Жабал ШОЙЫНБЕТ, Абай орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты: Қазақ елі Ислам дінін берік ұстанып келеді
- Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері бас қосатын алқалы жиын Астанада осымен үшінші рет өтіп жатыр. Айтулы дінбасыларының ортаға салар ойлары бұл жолы да аз болмасы анық. Сіз мұны қалай бағалар едіңіз?
- Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылы Астанада өткен съезге сол кездегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Кофи Аннан, белгілі қайраткерлер Джордж Буш, Маргарет Тэтчер және әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің басшылары аса зор мән берді. Содан бері жиынның халықаралық деңгейде беделі артып, жыл өткен сайын маңызы да күшейіп келеді. Бұл Қазақстан Президентінің көрегендігін паш етумен қатар, қазақ елінің жер шарында тыныштық пен түсіністікті, достық пен сыйластықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырғанын дәлелдеді.
Жаһандану ғасырында тыныштықты қамтамасыз етудің бірден бір жолы - өзара құрмет пен сыйластық. Ортақ тіл табысудың тамаша тәжірибесі де осындай жиын болғандықтан, келісіп пішкен тонның келте болмасы анық. Әлемдік діндер исламды және Қазақстан арқылы оның бейбіт дін екендігін мойындай бастағанда, үй ішінен үй тікпеудің де қамын ойлаған дұрыс. Қазақ халқының атына сөз келтірмеудің өзі де ұлтымыздың исламды қаншалықты берік ұстануына келіп тіреледі. Мұны Елбасының өзі де қадап айтып, қазақтың қадірін арттыру жолында барлық қамқорлығын жасап келеді. Мәселен, күні кеше Астанада бір мезгілде 5000 адам мінажат ететін мешіттің іргетасын қалауға қатысуы - осы сөзімізге дәлел.
Қазақ ортақ үйімізге айналған Жер шарында өзінің бар мүмкіндігін осылайша паш ете бастады. Тек енді осы өнегеміздің өрісін кеңейту - бізге парыз, ұрпаққа аманат. Абайша айтқанда «Абайлап жүріп, анық басатын» кез келді.
- Елбасымыз кейбір жиындарда Абайға жүгінеді, Абайдың еңбектерінен мысал келтіреді. Осыны ой елегінен өткізе отырып, «қазақтың биліктегі бар азаматы осылай ойласа, осылай сөйлесе, осылай ой түйіндей білсе» деген қиял жетегіне берілесің. Амал қанша, біз сенген шенеуніктердің қайсыбірі Елбасынан өнеге ала алмай жүрген секілді...
- Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен тәуелсіздік алған елімізде алғашқы өткізген іс-шараның бірі - қазақ ұлтының данышпаны Абайдың даналығын бүкіл әлемге танытуды қолға алу болды. Бәрімізге белгілі 1995 жылы аса беделді ұйым - ЮНЕСКО-ның аясында ақынның 150 жылдық мерейтойын атап өттік, әлем халқы қазақ деген ел, оның азаматтық құндылыққа зор үлес қосқан дана Абайдай ұлы бар екенін білді. Сіз ойымдағыны дөп бастыңыз, Абайдың кітабын қолға аларда Елбасының сол кездегі жасаған баяндамасын бір шолып өтем, кейде кейбір шенеуніктер сұхбат бергенде «жұмыс үстелінде Абай кітабы тұрады» деп мысал айтады, онда неге мән беріп оқымайды деп таңырқаймын, әйтпесе баяндамада: «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тілегіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда, біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ.
Әйтпесе, көп дүние әуелі сол әркімнің өзін-өзі түзей алмағандығынан өрге баспай жатыр емес пе?!
Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын» деп анық көрсетті. Тіпті «Абай армандары - тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Қазақ топырағында оның орайын келтіруге мүмкіндік туып отыр. Мына сіздер мен бізге үлес боп тиіп отыр» деп мақсат-мүддемізді айқындап берген жоқ па?!
Елбасымыздың айтқанын орындауда енжарлық танытып отырмыз. Ең болмағанда, абайтануды балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін түгел оқытуды қолға алайық деген Үкімет қаулысы да орындалмай, қағаз жүзінде қалды. Алысқа бармай-ақ екі жағымыздағы екі алып көршімізден үлгі алсақ болар еді. Ресей елі Пушкин туралы неше жүздеген докторлық диссертациялар қорғап, ақын мұраларын насихаттауды бір сәт те тоқтатқан емес, ал Қытай Конфуцийдің ілімін идеологиясының негізі етіп, сан ғасырдан бері берік тұтынып келеді. Былтыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан және батыс облыстың бірінен Конфуций институты филиалдарын ашты. Біз Абай мұраларын өзіміз терең танып-біліп алмай, өзгеге қалай танытамыз?!
- Қазір бірсыпыра жоғары оқу орындары Абай, Шәкәрім орталықтарын ашып жатқан жоқ па? Мүмкін, сіз айтқан олқылықтың орнын осылар толтырар, әлде бұл білім ордасының мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан науқаншылдық саясаттың бір түрі ме?
- Семейде Шәкәрімнің 150 жылдығын тойлау қарсаңында екі бірдей Шәкәрім ғылыми-зерттеу орталығы ашылды, бірі той өткесін жабылып қалды, екіншісі жұмыс істеуде. Көптеген игілікті істер жасалды, қуандық. Бірақ солардың арасынан көз майын тауысып, тек бір салаға маманданған шәкәрімтанушыны көрмей отырмын. Сондықтан болар, сол орталық шығарған Шәкәрімнің екі томдық шығармалар жинағына Ғаббас Қабышев ағамыз: «бұрынғы шыққандарынан еш өзгеріссіз көшіре салған» деп сын айтса, мен «Шәкәрім туралы зерттеу жинақтағы еңбектерде ақын қағидалары бұрмаланған» деп көзқарасымды білдірдім. Жауап жоқ, яғни егер маман-шәкәрімтанушы болса, бірден мыналарың бұрыс, мыналарың дұрыс деп, дереу жауабын айтар еді. Әрине, бұл - менің жеке пікірім. Биылғы жылдың басында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай институты ашылды, жақсы бастама, тек бірде-бір арнайы абайтанушысы жоқ институт жұмысын қай қырынан бастады екен деп күдікпен қараймын. Мұндай үлкен істің басында бүкіл өмірін абайтануға арнаған Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметұлы сияқты ғалымдар, нағыз абайтанушылар тұрса деген игі тілек менікі.
- Сізді жұрт абайтанушы ғалымдардың бірі ретінде ғана емес, ұлттың ұлы мұраттарын көздің қарашығындай қорғай білетін азамат ретінде де таниды. Әйтеуір барлық жаңалық атаулыдан құралақан қалмауға тырысасыз. Дәл қазір өзіңіз құралпы азаматтардың таным-түсінігі қалай, «мен қазақпын!» деген аталы сөзді ауыз толтырып айта ала ма?
- Мен мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінен Білім және ғылым министрлігінің бас маманы қызметіне дейінгі ұзақ жолдан өтсем де, әлі күнге дейін орысша сөйлесем тілім бұралып, тұтығып қаламын, балам айтады «орысша сөйлемей-ақ қойыңызшы, қасымдағылар сізге күліп қарайды» дейді. Бұл сірә, Созақта орыс көрмей өсуіме байланысты емес шығар, себебі орта мектепті Кентау қаласында бітірдім. Бірақ институтта «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп жүрекке біз тыққандай ашық айтты, қызметте «орыс тілін білмесең - өспейсің» деп көкірекке шаншудай қадады, қазақтық намысым тапталды, ашындым. Не де болса тілімді, ділімді тұтығуға алып барған ашу-ызамды, қайғы-мұңымды айтып қалайын деп, 1980 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Әдебиет пәні оңай ма?» деген мақаламды жібердім, мұнда айтайын дегенім, «қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің ұлтқа қажеті жоқ па, немқұрайлы қарайтын, оңай пән бе» деген жан айқайымды көлденең сауалмен жеткізу еді.
Бір мен емес елімізде «іштей тұтығып» жүргендер көп екен, екі жылдай газет бетінде қызу пікірталас жүрді, менің атыма «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына 200-дей хат түсіпті, әттең, сол хаттар сақталды ма екен?! Абай қарасөздерін зерттеуге ден қойған кезімде, енді бүкіл қазақ ұлтының мұңы мен зары көз алдымда көлденеңдей бастады. Қалай шыдарсың, көзің көріп, шығу себебін біліп тұрсаң...
Жақында жазушы Мұхтар Мағауиннің: «мен өзім Абай жөнінде жазуға қорқамын, мұны бұрын айтқанмын. Өзіңнің деңгейіңнің бәрі көрініп қалады. Абайды талдамай-ақ, Абаймен салыстырмай-ақ, сол өз бетіңмен жүретін болсаң, кішкене абыройлырақ боласың. Абайдың тереңдігіне біз әлі жеткеніміз жоқ» дегені шынайы шындық. Абай мұраларын тереңдеп зерттей бастасаңыз өз мініңізді де, қазақ ұлтының айтарға жеңіл, жүрекке ауыр күнгейі мен теріскейін де себеп-салдарын ұға бастайсыз...
Замандастарымның таным-түсінігі екіге бөлініп тұр. Орыстілділер арасында «мен қазақпын!» дегенді айтатындар шамалы, осы сөзді ауыз толтырып айта алатындар билікте аз. Таразы басы теңеспей тұрғаны шындық.
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өзіңіз ұйытқы болып, іргелі ғылыми орталық ашыпсыздар. Не бітіріп жатырсыздар, жағымды жаңалықтарыңызды жұртқа қалай жеткізер едіңіз?
- Былтыр бірінші қыркүйектен бастап Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде ректор Серік Пірәлиевтің бастамасымен «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Абай атамыздың есімін алған университет болғандықтан ба, бүкіл университет ұжымы біздің жұмысымызға шынайы ықылас танытып отыр, абайтануды жаппай оқытуды қолға алсақ дейді. Біз ол үшін жалпы білім беретін мектептерге және жоғары оқу орындарына арнап жаңаша сипаттағы бағдарлама, оқулық әрі хрестоматия дайындап жатырмыз.
Ғылыми орталық болғандықтан, ғылыми еңбектер жазу - басты міндетіміздің бірі. Университеттің газеті «Абай университеті» деп аталып, жаңаша мәнге ие болса, университеттің барлық факультеттерінің студентін қамтыған «Абай мектебі» ашылып, жұмысын бастап кетті. Университеттің тәрбие басқармасы ұйымдастырған «Абай әлемі» республика студенттерінің сайысы, Абай өлеңдерін, қарасөздерін, әндерін және айтыс өнерін қамтып, Абай мұраларын насихаттауда тың серпіліс тудыруда.
- Сіз кезінде философия ғылымдарының кандидаты Қ.Жүкешевке қарсы «мылтықсыз майдан» аштыңыз. Сонша неге шамдандыңыз? Ол кісі өз қателігін мойындап, халықтан болмаса да сізден кешірім сұрады ма?
- Қ.Жүкешевтің докторлық диссертациясы мен 11-сыныптың «Қоғамдық білім негіздері» оқулығына автор ретінде жазған «Шығыс өркениеттері» тарауы ешқандай сын көтермейтін, еліміздің ғылымына да, жас ұрпақтың тәрбиесіне теріс әсері бар еңбек екеніне әбден көзім жетті. Өзі туып-өскен ауылынан жерінеді, ана тілін қасақана келеке етеді, Абайдай алып тұлғаны биік тұғырынан құлатқысы келеді, қалай шыдайсыз? Оның ауылға, тілге өшпенділігі ертеректе басталған, дәлел ретінде танымал әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаевтың «Өткірдің жүзі» (1992 ж) кітабынан үзінді келтірейік: «...Мұның бір көрінісі - «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қалаға неге қырын қараймыз?» (№2, 1981 жыл) деген тақырыппен жарияланған Қ.Жүкешев атты автордың сауатсыз мақаласы...Қ.Жүкешев Тынымбай Нұрмағамбетов қалаға қарсы деген байбалам жасайды...Бұдан өзінен-өзі шығатын қорытынды Қ.Жүкешевтің мақаласы әдебиетке, әдеби сынға да, ақиқатқа да, оқырман қабылдауына да қатысы шамалы дүние... Сонымен, Т.Нұрмағамбетов шығармашылығынан қалаға қарсылық іздеу - әдейі ұйымдастырылған...» (273-бет). Бір кезде ауылға және ауыл туралы көркем дүние жазудың хас шеберіне айналған жазушыға қарадүрсін жала жапса, сол әдетімен қазақ тілінің қарапайым қағидаларын білмей жатып, қазақ тілі «далбаса» деп тағы да байбалам салды. Оның кемшілігін автордың қатысуымен болған 31-канал «Кім?»(13.03.2007 ж.) бағдарламасында маман-ғалымдар бетіне басса да, менмендікпен аптығы басылар емес. Оны әлі күнге дейін, әсіресе, орыстілді баспасөздерде сөз беріп, қолдаушылар да табылуда. Маған мынандай күдікті ой келеді, ол әлдебір қазаққа қарсы топтың айтақтағанына еріп, солардың ықпалында жүргендей. Себебі оның докторлық диссертациясы ғылыми еңбекке тіпті келмейді, біресе үкіметке қарсы шыққан оппозицияның сөздерін мысалға келтірген, біресе қазақты «орыстілді қазақ», «қазақтілді қазақ» деп бөліп тастап, бірінен-бірін жоғары қойып шағыстыруға арналған тапсырыспен жазылған мақалалардың жиынтығындай көрінеді.
Тағы бір күдігім - қазақша жазылған диссертациясы өте жүйесіз, сөйлем құрауы олпы-солпы, ал орысша мақалалары мүлдем басқа, сауатты жазылған, екеуінің де авторы бір адам дегенге сенбей қаласыз. Бір басылымда Төлеген Жүкеев мырза оның еңбегімен терең таныс адамдай, өте жоғары бағалапты. Т.Жүкеев мырза академик-тілшілердің, оқымыстылардың, зиялы қауымның бір жылдай баспасөзде, теледидарда оған бірауыздан қарсы шыққанын, тіпті депутат Б.Тілеуханның Парламентте Үкіметке сауал жолдап, оған Білім және ғылым министрі жауап беріп, жіберілген кемшілікті түзеу үшін оның жазған оқулығын пайдалануды тоқтатып, диссертациясының қорғалмай қалғанын білмей ме? Екі жылдан бері қоғамдық пікірге, егер Қ.Жүкешевтің шын жанашыры болса, нақты дәлелдерін айтып, неге қатыспаған? Бұл көпке топырақ шашу демеске амал жоқ.
Жалпы, біз зиялылар мен олардың күні ертең ізін басатын қазақ азаматтары арасынан араға іріткі салатындардың емес, ұлттың жоғын түгендеп, Елбасындай ерекше қасиеттерімен көрінетіндердің шыққанын қалар едім.
<!--pagebreak-->
- Білесіз бе, Абай төңірегінде алыпқашпа әңгімелер жиі-жиі бой көтереді. Ғұламаны кришнатанушылар қатарына қосқандар да болды. Бұл ел арасына іріткі салу ма, әлде қазақтың ұлыларын бетперде тұтып, өзгелерді де осы дінге тартудың қам-қарекеті ме?
- Абайдың кім екенін не мектепте, не жоғары оқу орындарында өз дәрежесінде оқыта алмай келеміз. Бұл өз ішімізде Абай туралы «әйел алғыш», атақ-даңққа «байлықпен қол жеткізген», т.б. жадағайлыққа баруға жол ашты, Абайдың дүниетанымын жан-жақты талдап беруге шамасы жетпеген, яғни қасаң еуропалық біржақты көзқарастан арылмаған қазақ философтарының кемшілігінен «Абай - кришнайт», «Абай - протестант», «Абай діннен де жоғары данышпан» деген жалған дәйекке құрылған шетелден ағылған миссионерлердің мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтуға бағытталған зымиян іс-әрекетінің басты құралына айналуына мүмкіндік беріп отырмыз.
Америкадан арнайы дайындықтан өтіп келген, бүкіл Орта Азия және Қазақстандағы протестант-миссионерлердің басшысы болған Чарльз Уеллер секілді шетелдіктер діни іріткі салатын үгіт-насихат жұмысына алғашқыда тікелей араласса, кейіннен Дін туралы заңымыздың осалдығын пайдаланып, қазір олар өздері еліне қайтып, қазақ арасынан дайындаған «сектант - кадрлар» күндіз-түні аянбай еңбек етуде. Халықаралық кришна санасы қоғамының белсенді мүшелері - Досым және Асан Омаровтар Абай мен Мұхтар Әуезовті кришнайт етіп «жаңалық» ашқанда, біраз академик пен көптеген философ-профессорлар «жаңаша көзқарас» деп қоштай жөнелді, тіпті ағайынды Омаровтардың да, Ч.Уеллердің де теріс пиғылда, жат ағымның жақтаушысы ретінде жазылған қауіпті кітаптарына академиктер алғысөз жазып, тамсана марапаттады.
Бір ғана мысал, кришнайт Омаров Абайдың шығармаларын жат ағымға икемдеп, бұрмалап түсіндіретін «Абайтану курсы» (1998 ж), «Ұлылар үндестігі» (1999 ж), «Абайтану» (2002 ж) т.б. кітаптарды төпеп шығарып қана қоймай, одан кейін тағы да былтыр ағайынды Омаровтар «Шәкәрімнің үш анығы» атты кітапты академик Р.А.Оразалиевтің алғысөзімен шығарды. Адамзат баласы үшін әрі құпия, әрі киелі «аруақ, рух» ұғымдарын Омаровтар өздері «аруақтардың» ішіне барып көріп-білгендей баяндайды, олар кришнайттық термин «нәзік әлемге» кіріп кеткендігі соншалық, бүгінгі күннің жалған бақсы-балгерлерін Шәкәріммен байланыстырып, беттері бүлк етпейді. Сөзімізді дәлелдеу үшін кітапқа көз жүгіртейік: «Әрине, Шәкәрім аруағы бүгінгі күндері басқа да жоғары аруақтармен бірігіп «Ақ жол» ұйымының «аққулары» арқылы қазіргі кезде халыққа өзінің үлкен көмегін көрсетіп жүргеніне дау жоқ. Мұның ақиқаттығын Семей өңіріндегі «аққулармен» бірге Шәкәрім кесенесіне барған адам айқын сезіне алады. Оның кесенесіне кірген сәтте-ақ рухани қуаттың әсерін бірден сезінуге болады. Шәкәрім аруағы да, өзінің қасында жатқан Абай аруағы тәрізді, келген адамдарға өзінің ақыл-кеңесін беріп, оның жақсы-жаман қасиеттерін көрсетіп, өмірін дұрыс жолға салып жібереді» (132-б.)
Халықаралық Абай клубының президенті Роллан Сейсенбаев өзін Қазақстандағы «ахмадийдің лидерімін» деп жариялап, сонымен қатар Омаровтың «Абайтануына» алғысөз жазып, оны «қазіргі заманның данышпаны» деп айтып салды. Осыдан кейін кімге сенесіз, атақты академиктің сөзі - анау, белгілі жазушы, Абайға жанашыр деген мықтының сөзі - мынау... Бір таңғаларлық нәрсе, Ч.Уеллер де, Р.Сейсенбаев пен М.Телібеков те, ағайынды Омаровтар мен Қ.Жүкешев те бір-біріне қарсы шықпайды, реті келсе, жақтайды.
- Сізді қазақ прозасының тарланы Тәкен Әлімқұлов жетектеп жүріп тәрбиелеген, қазақ әдебиетінің көрнекті сыншысы Төлеген Тоқбергенов алғашқы әңгімесіне «редакторлық» жасаған дейді. Атақты жазушылардың ықыласына қалай ие болдыңыз?
- 1978 жылы Тәкен ағаның туған жері - Созақ ауданының Жартытөбе совхозында 60 жасқа толуына арналған үлкен жиын өтті. Мектептің мұғалімі ретінде сөз сөйледім, кейінірек мені шақырып алып «сенде жазушылық талант бар» деп, өмірінің соңына дейін Жазушылар одағы мен газет-журнал редакцияларына «біле бер» деп ертіп апарып, «ауыл адамдарымен, яғни кейіпкерлеріммен қалай сөйлесемін, байқап отыр» деп талай жерді бірге қыдыртқаны бар. Сөйтіп жүріп, он жылға жуық «Тәкен мектебі» деген үлкен мектептен өткенімді де байқамай қалыппын. «Өтпелі кезең» деген алғашқы әңгімемді Төлеген ағаға беріпті, ол ағамыз әңгімемді аяусыз түзетіпті, содан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне «Үкілі үміт» айдарында жариялады. Төлеген ағаның қолымен түзетілген әңгіменің түпнұсқасын асыл заттай сақтап жүрмін, одан ағаның қамқорлығын да, ащы сынның ызғырығын да сезіндім, осылайша тағы да бір сын сыныбынан өтіппін ғой! Қазір сын айтылмайды, сын айтылса, көтере алмайды кілең «классик». Алла бұйыртып кітап шығарып жатсам, тұтастай берем, өзіме де, өзгелерге де өнеге болсын!
- Сіз бір сөзіңізде «дініне бекем болмаған ұлт құриды» деген едіңіз. Қазір «біздің біраз зиялылар түрлі ағымдарға мүше, миссионерлердің кітабын аударып, ақша табады» деген әңгімелерді естиміз. Осы шындыққа жанаса ма?
- Қандай мықты, үлкен мемлекет, қандай елдің басшысы болсын өз халқының бір ғана негізгі дінді ұстанғанын қалайды, өйтпеген жағдайда елінің тыныштығы бұзылады. Бұған мысалды әлемнің кез келген жерінен табасыз. Сондықтан да еліміздің Президенті Н.Назарбаев: «Біз тегіміз - түрік, дініміз ислам екенін ұмытпауға тиістіміз. Ол үшін қасиетті кітап - Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек», - деп халқымызға имандылықтың, бірліктің сара жолын көрсетіп отыр. Негізгі дінінен қол үзген ел өз ішінде бір-біріне деген бауырмашылдығынан, ынтымағынан айырылады. Бауырлас екі Корей мемлекеті неге бірікпей отыр, бір-біріне неге өшігеді. Алып держава АҚШ олардың біреуін жақтап, екіншісін қолдамауы шиеленіске әсері бар десек те, меніңше, басты себеп - АҚШ-тың жүздеген миссионерлерінің Корея жерінде өте белсенді әрекет жасауынан, соның нәтижесінде негізгі діндері - буддизмнен қол үздіріп, көптеп христиандыққа бас идіріп, «шоқындырылуынан». Оның шет жағасын елімізде де кездестіріп отырмыз, бір отбасы бірнеше дінге бөлініп, шырқы бұзылуда. Егер алдын алып, асқан сақтықпен қажырлы әрекет жасамасақ, оның салдары бүкіл мемлекеттің шырқын бұзуға алып баруы мүмкін.
Қазақ елі өткен мыңжылдық тарихында ислам дінін берік ұстанып келеді. Оның мысалы, кез келген ақын-жырау, ғұламалар «биссмилләсіз» сөз бастамаған:
Биссмиллә - сөздің пірі екен,
Ең асылы - нұры екен, - деп, немесе
Биссмиллә деп бастайын
Медет тілеп Алладан, - деп жалғаса береді. Ыбырай Алтынсарин де «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» демеді ме?! Кеңес Одағы кезінде тілінен, дінінен бірдей айырылған отыз шақты ұлт мүлдем жойылып кетті, бұл - өткеннің ащы шындығы, зор қайғысы. Тілі мен дінін берік ұстанған ел - бірлігі мен беріктігі жарасқан ең күшті ел!
Сол себепті, мен қолына қалам ұстаған қазақ зиялыларынан, қаламы жүрдек азаматтардан ақшаға құнығып, өзгелердің сойылын соқпауын қалар едім. Өйткені қазақша жатық жазылған, бірақ өзге дінді насихаттайтын көркем кітаптарды қолыма алған сайын жүрегім ауырады.
Әңгімелескен Жолдасбек ДУАНАБАЙ
«Айқын» газеті 2 шілде 2009 жыл