Нұрлан Сәдір. Сенген сериалым сен болсаң...
Кезінде «Күн көсем» атанған Ульянов марқұм қалдырып кеткен көп сөздің ішінде «Өнерлердің ішіндегі ең ұлысы - кино» дегені де бар екен. Қазаққа қылғаны үшін оған ішім аса жылымаса да жоғарыда айтылғанның жаны бар екенін мойындап жүрген жайым бар. Шәй, ет, сабын сияқты күнделікті тұтынатын нәрселердің қатарына ұзақ-сонар кино - сериал мығым жайғасқаннан кейін басқа амалың да қалмайды. Бұны бізден бұрын түсінген баукеспе ұрылар бұрынғыдай жорығын түн ортасына жоспарлап әуре болмастан танымал сериал жүретін уақытта қора-қопсыны, аса жылпыстары «көгілдір жәшік» жоқ бөлмелерді емін-еркін сүзіп шығады. Әншәйінде тыпырлап тыным таппайтын жандарды телеэкранға тапжылтпай телміртіп қойған сериалдар сыры неде екен?
Кезінде «Күн көсем» атанған Ульянов марқұм қалдырып кеткен көп сөздің ішінде «Өнерлердің ішіндегі ең ұлысы - кино» дегені де бар екен. Қазаққа қылғаны үшін оған ішім аса жылымаса да жоғарыда айтылғанның жаны бар екенін мойындап жүрген жайым бар. Шәй, ет, сабын сияқты күнделікті тұтынатын нәрселердің қатарына ұзақ-сонар кино - сериал мығым жайғасқаннан кейін басқа амалың да қалмайды. Бұны бізден бұрын түсінген баукеспе ұрылар бұрынғыдай жорығын түн ортасына жоспарлап әуре болмастан танымал сериал жүретін уақытта қора-қопсыны, аса жылпыстары «көгілдір жәшік» жоқ бөлмелерді емін-еркін сүзіп шығады. Әншәйінде тыпырлап тыным таппайтын жандарды телеэкранға тапжылтпай телміртіп қойған сериалдар сыры неде екен?
Сонымен, сериалдарды не үшін жасайды? Әлбетте, ақша үшін. Кейбір өзіндік ерекшеліктері бар демесең сериал да кірпіш, машина, кәмпит сияқты тауар. Демек, кез келген АҚ, ЖК, ЖШС-ң жарғысында жазылғандай сериал пайда табу үшін түсіріледі. Сериал түсірудің қаржылық тиімділігінен хабардар болу үшін оның бюджетіне, шыққан шығыны мен кассалық жинағына т.с.с көрсеткіштеріне көз жүгірту жеткілікті. Әрине, шыққан шығынын ақтай алмай жатқан сериалдар да оқта-текте болса да кездесіп қалады. Алайда кейбір зерттеушілер сериал түсірудегі басты мақсат теңге табу емес, - деп санайды. Себебі сериал - ең әуелі идеологиялық қару, сондықтан оған жемісін артынан беретін зор міндеттер, мысалы сериалдың трансляциясы жүретін елдерге түрлі идеяларды, салт-дәстүрлерді, діни ағымдарды, қоғамдық қарым-қатынастарды, сән үлгілерін, керек десең не ішіп не жеу керектігін және қалай ішіп-жеу керектігіне дейін тықпалайтын зор міндеттер жүктеледі-мыс. Бұл «жемістерді» ұзақ күту керектігі авторларды түк қорқытпайды, себебі бұлар - ұзақ мерзімді жоспарлар, тышқанға арнап шашылған бір уыс улы дәннің шығыны мен береріне қожайын ондай алаңдамайды емес пе - тышқан бар болса, нәтижесі - кепілді, улы дәннің бағасы арзан, тесік-жарықтың ішінде өмірем тапқан тышқаннан қақпанға түсіп қиралаңдағанын көргендей ләззат алмайтының болмаса жем мен терді босқа төкпегенің біртіндеп білінетіні анық. Сериалда да сол сияқты ондағы қаптаған қармақтың біріне болмаса біріне құрбандық міндетті түрде ілінеді, бұл жерде де жоғарыда айтылған тышқан сияқты сериалдан сормаңдай болған нақты жанның метаморфозаларына куә болмағанымен жалпы маштабтағы нәтижелер уақыт өткен сайын айшықтала түседі. Нәтиженің ауқымы мен мерзімі сериалға жұмсалған ресурстарға тікелей байланысты, сондықтан сериалдарға қыруар қаржы жұмсалады, атақты не сымбатты әртістер тартылады, тәулік бойы жарнамаланады, трансляциясы танымал телеканалдарда жүреді, тағысын-тағы. Сериалдардың тұтас елдің тағдырына әсерін зерттеген ғалымдар бір танымал сериалдың трансляциясы жүретін Бразилияның штаттарында ажырасу оқиғалары аталған сериалдың бас кейіпкерлері ажырасқан кезде 10 пайызға өсетінін анықтады. Луиджи Бокконе Коммерциялық институтының экономист маманы Элиана Па Феррара сериалдар адам өміріне кәдімгідей ықпал келтіретіні, сериалға табынушыларда бала саны кәдуілгі адамғарға қарағанда 6-11 пайызға төмен екендігіні туралы тұжырымдама жасады.
20 ғасырдың 20 жылдары бірнеше елдің шабылуына қатар ұшырағанымыз сияқты қазір экранымыз да қыруар елдің қабаттасасқан интервенциясына ұшырап жатыр. Солардың ішінде Оңтүстік Америка (Мексика, Бразилия, Аргентина), түрік және корей сериалдары ерекше атап өтуге лайық. Сериалдардың сан-алуаны болатынына қарамастан олардың бәріне тән қасиеттерді, мысалы кемшіліктерді табуға болады. Ең әуелі, сериал көру - текке кеткен есіл уақыт. Орташа статистикалық есепке жүгінсек, адам күніне сағат жарым уақытын сериал қарауға жұмсаған жағдайда жылына 23-24 күн жиналып қалады екен. Және сериал қарау арқылы бір жаңа нәрсе табу не пайдалы нәрсе үйрену - аса сирек кездесетін құбылыс. Осы сағат жарым уақытты тиімді пайдаланған жағдайда шет тілін еркін меңгеріп алуға не дене жаттығуларына уақыт бөлу арқылы денсаулықты едәуір түзеп алуға әбден болар еді. Шет елдерде адамның психикалық жағдайын зертеуге арналған сауалнама арасында «тұрақты түрде сериал қарайсыз ба?» деген сұрақ бар көрінеді. Бұл сұраққа «иә» деген жауап беру қаралушының психологиялық портретіне «өз уақытына, яғни өміріне құрметі аз екен»,- деген штрих қосады. Адамның жан дүниесі қаңырай бастағанда ғана шын өмірден безіп арақтан, картадан, жұмыстан ... сондай-ақ біздің бүгінгі тақырыбымыз-сериалдардан пана іздей бастайды. Зертеушілердің пікірінше, сериалдардан туындайтын келесі бір қауіп кейбір сенгіш һәм әсершіл жандар сериал арқылы өмірлік тәжірибе жинауға болады деп санап, телеэкраннан көрген жайттарды дайын рецептілерге балайтындығы екен. Ешқаннан мотиві жоқ кейбір қылмыстарды талдау барысында қылмыскер өзі көрген кинодағы бас кейіпкеріне еліктегені мәлім болған.
Сонда қаттығы қашан да сезіліп тұратын қос құндылықтың (ақша мен уақыт) бірі - алтын уақытты бөлуге сериалдар несімен баурайды екен? "Вести-2" атты израил газетінің тілшісі Виктория Мунблиттің пайымдауынша, сериал қарау - бұл бір жоралғы, медитация десе де болады екен. Сериалдың кейіпкерлері бірнеше ай бойына, күн сайын, ылғи бір уақытта ақиқат міндетті түрде жеңіске жететін сиқырлы өзге әлемге сапар шегу арқылы күйткіл тірліктің күйбеңі мен алаңынан бір сағатқа құтылуға жетелейді. Сөйтіп, ересек жан күніне бір сәт әр нәрсеге иланғыш, бақытты бала қалпына ене алады. Бұндай күйді сериал қарау кезінде стресс гармоны - катехоламиндердің бөлінуімен түсіндіретіндер де бар. Ширығу индексінің төмендеуі, әсіресе, сериал соңына сериал қараушы әйел адамдардың жартысынан артығында байқалады. Демек гипертониямен, нейроциркуляторлық дистония және басқа да негізінде нерв регуляциясының бұзылуы жататын өзге де жүрек-тамыр науқастар үшін сериалдың емдік эфектісі бар дейді олар. Ал көрнекті француз философы Гистон Башляр «От психоанализы» атты эссесінде алғашқы қауымдағы адамдар өмірінде оттың жылыну мен тамақ пісіруден өзге де рольдер атқарғанын жазады. Автордың айтуынша, маздап жанып жатқан ошақ жанында отыру адамға кәдімгідей тыныштық сыйлайды екен. Жабайы жыртқыштар оттан сескеніп ошақ басындағыларды мазалай алмайды, ошақта әдетте бүлкілдеп күнделікті кішкентай қуаныш - ас қайнап жатады, негізінен шаруаның бәрі бітіп кешке жағылатын от - демалыстың да символы. Яғни, ошақтағы от қай заманда болмасын қадірлі тыныштықты, мамыражайлықты сыйлайды. Үйін газ, электрмен жылытуға қанша жерден қабілетті бола тұра камин орнатуға ұмтылу сол тыныштықты аңсаудан туындайды. Бұның бәрін неге айтып отырмыз, ошақтың біздің тақырып - теледидардағы сериалға қандай қатысы бар? Гистонның пікірінше, қазіргі заманғы адамдар үшін біз манадан бері жыр қылып отырған ошақтағы оттың орнын теледидар басқан екен. Қосылып тұрған телевизор шынында да жайымен жанып тұрған отқа ұқсайды, жанұя мүшелерінің басын бір жерге қосуға қабілетті аз нәрсенің бірі де - осы теледидар, жаңағы от сияқты телевизор да медитациялық, жеңіл гипноздық әсері бар. Ошақтағы от - демалыстың символы, ошақ басындағыдай тыныштықты сезіну үшін телевизор алдында асықпай жайғасып, ұйықтамай ұзақ отыру қажет, ал телевидение хабарларының ішінде күнде осылай тапылжытпай отырғыза алатын бірден бір дүние - сериал ғана. Бір қарағанда, бәрі тамаша сияқты, мынандай дағдарыс заманда бойымызды біраз босаңсыта алатын сериалдан айналмайсың ба? Алайда сериалға, бізді қойшы, Батыстың бірталай зерттеуші ғалымдары неге шүйлікті екен? Ақпараттық жүйелердің американдық теоритигі Марии Винннің пікірінше, есірткі мен алкоголь сияқты сериалға беріліп кету шынайы өмірді ұмытып, рахат пассивті қалыпты тұтынуға әкеледі. Телекейіпкерлердің қиындықпен жеткен жеңістері көрермен санасында қанағаттану сезімін туғызып осындай күйді қалай да бастан өткізуге санасыз түрде ұмтылдырады. Телеқұштарлық есірткіқұмарлықтан тек телевизорлық кайфтың бәсеңдеулігімен ғана білінеді -мыс. Сериалдағы шытырман оқиғалардың адам жанын баурайтыны соншалық адам осы сәттерде кез келген нәрсеге иланғыш болып кетеді, Құдайға керегі жоқ түрлі тауарлардың жарнамасын сериал кезінде жіберетіні де сондықтан, басқа уақытта сау ақылдың таразысына салынатын шешімдер бұндай жарнамалар кезінде автоматты түрде қабылдана береді. Америка және ағылшын психологтары сериал мен жарнама жабысқан түрде жаппай көрсетіле бастаған шақтан бері адамдар арасында сауда маниясының өршігенін байқаған. Тауардың қажеттілігі мен қаржылық жағдайына қарамастан сауда үйлерінің сөрелерін тып-типыл етіп кетумен сипатталатын бұл мания иелерінің ықылас-назары сериал кезінде жарнамаланған тауарларға түскенін сараптаған зерттеушілер ақпараттық өңдеудің жаңа технологиялары - нейролингвистикалық программалау (НЛП) әдістерінің мүмкіндіктеріне таңдайын қағып, басын шайқап отыр. Және мәтін ішіне көзге көрінбейтін командаларды, жасырын хабарларды кіргізіп жіберетін НЛП (Эриксон әдісі) тек жарнама ішіне емес, жалпы сериалдың өзіне де енгізіле береді екен. Сериалдардың әсер-ықпалын зерттеу мақсатында тағы бір топ ғалымдар Эденбург зообағында12 шимпанзеге жануарлар әлемі бойынша ең атақты кинодокументалист Дэвид Атенбороның туындыларынан 2 ай бойына 15 минуттық видеофильмдер көрсеткен. Бірінші аптаның өзінде 4 ұрғашы маймыл теледидар алдына алдын ала жайғасатын жағдайға жеткен, ал сәл кейінірек маймылдар экраннан көрген өзге жануарлардың қимыл-қозғалысына еліктейтін болған. Бір қызығы, теленаркоман болып кеткен ұрғашы маймылдарға қарағанда еркек маймылдар телевизорға ондай көңіл аудара қоймаған. Соған қарағанда, әйел затының сериал алдында табиғи осалдығы бар-ау. Ауаны ластаған үшін автомобилден бас тартпағанымыз сияқты сериалдардан, өзге де телеөнімдерден туындайтын жағымсыз факторларды сипаттаған кезде, біз, әрине, телевидениеден мүлде бас тартуға үндемейміз. Қазақстан - көрермендерінің не көріп не тыңдайтынын қадағалап-шешіп отыратын тәліптік Ауғанстан емес. Алайда «Бір қарын майды құртқан бір құмалақ» сияқты санамызды улап, жан-дүниемізді былғауы мүмкін кез келген дүниені, мысалы сериалдарды сау ақылдың сүзгісінен өткізбесек телезомби болып кетуіміз ғажап емес.
«Абай-ақпарат»