Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 11138 6 пікір 26 Наурыз, 2021 сағат 16:09

Дін және философия

(Әл Фараби ат. Ұлттық университеттің студенттеріне оқыған лекциядан үзінді)

....Қазақ халқының өмір сүру салтын және соған сай қалыптасатын дәстүрін екі бағытта қарастыруға болады:

  1. Діни тұрғыда
  2. Философиялық тұрғыда

Бірінші бағытты алсақ, қазақ халқы үшін Дін әдет − ғұрып, салт − дәстүр қалыбында болып, ұлттық дүниетанымның жалғасы ретінде көрініс тауып отырды. Халық санасында дін талаптары ситуацияға сай сипатта болды: көшпелі өмір салты мен өзгермелі табиғатқа сәйкес келетін «өмір сүру ережелері» басты орынға шығып, дін халықтың өмірінде тек қосалқы қызмет атқарды. Халықтың рухани өмірінде маңызды роль атқаратын Аңыздар мен Ертегілер, Толғаулар, Батырлар жыры, Даналық сөздері «діни әңгімелермен» қатар айтылды. Сондықтан, санада Діни және Ұлттық фольклор кейіпкерлері арасында елеулі айырмашылықтар болмады. Олар бір−бірімен ұштасып жатты...

Үнемі табиғат аясында өмір кешкен халық, алдымен «өзіне сенуді» үйренді. Сондықтан, оның Жаратушыға, Құдайға деген қатынасы да еркіндеу болып қалыптасты. Яғни, қазақ Құдайын бірде «Алла» десе, бірде «Тәңір», бірде төтесінен «Құдай» деп атап жүре беретін, әрі, ол оны сөкеттік санаған емес. Құдайдан бөлек, қазақ Аруағын қатты құрметтеді. Оның түсінігінде − адам өлгеннен соң, аруақтар мекенінде өзінің барлық жақындарымен қауышады. Өйткені, исламға дейінгі қазақта «жұмақ−тозақ» түсінігі болмаған. Оның орнына «Аруақтар әлемі» деген түсінік болған. Ондағы өмірдің тіршіліктегі өмірден бәлендей айырмасы жоқ саналды. Бірақ, «аруақтар» тірі адамдар мен Құдай арасын жалғастырушы тылсым күш иесі саналып, «олар өз ұрпағын демеп отырады» деген сенім күшті болды. Осыған сүйенген қазақ шешуші сәттерде құдайларының (Алла, Тәңір) атын атамай, көбіне «Аруақ» деп әрекетке барды (жауына шапты), аруағын көмекке шақырды...

...Осы тұрғыдан алар болсақ, қазақ дүниетанымы қатаң ережелерге бағынатын діни санадан гөрі, «өз еркімен әрекет етуші» философиялық (даналық дейміз) санаға жақын десе болады.

Енді, философиялық санаға келейік.

Жалпы, «философияны» қазақ тілінде «даналық» деп айтуда бәлендей қателік жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек, философияның (даналықтың) пайда болуы барлық діндерден бұрын орын алған. Мысалы, мифологиялық, одан кейінгі діни сананың өзі де белгілі бір деңгейде даналыққа жүгінеді. (Онсыз оларда ешбір мағына болмас еді). Сондықтан «философиялық ой» әуел бастан адамзат ойының «балалық шағы» деуге келетін мифологияның да, діннің де ішінде тұрады. Бірақ, оның олардан ерекшелігі − философияның қиял емес, «жасампаз сана» екендігінде. Басқаша айтсақ, оны «құдайтектес сана» деуге болады. Неге десеңіздер, бүкіл дүниені жаратушы Құдай санасы − Жасампаздық, не Жасампаз сана (жаратушы) көрінісі. Ал, ақылмен әрекет етуші, соның арқасында «жаңа дүние туындатушы» адам санасы да сондай «Жасампаздық» сипатқа ие. Міне, сол себепті, кез келген халықтың даналығы, философиялық ойлау дәстүрі, мәдениеті − Жасампаз сана көрінісі. Яғни, ол «құдайтектес» сана. Осы сана шеңберінде адамзат өзінің өткен тарихын да, жүріп өткен жолдарын да, рухани даму сатыларын да түсінуге, оны санада қорытуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, философия адам санасының жемісі − ғылымды негізге ала отырып, өзінің болашағын болжауға қол жеткізіп, өзі де соған сай «әрекетшіл сана» (жаратушы сана) деңгейіне үздіксіз ұмтылумен болады... Адамзаттың үздіксіз Үдемелі даму тарихы осыны дәлелдейді.

Қазіргі заманда − ғылым мен білім қоғам мен мемлекет дамуының шешуші факторына айналғанда − халқы философиялық ойлау мәдениетіне қол жеткізген қоғамдар мен мемлекеттер қарыштап алға басып барады. Өйткені, ол халықтар енді жасампаздық сипатқа ие, әрекетшіл халық ретінде өмір сүруге көшуде. Соған сай өз қоғамдарын қалыптастыруда.

Философияның бір ерекшелігі мынада: даналық ойлау мәдениеті неғұрлым жоғары болған сайын, қоғамға мифті де, аңызды да, дінді де толық түсінуге жол ашылады. Былайша айтсақ, бұны шын мәнісіндегі «Жаратушы Құдай сүйер қылық» деуге болады. Өйткені, Құдайдан тек тілек тілеу, сұрау, «болмағанды болдыр» деп талап ету − патерналистік (дайынды тұтынушы), яғни, әрекетсіз (дамымаған деген мағынада) сана көрінісі болып табылады.

.... Қазіргі біздің еліміз, рухани−мәдени тұрғыдан жоғары дамушы мемлекетке айналуға потенциалдық мүмкіндігі мол ел.

Бізде:

− Санасы еркін азаматты тәрбиелеуге негізделген Ұлттық тәрбие жүйесі бар.

− Ғылымды меңгеруге қабілетті, диалектикалық (универсалды байланыс) тұрғыдан ойлайтын сана бар.

− Игеруді талап етіп тұрған табиғи байлық бар.

− Өндірісті дамытуға деген мемлекеттік−қоғамдық қажеттілік бар.

− Ұлттық болмыс пен ұлттық қалыптағы адамгершілік қағидаттары бар.

Егер, біз осыған рухани тұрғыда даяр болсақ, онда қазіргі кедергілерді (саяси, біліми, ғылыми, адами т.т., т.б.) игеріп кететін боламыз.

Ол үшін бізге догмадан арылып, тарихты болашақ үшін қызмет ететіндей етуіміз керек!

Ол үшін бізге Ұлттық философияны (даналықты) жаңғырту қажет.

Біз әрекетшіл халыққа айналуға тиістіміз!...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303