алсақ та Қаратаудың шертпе күйіндей қоңыр әуенді құлақбұрау еткен ақынның негізгі сүйенері - ұлттық таным мен тамыр. «Қамшы тарту», «Адыраспан», «Үшкіру», «Қара шаңырақ», «Тал бесік» секілді көптеген өлеңінің ұлттық бояуы ерекше ажарлы:

Өзегі бар өр қамшы,

Он екі таспа ер қамшы.

Шемен қатқан шер қамшы,

Тобылғы сап тер қамшы.

Алты тұтам ат қамшы,

Жеті тұтам жар қамшы.

Қара басы хан қамшы,

Жыланбуыр сар қамшы,

Жігіт болсаң жанға алшы!

Ақынның бұл жыры оқырманға Досмамбет жырау толғаған: «Қарағайлы көдік бойында, Қамшым қалды ойында. Бүлдіргесі бұлан терісі, Өрімі құнан пілдің қайысы» деген толғауын еске бірден түсіреді.

Әлбетте, қамшы сөзінің түпкі мәні - «Қам-шы», яғни түркінің Қамдары, бақсылары ұстайтын ритуалдық құрал деген мағына беретін концепт, ұлттық код екені зерттеулерде белгілі болған. Досмамбеттің қолынан қамшысының қамысқа түсуі, сонымен бірге тағы басқа да батырлардың қара түнде қалыңға қамшысы, немесе найысы түсіп кетуі, оны батыр қайтар жолда тауып алуы - бахадүрдің зеректігі ме құт-кие иесі екендігін көрсететін дағдылы емеурін. Досмамбеттің қамшысының түсуі - оның қаруынан айырылып, аруағы қашып, ажалға тап болуын, өкінішін ишаралағандай. Ал прозадағы Оралхан Бөкей қамшысы («Қамшыгер») қазақтың бахадүрлігінің қайталанбас біртуар рәмізі. Алайда екеуі де өткен іс, екеуі де өкініш, элегиялық сарын. Ал азат Алаштың еркін ойлы ақыны қамшыны бақсының дуалы қаруы, батырдың қуатты жарағы, бидің ақ сөйлер құралы екендігін баса дәріптейді бүгінгі күннің үддесінен. Ол алдыңғы екі автордан өлеңін басқаша түйіндейді, бұл Төреғали ақынның ілгергі буынды үлгі тұтқанымен оны жалаң қайталай бермеймей жаңаша із салатын жампоз шайыр екенін байқатқандай. Ақын қамшының қадір-қасиетін ұқтыра келе бостан елдің бозтайлақ ұрпағына «Мен салмадым, сен салшы» деп қамшы аманатын арқалатады:

Бастықпаған асауын,

Баса тартып жіберген.

Құдай қосқан қосағын,

Қоса тартып жіберген.

Тіл алмаған тентегін,

Тіле тартып жіберген...

Иесі болған дүр қамшы!

Киесі болған пір қамшы!

Мен салмадым, сен салшы...

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,

фольклортанушы,

филология ғылымдарының кандидаты

«Абай-ақпарат»

ҚҰЛАҚҚАҒЫС:

24 - ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде ақын Төреғали Тәшеннің «Жауратқан -жапырақтың көлеңкесі» атты мерейтойлық шығармашылық кеші өтеді.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340