Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3113 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 15:20

«Құбыжық» түс көріп оянған аю құбыжық істерінен бас тарта ала ма?

ОБСЕ Ресейден Сталиннің тұсындағы КСРО тарихына қайта қарауды талап етуде


ОБСЕ Ресейден Сталиннің тұсындағы КСРО тарихына қайта қарауды талап етуде


Шілденің 2 күні ОБСЕ-нің Парламенттік Ассамблеясы «Бөлшектелген Европаны бүтіндеу» атты резолюция қабылдап, Ресей өкіметіне Сталин дәуірі мен ұлтшылдық кезеңінде жазылған тарихқа қайта қарау керектігін талап етті. Ал осыдан аз ғана бұрын Ресейде Кремльдің пәрменімен Ресей мүддесіне қайшы тарихты бұрмалау әрекетеріне  қарсы тұру жөнінде комисся құрылған-ды. Медведевтің жарлығымен құрылған әлгі комиссияның жалпы миссиясы туралы «abai.kz» ақпараттық порталында «Аю құбыжық түс көріп оянды» деген шағын сараптамалық мақала жарияланған болатын. Ағымдағы жылдың 15 мамырында Медведевтің 549 жарлығымен бекіген комиссияның құрамындағы адамдар Ресей мүддесіне қайшы мақсатта көрініс тапқан тарихи фактілерді, оқиғаларды бұрмалау әрекеттеріне қарсы тұру стратегиясын жасақтаумен;
Ресей мүддесіне қырын келетін тарихи фактілер мен оқиғаларды бұрмалау әрекеттеріне қарсы тұру мақсатында аса қажетті  шараларды іске асыру туралы Ресей президентіне нақты ұсыныстар жасаумен;
Ресейдің федералдық мемлекеттік билік органдарының, Ресей аймақтарының билік органдары мен ұйымдарының осы бағыттағы жұмысын үйлестіру және оларға ұсыныстар берумен;
Ресей мүддесіне қайшы тарихи фактілер мен оқиғаларды бұрмалау әрекеттеріне дер кезінде жауап беру және осындай әрекеттердің тигізер кері әсерін азайту туралы ұсыныстар дайындаумен шұғылдануға тиісті міндеттер арқалап іске кірісіпте кеткен еді.

«Құбыжық түс көріп оянған аюдың» мына тірлігі ТМД шеңберіндегі геосаяси қарым-қатынасқа сызат түсіріп қана қоймай мемлекеттік шекаралардың арасына  сына қағуы мүмкіндігін жоғарыда аталған шағын мақаламызда ескертіп өткен едік. Енді, міне, ОБСЕ сияқты халықаралық беделді ұйым да негізгі құрамы құпия орындарда қызмет жасайтын адамдардан құрылған Медведевтің «тарихшыларынан» секем алып Мәскеуді келеге шақырып бастады. Алайда, күткендегідей-ақ, Ресей саясаткерлері ОБСЕ-нің Парламенттік Ассамблеясы қабылдаған құжатқа байланысты күңірене шулап қоя берді. «Құбыжық» түс көріп оянған аю өзінің бұрынғы құбжық істерінен қалайша бас тарта қойсын? Мысалы,   Ресейдің ОБСЕ-дегі делегациясының басшысы, мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитеті басшысының орынбасары Александр Козловский «Сталинизимді нацизиммен қатар қоятындар қатты қателеседі. Сталиндік Кеңес  өкіметі назициммен күресте көп құрбандыққа барды. Европаны азат ету үшін өлшеусіз үлес қосты» деп біледі екен.  Ал, Ресей сыртқы істер министрлігі баспасөз департаменті жетекшісінің орынбасары Игорь Лякин-Фролов «Молотов-Риббентроп пактісіне 1992 жылы халық құрылтайы тиесілі бағасын берді. Сондықтан оған енді басқаша қарау мүмкін емес» дейді.

Молтов-Риббенторп пактісі  1939 жылы  23 тамызда бекіген құжат. Құжаттың ішіне енген құбыжық келісімнің шарты бойынша, сталиндік КСРО мен фашистік Германия Еворпаны екіге бөліп алып билеудің қарекетін жасаған болатын.

ОБСЕ-нің Парламенттік Ассамблеясы қабылдаған резолюция авторлары  нацизим мен сталинизим салған лаңнан Европаның  көп зардап шеккенін деректермен нақтылай отырып «азалы күнді»  белгілеу қажеттігін ескертеді. Ресей келіссін-келіспесін Европа елдері Молотов-Риббенторп пактісі бекіген 23 тамызды сол «азалы күн» ретінде түбінде бекітуі мүмкін. Өйткені сол бір қарғыс атқыр құжат қабылданғаннан кейін екінші дүниежүзілік соғыс басталып, қан дария боп аққан майданға тұтас Европа мен аш-жалаңаш Азия елдері араласып  сұмдық қырғынға ұшырады. Кеңес халқының көптігіне сүйенген дарынсыз қолбасшы, тіпті керек десеңіз, коммунистердің езгісіне қарсы бас көтеріп қалуы ықтимал Ресейдің отарындағы еркек кіндіктіні баудай түсіруді ойлаған сұрқия Сталиннің заманы қайтып оралмас үшін де бейбіт өмірді жақтайтын адамзат қауымы бір күнді «азалы күн» ретінде атап өтуге тиіс.

2006 жылы Европа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының сессиясында «Тоталитарлық-коммунистік режимнің қылмыстарын соттау» атты баяндама жасалды. Баяндаманы қашанғыдағыдай Ресей өкіметінің сарайындағы саяси технологтар мен думаның  шовинизим дертіне әбден шалдыққан депуттары «мынау антиресейлік қадам», «тарихқа қиянат» деп қандары қарая қарсы алған еді. Енді мүлдем мүрдем кететін шығар. Өйткені ОБСЕ-нің Парламенттік Ассамблеясы көпшілік дауыспен қабылдаған резолюцияда «Ресей өкіметі Сталин заманын әспеттеп, жария түрде демонстрациялар өткізуге жол бермеуі қажет» деген талап бар. Яғни, Ресей халқы  екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен күнді, сол сияқты Сталиннің тұсында қабылданып әлі күнге аталып келе жатқан мерекелік күндерді құрметтеп шерулерге шықпауы керек. Әрине, мұндай талапты орыс саясаткерлері былай тұрсын, Ресей өкіметіне құлдық ұратын еліміздегі ресейшіл саясаткерлер мен биліктегілердің өзі мойындай қоймасы анық. Себебі,  ТМД мемлекеттерінің арасында КСРО-дан қалған дәстүрлі мерекелер тек Қазақстанда ғана айрықша құрметке ие екені ешкімге құпия емес. КСРО тарихын құрметтеп, даталы күндерді аста-төк тойлау мәселесінде Қазақстан Ресейдің өзін шаң қаптырып келеді емес пе? Жарты әлемді жалаң қылышпен шауып алған Кеңес армиясының құрылған күні де араға сәл ғана уақыт салып барып тәуелсіз Қазақстанда бей ресми түрде болса да қайтадан бұқара халық атап өтетін мерекелік сипатқа ие болып үлгерді. Комсомолдар мен пионерлердің туған күнін де Қазақстан Ресейдің есіне салып алқызыл тойға айналдырып, лайықты түрде атап өтті. Енді осы аталып өтетін айшықты даталардың қатарына қазақ  халқын қынадай қырып, бақ дәулетін тонап, ардагер азаматтарын абақтыларға айдаған «қазан төңкерісі» - 7 қазан күні   де еніп қалатын шығар. Ресейге осындай қылығымен сүйкімді Қазақстанды Рогозин сияқты  НАТО-ның әр қадамына жирене қарайтын саясаткерлер  «жарына адал әйел» деп меншіктемегенде қайтеді енді...

Сонымен, ОБСЕ Ресейден Сталин заманындағы тарихқа қайта қарауды талап етіп отыр. Ал, Ресей саясаткерлері Сталин заманындағы зұлматтарды «зұлмат» деп айтудың өзін «тарихқа қиянат» десіп, Медведевке жарлық шығартып жанталасуда. Анығында Сталин заманындағы зұлматтарды мойындамау - КСРО-ның заңды мұрагері болып табылатын бүгінгі Ресейдің Шығыс Европа мен Қапқаз және Орта Азия елдеріне жасаған езгісін мойындамау деген сөз. Бұл сондай-ақ,  КСРО ыдыраған соң ТМД шеңберінде қалып қойған контингенттің тарихи ақтаңдықтарды қалпына келтіріп дербес өмір сүруін мойындамау деген сөз. Бұл және Ресейдің ТМД елдерін ырқына көндіріп әлемнен тағы да оқшаулануды көздеген әрекетінен сыр аңғартса керек. Иә, Ресейдің бет алысы баяғы ескі сорапқа қарай ауып барады. Сондықтан ОБСЕ Ресейге адам баласының тағдырын аяусыз таптаған тарихи кезеңдерге  қайта қараудың жолын ұсынуда. Демек, бізде өз тарихымызға терең үңіліп, бар жоғымызды байыппен түгендей беруге тиісппіз. Тарихқа өткен заманнның дерегі мен керегі деп емес, бүгініміз һәм ертеңіміз, аласапыран дүниедегі тірегіміз, құндылығы мәңгі құжатымыз деп қарайтын уақыт жетті. Қазақ халқының мелекеттік тарихы мен тұтастығын 1991 жылдан бері қарай таратудың қателігін де мына заман терең ұқтырғандай. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күндер қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіріп, қайта өрлеу дәуіріне ұласа берсе екен деп тілейік.

 

 

«Абай-информ».

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371