Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 6267 17 пікір 5 Ақпан, 2021 сағат 16:24

Ŋŋ таңбасынан неге бас тартпауымыз керек?

Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі жаңартылған әліпби нұсқасы қалың жұртшылыққа ұсынылды. Ұсынылған бойда бірден қызу талқылау басталып та кетті. Көпшілік жұрт қызу қолдап, алдыңғы нұсқаларынан әлдеқайда жақсартылған екен деп жатса, кейбір азаматтар жеке әріп таңбаларына тоқталып, өз ұсыныстарын тұс-тұстан айтып та жатыр. Соның ішінде өгейсіген Ŋŋ таңбасы жөнінде сәтсіз таңдау, үстінде тильдасы бар Ňň  қарпін алу керек еді деп жатыр. Алайда бұл ұнаңқырамай отырған  «ұсқынсыз үйректен» бас тартпағанымыз жөн болар. Оның басты себептерін атағымыз келеді.

Әрбір әліпбидің өзіндік ұлттық бет-бейнесі болады. Оның танымалдылығын, бірегейлігін айқындап тұратын ерекше таңбалардың көрініс табуында. Мәселен, әзербайжан тілінің әліпбиін бірден жазбай  танытып тұрған қай таңба дейтін болсақ, ол Әә әрпі. Бұл әріп әзербайжан тілінің ұлттық брендтік таңбасына айналды деуге болады. 

Ал қазақ тілінің ұсынылған жаңа әліпбиінде әріптердің біразы танымал,  латын, түркі сынды ортақ қорлардан алынды. Сөйтіп біраз графикалық таңбаларымыз түркі тілі әліпбиіне ұқсап та тұр. Ал оқшауланып, ерекше көзге түсіп тұрған қай таңба? Әрине бізге таныс ешбір түркітектес әліпбидің бірінде кездеспейтін Ŋŋ әрпі. Бұл таңба Халықаралық фонетикалық қорда (МФА) және Юникод жүйесінде де бар, яғни пернетақтадан  оңай табылады деген сөз. Әліпбиіміздің ұлттық жеке-дара бет-бейнесін айқындаймыз десек, осы әріпті қалдыру керек. 

Qq әрпімен қатар Ŋŋ әрпі бірқатар түркі тілдерінде жоқ бұл  әріптер жүйеқұраушы әріптер болып танылуы керек. Ал төбесінде тильдасы бар Ňň әріпүсті таңбалары бар көп әріптің бірі болып қала бермек. Мәселен, өзбек тілі латын графикасына негізделген әліпбиінің қайталанбас, өзіндік бет-бейнесін айқындай алмай отыр, оны көптеген тілдер жүйесіндегі әр тектес әріптер конгломераты, жиынтығы деуге болады. 

Сондықтан, Ŋŋ әрпін өзгертуге асықпайық, оған дұрыстап, дұрыс көзбен қарап, жазып, оқып көрейік. Уақыт оза үйренісіп, әліпбиіміздің танымалдылығын бірден аңғартатын, арттыратын брендтік таңбаға айналар.

Қыздархан Құрмашқызы Рысберген,

филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371