Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
46 - сөз 4049 6 пікір 10 Наурыз, 2021 сағат 16:47

Білім саласында қашан дұрыс жүйе орнайды?

Қазақстанның Болон үдерісіне (процесіне) қосылғанына биыл 11 жыл болыпты. Азды-көпті қорытынды шығаруға болатын кезең. Осы үдерістің пайдасы тиді ме Қазақстанға? Жауап біреу – жоқ!

Неліктен?

Еуропа елдерінің 12 жылдық орта білім беру жүйесі бұрыннан қалыптасқан. Болон үдерісі білім беру ісінің үздіксіз жалғасу қағидатымен орта білімнен жоғары білімге көшуі 13 жылға сабақтасқан оқу сияқты табиғи жалғасып кете береді. Жоғары білім алған баклавр да – маман, магистр де біліктілігі жоғары – маман болып шығады. Ал Қазақстан 12 жылдық оқуға әлі көше қойған жоқ. 11 жылдық білім әрине, 12 жылдық білімнен төмен. Бұған оқулықтардың нашарлығын, білім сапасының да төмендігін қосыңыз. Тегінде болондық жүйе бойынша ЖОО оқыту мерзімі қысқартылады, студенттердің өз бетімен дайындалуына басымдық беріледі. Бірақ оны бажайлаған кім бар? Былыққа Болон үдерісі кінәлі емес, әрине, кінәлі оны ойланбай енгізген шенеуніктерде!

Қайсы министр екенін қайдам, әйтеуір біреусі жағдайды ғылыми жолмен бағамдамай, еуропалық білім жүйесіне интеграциялану туралы идеяға елігіп, Президентке Болон процесіне қосылу туралы ұсыныс жасап жақсы аттанып қалады. Президент мәселенің суасты проблемаларын қайдан білсін? Игілікті қадам екен деп рұқсат берді де жіберді!

Сөйтіп небары 11 жылдық білім алған, еуропалық құрдастарынан бір жыл кенжелеп қалған орта мектеп түлегіне Болон үдерісіне көшкен осы екен деп жоғары оқу орындарында еуропалық баклавриат бағдарламасын «кигізе салу» мүлде адам түсінгісіз ахуал туғызды. Магистратураның «миы» шашылып қалды. Бүкіл орта білім, жоғарғы білім қидай сапырылысып, Қазақстанның білім әлемінде хаос пайда болды. «Көш жүре түзелетін» шығар деп едік, түзелетін түрі жоқ.

«Жығылғанға – жұдырық» дегендей қазақшаны онша қақпайтын, мектепті өзі әзер үшке оқыған (википедиядан) Ерлан Сағадиев деген министр орта мектептердегі физика, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытуға пәрмен беріп жіберді. Жоғары сыныптарға ағылшын тілінде дәріс беру үшін мұғалімдер екі оттың ортасында қалды. 10-20 жыл биологияны қазақша беріп келген мұғалім қайтіп бір-екі жылдың ішінде ағылшын тілінен сабақ беріп кетеді? Есі дұрыс болса басшылар осындай ақымақтыққа қалай барады? Оқулықтардағы былықтардан төбе шашың тік тұрады!

Енді әлгі Болон үдерісі деген не екеніне үңіліп көрелікші. Болон үдерісі дегеніміз ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ саласында бүкіл Еуропа бойынша білім берудің бірыңғай жүйесі мен кеңістігін қалыптастыру. Ол Еуропа елдерінің жоғары білім беру салаларын жақындастыру арқылы өзара бір бірінің дипломдарын тану үшін құрылған. Болон үдерісінің ерекшеліктері: жоғары білім беру баклавриат пен магистртура сияқты екі деңгейден тұрады, кредиттік жүйе қолданылады, білім сапасы бақыланады, мобильділік кеңейтіледі, түлектер жұмыспен қамтамасыз етіледі, білім берудің еуропалық жүйесінің артықшылықтары қамтамасыз етеді. Мұның бәрі Еуропа үшін пайдалы, ең бастысы үздік жас мамандарды еуропалық еңбек нарығына тартады.

Болон декларациясы негізінде Қазақстанның 60 жоғары оқу орны Университеттердің Ұлы Хартиясына қосылды. Отандық білім беру ісін еуропалық стандарттарға жақындату басталды. Қазақстан Болон үдерісіне қосылу арқылы нақты не ұтты, неден ұтылды? Маман даярлаудың баклавр –магистр –PhD докторы сияқты үш сатылы моделіне көштік. Қос диплом алу мүмкіндіктері артты. Бірақ Қазақстан ЖОО-да баклавриат бітірген инженерлер өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Міне, басты көрсеткіш! Магистратура бітіргендер де толыққанды инженер емес. Өйткені олардың бір жылдық оқуы кем. Қазір еліміздің орта және жоғары білім беру салалары апатты, ағылшын тілімен айтқанда «катастрофалық» жағдайда.

Үдеріске қосылу барысында оқу бағдарламалары бойынша шатысулар көбейді. Еліміздің кеңестік кезеңде қалыптасқан ұлттық жоғары білім жүйесінің құнды тәжірибелері жоғалтылды. Тар мамандықтарға тереңдетіп оқыту іргелі әзірлік деңгейін төмендетіп, сараптамалық және сыни ойлау деңгейін құлдыратты. Бұл жүйе Қазақстанға табиғи сіңісіп кете қойған жоқ.

Оқушылар, студенттер, оқытушылар, ЖОО басшылары Болон үдерісі мақсатында білім беру саласының отандық және еуропалық жағдайларына соншалықты қанық емес. Жаңа жүйе оқытушылардың көп уақытын оқыту процесінен ажыратып түрлі қағаз толтыруға бағыттап жіберді. Білім беру саласын төрешілдік жайлады. "Үш тұғырлы тіл" деген ғылымға қайшы ұстанымдар шықты. Өзімізде бар игіліктерді кері ысырып шетелдік жүйеге көшу өзін толық ақтаған жоқ. «Мемлекетті жою үшін атом бомбасының керегі жоқ, оның білім сапасын жою керек» деген сөзді құлағымыз шалушы еді, қазір Қазақстанда тап осындай жағдай қалыптасып тұр.

Бүгінде бүкіл әлемде магистратурадағы оқу ақылы негізге көшіріліп жатыр. Бізде де солай болары анық. Қалтасы тесік студенттер сонда қалай оқиды? Болон үдерісіне таяқпен қуып тығып жатқан ешкім жоқ. Бірқатар еуропалық елдерде, айталық, Германияда ғылым докторы сияқты ғылыми дәреже сақталынып қалды. Ресейде, мына тұрған Қырғызстанда түрлі пәндер бойынша ғылыми кеңестер әлі жұмыс істеп тұр екен. Неліктен бізде, тым құрымаса қазақ тілі мен әдебиеті сияқты бірқатар пәндер бойынша ғылыми кеңестер қалпына келтірмеске? Ғылыми тұрғыдан жағдайға сараптама жасау сұранып тұр.

Білікті ғалымдар бұл туралы: «Болон үдерісі Еуропа елдерінің өз сұраныстарынан туындаған қажеттілік еді. Мұнда білім берудің әлем мойындаған үздіксіз жалғасу қағидаттары сақталған. Сондай-ақ оларда орта білім берудің қалыптасқан жүйесі болды. Болон үдерісі сол іргетастың үстіне орнатылып шынайы маман дайындау бағытына қызмет етеді. Ал Қазақстан жағдайында білім берудің кеңестік жүйесі талқандалды, жаңа 12 жылдық білім беру әлі шешілген жоқ. Сондай жағдайда Болон үдерісіне көшу ойланбаған қадам болды. Шынайы маман даярлау бағытында шалағайлықты жою үшін баклавриат болсын, магистратура болсын оқу үдерісіне кемінде тағы бір жыл қосылуы дұрыс болады. Енді жіберілген қателіктерді мойындау, оларды түзету шаралары қолға алынуы керек!», – дейді.

Бұл Болон процесінің біздегі былықтарының шет жағы ғана. Коррупция жайлаған білім саласында қашан дұрыс жүйе орнайды?

Марат Байділдәұлы

Abai.kz

6 пікір