Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4567 0 пікір 9 Наурыз, 2012 сағат 07:14

«Шыбын» семинары

(саяси сатира)

«Шырын бар жерде жұғын бар, жұғын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар» деген ауызекі тұжырым ақыры ғылыми тұрғыдан дәлелденді.

Мүйізі қарағайдай ғалымдардың сала құлаш еңбектерінен шыбын келтірілген шығын туралы мәліметтерді «Атаңа нәлет» деп кіжінбей оқи алмайсың. Әншейінде ит пен мысықтай дүрдараз үкімет пен оппозицияның пікірі де осы жерде тоғысып қалыпты. Сөйтіп, «Шыбын қаупі» - елдің басын біріктіріп, азаматтық келісімге әкелетін бірден-бір факторға айналды.

Оның үстіне, шыбын дегенің жер бетіне кең таралған жәндік қой. Осыны ескере отырып, біздің ағайындар «Шыбын мәселесі - тек ел ішінде емес, бүкіл Жер үстіндегі адамдардың басын қосып талқылауға лайық тақырып!» деп шешті. Бастамашы ретінде ол талқылау, әрине, біздің елде өтуі тиіс! Және ол кемінде халықаралық дәрежеде ұйымдастырылуы қажет!

Осылайша, «Халықаралық Шыбын семинарын өткізу жөніндегі» мемлекеттік комиссия құрылып, іске кірісіп те кетті. Ұйымдастырушылар бұл семинарға Жер бетіндегі елдердің түгел қатысуына қатты көңіл бөлді. «Бізде шыбын жоқ» деген желеумен антарктидалықтар семинардан тыс қалып қойғысы келген екен. Ол топастарға мәңгі мұз қабатынан шыбынның қанаты табылғаны ескертілді. Оның үстіне, «Жол-полдың шығынын өзіміз көтереміз» деген соң, обалы не керек, мұзды мекендеушілер де көп бұлдана қоймады.

Үшбу семинар әуелгіде шыбынның түсіне қарап: «қара шыбын», «көк шыбын», т.с.с бірнеше секцияға бөлінбекші еді. Бірақ «қара» деуге зәңгінің, «көк» деуге «көгілдірдің» көңіліне қараппыз. Біз өте толерантты елміз ғой. Сөйтіп, бұл идея өтпей қалды.

Бұдан кейін ұйымдастырушылар семинарға қатысушы елдерді материк бойынша секцияламақ болды. Мына қырсықты қараңыз! Қара басқанда Қазақстанның қай құрлыққа жататынын анықтай алмай, қиналып қалдық. Шынында да біз Еуропаға қараймыз ба, Азияға қараймыз ба? Ақыры мұның да амалы табылды. Біздің ел өзін «ЕврАзиялық шыбындар мекені» деп жариялады. Әуелгіде «Сіздер неге қосарланған есім иеленесіңдер?!» деп екіленгендер болған. Алайда біздің Екібай елші: «Бізде бәрі екеуден - екі тіл, екі палата, екі дос...» - деп зулата бастағанда, екіесті, екіжүзділерден өзгелері екі қолын көтере қойды.

Сонымен, семинар басталып та кетті. Әуелі шыбынның жеті атасы, жетпіс мүшесі түгелделді. Содан кейін «Шыбынның санын қалай азайтамыз?» деген жілікті тақырып көтерілді. Сан-алуан ұсыныстың ішінен озып шыққан екі жоба көпшілік қолдауына ие болды. Яғни, шыбынның санын азайту үшін елімізде атом электр стансаларын көбірек салу керек. Оған қоса өзге елдердің радиациялық қалдығын Қазақстанға әкеліп көме беру қажет. Сонда шыбын дегенің шыбынша қырылмақ. «Ау, шыбынмен бірге өзіміз де...» деген шашыраңқы үндерді ешкім шыбын шаққан құрлы көрген жоқ.

«Шыбын қауіпсіздігі» мәселесі ерекше қызық өтті. Жарыссөз барысында еуропалық ғалымдар шыбынға қарсы қолданылатын құралдарды стандартизациялау, сертификациялау, унификациялау, т.с.с циялау туралы құнды ұсыныс берді. Сөйтіп, шыбынды ұрып өлтіретін кәдімгі шапалақтан бастап, «НұрФлайКапут» қазақ-ағылшын-герман аппаратына дейін түгел ISO9000, ISO 14000, OHSAS 18000 сертификатына ие болды.

Әрине, ел болғасын, шыбынға жаны ашып, «Құдайдың жаратқан жәндігіне осыншалық қатыгез қарамайық» деген дауыстар та шығып қалды. Бұл ұсыныс белгілі депутат ағамызды бей-жай қалдырмады. Ол алдағы уақытта бюджет есебінен еліміздегі орталық алаңдардың бірінде шыбынға арнаған үлкен ескерткіш орнатуға уәде берді. «Бізге жетпегені осы еді!» деп айғай салды бір ақсақал. Халық депутатқа да, оған қолдау көрсеткен ақсақалға да ду қол шапалақтап, үлкен құрмет көрсетті. (Осы тұста бұрын қазақ тілінен сабақ берген бір әкімқара, неге екені белгісіз, ақсақалды сыпайы сүйреп, семинардан шығарып жіберді.) Ескерткіштің жобасы да осы семинар үстінде дереу талқыға салынды. Сөйтіп, мынадай көрініс бейнеленген жоба бірауыздан қабылданды: Бейкүнә Дрозифила шыбыны ұшып жүр. Оның ұлты белгісіз, басында тақиясы, үстінде шапаны бар бір адам домбырамен ұрмақшы болып ұмтылып келеді. Ортада - шыбынды шыр-пыр болып қорғап жатқан чех ғалымы Мендель бейнеленбек!

Өкінішке орай, бәрі ойдағыдай өтті деп айта алмайсың. Қолына әйгілі цеце шыбынының суретін ұстап отырған Қара Кения өкілі қазақ тіліндегі «қара шыбын» деген терминге қатты өкпелепті. Сөйтіп, семинар бойы қасында отырған, аузынан «цецеңді» деген сөз түспеген бір шымкенттік әріптесін ғана ризашылықпен өз еліне қонаққа шақырып, қалғандарына артын беріп кетіп қалды. Бұдан кейін қазақтың «көк шыбын» деген сөз тіркесіне көне алмаған гей өкілі де семинарды тастап шыққан. Бірақ бұл қонақ кениялыққа қарағанда кеңпейіл, жүрегі жұмсақ, әсершіл екен. Құжаты бойынша ер делегаттардың 95 пайызын ұнатып қалыпты. Олар селк ете қалмағанымен, елп ете қоймағасын, алдын беріп (ренжігені ғой) о да кетті.

Сонымен, халықаралық семинарымыз да қорытындылануға таяды-ау. Шыбынға қатысты жоба, сынақтың бәрі болашақта «шыбыны көп ел» ретінде тек біздің елде өткізілетін болып шешілді. Осы тұста біреу: «Бізде шыбын оншалық көп емес қой, тіпті жаздың өзінде шыбын болмайтын аймақтар бар!» деп, Абайдың «Шыбынсыз жаз» өлеңін дәйек қылмақшы еді. Бірақ, модератордың «Сіз Абай болмаңыз, абай болыңыз!» деген сөзі жеткілікті болды.

Семинардың жабылу салтанатында гимннің орнына Түрікменстаннан келген ғалым «Шыбыннама» деген шығармасын шабыттана оқыды. Қатысушылардың ұйып тыңдағаны сондай, кең залда ұшқан шыбынның ызыңы естіліп тұрды. Шыбын жанын шүберекке түйіп еңбек еткен шенеуніктер туралы өлең бәріне (әлгі ызыңдаған шыбын үшін әуелі семинардан, сосын жұмысынан қуылған дезстанция бастығын санамағанда) ұнады.

Иә, сол семинар өткелі біраз уақыт болса да, дүмпуі әлі басылар емес. Жақында сол жиынға қатысқан бір делегат: «Біздікі» деп жүрген Алпамысыңызды, көкпарыңызды, қымызыңызды... өзгелер алып қойды ғой, ең болмаса осы шыбынға ие болып қалсаңыздаршы!» деп шын жанашырлық танытыпты. Тамаша ұсыныс! «Шыбынның да иесі бар!» деп айтуға жақсы емес пе?

Қалай десең олай де, бізге осындай семинарлар керек енді. Міне, жаңа жыл да басталды. Келесі халықаралық жиынды кімге, қандай тақырыпқа арнасақ екен?! Ұсыныстар күтеміз, қадірлі оқырман!

Ұйымдастырушылар комитетінің атынан,

ҚУАНЫШҰЛЫ,

Орал қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357