Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 17580 10 пікір 25 Қаңтар, 2021 сағат 14:07

Ашаршылық қазақ жерінде қалай басталды?

Жалғасы...

ІІІ. Аштық құрбандары

Алдымен ашаршылықтың себебін анықтап алайық. Мұстафа Шоқай «Туркестан под властью советов» деген еңбегінде Жетісу қазақтарының аштан қырыла бастағанын, большевиктердің соларға қол ұшын берудің орнына солай болғанын қалағанын айта келіп, қызылдар басшыларының бірі Тоболин дегеннің сөзін келтіреді: ол ашықтан ашық былай дейді: «Киргизы (казахи), как экономические слабые все ровно должны будут вымереть. По этому для рефолюции важнее тратить средства не на борьбу с голодом, а лучше на поддержку фронтов»

Мұны Ленин мен Сталиннің байламы дей аламыз ба? Олай деуге бұлтартпас дәлел жоқ.

Ал бұл орайда шетел зиялылары не дейді?

Ағылшын профессоры В.Конноли «Уралдың арғы бетінде. Кеңес Азиясындағы экономикалық даму» деп аталатын еңбегінде ашаршылық отырықшыландыру мен колхоздастырудың салдары екенін атап көрсеткен. Өз сөзіммен айтсақ: «Қазақ көшпелілерін отырықшылыққа ауыстыру процесі мен колхоздастыру барысындағы дөрекі әдістер бүкіл Қазақстан бойынша адамдардың қырғынға ұшырауына, мал басының күрт азаюына душар етті... Қазақ даласының жағдайында қысқа мерзімде мал шаруашылығымен айналысудың дәстүрлі әдістерін отырықшылық шаруашылыққа ауыстыру әрекеті «экономикалық ессіздік еді». («Қазақтар шетел әдебиетінде», Алматы. 1994 ж. 162-163 беттер).

Канадалық ғалым Р.Пирстің байламы да осыған ұқсас. Ол «1867-1917 жылдардағы орыстардың Орта Азиядағы отаршылдық саясаты» зерттеуінде: 1917 жылға дейін басталған кейбір прогресшіл тенденцияларды» күштеп жылдамдату көптеген адам құрбандарына ұшыратты. Мысалы, коллективтендіру барысында қолданылған зорлық пен отырықшыландыру ашаршылыққа әкеліп, бір миллионнан астам адам қырылды» – дейді.

Пікір, байлам осындай, аштыққа ұрындырған – экономикалық ессіздік.

Большевик көсемдердің сол тұста қазақ даласында жүргізген саясаты коллективтендіру барысындағы зорлықтың салдары ма, басқаша ма, нәтижесі елдің қырылуына әкеліп соққан соң, оның аты – қылмыс. Мәселе, қандай қылмыс екендігінде. Қасақана жасалған ба, жоқ қате экономикалық реформаның «жемісі» ме?

Ашаршылық, қарап отырсаңыз, қазақ халқы ғана көрген нәубет емес, одан орыс та, украин да, беларусь пен молдаван да, қырғыз бен басқалар да зардап шекті. Коммунистер осылардың бәрін қыруды жоспарлаған жоқ шығар.

Егер большевик көсемдер қазақ пен қырғызды қасақана қырып салмақ болса, олар бұл мақсаттарына жететін еді. Сол тұста бұларға тосқауыл болатын күш жоқ-ты.

Совет үкіметі пролетариат диктатурасының ұранды идеясын жүзеге асырды, жеке меншік атаулыны шұғыл құртты, бәрін мемлекеттік меншікке өткізді, коллективтік шаруашылық құрды.

Бар гәп – осы шаралардың барынша қысқа мерзімде шектен шыққан қатыгездікпен жүргізілгендігінде.

Ал атышулы «Азық-түлік салғыртына» келсек, оған революция бесігіне айналған Петроград пен Москва, басқа да ірі өндіріс орталықтарындағы пролетариаттың ашығуы итермеледі. Егер шынжыр бұғаудан басқа жоғалтары жоқ, бастан-аяқ қаруланған, әбден жыртқыштанып алған миллиондаған жалаңтөс тарықса, қазан төңкерісінің басқа төңкеріске айнала салуы әбден мүмкін-ді. Сондықтан Ленин өзі төңкерілмей тұрғанда провинциялардағы миллиондаған шаруалар мен шеттегі ұлттарды пролетариаттың құрбаны етуге бел байлады.

«Әскери коммунизмнің саясаты» деп аталатын «Азық-түлік» салғырты Россияда 1919 жылдың 11-қаңтарында басталды. Шаруалардың астықты, басқа да тағам түрлерін өздері қойған бағаға еркін сатуына тиым салынды. Олар қолдағыларын мемлекетке билік белгілеген бағаға өткізуге мәжбүр болды. Сөйтіп елге қолайсыз бұл саясат пен астық және ет салығы орыс шаруаларын тұралатты. Деревняларда аштық аранын ашты.

Қазақ даласына бұл науқан 1920 жылы жетті. Әуелі астық, іле-шала мал жиналды. Осы жылы ғана халықтан 44 миллион пұт бидай мен тары, 5 миллион пұт ет, 335 мың пұт май тартып алынды.

Ашаршылық, міне осылай басталды. Зұлмат әуелі Батыс Қазақстанды шарпыды. Тарих ғылымдарының кандидаты, Т.Қаленова «1921-1923 жылдардағы аштық кезіндегі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы» атты мақаласында бастапқыда Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезінде қанша адам тарыққаны туралы деректер келтіреді. «Орынборда – 437 776, Қостанайда – 252 816, Ақтөбеде – 359 926, Оралда – 277 835, Бөкейде – 100 000, Адай уезінде – 75 000 адам аштан бұратылған. Батыс Қазақстандағы халықтың 31,4 пайызы қырылған. Егер осы өлкедегі бес губернияда сол тұста 2 млн. 653 мың адам болса, соның 800 мыңға жуығы көз жұмған» – дейді («Қазақстан мұрағаттары» 2008 ж. №216).

Бұл деректе аштан өлгендердің қаншасы қазақ екені жоқ.

Міне, осындай қиын жағдайда Қазақ өлкелік атқару комитеті атынан Әліби Жангелдин мен Кисилев деген орыс азаматы ашыққан жергілікті халықтың жағдайын одан әрі қиындатпау үшін басқа ұлт өкілдерін, мәселен украиндарды, өз республикасына қоныс аудару туралы ұсыныс жасайды. Бірақ Мәскеу бұл талапты мақұлдамаған.

Аштық асқынғанда Міржақып Дулатов пен Жүсіпбек Аймауытов та қарап қалмапты. 1922 жылы Семей губерниясынан 4 мың бас мал жинап, Торғайдағы азып-тозған елге жеткізеді.

х х х

Осы алғашқы аштықта республикада қанша қандасымыз көз жұмған?

Деректер әркелкі, біразы болжам, кейбірі негізсіз емес. Сол көңілге қонымдыларына тоқталсақ, 1921-1922 жылдары ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі комиссияның мүшесі болған Мұхтар Әуезов Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай, Семей, Ақмола өңірлерінде Азамат соғысының, тонау, малдың 80 пайызын айдап әкету, сүзектің салдарынан 1 миллион 700 мың адам өлді дейді. Бұл жерде Жетісу, Сырдария аймағы жоқ.

Өлкелік партия комитеті одаққа берген есебінде 1 млн. 500 мың деп көрсеткен. Анығы осы ма, әлде 200 мыңды бүгіп қалған ба, белгісіз.

Осы тұста Түркістан республикасының комиссары болған П.А.Кобозевтің мәліметі – 1 млн. 900 мың. Бұл деректе Жетісу, Сыр бойы қамтылған сияқты.

Осы көрсеткіштердің әркелкілігі өз алдына, оларда қазақ халқының шығыны дара айтылмаған. Бәлкім 1920 және 1923 жылдары жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтарына, сондай-ақ Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецов қазақтардың қаншасы қырылғанын бөле-жара есептеген болар десек, онда да жоқ, елдің 30 проценті көз жұмды деп жалпылама айтады.

Сонымен мәселенің анық-қанығына жету үшін не істеу керек? Екі санақтың, 1917 және 1926 жылдардағы халық санағының қорытындыларын қарау керек.

1917 жылғы санақта елдегі қазақ 4 млн. 980 мың делінген. 1926 жылы 3 млн. 627 мыңы қалыпты. Сонда, осы аралықтағы қазақ шығыны – 1 миллион 353 мың. Алғашқы аштық құрбандары осынша.

х х х

Ашаршылық атты қырғынның Қазақстанға Голощекин келген соң асқына түскені белгілі. Сәкен Сейфуллин «Жүнін жұлған құтырған бураға» теңеген оның ел ішінде ұстанған саясатын тағы бір еврей жендет Л.Троцкий былай сипаттаған: «Голощекин орыс деревняларында әлеуметтік келісімді уағыздап, ал қазақ ауылдарында азамат соғысын қоздыруда».

Қаныпезерлігі ертеден байқалған, қазақ даласына бәлкім сол қорқаулығы үшін жіберілген ол елдің қолындағысын түгел сыпырып алды. «Кіші Октябрь» атты екінші төңкеріске білек сыбанып кірісті.

Гувер институтының аға ғылыми қызметкері Р.Конквест «Россиядағы тәжірибелер. 1931 жыл» еңбегінде былай дейді: «1930-1933 жылдар аралығында 40 мың кулак шаруашылығы тәркіленді, кейін 15 мың шаруашылық өзін өзі тәркілеп, беті ауған жақтарға қашып кетті. Басқаша айтқанда, тәркілеу қазақ жерінде жарты миллион адамды қамтыды, 1924 жылы қазақтардың 1 млн. 233 мың шаруашылығы болса, 1936 жылы 566 мыңы ғана қалды».

Конквестің қорытынды есебі бойынша 1929-1933 жылдар аралығында ірі қара – 7 млн. 422 мыңнан 1,6 миллионға дейін, қой – 21 миллион 943 мыңнан 1 миллион 724 мыңға дейін кеміген.

Бұл, БК (б) п Қазақ өлкелік комитетінің «Шаруалардың ауқатты топтарына қысымды күшейту туралы» шешіміне сәйкес 1928 жылдың 27 тамызында ҚАКСР ХКК әлеуметтік жағынан таптық белгілері бар шаруаларды анықтаудың нұсқауын дайындап жүзеге асырудың нәтижесі. «Нұсқаудың бірінші тарауы бойынша жер аударуға мынандай шаруалар жатқызылды:

а) көшпелі аудандарда 400-ден жоғары ірі қара малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 150-ден жоғары ірі қара малы бар адамдар, сонымен қатар жергілікті халыққа зиянын тигізіп, өзінің рулық беделін пайдаланып, экономикалық үстемдік орнатушылар және ауылды кеңестендіруге кедергі келтірушілер;

б) ірі қараға шаққанда мал саны көрсетілген мөлшерден аз болса да жергілікті билік өкілдері қоғамға зиянды, әлеуметтік жағынан қауіпті санаған адамдар». («1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты. Правда о голоде 1932-1933 годов». Литер-М. 2012, 75-бет).

Осыдан соң Өлкелік атқару комитеті жер аударуға жататын шаруалардың тізімін жасап бекітті. Ал ОГПУ органдары елдегі әлеуметтік жағынан қауіпті бай қожалықтарды анықтап, олардың 91 пайызы кеңес өкіметіне дұшпандық ниетте деп тапты. Ірі байлардың 75 пайызы тәркіленіп, жер аударылды.

Осындай зорлық-зомбылық ашындырып, аштық тұралатқан елдің бір бөлігі шекара асты. Голощекин қарсылық көрсеткен, бас сауғалаған жұртты қанға бояумен болды. Сталин Компартияның ХVI съезінде: «Репрессия шабуылдың қажетті элементі болып табылады» – деп қайрап салған соң одан әрі қағынды, елге қырғидай тиді.

Бұған қазақ билігіндегі кейбір азаматтар қарсылық білдірді. Нұрмақов пен Мырзағалиев Бүкілодақтық атқару комитетінің президиумында сөз сөйлеп, Голощекинді сынайды, Қазақстанда тексеру жүргізуді өтінеді.

Іс насырға шауып бара жатқанын сезген Голощекин Сталинге хат жазады. «БК (б) П Орталық Комитетінің Бас хатшысы жолдас Сталинге» – деп басталатын бұл хаттың негізгі мақсаты – ақталу, бар кінәні қазақ ұлтшылдары мен байларға, асыра сілтеуге жол бергендерге аудару.

Осы мақсатына жету үшін ол елдегі қиын жағдайды ашық айтуға дейін барған.

Мен Голощекиннің бұл хатының көшірмесін 1993 жылы Ақмола Педагогика институтының оқытушысы, ғалым Бекен Нұртазин ақсақалдан алып «Қараөткел» газетіне тәржімалап жариялаған едім.

«Қазақстанда мал шаруашылығының дамуында екі түрлі қарама-қайшы процестер жүріп жатыр, – дейді Голощекин Сталинге, – алғашқысы – жағымсыз, мал басының апатты құлдырауынан көрінуде. Егер соңғы үш жылды алар болсақ, мал басының кемуі төмендегідей болып шығады: 1929 жылы – 36 миллион бас, 1930 жылы – 20 миллион бас, 1931 жылы – 8,2 миллион бас. Ұлтшылдар мен оппортунистер бұл шығынды мал дайындауға әкеліп тірейді. Бұл дұрыс емес. Соңғы екі жылда мал дайындау жоспары қалыпты өсу қажеттілігін ескерген күннің өзінде аса үлкен. Рас, мал дайындау кезіндегі «Союзмясо» органдарының асыра сілтеуінің салдарынан мал басының белгілі бір бөлігін қырып-жою болып тұрды. Бірақ негізгі себепкер мұнда емес. Негізгі себептер мынаған тіреледі.

а) Бүкіл одақтағы мал шаруашылығының жағдайына ықпал еткен жалпы себептер, әсіресе 30-ыншы жылдың көктеміндегі коллективтендіру саласындағы асыра сілтеулер;

б) Қазақстан үшін ең маңыздысы әрі негізгісі, жекешелердің, кедейлердің және орташалардың коллективті шаруашылыққа өтудің ерекше қиын және күрделі жағдайында тіршілік етуге қабілетсіздігінде. Бұл қожалықтар малдың бір бөлігін мемлекеттік дайындауға өткізіп, бір бөлігін жыртқыштықпен жоюда».

Көріп отырсыздар, Голощекин коллективтендіру кезіндегі асыра сілтеулерді оған ешқандай қатысы жоқ адам секілді сыпыра айыптайды.

Осындай қиын-қыстау күндерде азып-тозған халық қарсылық көрсетсе, ол да коллективтендіру саясатының салдары емес, байлардың айдап салуынан деп жортақтайды.

«Шиеленіскен тап мүддесіне бай шаруашылықта, руда өз үстемдігі үшін күресіп жатқанда, бұл мемлекеттік дайындауларға, коллективтендіруге, қазақ қожалықтарын отырықшыландыруға жанталаса қарсыласу түрінде көрінуде және малды жыртқыштықпен қырып-жоюға, құмға айдап тастауға, сондай-ақ ауа көшулерге ықпал етуде, – дейді әрі қарай Голощекин. – Соңғы екі жылдың ішінде ірі бандалардың 15 көтерілісі болды. Оларға 34 мыңға жуық адам қатысты.

Ауа көшулердің салдарынан 30-31 жылдарда халықтың 12-15 процентке азайғаны байқалады. Қоныстарынан ауа көшкен ел өздерімен бірге, қолдағы мәлімет бойынша кем дегенде 1,5-2 миллион бас малды айдап әкетті.

Оның үстіне екі түрлі сыйпаттағы ауа көшуді көріп отырмыз. Төменгі және Орта Еділге, Сібірге, Батыс Қытайға, Орта Азияға. Қытай өкіметінің көмегіне сүйенген Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы арнаулы ұйымдар ауа көшулерді ұйымдастыруда. Ауа көшулердің арнаулы қарулы бандаларын өз қарауларына алуда. Кейбір құжаттар Орта Азияда, Түрікменстанда бастамашылықпен байланысты және Қазақстаннан ауа көшулерді ұйымдастырушы арнайы ұйымдар бар екенін көрсетіп отыр».

Хатта аштық жайында бір ауыз сөз жоқ. 64,2 миллион бас малдың құрып кетуі елдің тұрмысына ешқандай әсер етпегендей. Елдің 12-15 процентке азаюы да аштықтың әсері емес, ауа көшудің салдары деп жалтарған.

Кремль, яғни Сталин қазақ даласындағы аштықтың себебін Голощекинше түсінгісі келген шығар, оған ескерту де жасамаған. Оның орынына ауа көшулерді тоқтату үшін қатаң шара қолдануды тапсырған. Керегі осы болған жендет елге және өзін сынағандарға қанпезерлікпен шүйлікті. Қудалау, атып-шабу асқына келе 37-інің жаппай қуғын-сүргінге ұласты. Қазақ қанқақсады.

Енді 1921-1923; 1931-1933 жылдары қанша қазақ көз жұмғанын анықтап көрелік. Деректер бір-біріне үйлесе қоймайды. Осы зұлматты ұзақ уақыт арнайы зерттеген белгілі демограф Мақаш Тәтімов 1921-1923 жылдардың құрбандарын қосып есептегенде 2 миллион 300 мыңға жеткізеді.

Академик Манат Қозыбаевтың дәлелдеуінше 1931-1933 жылдары 1 миллион 750 мың ағайын қаза болған. Ол, сондай-ақ, басқа ұлт өкілдерінің шығынын да есептепті: украиндар – 859, 4 мыңнан 658,1 мыңға, ұйғырлар – 62,3 мыңнан – 36,6 мыңға, өзбектер – 282,4 мыңнан 103,6 мыңға кеміпті.

1991 жылы Жоғарғы Кеңес құрған арнайы комиссия екі аштықтың жігін ашып көрсетпей, жалпы мәлімет ұсынған – 2 миллион 300 мың. Мақаш Тәтімовтың дерегі де дәл осындай.

Америка Құрама Штаттары Мэриленд университетінің ассисент профессоры Сара Кэмерон – 2 миллион 400 мыңға тоқталады.

Н.Э.Масанов, Ж.Б.Абылғожин, И.В.Ерофеева, А.Н.Алексеенко, Г.С.Баратовалар дайындаған «История Казахстана. Народы и культуры» еңбегінде – 1 миллион 798 400. Бұл 1926-1939 жылдардағы санақтардың қорытындылары бойынша жасалған есеп.

Авторлар әр өңірдің адам шығынын да таратып беріпті: Солтүстік Қазақстанда (қазіргі Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) – 400 900; Батыс Қазақстанда (қазіргі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары) – 385 800; Оңтүстік Қазақстан (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары) – 618 400; Қарағанды облысында – 22,4 мың адам көз жұмған. Шығыс Қазақстан өңірі халықтың 20,6 пайызынан айырылыпты.

х х х

Ал енді осы деректердің қайсына аялдаймыз!

Ең алдымен 1917, 1920, 1923, 1926, 1939 жылдардағы халық санақтарына жүгінуге тиіспіз.

Демограф ғалымдар Л.Н.Асылбеков пен Л.Б.Галиевтердің айтуынша 1926 және 1939 жылдардағы санақтарда ауытқулар бола қоймаған.

1926 жылғы санақ бойынша елімізде 3 миллион 627 мың қазақ болған екен. 1939 жылғы санақта – 2 миллион 328 мың. Сонда 1926 жылдан бергі шығын – 1 миллион 299 мың.

Осыған алғашқы аштықта қырылған 1 миллион 359 мың қазақты қоссаңыз – 2 миллион 652 мың.

1921-1933 жылдардағы қасіреттің удай ащы шындығы, міне, осындай.

Бұған әркімдер әлдебір деректерді қуалап жүз, екі жүз, үш жүз мыңдарды қосар, одан артық үстемелеу әсіреқызылдық болады. Әр дерек мұқият зерттелуі, әр байлам ұлттық жауапкершілікпен сарапқа салынуы  керек.

Сол секілді осы зұлматқа саяси баға бергенде де асықпай, жан-жақты зерделеген жөн.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 1948 жылғы геноцид туралы конвенциясында: «Белгілі бір тайпаны, халықты әдейі қырып тастаған жағдайда оны геноцид деп айту керек» делінген.

Халықаралық саяси ұйымдар Қазақстандағы аштыққа мұндай анықтама беріп отырған жоқ. Салдары ескерілмей жүргізілген экономикалық реформаның қасіреті деумен келеді.

Кеңес одағының бірнеше республикасын қамтыған осы ашаршылықты Еуроодақ Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы арнайы талқылап, өз халқына қасақана жасалған қылмыс деген түйінге тоқтады.

Мұны қай жағынан алып қарасаңыз да геноцид деген мағынада ұғына алмайсыз. Осыны ескерген болар, қазақ даласында коллективтендіру жылдарында жүзеге асырылған саяси-экономикалық реформаларды зерттеумен айналысқан ғалымдар Қ.Алдажұманов пен Ж.Әбілғожин ашаршылыққа этноцид деген анықтама беріпті.

Этноцид дегеніміз – белгілі ұлтты этникалық болмысы мен санасынан айыруға бағытталған саясат. Осындай қысымға ұшыраған ұлт салт-дәстүрін, діні мен тілін, рухын жоғалтып, үстем ұлтқа сіңіп кетеді.

Коммунистік режим мұндай саясатты, яғни этноцидті жетпіс жыл бойы жүргізді. Соған сәйкес этноцидті жалғыз ашаршылыққа телуге болмайды.

Аштық-геноцидтік пиғылмен қасақана жасалған қылмыс.


Жалғасы бар...

Басы: Ашаршылық – геноцидтік қатыгездіктің салдары

Алдан Смайыл: Тәуелсіздігімізді баянды ете білгеніміз – үлкен ерлік | TÚRKISTAN

Алдан Смайыл,

жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлық лауреаты

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377