Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6974 0 пікір 5 Сәуір, 2012 сағат 05:54

Әліби Жангелдин. Менің ғұмыр жолым*

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

Мен 1884 жылы қазіргі Қостанай облысы Торғай уезі Қайдауыл мекенінде тудым. Әкем - кедей табынан, орта жүздің қыпшақ руынан. Бұл руда да басқа рулардағыдай көшпелілер де, отырықшылар да болды.
Менің ата-анамның барлық баласының үшеуі - ұл, қалғаны қыз еді. Отбасымыз жоқшылықта өмір сүрді. Әкем байлардың есігінде жүрді. Сыр-Дариядан көшіп өтіп бара жатқандар кейде тамаққа талшық болар бірдеңелер тастап кететін. Біздің жеріміз шұрайлы, шабындығымыз мол болғандықтан, олар бағып бер деп әкемізге мал қалдырып кететін. Ол үшін әкемізге ақша және аздаған бас мал тиетін.
Мен бала кезімнен аң аулауды жақсы көрдім. Он жасымның өзінде-ақ әкемнің ескі тот басып кеткен бытыра мылтығымен бөдене, қаз тағы басқадай көктемде оралған құстарды ататын едім. Біздің өңірде ақбөкендер, қарақұйрықтар көп болады. Мен оларды да ауладым.
Жеті жасымнан атқа шаптым. Жазғытұрым әкем байға жалданып, бай малымен жүз-екі жүз, кейде үш жүз шақырымдай жерге  жайылым іздеп көшіп жүретін.

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

Мен 1884 жылы қазіргі Қостанай облысы Торғай уезі Қайдауыл мекенінде тудым. Әкем - кедей табынан, орта жүздің қыпшақ руынан. Бұл руда да басқа рулардағыдай көшпелілер де, отырықшылар да болды.
Менің ата-анамның барлық баласының үшеуі - ұл, қалғаны қыз еді. Отбасымыз жоқшылықта өмір сүрді. Әкем байлардың есігінде жүрді. Сыр-Дариядан көшіп өтіп бара жатқандар кейде тамаққа талшық болар бірдеңелер тастап кететін. Біздің жеріміз шұрайлы, шабындығымыз мол болғандықтан, олар бағып бер деп әкемізге мал қалдырып кететін. Ол үшін әкемізге ақша және аздаған бас мал тиетін.
Мен бала кезімнен аң аулауды жақсы көрдім. Он жасымның өзінде-ақ әкемнің ескі тот басып кеткен бытыра мылтығымен бөдене, қаз тағы басқадай көктемде оралған құстарды ататын едім. Біздің өңірде ақбөкендер, қарақұйрықтар көп болады. Мен оларды да ауладым.
Жеті жасымнан атқа шаптым. Жазғытұрым әкем байға жалданып, бай малымен жүз-екі жүз, кейде үш жүз шақырымдай жерге  жайылым іздеп көшіп жүретін.
Қайдауыл ауылы - табиғаттың бір көркем бұрышы. Жақын жерден өзен ағып өтетін, оған маңайдағы 60-70 шақырымда су жоқ болғандықтан, суатқа дала аңдары келетін. Ну қамыста жабайы құс көп еді. Біздің отбасымыз осылармен күн көретін.

Мен өзімнің атам Тәңірбергеннің Жанкелді деген фамилиясындамын.
Атамды әкемнің әңгімелерінен білетінмін, әкем әдетте отбасымызды кешке жинап отырып, атамыз туралы әңгімелейтін. Атам да кедей болса керек, ол патшаға қарсы болыпты, жарлы-жақыбайды қанап, ең құнарлы жайылымдарды тартып алып, шамадан тыс салықтар салып, қыздарды күшпен әкетіп, бассыздықтар жасаған патша әкімдері мен олардың жандайшаптарын жек көреді екен.
Ол Орта жүзде қазіргі Лутовский, Қайдауыл аудандарында  көтеріліске шыққан. Сондағы шайқастардың бірінде мерт болып, ел есінде батыр ретінде сақталып қалған.    Ерте жасымнан менің оқығым келді, бірақ біздің жерлерде ол кезде мектептер болмады. Бірде біздің ауылға Торғайдан бір қазақ мұғалім келді. Ол өте әсем киінетін: оқалы баскиімі, алтын түймелі былғары бешпенті жарасып тұратын. Оны көріп қатты қызықтым, менің де мұғалім болғым келіп кетті. Мен одан:
- Мен де оқып, содан соң мұғалім бола алам ба? - деп сұрадым.
Ол: «Әрбір жас оқып, содан соң мұғалім бола алады», - деді. Сөйтіп қай жерде мектеп барын, оған қалай түсуді айтып берді. Мұғаліммен әңгіме менің еркімді алды.
Мен әкеме мектеп туралы айтып, оқығым келетінімді білдіргенімде, ол тіптен тыңдағысы да келмеді. Мен үйден қашуға бекіндім, тек ыңғайлы сәтті ғана күттім, көп ұзамай ондай сәт туды. Көрші ауылдан Торғайға аттанған керуенмен бірге жасырын кетіп қалдым. Мал айдаушы болып жалдандым, табын күзеттім, сол үшін маған тамақ берді. Торғайда бізге келген мұғалімді тауып алдым. Оны Ахмет Балғынбаев дейді екен, өзі - орыс тілінде оқытатын қолөнер мектебінің меңгерушісі.
Мұғалім мені өзім сияқты 35-40 ер бала оқитын үлкен бөлмеге алып келді. Олардың ішінде қазақтар да, орыстар да бар еді. Мектепте сауат ашуға, ағаш және темір өнерлері кәсібіне үйретті. Біз мектеп жатақханасында тұрдық. Маған ағаш өнері ұнайтын, ал өзім жасаған бірінші орындық менде мақтаныш сезімін оятты.

Содан   бір жыл оқыдым. Әкем келді. Мұғаліммен керіскен әңгімеден соң, мені үйге алып кетті. Мен тағы да дала еркінде болдым. Бірақ ойым жатсам-тұрсам мектеп еді, тағы да үйден кетуге бел байладым. Бір жылдан, әлде бір жарым жылдан кейін бе, әйтеуір, мен тағы да Қостанайға баратын керуенге ілестім. Бұл қашқанымда мен, байдың екі жылқысын ала кеткен едім, солармен Торғайға жеттім. Онда бір атты отыз сомға саттым да, екіншісімен одан әрі жол тарттым.
Қостанайда баяғы торғайлық мұғалімнің кепілхатын алып, халық училищелерінің инспекторы Аллекторовқа бардым, ол мені екі кластық орыс-қырғыз мектебіне орналастырды.
Екі жыл өтті. Оқуым жаман болмады, бірақ орыс тілінен көп қиналдым. Әкем мені үйге қайтарып алмақ ойынан қайтпай, бірде сабақ кезінде күтпеген жерден мектепке кіріп келді. Инспектор ара түсіп, менің қалуыма әкемді көндірді.
Осыдан кейін мен әкем оқуыма бөгет болмас үшін, бұдан да алысқа кетуге бекіндім. Инспектор бұл ісіме белсенді кірісті, мені Орынбор діни училищесіне -жартылай жабық типтегі оқу орнына ауыстырды. Онда ескі діни семинарияның тәртіптері үстем болды. Оқушылар жатақханаларда тұрды. Ол кезде жаны тірі, қабілетті, жолдастыққа адал жақсы бір Петров дейтін орыс баласы жақын досым болды. Біздер ұйықтауға жатқанда, кештер бойында ол қызықты оқиғаларды әңгімелеп айтатын. Мұғалімдер білімінің сыртқы жаттандығына ғана көңіл бөліп, негізінен, тәрбиленушілердің діни көзқарастарын қалыптастыруға тырысатын.
Мектептегі оқушылардың кейбіреулері дінге күмәнмен қарайтын. Бірде түнде жастар кезекті пікірталасына кірісіп кеткенде, жатақханаға инспектор жетіп келді. Шам жанып тұрған.
- Шамды кім жақты? Неге ұйықтамайсыңдар, не туралы таласып жатырсыңдар? - деп тергей бастады. Біздің бәрімізді жекелеп қамап қоятын карцер күтіп тұрғанын түсіндік. Петров шамды сөндіріп, төсегіне оралды. Кенет оқушылар өзара келіспей-ақ инспекторға одеял жаба салды да тепкінің астына алып қабырғаларын езгіп тастады. Тергеу-тексеру басталды, ол бірнеше күнге созылды, алайда ешкім ешкімді көрсетпеді.
Жарты жыл өтті. Әкем Орынборға келді. Ол Орынбордан үш шақырым жердегі «айырбас» сарайына тоқтады. Мұнда революцияға дейінгі жылдарда орыс және ортаазиялық саудагерлер арасында тауар айырбастау жүретін. Бұл шақтарда Орынбор Орта Азия қақпасы саналатын. Бұл сарай Орта Азия халықтарын отарлау үшін тірек ретінде салынған. Орынбор казактары Орта Азия халықтарын осы жерден бағындырған.
Осы айырбас сарайында тауар айырбасы жүзеге асатын. Мұнда көптеген дүңгіршектер құрылған. Саудагерлер мал, ет, жүн айырбастайды. Орнына көйлек, аяқкиім, тоқыма бұйымдар, әшекей-салтанат заттарын алатын. Мыңдаған шақырымдар асып, жыл сайын осы жерге қисапсыз үйір-үйір жылқылар, қора-қора қойлар, қотан-қотан түйелер айдап әкеліп жатады. Мұнда әрбірден соң адам да сатылатын.
Менің әкем осы айырбас сарайына аялдады. Содан соң ол мектепке келді. Үзіліс кезінде маған балалар жүгіріп келіп:
- Саған әкең келді, - деді.
Бұл уақыт ішінде әкем қартайып қалыпты. Ол мені көргенде, жылап жіберді:
- Әкеңді танып тұрсың ба?-деп сұрады.
- Әрине, танып тұрмын. Дүниеде өз әкесін танымайтын адам бола ма? - деппін мен.
Ол мені үйге оралуға көндіргісі келді, бірақ мен бас тарттым. Училищені 1903 жылы бітірдім. Одан әрі білім алуға ұмтылып, Қазан мұғалімдер семинариясына оқуға түстім. Қазанда, университеттер қаласында, жаңа өмір басталды. Алайда мені қоршаған орта өзгермеді. Баяғы маңғаз көлгірсу, екіжүзділік үстем өмірде баз кешіп жаттым.
Семинария директоры Бобровников деген болды. Бобровников та, Алекторов та, Балғынбаев та іс жүзінде бұратаналар - революцияға дейінгі жылдарда біздерді солай атайтын - арасына православиені енгізуді жүзеге асырушы миссионерлер еді. Олардың бәрі де сол кездегі белгілі орыстандырғыш, ортаазиялық бұратаналық мұғалімдер семинариясының негізін қалаушы Ильминскийдің шәкірттері болатын. Олар осы істе өз мансаптарын жасады. Балғынбаев - аса ірі байдың баласы - екі ұлын да осы мұғалімдер семинариясына берді, Бобровников Орынбор оқу корпусының қамқоршысы қызметіне, содан кейін халық ағарту министрлігінің кеңес мүшелігіне тағайындалды.
Қазанда мен екі жылдай оқыдым. Аса ауыр болған осы екі жылымдағы жарық сәуле тарих мұғалімі Ашмарин болды. Ол аса білімдар, озық көзқарастағы, бірнеше тілдерді, соның ішінде араб тілін де, білетін адам еді. Басқалардан да менімен жақын болды. Қыстың ұзақ кештерінде қызықты әңгімелерінде ол мені Шығыс тарихымен, патша үкіметінің ұлттық шет аймақтарды отарлау тарихымен таныстырды, самодержавиенің шын бет-пердесі туралы әңгімеледі, революциялық қозғалыс тарихын айтып берді. Бұл әңгімелер менің көзқарастарымның қалыптасуына зор ықпал етті.

1905 жылдың қазан айы. Қазан қаласында 17 қазан  Манифесі туралы белгілі болды. Бәріміз мұғалімімізбен демонстрацияға шықтық. Көшелерде халық көп екен, біз демонстранттарға қосылдық. Пролом көшесіне өтіп, Воскресенский көшесіне жеткенде, кенеттен: «Казактар!» деген айқайлар жаңғырып кетті. Олар демонстранттарды қоршап алып, ата бастады, қамшылармен соқты.

Жараланғандар көп болды. Мұғалім Ашмарин басынан жараланды. Біздердің бәрімізді тұтқындап, қалалық дума үйіне айдап апарды. Ол жерге мыңға жуық тұтқындарды жинады. Бұл менің бірінші революциялық қадамым болды. Бізді бір апта ұстады, тергеді - содан соң босатты.
Семинарияға оралғанда, өзімнің семинариядан шығарылғанымды білдім. Сөйтіп мені мына қоғам лақтырып тастады. Баратын жер жоқ: туған далам - алыста. Қалада достарым жоқ еді. Өзімнің өйтіп-бүйтіп жинағанымды алып, Мәскеуге баруға бел байладым: сонда білімімді жалғастыруым керек.

Таныстарымның септігімен мен Мәскеу діни академиясының тарих факультетіне оқуға түстім. Оған түсу жеңіл болды. Мәскеу түбінде Троицко-Сергеиевкада тұрдым. Маған дінбұзар, құдайсыз атағы жамалды. Жәрдем ақша, стипендия бермеді, өмір сүру қиынға айналды.
Бірінші оқу жылы біткен соң, 12 жылда алғаш рет үйге барып келдім. Астанадан (Мәскеуді айтады. -ред) барған маған туған ауылым кедей, жұпыны көрінді. Әкем қатты қартайған, мен келген соң, бір айдан кейін шешем қайтыс болды.
Ауылда маған көзқарас өзгеріпті. Мен барлық қиындықтарға, әке қарсылығына қарамастан, оқып жатқан, өмірге өз жолын өзі салған аз қазақтардың бірі едім. Ағайындар маған құрметпен қарады. Қазақтар даласында ол кезде сауаттылар санаулы еді, оның өзінде, олардың бәрі бай ортадан шыққандар болатын.
Менен жұрт үлкен қаладағы өмір туралы сұрастырды. Кейбір құрдастарым маған қызығып, оқуға кеткісі де келді. Өкінішке қарай, бұлар оны істей алмады. Жат өлкелерге баруға әркім бел буа бермейді.

Мен Мәскеуге оралдым. Өмір сүру барған сайын қиындады. Қандай да болса бір жұмыс табу керек болды. Маған жеке адамдарға сабақ беру ұсынылды - бір ер баланы оқыттым, ол үшін түскі тамақ пен жатар бөлме берілді. Бұл кезде Мәскеудегі оқу орындарының студенттерімен танысып үлгердім.
Мәскеуде Петровты, Орынбор діни училищесіндегі жолдасымды жолықтырдым. Ол революциялық көңіл-күйі үшін академиядан қуылыпты. Мен жасырын студенттік үйірмелерге қатысуымды жалғастырып, оның тапсырған жұмыстарын атқардым, бұл үйірмеге полиция өз назарын ерекше аударатын. Осы үйірмеде тыйым салынған революциялық әдебиетпен алғаш рет танысуым басталды. Оны оқу маған күшті ықпал етті.
Бұл кезеңде мен өз бетімше көп оқыдым.  Гончаровтың «Құлама жар», «Обломов», Достоевскийдің - «Ағайынды Карамазовтар», «Нақұрыс» кітаптарын, Некрасовтың өлеңдері мен поэмаларын, Тургеневтің «Әкелер мен балаларын», «Дворяндар ұясын», «Аңшы жазбаларын», Толстойдың «Анна Каренинасын», «Арылуын» және Шекспирдің, Вальтер Скоттың т.б. аударма әдебиеттерді оқыдым. Түнде майшам жарығымен оқыдым.
Академия түлектері арасында оқыған кітаптары туралы таластар туып жататын. Кейде оларды жасырын тыңдап, полицияға жеткізетіндер де болды, өйткені қайбір студенттер сенімсіз саналатын.
Академиядағы менің атыма қатысты академия басшылығының көзқарасы тұрғысынан ұнамсыз сипат күшейе түсті, маған теріс түсінікпен және сенімсіздікпен қарады. Менің де академияда оқылатын ғылымдарға теріс көзқарасым қалыптасты, сөйтіп одан әрі академияда мен қала алмадым.

Бірде менің пәтеріме түн ішінде полиция басып кіріп, тінту жасады. Бұл басшылықтың нұсқауымен болған сияқты. Ресми түрде мен ешқандай да партияда жоқ едім, сондықтан менен күдікті ешнәрсе таппады. Бірақ мені үкіметке қарсы көңіл-күйде деп айыптады. 1906 жылы 16 қазанда кешкі сағат алтыда академияда мені соттау үшін діни синклит жиналды. Бұл сорақы сот ортағасырлық надан сотты еске салатын еді. Үлкен үстел басына орналасқан діни баскиімде қара жамылған дін өкілдері академия ректоры басқаруымен сот жүргізді. Маған сұрақтар қойылды:
-     Иисустың күнді тоқтатқанына сенесің бе?
-    Жоқ, сенбеймін.
Маған сол секілділерді күштеп таңғылары келді, бірақ мен иіліп бағына қоймадым. Содан соң олар былай деді:
-   Біз сені тәрбиеледік, біз сені шіркеу пастырына дайындадық, ал сен шайтаннан жаралғансың. Саған православиеліктер арасында орын жоқ.

Синклит мынадай қаулы қабылдады: «Мәскеу діні академиясы студенті Жангелдин діннен қуылады. Ол Діни академиядан құдайсыз, шайтан жолына түскен және нағыз христианин атына лайық емес ретінде шығарылады».
Міне, менің «діни» мансабым осылай аяқталды.

Академиядан шығып қалған соң, маған жұмыс іздеуге тура келді. Мен Плевако дейтін адвокатты қазақтардың мақтауынан білуші едім, оны біздерге көмектеседі дейтін. Сол Плеваконың ұлы Мәскеуде тұратын, «Ресей таңы» газетінің бас редакторы екенін білетінмін. Бұл газетті миллионер Рябушинский шығаратын. Ол кездерде Мәскеуде екі көрнекті газет болды: «Орыс сөзі» мен «Ресей таңы». «Орыс сөзін» Суворин шығарды.
Мен Плеваконың қабылдауына қол жеткіздім. Мен оның қабылдауында болғанымда, ол маған газет үшін хабарламалар жинаумен айналысуды ұсынды.
Екі айдай мен осы іспен айналыстым, содан соң маған хабарландырулар жинаудан түскен қаржыға кино үшін тегін либретто беруді ұйымдастыру туралы ой келді. Осы оймен мен «Континенталь» кинотеатрынан оның иесі Егоров дейтін саудагерге бардым. Ол мені едәуір сенімсіздікпен қарсы алды. Менің үстімде студенттік киім еді.
- Сен орыс емессің ғой?
- Қазақпын.
- Ал сенің қаражатың бар ма?
- Жоқ.
- Либреттоны қалай басып шығармақсың?
- Ақшаны қарызға аламын.
Егоров келісті. Мәмле жасалды. Егоров көмегімен мен бөлмені жалға беру, үйлерде берілетін тамақ туралы, үй сату туралы т.б. хабарландырулар жинауға кірістім, тағы да екі кинотеатрмен мәмілелестім, Діни академияның өзім сияқты іссіз қалған екі студентін тарттым. Бұл жұмыс бізге едәуір күнкөріс берді. Біз бөлме жалдап, онда кеңсе сияқты бірдеңе құрдық.
Бір күні таңертең мен үйде жоқта пәтермізге полиция басып кіріп, тінту жасады. Менің кішкене тозығы жеткен чемоданымды ақтарған, кітаптарды олар парақтап ақтарады. Бір мезетте менің жолдастарымда да тінту жасалады, сөйтіп біздің бәрімізді учаскіге алып кетті.
-    Сіз немен айналысасыз?
-    Хабарландыру жинаймын.
-    Сен өзің кімсің?
-    Діни академияның бұрынғы студенті.
-    Шығарылып тасталғансың ғой?
-    Шығып қалғанмын.
-    Сіз хабарландыру жинау деген желеумен үгіт-насихат жүргізесіз, жиналыстар жасайсыз, арандатушы алып-қашпа сөздер таратасыз.
Осылайша біздің бәрімізді тергеді, бірақ ештеңе таппады, сөйтіп көп ұзамай босатты, алайда  «Байқаңдар, біз әлі сендерді ұстап аламыз» деп қорқытты.

Бұл 1907 жылдың басында болды. Біз студенттер үйірмелеріне қосылып жүрдік, жиі жиналатынбыз, әрине, бұның полицейлер көзінен таса қалмағаны белгілі. Репрессиялар күшейді. Екі апатадан соң тінту қайталанды.
Патша үкіметінің қудалауы жалғаса беретіні анық болды, сондықтан мен Мәсекеуден кетуге бекіндім. Менің қаражатым жоқ еді. Туған далама оралғым келмеді. Маған шетелге бару керек деген ой келді.
Мен жердүниені аралап шығу үшін саяхатқа жаяу шығатыным туралы және өзіме серік болуға адам шақыратыным туралы газетке хабарландыру жарияладым. Үш адам менің шақыруыма үн қатты: Самарадан жаратылыстану мұғалімі Пламеневский, Петербургтен инженер-технолог Полевой және Мәскеу коммерциялық училищесінің оқытушысы Коровин. Бірнеше күн өтті.
Біз алдымен хат алысып, содан соң бас қостық.
Біз бәріміз де күш-қуатымыз тасыған жастар едік. Содан көп ойланып жатпай, 1908 жылы 1 мамыр айында Мәскеуден * Петербургке жаяу шықтық (*Бұл жазбаның авторы сәл ауытқушылық жіберген. Құжаттардағы мәліметтер бойынша, Ә.Жангелдин Мәскеуден 1910 жылы 9 шілдеде шыққан).

Менің аяғымда - спортшылар киетін мықты аяқкиім, үстімде - кавказдықтардың киіз қалпағы, арқамда - жол сөмкесі, қалтамда - жиырма бес сом және фотография аппараты - жол жабдығым бар болғаны осы болды. Сөйтіп Мәскеуден Петербургке жаяу кеттік. Петербургке дейін жиырма күн жүрдік. Онда төрт күн аялдадық. Біздерді суретке түсірді. Біздің фотосуреттеріміз кішкене түсініктемесімен газеттерде жарияланды, ал одан әрі қозғалғанымызда, біздерді петербургтіктердің қалың нөпірі Петербург даңғылының ұзына бойымен бес шақырымдай ілесіп отырып шығарып салды.
Біздер Красное Село, Пулков обсерваториясын басып өтіп, Лугада болдық. Біздің жол Псков бағытында жатты.
Күніне қырық-елу шақырымнан жүріп отырдық. Алғашқы уақыттарда жай қозғалдық, асықпадық, ал кейініректе ширап шынығудан өткен соң, жылдамырақ жүрдік.
Тамаққа қаражат табу үшін саяхатшылар дәстүріндегідей көпшілікке дәрістер оқыдық, қайырымды адамдардың қолынан қор жинадық. Бізді халық барлық жерде жақсы, жылы шыраймен қарсы алды.
Соңыра, шетелге ілінгенімізде, мені өзімнің фотоаппаратым асырады. Біз менің суретім салынған мың открытка дайындатып алдық. Бұл открыткаларды жолай сатып жүрдік. Жердүниені айналып шығу саяхатшысының кітапшасында Н. Степанов атына берілген деп жазылды. Бұл менің революциялық лақап атым еді. Кітапшада былай деп көрсетілді: «Н. Степанов, ол әрі Али-Бей Джангелдин». Бұл кітапша астаналарда және ірі қалаларда тіркеліп отыруымызға мүмкіндік берді. Мысалы, оған Варшавада 1910 жылы 18 тамызда Польшадан аттанарда, мынадай жазу жазылды: «Ешқандай қаражатсыз ғылыми білім жинау мақсатында жердүниені жаяу аралаушы, саяхатшы - Никалай Степанов (Али-Бей Джангелдин») Варшавадан 1910 жылы 18 тамызда шықты». Генерал-губернатор кеңсесінің бастығының орынбасарының қолы қойылған.

***

Алғашқы кездерде біз қиналдық. Баяу жылжыдық, жиі тоқтадық. Басып өткен елді мекендерде біраз аялдап, өз саяхатымыздың мақсатын - әртүрлі елдермен, табиғатпен танысу екенін - әңгімеледік. Халық біздерді зор ынтамен тыңдады.
Біздердің айтарлықтай спорттық мақсаттарымыз болған жоқ. Біз - өмірде жолы болмағандар едік. Бізге күнкөріске қаражат табу керек болды. Біз тек шетелдерге қоныс аударуды көздедік, сонымен қатар түрлі елдерді аралап шығып, көрікті жерлерді көргіміз келді.
Вильнода ұзағырақ аялдадық. Мұнда біздермен жазушылардың, әртістердің кездесуі ұйымдастырылды. Калинин деген помещик біздерге қатты қызығушылық танытты. Оның мекенінде ұзақ тұрып қалдық. Ол жерден Варшаваға аттандық.
Варшавада едәуір уақыт тұрдық. Открыткалар сатып күн көрдік. Жарты тиыннан саттық, ал ол біздің қолымызға ширек тиынға түсетін. Жұртшылық қайырымдылық шаралары мен кештер ұйымдастырып отырды.

Бізбен кездескен жұрт жердүниені айналып шығу саяхатына артта қалған деп саналатын халықтардың бірі қазақ халқының бір ұлының тәуекел еткеніне таңданып, айрықша қызығушылық танытатын.

Варшавадан кейін біз Краковте болдық. Краковтан тұз өнеркәсібімен белгілі болған  Величкоға, одан 1910 жылы 3 қыркүйекте Закопань деген жерге келдік. Закопань мекенінде бір айдай тұрдық, айнала төңірекке экскурсиялар жасадық, Польша студенттерімен таныстық.
Закопань ол кезде адамдар әртүрлі елдерден келетін курорт еді. Қалада еркіндік сезілетін. Онда үкіметті сынаған пікірлер ашық айтылатын, сейілдер ұйымдастырылып, сол кездерде шешендер сөйлейтін. Ал Варшаваның өзінде революциялық әрекеттер қудаланатын.
Карпатта біз Теңіз көлінде болып, одан Карпат асулары арқылы Австрияға астық.. Асуда тұман, жаңбыр болып қиналдық. Австро-Венгрияда достарымнан бөліндім: мен Шығысқа кеттім, ал олар Европаға аттанды.

Жер дүниені айналу саяхаты төрт жылдан артық уақытқа созылды. Мен теңіз және темір жолдармен жүргенді есептемегенде, фотоаппаратымды арқалап, жаяу он екі мың шақырым жүріп өттім. Күндіз жүріп өткен жерлерімді суретке түсіріп, түнде оларды химикаттармен айқындап, шығарып отырдым. Дәрістер оқып, баяндамалар жасап, суреттер сатып, тамағымды асырадым.

Мен жаяу Польшаны, Австро-Венгрияны, Сербияны, Болгарияны, Турцияны, Сирияны, Палестинаны, Африканы, Египетті, Абиссинияны басып өттім.
Кері оралған жолымда айналып отырып, Араб түбегі, Мессопатамия, Персия, Үндістан, Цейлон аралы, Малая архипелагы, Үндіқытай түбегі, Сиам корольдігі, Аннам, Қытайдың оңтүстік бөлігі, Формозу аралы арқылы жүріп өттім. 1912 жылы Жапонияға жеттім.
Міне, жердүниені айналып өткен саяхатымның жалпы жолы осындай. Енді осы сапарымның кейбір мәнді-мәнді тұстарын баян етейін.
(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364