Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3120 0 пікір 12 Наурыз, 2012 сағат 14:09

Аққыз ҚОСАНОВА: «Менiң балам қара басының қамы үшiн жүрген жоқ»

Сәуле ӘБIЛЕВА. Болат - тектiлiгiн сақтап, арын биiк қоятын азамат

Қазақстанда оппозицияны қудалау, түрлi саяси қысымға алу әрекетi қалыпты жағдайға айналды. Билiк өзiн сынағандар мен ақиқатты айтушыларды қашан да халыққа "жау" етiп көрсетуге шебер. Оған дәлел ретiнде сарай бұлбұлының сандырақтарын келтiруге болады. Қазақ оппозициясы дегенде, ең алдымен еске Болат Әбiлев түседi. Бұл заңды да. Халықтың жоғына сұрау салып жүргендердiң бiрi ретiнде оның аты көпшiлiкке таныс. Алайда Е.Ертiсбаев сияқтылардың ел iшiнде күмән тудыратын сөз таратып, Болатты жағымсыз кейiпкердiң рөлiне күштеп енгiзу жұмыстары тағы қарқын ала бастады. Расында "әдiлетсiз сайлау өттi, билiк халықты тонады" деп шырылдап жүрген Б.Әбiлев кiм? Осы сұрақпен қамауда жатқан бауырына алаңдап, сонау Қарағандыдан арнайы келген әпкесi Сәуле ӘБIЛЕВАНЫ сөзге тарттық.

Сәуле ӘБIЛЕВА. Болат - тектiлiгiн сақтап, арын биiк қоятын азамат

Қазақстанда оппозицияны қудалау, түрлi саяси қысымға алу әрекетi қалыпты жағдайға айналды. Билiк өзiн сынағандар мен ақиқатты айтушыларды қашан да халыққа "жау" етiп көрсетуге шебер. Оған дәлел ретiнде сарай бұлбұлының сандырақтарын келтiруге болады. Қазақ оппозициясы дегенде, ең алдымен еске Болат Әбiлев түседi. Бұл заңды да. Халықтың жоғына сұрау салып жүргендердiң бiрi ретiнде оның аты көпшiлiкке таныс. Алайда Е.Ертiсбаев сияқтылардың ел iшiнде күмән тудыратын сөз таратып, Болатты жағымсыз кейiпкердiң рөлiне күштеп енгiзу жұмыстары тағы қарқын ала бастады. Расында "әдiлетсiз сайлау өттi, билiк халықты тонады" деп шырылдап жүрген Б.Әбiлев кiм? Осы сұрақпен қамауда жатқан бауырына алаңдап, сонау Қарағандыдан арнайы келген әпкесi Сәуле ӘБIЛЕВАНЫ сөзге тарттық.

- Сәуле апай, билiкпен күресушiлердiң iшiнде әлi күнге табандылық танытып келе жатқан адамдардың бiрi - Болат Әбiлев. Iнiңiздiң қайсарлығы бала күнiнен қа-лыптасқан ба? Ақын Бауыржан Қарабеков: "Елге, жерге, адамдарға деген аяулы се-зiм, асыл махаббаты бар азамат ол. Себебi, бiздiң Болат бесiгiн қызыр тербеген бере-келi де мерекелi ұядан ұшқан ұл" дейдi өз шығармасында. Әпкесi ретiнде кiшкентай Болат пен оның шыққан тегi туралы айтып өтсеңiз.

-  Бауыр - барлық адам үшiн қымбат қой. Өз iнiмнiң қайсарлығын, күрескерлiгiн айтсам, өзге жұртқа мақтану болып көрiнер. Сондықтан Ботажанның шыққан тегiне тоқталайын, әркiм өзiнше қорыта жатар. Адам өзiне туған-туыс пен ата-анасын таңдап алмайды. Алайда Әбiл атамыздың атын арқалаған бiздердiң Аллаға алғысымыз шексiз. Атамыз мен екi жасқа келгенде дүние салыпты. Бiрақ оның көзiн көргендер атамызды ақылды, мейiрiмдi, қандай қиындыққа да қайыспайтын, сабырлы адам болған деседi. Ал әжемiз Каукар немере-шөбересiнiң есiнде асқан даналығымен сақталып қалды. Ол туралы атақты ғалым-академик А.Букетовтiң: "Егер ол кiсi жоғары бiлiм алғанда, iрi ғалым не болмаса, көрнектi қайраткер болар едi" дегенi бар. Осы айтылғанның өзi әжемiздiң болмыс-бiтiмiн көрсетсе керек. Өмiрiнiң соңына дейiн ұлдары Мұқыш, Ақтаймен бiр шаңырақтың астында бiрге тұрды. Екi ұлдың балалары, яғни бiздер бiр отбасында тату-тәттi күн кештiк. Қазiр ойласам, соның барлығы ең алдымен, әжемiздiң ақылдылығы мен даналығында екен ғой. Бiр үйде екi отбасы тұрмақ, өз анасымен бiрге тұра алмайтын ұл-қыздар бар қазiр. Ал бiздiң әжемiз ұл мен келiнiн, немерелерiн ынтымақта, бiрлiкте өмiр сүруiне ықпал еттi.

Өзiнiң көрегендiгiмен бiр атаның балаларын бiрлiкте болуға баулыды. Ең қызығы, 55 жыл бiр шаңырақтың астында күн кешкен екi келiн, яғни бiздiң шешемiз Жұмкен мен жеңгемiз Шәрманның татулығын жұрт әлi күнге аңыз етiп айтады. Бұл ретте әкемiз Мұқыш пен Ақтайдың өзара бауырмалдығы үлкен рөл атқарғаны даусыз. Айта кету керек, он жетi жыл бiр шаңырақтың астында ағаларымен кiшi iнiлерiнiң отбасы бiрге тұрған. Кейiн 1976 жылы балалар өсе келе, үйдiң тарлығынан Жақанның отбасы бөлек шықты. Ойлаңызшы, он жетi жыл үш ұлдың бала шағасын қосқанда, жиырма төрт адам бiр үйде береке-бiрлiкпен күн кешу - қайталанбас құбылыс шығар, сiрә. Екi әкемiздiң бiр - бiрiне жақындығы мынадай деректен анық көрiнедi. Кiшi әкемiз ағасы Мұқыш қайтыс болғанда, қайғыдан жатып қалды. Осы қасiрет бұрын ауырмаған кісінің жүрегiне үлкен салмақ салғаны сондай, араға жыл салып, өзi де бақилық болып едi.

"Ағасынан еншiсi бөлiнбеген,

Ыстықты да, суықты да бiрге көрген.

Қос арыс дүниеден қатар кетiп-

Мәңгiлiк жан бiрлiгiн дәлелдеген."

Бұл - ағалы-iнiлi бауырлардың құлпытасына ойып жазылған шумақ. Осы сөздер олардың арасының қаншалықты жақын болғанын бiлдiрсе керек.

Балалық шағы осындай татулықта, бiрлiкте өткен Болаттың жұртты жатырқамайтын ақкөңiлдiгi содан болса керек. Есiмде, әкем кез келген адамға қол ұшын созып, жәрдемiн аямайтын адам едi. Бiрде оның осы қасиетiне кейiп: "Ол жаман адам, неге оған көмектесесiз?" дегенiм бар. Сонда: " Егер қолыңнан келсе, көмегiңдi аяма. Егер ол саған жамандық жасаған болса, сенiң жақсылығыңнан кейiн өз қатесiн тереңiрек түсiнетiн болады",- деп едi. Болаттың да бойында осы қасиет бар. Ешкiмнiң көңiлiн қалдырмай, қолынан келген жәрдемiн аянбайды. Өкiнiшке қарай, оның осы қасиетiн кейбiреулердiң өз пайдасына пайдаланатыны да бар. Әлгiнде айттым, екi ұлдан тараған он бала бiр үйде өстiк. Кiшкентайымыздан бiр-бiрiмiзге қамқор болу, бiрге болу сияқты қасиет қанымызға сiңген. Ботажанның бауырмалдығы, бар адамды өзiндей көрiп, жақын тартатыны да осыдан. Он баланың iшiнде ата-әжемiздiң, әке-шешемiздiң керемет қасиеттерiн бойына түгел сiңiрген Болат үйдегiлердiң кiшiсi болса да, осындай мiнезiмен кейiнiрек әкемiздiң киелi орнын басты. Үлкен болсақ та, бiздер Ботажанға арқа сүйеп, сыйлаймыз. Қазақтың "көп жасағаннан емес, көптi көргеннен сұра" дегенi рас екен. Қазiр бiздердiң бала-шаға, немерелерiмiз Болатты өздерiне үлгi тұтып, соған ұқсағысы келетiнiн мақтанышпен айтады.

- Болат ағаның ана тiлiнде таза сөйлей алмауын сынайтындар бар. Кейбiреулер өз тiлiн бiлмеген, өз ұлтының жоғын жоқтай алмайды деседi. Бұған не айтар едiңiз?

-    Қазақ тiлiнде сайрап, қазақша "жүргендердiң" де өз халқына қарайласып жатқаны шамалы. Менiңше, бұл - ұсақ кiсiлердiң жаңсақ пiкiрi. Ана тiлiн жетiк бiлмейтiн кемшiлiгiне ол қатты намыстанатын. Бiрақ бiздер өмiр сүрген заман орыс тiлiнде болды ғой. Ботажан осы кемшiлiгiнiң орнын толтыру үшiн тынбай еңбектендi. Байқасаңыздар, соңғы уақытта ойын қазақша жақсы жеткiзiп жүр. Бiрде сiңiлiм пойызда келе жатып мынадай сөз естiптi. Оның Болаттың әпкесi екенiн бiлмейтiн жанындағы кiсiлер оппозиция туралы әңгiме бастап: "Әбiлев - билiктiң оппозицияға жiберген адамы. Егер ол шынымен халықтың адамы болып, билiкке қарсы шықса, Заманбек, Алтынбектер сияқты оны әлдеқашан өлтiрiп кетер едi",- дегендi айтыпты. Осы сөздердi естiгенде, жүрегiм қатты ауырды. Сонда жұртқа осыған дейiнгi айырылған арыстай азаматтарының қазасы аз көрiндi ме? Кезiнде сол Заманбек, Алтынбектердiң қадiрiн бағалап па едi? Ендi аман жүр-ген азаматтарды осылай сөгуге бола ма? Мен мұны надандық деп ойлаймын. Болат- билiктiң адамы болса, Ақордада бiлдей бiр қызметте тып-тыныш отырар едi. Президенттiң саясатына қарсы келмесе, әу бастан-ақ жылы орнынан кетпей, жағымпазданып, жалданып күнi бүгiнге дейiн сонда жүрер едi. Осыдан кейiн Б.Әбiлевтi билiктiң адамы деу - қисынға сыймас. Бұл бiр ғана мысал. Өткен сайлаулардағы билiктiң оны саяси додадан шеттету әрекеттерiн айтып тауысу мүмкiн емес. Жалпы, билiктi атақ, марапат, байлық, мансап iздегендер жағалайды. Ал түптеп келгенде, Ботажан мұның бiр де бiреуiне зәру емес. Оның бар мақсаты - болашақ Қазақстанның тағдыры.

- Десек те, Ертiсбаев сияқтылар оппозиционерлердi халыққа басқаша сипаттап, жанталасуын қоймайды...

- Иә, ол рас. Бiрақ халық Болатты қолдамаса, сарайдан сыбыс та шықпас едi деп ойлаймын. Жақында ғана сол сарай бұлбұлының айтқанын оқып, жағамды ұстадым. Олай жалған сөйлегенше, үнсiз қалғаны өзiне абырой болар едi. Бiрақ қайсыбiрiнiң аузына қақпақ боласың? Тарих кiмнiң кiм екенiн таразылап, екшеп алады. Расын айтсам, мен үшiн ертiсбаевтардың сөзi емес, iнiмнiң денсаулығы маңызды. 25 ақпан күнгi митингiге бармаған, оны ұйымдастырмаған азаматтарды 15 тәулiкке қамап тастады. Бұл әдiлетсiздiкпен келiспеген Болат пен Әмiржан аштық жариялады. Осыған алаңдап, жаным жай таппай отыр. Әкемiз барлық жағдайды iшiнде сақтап, сырттай көңiлi тоқ кiсiдей жүретiн. Болатта да осы мiнез бар. Менi мазалайтын да, уайымға салатын да оның iштей тынатыны. Күндiз түнi Алладан оның амандығын тiлеймiн. Лайым тiлегiм қабылданып, аман болса екен...

Әңгiмелескен -

Меруерт ХУСАИНОВА

«Жас Алаш» газеті

Аққыз ҚОСАНОВА: «Менiң балам қара басының қамы үшiн жүрген жоқ»

Аққыз Қосанова - тоғыз баланы дүниеге әкелген, он алты немере, төрт шөбере сүйiп отырған Батыр ана. Көпшiлiк Аққыз апаны оппозициялық саясаткер Әмiржан Қосановтың анасы деп таниды. Әмiржан Қосановтың "жетпiстен асқан шешем бар" деп аузынан тастамайтын анасымен кездесудiң сәтi түстi. Қамаудағы ұлының шығатын күнiн санап отырған ана ерте ме, кеш пе, баласының күресi жемiсiн бередi деп сенедi.

- Аққыз апа, халық Әмiржан ағаны оппозицияда көп жылдан берi алған бағытынан таймай, күресiн жалғастырып жүрген табанды саясаткер ретiнде таниды. Ал отбасындағы Әмiржан қандай ұл?

- Өзiм тоғыз бала тапқан анамын. Бүгiнде соның алтауы тiрi. Әмiржан - үшiншi балам. Сөйте тұра, отбасымыздың басшысы. Әкесiнiң орнын басқан балам осы. Үйдегi тiрлiктiң бәрiне өзi басшылық етедi. Әмiржаным бiр төбе де, өзге балаларым бiр төбе. Өзiм 73 жасқа келдiм. Баламның көп жылдан берi тартқан азабын көрiп, ана жүрегiм қан жылайды. Ұлымның халқым деп ұран көтергенi үшiн бiр рет емес, екi рет сотталып, қамақта отырғанына риза емеспiн. Бiрақ менiң қолымнан не келедi? Жақсы азаматтар газет бетiнде Әбiлев екеуiне берiк бол деп жатыр. Оларға рақмет айтамын. Ана баласына не тiлейдi? Қай ана болса да ешкiмнен кем болмағанын, ақырет-азап көрмеуiн тiлейдi. Ұлым ешқандай ұрлық жасаған жоқ, ешкiмнiң ала жiбiн аттамады. Тағдыры нелiк­тен осылай болды екен деп көп ойланамын. Сосын халықтың қамын жеп жүр ғой, Жаңаөзенде жазықсыз атылып кеткенi бар, басқа да әдiлетсiз­дiктерге шыдамай билiкке қарсы шыққан шығар деп тұжырымдаймын. Жалғыз тiлегiм - ботам аман-есен шығып, бала-шағасының қызығын, Алланың жазған несiбе­сiн көрсе деймiн.

- Апа, бұл тiлегiңiзге халық та ортақ.

- Иә, халқым да соны тiлейдi. Өзiм саясатқа онша жоқпын. Дегенмен, теледидардан жер-жер­де­гi митингiлердi көрiп жатырмын. Қырғыз елiнде де, Мәскеуде де оппозиция алаңға шығып, ойындағысын ашық айтып жатыр. Ол үшiн оппозициялық саясаткерлердi ешкiм қудалап жатқан жоқ. Ал бiздiң елде нелiктен қудалайды, соттайды? Соған ашынамын.

Әмiржан - халықтың адамы, өзi сүйген iсiмен айналысып жүр. Ал қуғынды халыққа қызмет еткен Мiржақып, Мағжан сияқты тұлғалар да көрдi деп өзiмдi өзiм жұбатамын. Менiң балам қара басының қамы үшiн жүрген жоқ, елге өз үлесiн қосып жатыр ғой деп өзiме тоқтау жасаймын. Бiрақ уайым жеп, күндiз күлкi, түнде ұйқы көре алмай азапта отырмын.

Жазықсыз оққа ұшқан құрбандар - Заманбек пен Алтынбек қаза тапқанда бүкiл халық қан жылады ғой. Соған қарап кейде менiң құлыным да сондайға ұшырап қала ма деп қорқамын.

- "Балам, осы тiрлiгiңдi қойсаңшы, бiзге бас амандығың керек" деп тоқтау айтқан кезiңiз болды ма?

- Өткенде түрмеден бiрiн­шi рет шығып келгенде "айналайын, осы кәсiптi қойсаңшы. Балаларың өстi, менiң түрiм болса мынау. Ағайын-туған болып, ендi тыныш өмiр сүрейiк" деп айттым. Алайда күрес жүргiзiп жатқан жалғыз ол емес қой. Артында тұрған халқы бар. Мен тоқтау айтқанмен, бүйрегi соған қарай бұрып тұрса, жүрегiнiң қалауы сол болса, менi тыңдай ма.

Кейде туыстарым "осы балаңа тыныш жүр деп қаттырақ кейiмейсiң бе. Тыныш жүрсе, бiраз жерге барып қызметi көтерiлер едi" дейдi. Мен кейiгенде бәрiбiр жүрегi солай соғып тұр ғой. Бiздiң айт­қанымыздан гөрi өз жүре­гiнiң қалауын тыңдайды. Болмаса, жоғарының айтқанын үндемей орындауға талабы жетпейдi емес, жетедi.

- Халық Әмiржан ағаның қайсарлығы мен бiр­беткейлiгiне ри­за, осындай ұлды дүниеге әкелген сiзге де ризашылығын бiлдiредi.

- Менiң көңiлiмдi көтеру үшiн мұндай нәрселердi көп айтады. Баяғыда Әмiржанның осы үйдiң ауласында соққыға жығылған кезi болды. Сол кезде бесiншi қабатта тұратын көршiм Қадыр Мырзалиев: "Ұруға тұратын және ұруға тұрмайтын бала болады. Сiздiң балаңыз ұруға тұратын бала болғаны ғой", - деп жұбатқан.

- Әмiржан ағаға күрес­керлiк кiмнен дарыды?

- Оның бойында әкесiнiң мiнезi бар. Бiр жағынан өскен ортасы, нағашы жұрты мен әке-шешесi жақсы тәрбие бердiк деп ойлаймын. Ал күрескерлiгi табиғатынан дарыған. Ауылымыз - Қазалыдағы отбасылар әлi күнге дейiн ботамды үлгi етедi. Отбасында екi бала болса, ата-анасы "екеудiң бiрi осы Қосановтардың баласына ұқсасаңдар" деп айтады екен.

- Жас кезiнде ұлыңыз қандай едi?

- Жас кезiнен кiтапхана­дан шықпай, кiтап оқитын. Ол кез партиялық кезең едi. Әкесi "осы баламнан партиялық кiтаптардың қай жерiн сұрасаң да бәрiн бiледi" деп таңғалатын. Өзi қазақша оқыды, бiрақ орыс тiлiнде де таза сөйлеп кеттi. Кейiн өзi оқыған Қазалыдағы 17-мектептен "Ә.Қосанов атындағы сынып" ашылды.

- Ұлыңыз Болат Әбiлев екеуi аштық жариялағаны берi оларға "аштықты      қойыңдар, денсаулықтарыңды ойлаңдар" деп үндеу тастап жатқан азаматтар көп...

- Иә, оны газеттерден оқып-бiлiп жатырмын. Ұлыма сондай үндеу тастаған азаматтардың отбасына амандық-саулық тiлеймiн. Бұл - халық менiң ботамның тiрлiгiне риза, көңiлi толды деген сөз. Ұлымның аштық жариялағанын өзiм де ұнатпай жатырмын. Ауырып қала ма деп қорқамын.

- Ұлыңыздың көп жылдан берi жүргiзiп жатқан күресi нәтижелi болатынына сенесiз бе, әлде ол сенiм бүгiнде сарқыла бастады ма?

- Сарқыла бастаған сияқты. Өйткенi қолдап жатқан жоғары жақ жоқ. Бар шаруа жоғарыға барып тiрелмей ме. Аспанда бiр Құдай, жерде бiр Құдай бар деген. Мұның бәрi сол кiсiнiң сiлтеуiмен болып жатқан шаруалар ғой. Қолымнан келсе, қамақта бiр күн жатқызам ба. Күн санамаушы едiм, ұлым түрмеде жатқалы берi күн санайтын болдым. Бiр күн бiр жылға татиды ондай кезде.

- Ал кейiн, болашақта бұл күрес жемiсiн бередi деп сенесiз бе?

- Құранда "Бiр айдың жартысы ақ, бiр жартысы қара" деп айтылған ғой. Баламды сонша азапқа салған бұл күндердi қаралы санаймын. Жарық күн бар шығар деп тiлеймiн.

Жоғарыда айтып өткенiмдей, соққыға жығылған кезiнде әйелiнiң iшiнде үш айлық бала бар едi. Қазiр ол немерем - Томирис 6-сыныпта оқиды. Оған "ботам, бақытты екенсiң, сенiң өмiр жасың ұзақ болады. Әке-шешеңнiң аман қалғаны - сенiң жарыққа шыққаның" деп айтып отырамын. Мiне, көретiн жарығы бар адам дүниеге келдi.

Бiр аштықтың тоқтығы болады, бiр айдың жарығы болар деп үмiттенемiн.

- Әңгiмеңiзге көп рақмет, апа! Көңiлiңiз босамасын. Сiзге денсаулық, отбасыңызға амандық тiлеймiз!

Әңгiмелескен -

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385