Жұма, 22 Қараша 2024
Әлеумет 8772 4 пікір 8 Қаңтар, 2021 сағат 14:17

Парламент креслосының «сиқырлы таяғы» кімде?

Депутат сайлауына да екі-үш күн қалды. Осы саяси науқан басталғаннан бері депутаттықтан үміткер партиялардың мүшелері қала мен далаға, ой мен қырға шапқылап жұртпен кездесіп жатыр. Насихаттаушылары да олардан қалыспай жан ұшырып, үнпарақтарын таратып, көше-көше, аялдама және әр үйдің қақпасы мен есігіне жапсырып әлек. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, үнпарақтың көкесін нұр-отандықтар аянбай көрсетіп келеді. Кейде аспаннан қапалақтап үнпарақтар жауып жатырма деп қаласың?! Шапқыламай қайтсін, бұл дода – Парламенттегі депутаттық мандатты көбірек иелеу үшін бар күшін, бар мүмкіндігін пайдаланатын сәт, орай ғой. 

Әрбір үміткердің жадында өз партиясының сайлау алды бағдарламасы мықтап сақталған. Бағдарламада 30 жылдан бері қордаланып қалған әлеуметтік, экономикалық және экологиялық пробламалар, тіл және жер тағдыры тағысын-тағылар тайға басқан таңбадай жазылыпты. Оған қоса әр партияның үміткерлері бойындағы бар қабілетін көрсеткісі келіп, тілі жеткенінше уәдесін үйіп-төгіп жатыр. Бұл партиялар кеше не бүгін құрылған жоқ қой (кейбір партиялар атын өзгерткені болмаса), бәрі бұрынннан бар партиялар. Осындай саяси науқан кезінде атын естіп, түрін көріп қалмасаң, басқа кезде ізім-ғайып жоқ болып кететіндері тағы бар. Осыны ойлағанда, біруыс халқы бар Қазақстанға осыншама көп партияның не қажеті бер дейсің. Ана Америка секілді күшті екі партия болса, соның өзі бізге жетер еді деп армандайсың да қоясың.   

Биліктің партиясы болғандықтан болар, жұртқа «Нұр-Отан» партиясы жақсы таныс. Халықтан алғыс пен қарғысты көп алып жататын да осы партия. Шыны керек, «Нұр-Отан» биліктің партиясы болғандықтан халық бұл партияға көп үміт артады. Бұл партия мемлекеттің, халықтың бар ауыртпалығын  көтеруге міндетті деп санайды. Өйткені, Елбасы, Презденттен тартып, минстр, сот, прокурор, облыс, аудан, ауыл әкімі және мектеп директоры мен аурухананың бас дәрігеріне дейін осы партияның мүшесі. Сондықтан халық әлеметтік, экономикалық, құқықтық және баспана, учаскелік жер т.б. мәселесі туралы жиі арыз айтып, көмек сұрайтыны содан. Біреуінің өтініші орындалып алғысын айтып жатса, екіншісінің арызы шешілмей қарғап-сілеп жататыны да рас. Парламетте қазір отырғандардың да дені осы партияның мүшелері ғой. Демек, Қазақстанда «Нұр-Отансыз» тыныс алудың өзі өте қиын. Оны өзіңізде біліп, сезіп жүрген боларсыз.

Партиялардың ішінде несін айтасың, «Нұр-Отан» өзіне өте сенімді, сенімді болмай қайтсін тізгін-шылбыр мен бишік өз қолында. Әуел десең, осы жолғы депутаттық сайлауда 76 пайыз мандатты біз аламыз деген болжамын да жұртқа айтып үлгірді. Мен бірдеңе білсем, бұл партия халыққа емес, өзіне бек сенетін секілді. Себебін жоғарыда айттым, сонда да айта кетейін, артық болмас. Қазір билікте отырғандардың бәрі болмаса да 96 пайызы «Нұр-Отанның» сенімді мүшелері ғой. Мемлекет бюджетінен жалақы алып, бала-шағаларын асырап отырған дәрігерлер мен мұғалімдерді де осының қатарына қосуға болады. Сайлау учаскелерінің дені мектептерде болатынын ойласаң, бұл жолғы сайлауда да «Нұр-Отанның» күні оңынан, айы солынан туғалы тұр. 

Ал қалған партияларға келсек, олар да ары-бері шапқылап, мемлекеттің сайлауға бөлген қаржысын «Нұр-Отанмен» жағаласып (сырт көзге Қазақстан көп партиялы ел екенін көрсету мен демократиялық жолмен сайлау болып жатыр деу үшін ғана), жалауын желбіретіп, арлы-берлі шапқылап саяси қойылымда тамаша өнер көрсеткендері үшін «Нұр-Отаннан» қалған мандатты көңіл жықпас үшін анаған-мынаған азды-көпті бөліп беріп разы қылатыны сөзсіз. Биылғы 10 қаңтарда болатын депутаттық сайлауға үміткер партиялардың арасында ақын, жазушы және журанлистердің қатары көп секілді. Үгіт-насиқаттың алдынғы қатарында халыққа көбірек көрініп жүргендер де осылар. Бір жағынан аты-жөні жұртқа белгілі қазақ тілді қаламгерлер мен журналистердің жүргеніне халықтың іші жылып, қуанатыны анық. Осылар парламеттке барса ел, жер, тіл, ұлт тағдырына алаңдап, сөзін сөйлейтін шығар деп ойлайды. Әрине, бұл буынның барғанын мен де қалаймын. Бірақ парламент креслосының кез келген депутатты мүлгітіп, қалғытып, ұйықтатып қоятын сиқырлы таяғын ойласаң, бұлардан да күдеріңді үзе бастайсың. Бірақ үмітсіз шайтан ғана ғой...   

Кейбір қоғам белсенділері «сайлауға бойкот жариялаймыз» десе, кербіреуі «сайлауға қарсымыз», «сайлауға бармаймыз» деп жатыр. Оны елеп-ескеріп отырған билік жоқ. Бәрібір сайлау өткізіледі, сайлауға бармағандардың дауысы автоматты түрде бөліске салынатын шығар, оған қазір болжам айту қиын. Сіздің сайлауға барғаныңыз, бармағаныңыз оларға маңызды емес. Айттың не, айтпадың не бәрібір «Нұр-Отан» өз дегеніне жетпей қоймайды, тіпті, өз межесінен асырып жіберуі де бек мүмкін. Себебі, бұл билік ұзақ жасауды бек қалайды. Сол үшін «Нұр-Отан» билікке сүйенеді, ал билік «Нұр-Отанға» сүйенеді.  Бейне құс секілді қанатын қатар қағып, самғай беруді кім қаламайлы дейсің?! Иә, өмір сүрсін, самғай берсін, оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ мемлекетке, халыққа, әсіресе мемлекет құрушы қазақ халқына жанын сала, адал қызмет ету керек қой?! Шыны керек, бекер обалы не нұр-отандықтар 30 жылдан бері уәде беруден бір жалыққан емес. Оның қаншасы орындалып, қаншасы орындалмай айтылған жерде қалып қойғанын былайғы жұрт жақсы біледі.

Бұл сайлау науқанына «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек атсалысып, өзі алдыңғы сапта жүр. Барған жерінде «Нұр-Отан» енді мемлекет үшін, халық үшін адал қызмет істеуге дайын деген секілді жылы сөздерін айтудан бір танбай келеді. Мәселен, «2025 жылға қарай ауыл шаруашылығында 500 мыңдай адам жұмыспен қамтылады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,3 есе, еңбек өнімділігі 2,5 есе артып, өңделген өнімнің үлесі 70%-ке жетеді, экспорт 2 есе көбейеді. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», деп мәлімдеді. «Нұр-Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабы Солтүстік Қазақстан облысына барғанда осылай депті.

«Таяудағы 5 жылда «Нұр-Отан» жаңа инвестициялық жобалар мен фермерлік шаруашылықтар құру есебінен ауыл шаруашылығында 500 мыңдай адамды жұмыспен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Ауылда кооперацияны ынталандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту, заманауи цифрлық технологияларды ендіру бойынша шаралар қабылданады», – деді сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, бұған қоса өңірде 65 мың жаңа жұмыс орнын ашу, мың шақырымнан астам автожол салу және жөндеу, 142 ауылдың 115 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға арнап 2,5 мың пәтер салу, 1,6 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді пайдалану да жоспарға енген. Әрі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жас мамандарға тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие бөлінеді. «Барша балаға – тең мүмкіндік» қағидаты бойынша «Нұр-Отан» партиясы барлық колледж бен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ 70% мектеп пен мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беруді енгізуді  қамтамасыз етеді. Асыраушысынан айрылған балалар бір мезгілде мүгедектігі және асыраушысынан айрылуы бойынша 2 жәрдемақы ала алады.

Оқып отырсаң «Нұр-Отанның» алдағы жорпары мен істейтін, атқаратын міндеті жаман емес. Кейде пендешілікпен осы жобаларды бұрын неге қолға алмаған, неге іске асырмаған деп айтатынымыз ол рас. Оған өздерін оппозиция санап жүрген партиялар да оның бір жағынан шығысып, көмектесетіні де өтірік емес. Партиялардың бағдарламасына қарап отырсаңыз бірінен-бірі озып тұр. Осының алдындағы, одан бұрынғы жылдардағы сайлауларда да партиялар халыққа дәл осындай болмаса да әжеп-тәуір уәделерін беріп кеткен болатын. Парламенттің креслосына отырғаннан кейін жадын жоғалтып, уәдесін ұмытып кеткендер көп болды ғой. Анда-санда жаман түс көріп, ұйқысынан шошып оянғанда, маңырайтыны болмаса...                                                          

Бұрынғы, қазіргі парламенте отырғандардың арасында да қаусаған шал-кімпірлердің қатары көп болды ғой, оның несін жасырамыз. Ал осы жолғы сайлау науқанына қатысқан партияларының алдында жастар мен орта жастардың қатары көп секілді. Бұған қарап, саясатқа ұмтылған жастардың қатары көбейіп келе жатқанына іштей қуанасың, бір жағынан жастарды партияның үгіт-насихатына жүгіртіп қойып, жеме-жеміне келгенде тағы да парламенттің креслосына шал мен кемпірлер жайғасып жүрмей ме деген күдікте жоқ емес?! 

Қалай болғанда да, осы жолы додаға түсіп жатқан партиялардың өкілдері барары анық. Бұл «саяси науқан» басқа емес, ел тағдырына тікелей қатысты «науқанның куәсі» болуы керек. Парлемент егер мықты, қарымды, білімді депутаттармен жасақталса, онда Конституцияға елеулі өзгерістер енгізіп, өркениетті елдердегі секілді биліктің кез келген өкілін алдына дедектетіп әкеліп, есеп алып айтқанын істетер еді.

Біз тек «өркениетті елдердің қатарына жетеміз» деп ауызбен орақ орып келеміз, шын мәнісіне келгенде, мына жүрісімізбен ешқандай өркениетті елдің қатарында болмақ тұрмақ, маңына да жолай алмаспыз. Кім елінің дамығанын, гүлденгенін, халқының тұрмысының жақсарғанын қаламайды дейсіз, бәріміз қалаймыз, бәріміз армандаймыз. Енді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылып елге қызмет ететін кез келді. Жеке мүддені ойлауды енді қою керек, тек мемлекеттің, халықтың мүддесін ойлаңыздар?! Өз басым, мына бір сарынды, жүрісі мен ісі мандымайтын биліктің тірлігін ұнатпаймын. Біз ұлттық мемлекет болып қалыптасуымыз керек, өркениетті елдердің озық тәжірибесін, технологиясын қабылдап, осы заманғы қару жарақпен қаруланған армиямен күшті елге айналуымыз керек. Әйтпесе, шығыс пен батыстағы екі алып империяның ортасында «шыбын» болып қалмасымызға кім кепіл?! Кешегі Әзербайжан мен Арменияның Қарабақ соғысынан көп нәрсені аңғарған шығарсыздар, Әзербайжан Түркияның осы заманғы озық қаруы дронның арқасында Арменияны тізе бүктірді. Мына заманда сенің халқыңның аз-көбіңде емес, сенің күшті ел, әлсіз ел екеніңе тікелей байланысты. Әлсіз ел болсаң, кім көрінген қоқаңдап, қыр көрсетеді. Ал күшті ел болсаң сенен сескенеді, сеніменен санасады. 

Құмертті үміткерлер, осы жолғы сайлауда прламетке қайсы партиядан көп барсын, аз барсын бәрібір баратындарыңыз анық. Сондықтан ойланыңыздар, мемлекет пен ұлтқа қатысты мәселені шешпей, оған бас қатырмай креслода босқа күн өткізіп, мемлекеттің ақшасын ала беруді қойыңыздар?! Ешқандай сиқырлы таяққа мас болмаңыздар! Бәріміздің отырған кемеміз біреу, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Сол үшін осы кемеміздің мықты болуы мен аман жүруі көшбасшы мен сіздер және біздерге тікелей байланысты. Ол үшін билік пен халықтың арасын жақындатып, елдің дамуы мен гүлденуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына барынша күш салуларыңыз керек!

Әлімжан Әшімұлы,

тәуелсіз журналист

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257