Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3036 8 пікір 8 Ақпан, 2021 сағат 13:07

Әділдік толық орнау үшін...

Репрессиялар құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияға ұсыныстар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси репрессиялар құрбандарын толық ақтау жөнінде алға қойған міндеттерін ойдағыдай орындау орайында, біздің ойымызша, Қазақстанда жүргізілген саясат астарын дәл бағамдап, республикамызда орын алған қуғын-сүргін шараларының ерекшеліктерін  айқындап алу маңызды. Бұл ретте Мемлекеттік комиссия совет өкіметінің орталықта қолданған таптық күрес тәсілдерін  шалғайдағы әлеуметтік жігі ажыратылмайтын, біртұтас көшпенділік өмір салты басым,  жұмысшы табы жоқтың қасындағы  қазақ еліне де сол қалпында көшіргеніне ерекше назар аударып, талдап қараса дұрыс болар еді.

Большевизм дәстүрлі қазақ ауылдарында жекелеген қожалықтарға біріккен ағайындар арасына таптық сына қақты.  Ауылдарда «Кіші Октябрь» өртін тұтатты, жұрттың тұтастығын көздейтін ұлт қайраткерлерінің «азаматтық бітім» идеясына кереғар «азаматтық соғыс» ұранын жалаулатты. Ұлттық кадрлар топшылықпен («рысқұловщина», «ходжановщина», «сейфуллинщина», «садвокасовщина», т.с.с.)  шұғылданды деп айыпталды. Ақыры жазықсыз жазалауларға ұласқан бұлардың себеп-салдарларын мұқият зерттеген жөн.

Билік тиісінше  қисынсыз қуғын-сүргінді үдетіп, дүркін-дүркін халқымызды қилы қасіретке ұрындырды. Үш мәрте (1917–1919, 1921–1923, 1931–1933) соққан жасанды ашаршылықпен күйзелтіп, Ұлттық апатқа ұшыратты.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылында жұмыс істеген ҚР Жоғарғы Кеңесінің Комиссиясы 1931–1933 жылдарғы ашаршылыққа себеп болған советтік құжаттарды зерттей келе, қорытындысында жалпы санының 49 пайызын жоғалтқан қазақ халқына қарсы геноцид жүргізілгенін дәлелдеді. Мемкомиссия осы құжатқа арқау болған жәйттерді, сондай-ақ  алғашқы екі ашаршылықтың себеп салдарларын да  терең қарастырса, нақты шығынды дәлелді түрде анықтаса  жөн болар еді.

Ел ішінде 30-шы жылдарғы солақай реформаларға қарсылық көрсетушілерді (300-дей көтеріліс) советтік билік «бандиттер», «бандалар қозғалысы» деп таңбалап, қарулы әскери күшпен сотсыз-тергеусіз қырып салды. Тірі қалғандарын қуғын-сүргінге түсіріп, жаппай саяси репрессияларға ұластырды. Осы көтеріліске қатысушылардың бас көтерулеріне жаңа көзқараспен қарап, жүргізілген  жазалау шараларын әділ сараптау қажет.

Құпия полиция совет платформасына ауысқан алаштық қайраткерлерді ғана емес, бірден большевиктік рухта қалыптасқан ұлт кадрларын да, діни қызметшілерді де түгелдей қадағалады. Олардың репрессияланған бөлігін (әсіресе дін адамдарын) анықтап, толық ақтау, жалпы санын анықтау қажет.

Осы ретте совет өкіметінің әр кезде ЧК, ГПУ, ОГПУ аталған арнайы қызметтері қазақ саяси элитасын Компартияның өз құрылымындағы органдармен қатар қалай құпия бақылауда ұстап, қайтіп жазалау шараларын қолданғанын Мемлекеттік комиссия арнайы қызметтердің архивін ақтарып, терең де жан-жақты зерттесе дұрыс болар еді.

Саяси қуғын-сүргін шындығын ашумен шұғылданып келе жатқан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы тәуелсіздік жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивімен бірлесіп, атылған құрбандардың аты-жөні мен қысқаша өмірдеректері келтірілген «Азалы кітап – Книга скорби» жинағының тоғыз томын шығарды, облыстарда да сондай жинақтардың он шақтысының шығуына рухани жәрдем көрсетті. Мемлекеттік комиссия  жұмыс істеу барысында, сөз жоқ, осы уақытқа дейін ескерілмей келген тоталитарлық саясаттың әлі талай жазықсыз құрбандарын анықтап, ақтау шараларын жүргізеді.  Соның нәтижесінде   «Азалы кітап» жинағына қосымша томдар қосылары күмәнсіз. Осы орайда тарихи зердені бекемдеуге елеулі үлес қосатынын есте ұстай отырып,  «Азалы кітап – Книга скорби» жинағының жаңа деректермен толықтырып бір ізге түсірілген нұсқасын жасау және жариялау ісі «Әділет» қоғамына тапсырылса деген ұсыныс айтқымыз келеді.

Өкімет Үлкен террор жылдары Алматыда атылған төрт мыңнан астам құрбандар қорымы жатқан аумақтан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамына жарғылық міндеттерін жүзеге асыруына жәрдемдесу мақсатында 15 гектар жер бөліп берген. Сол телімде «Әділеттің» ұсынысына сәйкес еліміздің Бірінші Президенті тікелей тапсырма беріп, 2002 жылы «Жаңалық» мемориал-ескерткіші тұрғызылды.  Ескерткіштің жанынан 2018 жылы Алматы облысы әкімінің басшылығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы салынды. Осы музейді көрнекі экспозициялармен жасақтауға атсалысқан «Әділет» қоғамы  оның танымдылық сипатын жаңа зерттеулер жүргізу жолымен арттыра түсу үшін арнайы ғылыми  орталық құру қажет деп біледі, сол орайда мәселеге Мемкомиссия назар аударып, жәрдемдесу жағын қарастырса деген өтініш айтады.

«Жаңалық» мемориалды кешені аумағының арнайы бір бөлігіне ауыл ішінен табылған аты-жөндері белгісіз құрбандар сүйектерін қайта жерлеу рәсімі өткізіліп жүр. Жалпы, «Жаңалық» – репрессияға ұшырап оққа ұшқан бауырластар қорымы, мұнда, Совет Одағының әр жағынан әкелініп атылғандармен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, нақты мәйіті тікелей нақтыланбағанмен, Қазақ республикасының сол шақтағы басшылары, саяси, ғылыми, мәдени, әдеби элитасының көпшілігі жатыр. Соларға арнайы тағзым етіп, есімдері мен Республикаға  сіңірген еңбектерін түйсіне еске алуға мүмкіндік беретін, әлемде кенотаф (мәйіт қойылмаған бос мола, мұндай тәжірибеге бізден мысал ретінде туған жеріндегі ата-баба бейітінде Әлихан Бөкейхановқа, Алматыдағы қалалық зиратқа Саттар Ерубаевқа шартты құлпытастар тұрғызылғанын келтіруге болады) деп аталып жүрген өзіндік символ-зират, жерленген жері беймәлім халық ұлдарына ортақ бейіт, есімдері тасқа қашалған, баршасына бірдей тағзым етуге мүмкіндік жасайтын дербес белгі тұрғызу сұранып тұр. Осы ұсыныс қабыл алынса, «Жаңалықта» тұрғызылатын кенотафқа репрессияға ұшыраған Алаш автономиясы және  Қазақ Республикасы қайраткерлерінің есімдерін қашап жазып, кешенге келген қалың көпшіліктің әрқайсысын еске алуына мүмкін болар еді. Мемкомиссия осы мәселеге де мән береді, сталиндік қуғын-сүргінді ғайбаттап, демократиялық құндылықтарды бағалай білуге тәрбиелейтін осындай материалдық іс-шаралар жасауға мұрындық болады деп үміттенеміз.

Бұлармен қатар соғыс тұтқындарын соттаған істерді қайта қарау ләзім. Түркістан комитетінің баспасөзін мұқият саралап, «легионшылардың» көзқарастарын анықтау, іс-әрекеттеріне, тағдырларына әділ баға беру қажет. Толық ақтау ісін 20–50-ші жылдармен шектемей, 50–60–70-ші жылдарғы диссиденттер, құпия ұйымдар деректерін зерттеп, 1986  жылғы Желтоқсан оқиғасына дейінгі жағдайларды да қарастыру керек.

Алғашқы ұйымдық отырысын өткізген Мемкомиссия енді нақты іске кірісерде жоғарыда айтылған мәселелерді де жоспарына қосса дұрыс болар еді деген ойдамыз.

Бейбіт Қойшыбаев,                                                                       

репрессиялар құрбандарын толық ақтау жөніндегі                            Мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395